Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдары (полиция) мен ішкі әскерлері үшін кадрлар даярлау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Аслан Есболайұлы Мусинге Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдары (полиция) мен ішкі әскерлері үшін кадрлар даярлау туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 26 мамырдағы
N 424 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдары (полиция) мен ішкі әскерлері үшін кадрлар даярлау туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттер атынан үкіметтері
қазіргі заманның қыр-көрсетулері мен қауіп-қатерлеріне жауап беретін Тараптардың ішкі істер органдары (полиция) мен ішкі әскерлері үшін кадрлар даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып,
осы салада өзара іс-қимыл жасасудың тиімді тетіктерін құруға ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай терминдер қолданылады:
оқу орны - Тараптардың ішкі істер органдары (полиция) мен ішкі әскерлері үшін кадрлар даярлауды жүзеге асыратын жоғарғы, орта және қосымша кәсіптік білім беретін білім беру мекемесі;
жіберуші Тарап - өзінің ішкі істер органдары (полиция) қызметкерлері мен ішкі әскерлерінің әскери қызметшілерін басқа Тараптардың оқу орындарына даярлау үшін жіберетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекет;
қабылдаушы Тарап - басқа Тараптардың ішкі істер органдары (полиция) қызметкерлері мен ішкі әскерлерінің әскери қызметшілерін өзінің оқу орындарына даярлау үшін қабылдайтын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекет.
2-бап
Тараптар осы Келісімге сәйкес олар қатысушы болып табылатын ұлттық заңнамалар мен халықаралық шарттарды сақтаған кезде өздерінің құзыретті органдары арқылы мамандарды даярлауда ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Құзыретті органдардың тізбесін әрбір Тарап айқындайды және осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындау туралы хабарламаны тапсыру кезінде депозитарийге береді.
Құзыретті органдардың тізбесіндегі өзгерістер туралы Тараптардың әрқайсысы бір ай ішінде депозитарийге жазбаша түрде хабарлайды.
3-бап
Жасалатын келісім-шарттарға сәйкес кадрлар даярлау қабылдаушы Тараптың құпиялылық режимін, таратылуы шектеулі қызметтік және құпия ақпараттың сақталуын қамтамасыз етуге байланысты шектеулерді ұстана отырып, қабылдаушы Тараптың оқу орындарының оқу жоспарлары мен бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады.
Оқу үдерісі орыс тілінде:
а) қабылдаушы Тараптың курсанттарымен/тыңдаушыларымен бірлесіп;
б) бөлек (арнайы факультеттерде, курстарда, оқу орындарының топтарында) ұйымдастырылады.
Жіберуші Тараптың өтініші бойынша қабылдаушы Тарап оқу үдерісін жіберуші Тараптың мемлекеттік тілінде ұйымдастыруы мүмкін.
4-бап
Кадрлар даярлау ақылы негізде немесе қабылдаушы Тарап белгілейтін квота бойынша жеңілдетілген немесе өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
Жеңілдетілген негізде кадрлар даярлау кезінде оқытуға арналған шығыстар қабылдаушы Тараптың есебінен, ұстау үшін - кадрлар жіберуші Тараптың есебінен жүзеге асырылады.
Өтеусіз негізде кадрлар даярлау кезінде оқытуға және ұстауға арналған шығыстар қабылдаушы Тараптың есебінен жүзеге асырылады.
Жіберуші Тараптың курсанттарының/тыңдаушыларының тұруы қабылдаушы Тарап белгілеген шарттарда және тәртіппен ұйымдастырылады.
Кадрлар даярлауды қамтамасыз етудің қаржылық және басқа да түрлері келісім-шарттарда айқындалады, бұл ретте жіберуші Тараптың курсантының/ тыңдаушысының ақшалай үлесі (стипендиясы) қабылдаушы Тараптың курсантының/тыңдаушысының ақшалай үлесінен (стипендиясынан) кем болмауға тиіс.
5-бап
Жіберуші Тарап оқуға берілген өтінімдерді қабылдаушы Тарапқа оқу басталатын жылдың 15 қаңтарына дейін береді.
Қабылдаушы Тарап оқу басталатын жылдың 15 мамырына дейін жіберуші Тарапты оқу орындарын, мамандықтарды және әрбір мамандық бойынша берілетін орындардың санын көрсете отырып, оқу квотасы, оның ішінде жеңілдетілген және өтеусіз негізде оқу туралы хабардар етеді.
Қабылдаушы Тарап қажеттілігіне қарай оқуға кандидаттарды іріктеу бойынша ұсынымдарды (талаптарды) нақтылайды.
6-бап
Оқуға кандидаттарды іріктеуді, оларды медициналық куәландыруды және қабылдау сынақтарын қабылдаушы Тараптың оқу орындарына қабылдау шарттары мен ұсынымдарын ескере отырып жіберуші Тарап жүргізеді.
Қабылдау сынақтарын, әдетте, жіберуші Тараптың аумағында қабылдаушы Тарап өкілдерінің қатысуымен жіберуші Тарап өткізеді. Бұл ретте қабылдаушы Тараптың өкілдерін іссапарға жіберуге байланысты барлық шығыстар жіберуші Тараптың есебінен жүзеге асырылады.
Қабылдаушы және жіберуші Тараптардың уағдаластығы бойынша оқуға жіберілетін кандидаттар үшін қабылдаушы Тараптың оқу орындарында орыс тілін және жалпы білім беру пәндерін зерделеу бойынша дайындық курстары ұйымдастырылады.
7-бап
Білімі, ғылыми дәрежесі мен атағы туралы құжаттарды тану тәртібі Тараптардың нормативтік құқықтық актілерімен және олар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттармен айқындалады.
8-бап
Осы Келісімнің ережелері Тараптардың олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
9-бап
Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарлама депозитарийге сақтауға тапсырылған күнінен бастап күшіне енеді.
Осындай рәсімдерді кешіктіріп орындаған Тараптар үшін Келісім депозитарийге тиісті хабарламалар сақтауға тапсырылған күннен бастап күшіне енеді.
10-бап
Осы Келісім оның ережелерін бөлісетін басқа да мемлекеттердің қосылуы үшін осындай қосылу туралы құжаттарды депозитарийге тапсыру арқылы ашық. Осы Келісім қосылып жатқан мемлекет үшін осы Келісімнің 9-бабын сақтаған кезде қосылу туралы құжатты депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап күшіне енеді.
11-бап
Егер Тараптар өзге туралы уағдаласпаса, осы Келісімге Тараптардың келісімі бойынша жеке хаттамамен ресімделетін, осы Келісімнің 9-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
12-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптардың арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.
13-бап
Тараптардың әрқайсысы депозитарийге одан шығатын ықтимал уақытқа дейін кемінде алты ай бұрын осы туралы жазбаша хабарлама жіберіп, осы Келісімнен шыға алады.
Тиісті Тарап шығу сәтінде оның осы Келісімге қатысқан уақытында туындаған барлық материалдық, қаржылық және өзге де міндеттемелерді орындайды.
2007 жылғы "___"_____________________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзірбайжан Республикасының Молдова Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Армения Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Грузия Түркіменстан
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Украина
Үкіметі үшін Үкіметі үшін