Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 30 қарашадағы N 1147 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының   Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
       1. Қоса беріліп отырған 2005 жылғы 19 мамырда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық
Республикасының Үкіметі арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі
ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Тараптар),
      қылмыстың, әсіресе оның ұйымдасқан нысандарында даму ауқымы мен үрдістеріне алаңдаушылық білдіре отырып,
      қылмысқа қарсы күресте құқық қорғау органдарының өзара түсінушілігін нығайту және кәсіби байланыстарын кеңейту мүдделерін басшылыққа ала отырып,
      тең құқықтық, серіктестік және өзара қолайлы ынтымақтастық қағидаларын негізге ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және олар қатысушы болып табылатын қылмысқа қарсы күрес саласындағы халықаралық шарттарға сәйкес және осы Келісімді орындаушы органдардың құзыреті шегінде мынадай:
      1) терроризм, сепаратизм, экстремизм;
      2) трансұлттық ұйымдасқан қылмыс;
      3) есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз өндірісі мен айналымы;
      4) қарудың, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың және жару
қондырғыларының заңсыз айналымы;
      5) заңсыз көші-қонмен байланысты;
      6) экономика саласындағы;
      7) жеке адамға қарсы бағытталған;
      8) жеке меншікке қарсы бағытталған;
      9) жоғарғы технологиялар саласындағы;
      10) шекара белгілері мен бағандарын заңсыз ауыстырумен немесе
бүлдірумен байланысты;
      11) қылмысқа қарсы күрестің өзге де салаларындағы қылмыстық іс-әрекет түрлеріне қарсы күресте өзара ынтымақтастықты жүзеге асырады.

  2-бап

      Осы Келісімде "Тараптардың құзыретті органдары" болып:
      Қазақстан Республикасында - Бас прокуратура; Ішкі істер министрлігі; Ұлттық қауіпсіздік комитеті; Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы); Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау агенттігі (бұдан әрі - орталық құзыретті органдар) және олардың шекаралық өңірлердегі аумақтық бөлімшелері түсініледі;
      Қытай Халық Республикасында - Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі (бұдан әрі - орталық құзыретті орган) және шекаралық өңірлердегі аумақтық қоғамдық қауіпсіздік органдары.

  3-бап

      1. Осы Келісімді орындау кезінде Тараптардың құзыретті органдары бір-бірімен тікелей   байланыс жасайды.
      2. Орталық құзыретті органдар осы Келісім күшіне енген күнінен бастап 30 күннен кейін дипломатиялық арналар бойынша бір-біріне осы Келісім бойынша тікелей байланысты жүзеге асыруға уәкілеттендірілген құзыретті органдардың тізбесін олардың құзыреттері мен деректемелерін көрсете отырып жібереді.
      3. Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналар бойынша бір-біріне өздерінің құзыретті   органдар тізбесінің өзгергені туралы жазбаша хабарлайды.
      4. Тараптардың құзыретті органдарының тізбелері, сондай-ақ олардың өзгеруі туралы тиісті хабарламалар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

  4-бап

      1. Тараптардың құзыретті органдары бір-біріне қылмысқа қарсы күрес міндеттерін шешуде қажетті және мүмкіндігінше көмек көрсетеді.
      2. Осы Келісімге сәйкес бір Тараптың құзыретті органдары қарулы қатысу мүмкіндігін қоспағанда, қажет болған жағдайда және сұрау салған екінші Тараптың құзыретті органының келісімімен өз қызметкерлерін консультативтік не өзге де көмек алуға немесе көрсетуге басқа Тарап мемлекетінің аумағына жіберуі мүмкін.
      3. Тараптардың құзыретті органдары Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасын және осы Келісімді сақтай отырып, қылмыстың алдын алу, анықтау және жолын кесу мүддесінде жекелеген жоспарлар негізінде бірлескен іс-шараларды өткізе алады.
      4. Тараптардың құзыретті органдары өз мемлекеттерінің ұлттық
заңнамасына сәйкес және өз құзыреті шегінде бір-біріне қылмысты тергеуде, қылмыс жасаудағы сезікті адамдарды іздестіруде және ұстауда, сондай-ақ Тараптар мемлекеттері заңнамасында белгіленген тәртіппен оларды экстрадициялау мәселесін шешуге көмектеседі.
      5. Бір Тараптың құзыретті органдарының осы Келісімге сәйкес басқа Тарап мемлекетінің аумағында қызметтік іссапарда жүрген қызметкерлеріне қабылдаушы Тарап тиісті мүмкіндіктер болған жағдайда оларға жүктелген қызметтік тапсырмаларды орындауда, оның ішінде автокөлік, байланыс құралдарын және қажетті ақпарат беру жолымен көмектеседі.

  5-бап

      Тараптардың құзыретті органдары өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес сұрау салулар негізінде:
      1) осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген қылмыстық іс-әрекетке қатысты ақпарат алмасуды;
      2) бір Тараптың азаматтары екінші Тараптың аумағында жасаған
қылмыстар туралы, сондай-ақ бір Тараптың азаматтарына қатысты екінші
Тараптың аумағында жасалған қылмыстар туралы ақпарат алмасуды;
      3) қылмыстық іс-әрекеттің жаңа нысандары мен әдістері және оған қарсы іс-әрекет жөніндегі шаралар туралы ақпарат алмасуды;
      4) заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілермен алмасуды, қылмысқа қарсы күрес саласы бойынша оқу, ғылыми және әдістемелік әдебиетті алуда көмек көрсетуді;
      5) қылмысқа қатысы бар заттарды, оның ішінде автокөлікті және атыс қаруын, сондай-ақ құнды қағаздарды және паспорттарды (жеке куәліктерді) белгіленген тәртіппен іздестіру мен қайтаруды;
      6) құқық қорғау қызметі саласындағы, сондай-ақ өзара қызығушылық танытатын, қылмысқа қарсы күрестің өзге де мәселелері бойынша жұмыс тәжірибесімен және ақпарат алмасуды жүзеге асырады.
      2. Тараптардың құзыретті органдарының өзара келісімі бойынша өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес ынтымақтастықтың өзге де нысандары практикалануы мүмкін.

  6-бап

      1. Егер мұндай көмек көрсету екінші Тарап үшін қызығушылық танытады деп ойлауға негіз болса, осы Келісім аясындағы ынтымақтастық көмек көрсету туралы сұрау салулардың негізінде немесе Тараптардың бірінің құзыретті органының бастамасы бойынша жүзеге асырылады.
      2. Көмек көрсету туралы сұрау салу жазбаша түрде жіберіледі. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда сұрау салынатын құзыретті органның шешімі бойынша ауызша сұрау салу қабылдануы мүмкін, дегенмен ол екі тәуліктен кешіктірілмей, оның ішінде мәтін берудің техникалық құралдарын қолдана отырып, жазбаша расталуы тиіс.
      Көмек көрсету туралы сұрау салудың растығы күдік тудырған жағдайда оны растауға сұрау салынуы мүмкін.
      3. Көмек көрсету туралы сұрау салу мыналарды қамтиды:
      1) көмек көрсетуге сұрау салған құзыретті органның және сұрау салынған органның атауы;
      2) істің мән-жайын баяндау;
      3) сұрау салудың мақсатын көрсету және негіздемесі;
      4) сұрау салған көмектің мазмұны;
      5) сұрау салуды орындауға ықпал ететін өзге де мәліметтер.
      4. Көмек көрсету туралы сұрау салуға сұрау салушы құзыретті органның басшысы немесе оның орынбасары қол қояды және (немесе) сұрау салушы құзыретті органның ресми мөрімен куәландырылады.
      5. Сұрау салынған Тараптың құзыретті органдары сұрау салуды тез, жан-жақты және сапалы орындауды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды және мүмкіндігінше қысқа мерзімде сұрау салушы Тараптың құзыретті органына оны орындау нәтижелері туралы қосымша ақпарат сұратылуы мүмкін.
       6. Егер көмек көрсету туралы өтініш сұрау салушы құзыретті органның құзыретіне кірмесе, осы орган сұрау салуды тиісті құзыретті органға дереу жіберуі және бұл туралы сұрау салушы Тараптың құзыретті органына хабарлауы тиіс.

  7-бап

      1.   Егер сұрау салынған Тараптың құзыретті органы сұрау салуды
орындау оның мемлекетінің егемендігіне, қауіпсіздігіне немесе басқа ұлттық мүдделеріне залал келтіруі мүмкін, ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді деп санаса, осы Келісім шеңберінде көмек көрсетуден толық немесе ішінара бас тартылуы мүмкін.
      2. Егер оған байланысты сұрау салу түскен іс-әрекет сұрау салынатын Тарап мемлекетінің заңнамасы бойынша қылмыс болмаса, көмек көрсетуден бас тартылуы мүмкін.
      3. Егер сұрау салынған құзыретті орган сұрау салуды орындау оның мемлекетінде жүзеге асырылатын қылмыстық қудалауға немесе өзге де іс жүргізуге кедергі келтіреді деп санаса, ол сұрау салуды орындауды белгілі бір мерзімге шегеруі немесе сұрау салуды орындау үшін қажетті қосымша жағдайларды сұрау салған Тараптың құзыретті органымен талқылауы мүмкін.
      4. Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды орындаудан бас тартқан жағдайда сұрау салған Тарапқа оның мұндай шешім қабылдау себептері туралы дереу жазбаша хабарлауы тиіс.

  8-бап

      1. Егер осы Келісімді іске асыру барысында ұсынған Тарап екінші Тараптан алынған ақпараттар мен құжаттарды жариялауды қажет емес деп санаса, әр Тарап олардың құпиялылығын қамтамасыз етуі тиіс.
      2. Осы Келісімге сәйкес алынған ақпарат, құжаттар, арнайы құралдар, техника, жабдық және материалдар ұсынған Тараптың жазбаша келісімінсіз үшінші Тарапқа берілмейді немесе олар сұрау салынған және ұсынылған мақсаттардан өзге мақсаттарда пайдаланылмайды.

  9-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар осы Келісімді іске асыруға байланысты шығыстарды өздері көтереді.

  10-бап

      Қажет болған жағдайда Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімнің негізінде ынтымақтастықтың тиімділігін нығайту және арттыру мәселелерін қарау мақсатында жұмыс кездесулері мен консультациялар өткізуі мүмкін.

  11-бап

      Тараптардың құзыретті органдары осы Келісімге сәйкес ынтымақтастықты жүзеге асыру кезінде орыс және қытай тілдерін жұмыс істеу тілдері ретінде қолданады.

  12-бап

      Осы Келісімнің ережелері Тараптар қатысушылары немесе Тараптары болып табылатын өзге де халықаралық шарттар бойынша туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

  13-бап

      1.   Осы Келісімнің ережелерін қолдану кезінде туындауы мүмкін даулы мәселелерді Тараптар не Тараптардың құзыретті органдары оларды консультациялар мен келіссөздер жолымен шешеді.
      2. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас
бөліктері болып табылатын, осы Келісім үшін белгіленген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

  14-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағандығы туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама   алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптың өзінің осы Келісімнің қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде болады.
      2005 жылы 19 мамырда әрқайсысы қазақ, орыс, және қытай тілдеріндегі екі түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

Қазақстан Республикасының       Қытай Халық Республикасының
      Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады