Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы 2020 жылға дейінгі сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы шартқа қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 26 мамырдағы N 421 Қаулысы

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы  Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы 2020 жылға дейінгі сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы шарттың жобасына қол қою туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізеді.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы 2020 жылға дейінгі сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы
ШАРТ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын, Қазақстан Республикасы мен Түркіменстан,
      1993 жылғы 19 мамырда Ашхабад қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастық туралы шарттың, 1997 жылғы 27 ақпанда Алматы қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Түркіменстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы декларация ережелерін, сондай-ақ 1999 жылғы 9 сәуірде Ашхабад қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Түрікменстан Президенті С.Ниязовтың бірлескен мәлімдемесін басшылыққа ала отырып,
      тең құқылы және өзара тиімді сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі нығайту және дамыту ниетін ескере отырып,
      ұзақ мерзімді және өзара тиімді экономикалық ынтымақтастық, екі мемлекеттің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану олардың халқының әл-ауқатын арттыруға қызмет етеді деп санай отырып,
      Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың олардың экономикалық гүлденуі мен қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететін қалыптасып келе жатқан әлеуетін жоғары бағалай отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы 2020 жылға дейінгі сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық бағдарламасын (бұдан әрі - Бағдарлама) мақұлдайды.

2-бап

      Экономикалық ынтымақтастық жалпыға танылған халықаралық құқық нормаларына және Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес Тараптардың сыртқы экономикалық қызмет субъектілерінің өзара іс-қимылы жолымен жүзеге асырылады.
      Тараптар өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына, оның ішінде жекелеген бағдарламалардың, жобалар мен келісім-шарттардың қалыптасуына, бірлескен өндірістік құрылымдардың құрылуына, біліммен және ғылыми-техникалық тәжірибемен алмасуға, банкаралық қатынастардың нығаюына   және олардың ұлттық заңнамаларына сәйкес инвестициялық жобаларға өзара қатысуға жәрдемдеседі.

3-бап

      Тауарларды жеткізуге және қызметтерді көрсетуге барлық есеп айырысулар мен төлемдер халықаралық сауда, қаржылық және банктік практикада қабылданған шарттарға сәйкес және Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес әлемдік нарықтардың бағалары бойынша еркін айырбасталатын валютада жүзеге асырылады.
      Тараптардың уәкілетті органдарының уағдаластығы бойынша есеп айырысулар мен төлемдер Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес басқа нысанда жүзеге асырылуы мүмкін.

4-бап

      Тараптар Қазақстан-түркіменстан экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі мемлекетаралық комиссияға Бағдарламаның ережелерін орындау жөніндегі қызметті үйлестіруді жүктейді.

5-бап

      Осы Шарттың ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер жолымен шешетін болады.

6-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Шартқа оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Шарттың 8-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

7-бап

      Осы Шарт Тараптардың олар қатысушылары болып табылатын өзге де халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

8-бап

      Осы Шарт Тараптардың осы Шарттың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындауы туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді және 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыста болады.
      Осы Шарт Тараптардың біреуі оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы басқа Тарапқа жазбаша хабарлама жіберген күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
      Осы Шарттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін осы Шартқа сәйкес жасалған және оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін орындалуы аяқталмаған бағдарламаларға, жобаларға немесе келісім-шарттарға қатысты оның ережелері өз күшінде болады.

      2007 жылғы "____" мамырда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, түркімен және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің заңды күші бірдей.
      Егер осы Шарттың ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.

Қазақстан Республикасы үшін          Түрікменстан үшін

Қазақстан Республикасының         Түрікменстан Президенті
     Президенті                      Г. Бердымухамедов
   Н. Назарбаев

 

Қазақстан Республикасы мен      
Түрікменстан арасындағы       
2020 жылға дейінгі сауда-экономикалық,
ғылыми-техникалық және мәдени     
      ынтымақтастық туралы шартпен      
      2007 жылғы "___"____________      
мақұлданған                 

Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы
2020 жылға дейінгі сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық
және мәдени ынтымақтастық
бағдарламасы

1. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері

      Бағдарлама Қазақстан Республикасы мен Түрікменстанның халықаралық нарық қажеттілігінен және әлемдік шаруашылық байланыстарды дамытудың негізгі үрдістерінен туындаған екі мемлекеттің экономикалық әлеуетін ескере отырып, олардың арасындағы өзара тиімді экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстарды дамытуға жәрдем көрсету жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыру мақсатында әзірленді.
      Жоғарыда аталған мақсатты жүзеге асыру үшін мынадай міндеттерді бірлесе шешу көзделеді:
      қазақстан-түркімен шарттарының ережелерін тиімді іске асыру үшін қажетті жағдай жасау;
      экономиканың әр түрлі салаларында өзара тиімді байланыстарды дамыту;
      инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау;
      төлем-есеп айырысу және кредит-қаржы қатынастарын жетілдіру;
      мәдениет, туризм және спорт, санаторлық-курорттық іс саласындағы байланыстарды дамыту;
      ғылыми-зерттеу жұмыстарының тәжірибесімен және нәтижелерімен алмасу;
      экономиканың тиісті салаларында кадрлардың біліктілігін арттыру және даярлау.

2. Ынтымақтастықтың негізгі салалары мен бағыттары

      Ынтымақтастықтың негізгі салалары мыналар болып табылады:
      стандарттау, метрология, сертификаттау және аккредиттеу;
      экология және қоршаған ортаны қорғау;
      өсімдіктердің, жануарлардың карантині және оларды қорғау;
      денсаулық сақтау және санитарлық-эпидемиологиялық жағдай;
      мұнай-газ өнеркәсібі;
      ауыл шаруашылығы;
      білім беру және ғылым;
      халықты әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік қорғау.
      Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мыналар болып табылады:
      Тараптар ынтымақтастығының шарттық-құқықтық базасын кеңейту және дамыту;
      озық технологиялармен алмасу;
      халықаралық көлік дәліздері мен коммуникацияларды өзара тиімді пайдалану;
      бірлескен өндірістер мен кәсіпорындар ұйымдастыру;
      кәсіпкерлік қызмет саласында ақпарат алмасу;
      тауарлармен және қызметтермен сауданы әртараптандыру;
      бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру;
      өндірісті тұрақтандыруға және экономикалық өсуге қол жеткізу;
      ауыл шаруашылығы үшін химикаттар мен тыңайтқыштардың өндірісін әзірлеу және ұйымдастыру;
      түсті металл рудаларын, темірді, фосфориттерді байыту және қайта өңдеу;
      санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту жөнінде өзара тиімді шаралар әзірлеу;
      аридтік аймақтардың мелиорациясы мен су шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимыл.

3. Тауарлармен және қызметтермен сауда саласындағы ынтымақтастық

      Тараптар арасындағы тауарлармен және қызметтермен сауда саласындағы ынтымақтастық мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
      тауарлар мен қызметтер номенклатурасын ұлғайту, өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
      тауарлар мен қызметтердің транзитін жүзеге асыру мақсатында көліктік және телекоммуникациялық желілерге сыртқы экономикалық қызмет субъектілерінің қол жетімділігін қамтамасыз ету;
      мемлекеттердің сыртқы сауда және экспорттық-импорттық мүмкіндіктері мен қажеттіліктері, сондай-ақ статистикалық басылымдар және әдістемелік материалдары бойынша статистикалық ақпарат алмасу;
      бизнес-сапарлар мен сауда миссияларын ұйымдастыру;
      ұлттық және халықаралық көрмелер, жәрмеңкелер, семинарлар, конференциялар, форумдар мен ақпараттық алмасу және іскерлік байланыстарды орнату жөніндегі басқа да іс-шараларды өткізу.

4. Мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық

      Тараптардың ынтымақтастығы үшін барынша перспективалы және тиімді секторларының бірі Қазақстан Республикасының аумағы арқылы көлік құбыржолының инфрақұрылымы мен түркімен газының транзиті болып табылады.

5. Кеден ісі саласындағы ынтымақтастық

      Осы саладағы ынтымақтастық мыналарды:
      кеден ісі мәселелері бойынша жасалған үкіметаралық келісімдерді іске асыруды;
      заңсыз әкетілген мәдени құндылықтарды ұстау және шығарылған еліне қайтару жөніндегі, кедендік құжаттарды өзара тану мен акцизделетін тауарларды жеткізуге өзара бақылау туралы халықаралық шарттарды жасауды;
      энергия ресурстарының орнын ауыстыруға кедендік ресімдеуді және бақылауды жүзеге асыру мәселелері бойынша өзара әрекет етуді;
      келісілген кеден саясатын жүргізуді, көлік құралдары мен тауарлардың қозғалысы үшін қолайлы жағдай жасауды, кедендік бақылауды оңтайландыруды, екі жақты келісімдер негізінде кеден органдарының өзара іс-қимылын дамытуды қамтиды.

6. Қаржы   және банктік іс саласындағы ынтымақтастық

      Бұл саладағы басты бағыт электронды банктік технологияларды пайдалануға, тауарлардың, қызметтер мен капиталдың қозғалысына байланысты операциялар бойынша сыртқы экономикалық қызмет субъектілерінің ақшалай есеп айырысуларын жүзеге асыру кезінде барынша қолайлылықты қамтамасыз ететін хат-хабар қатынастарын кеңейтуге негізделген Тараптардың банктері арасындағы есеп айырысулардың қазіргі заманғы жүйесін құру болып табылады.

7. Көлік және байланыс саласындағы ынтымақтастық

      Тараптар сыртқы экономикалық қызмет субъектілерінің құбыржолы көлігінің, әуе, автомобиль, темір жол, теңіз көлігі құралдарымен жүктер және жолаушылар тасымалының, алдыңғы қатарлы технологияларға негізделген көліктік және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі қызметін көтермелеуге ниеттенеді.
      Темір жол тасымалын, вагондық және контейнерлік парктерді бірлесіп пайдалануды, келісілген тарифтік саясатты жүргізуді, түпкілікті және транзиттік халықаралық телефон трафигімен өзара алмасуды ұйымдастыру жөніндегі темір жол көлігі саласындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.

8. Ғылыми-техникалық ынтымақтастық

      Осы саладағы ынтымақтастық мыналарды қамтиды:
      ғылыми-техникалық кәсіпорындардың басшылары және қызметкерлерінің тағылымдамаларын қоса алғанда, мамандармен тәжірибе алмасу;
      Тараптар мамандарын тарта отырып және олардың халықаралық жобаларға, қозғалған мәселелер бойынша бюллетеньдер мен каталогтарды тұрақты шығаруға қатысуымен ғылыми ынтымақтастық туралы коммерциялық емес шарттардың негізінде ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен алмасу;
      сейсмикалық қауіпті бағалау жөніндегі әдіснамалармен, әлемнің күшті жер сілкіністері туралы деректермен, өзара қызығушылық туғызатын ғылыми жарияланымдармен және зерттеулердің нәтижелерімен алмасу;
      Каспий және Арал теңіздерінің бассейнінде жүргізілген гидрометеорологиялық ақпарат және ғылыми-зерттеу жұмыстарының деректерімен алмасуды;
      зияткерлік меншік құқықтарын, авторлық және аралас құқықтарды қорғау жөнінде ақпарат алмасу;
      жаңартылатын энергия көздерін, атап айтқанда Күн мен желдің энергиясын пайдалану мәселелері;
      шектес аумақтарда жер қабатының құрылымын зерделеуге қатысты ғылыми-зерттеу ақпаратымен алмасу;
      ғылым және білім мақсаттары үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануда тәжірибе алмасуды қамтиды.

9. Мәдениет, туризм және спорт саласындағы ынтымақтастық

      Осы саладағы ынтымақтасты мыналарды қамтиды:
      бірлескен халықаралық жобаларға, Тараптардың аумақтарында өткізілетін іс-шараларға қатысу жолымен туризм саласындағы байланыстарды дамыту;
      театр, музыка, бейнелеу, эстрадалық және цирк өнері, кино, теледидар, кітапхана және мұражай ісі мен мәдени қызметтің басқа да түрлерін дамыту үшін қолайлы жағдай жасау;
      шығармашылық одақтардың, қоғамдық қорлардың, мәдениет пен өнер мекемелерінің арасындағы байланыстарды дамыту;
      халықаралық кинофестивальдар мен театр гастрольдерін, сурет көрмелерін өткізуді, музыка және театр шығармаларын бірлесіп қоюды өткізу;
      халықаралық спорт, оның ішінде ұлттық спорт түрлері мен мамандандырылған спорттық базаларда бірлескен оқу-жаттығу жиындары бойынша іс-шаралар өткізуді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Түркіменстан спортшыларының Тараптар аумағында өткізілетін халықаралық жарыстарға қатысуы.

10. Басқа салалардағы ынтымақтастық

      Ынтымақтастықтың жоғарыда санамаланған салаларымен шектелмей, Тараптар құрылыс және құрылыс материалдарын өндіру, өндіріс үшін шикізат ресурстарын оңтайлы пайдалану саласында, сондай-ақ басқа да салаларда Тараптардың субъектілері арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады