Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім беру саласындағы мемлекеттік сыйлығы туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім беру саласындағы мемлекеттік сыйлығы туралы
Ғылым, техника және білім беру саласындағы жетістіктер үшін мемлекеттік сыйлықтар беру жүйесін жетілдіру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім беру
саласындағы мемлекеттік сыйлығы тағайындалсын.
2. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік сыйлық туралы ереже бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі бір ай мерзімде осы Жарлықты іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы
Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы Жарлық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2007 жылғы "_____"___________
N______ Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім беру саласындағы мемлекеттік сыйлығы туралы ереже
1. Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім беру саласындағы мемлекеттік сыйлығы (бұдан әрі - Мемлекеттік сыйлық) ғылым, техника және білім беру қайраткерлерінің еңбегін қоғам және мемлекет алдында жоғары тану болып табылады.
2. Мемлекеттік сыйлық Қазақстан Республикасының азаматтарына:
республиканың экономикалық және әлеуметтік дамуын айтарлықтай жеделдетуге, қазақстандық ғылым мен техниканың әлемдегі озық жетістіктер деңгейіне шығуына әкелетін іргелі және қолданбалы зерттеулер саласындағы аса үздік нәтижелер үшін;
қоғамға кеңінен танылған ғылыми жаңалықтар, монографиялар, сондай-ақ бір саладағы бірқатар ғылыми жұмыстар үшін;
техниканың, материалдардың және технологиялардың жаңа түрлерін әлемдік аналогтар деңгейінде немесе одан жоғары өндіруді әзірлегені және ұйымдастырғаны үшін;
мемлекеттік құпияларға жатқызылған мәліметтері бар экономиканың әр түрлі салаларында мүлдем жаңа бұйымдар, технологиялық процестер әзірлегені және жасағаны үшін;
республика үшін біліктілігі жоғары мамандар мен ғылыми кадрлар даярлауға ықпал ететін республиканың білім беру жүйесінің барлық сатыларына арналған оқулықтарды әзірлегені үшін беріледі.
3. Қазақстан Республикасының Президенті Тәуелсіздік күні қарсаңында екі жылда бір рет үш Мемлекеттік сыйлық тағайындайды.
Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім беру саласындағы мемлекеттік сыйлығы жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Мемлекеттік сыйлықты беру туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.
Комиссияның құрамы мен ол туралы Ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Комиссияның қызметін қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік сыйлықтың ақшалай сыйақысының мөлшерін олар
берілетін жылы және республикалық бюджетте ғылымға көзделген сома
шегінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Дипломдар, кеуде белгілерін, куәліктер дайындауға, Мемлекеттік сыйлықтар алуға ұсынылған жұмыстарға сараптама жүргізуге және рецензиялауға байланысты шығыстар, сондай-ақ Комиссия мүшелері мен тартылатын сарапшыларға іссапар шығыстары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қаражаты есебінен қаржыландырылады.
Бұрын Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлықтары мен атаулы сыйлықтарына ие болған жұмыстар Мемлекеттік сыйлық алу конкурсына қатысуға жіберілмейді. Жұмыс Мемлекеттік сыйлық алуға екі реттен артық ұсынылмайды.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы лауреатының жаңа жетістіктері болған кезде бұл сыйлық көрсетілген сыйлық осының алдында берілгеннен кейін бес жылдан соң оған қайта берілуі мүмкін.
5. Мемлекеттік сыйлық алу үшін ұсынылатын ғылыми еңбектер жариялануы, оқулықтар республиканың білім жүйесінде кемінде үш жыл бойы сынақтан өтуі, ал техникалардың, материалдардың және технологиялардың жаңа түрлері Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылған сәтке кемінде екі жыл бойы өндірісте игерілуі тиіс.
6. Жұмыстарды Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынуды Қазақстан
Республикасы мемлекеттік органдарының алқалары, ғылыми, ғылыми-
техникалық, ғалымдар кеңестері мен ғылыми, оқу және басқа да ұйымдардың басқа да алқалық органдары жүргізеді. Жұмыстарды Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну туралы шешім осы органдардың қызметін реттейтін регламенттер мен басқа да актілерде белгіленген тәртіппен қабылданады.
7. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын ізденушілердің ұжымы
8 адамнан аспауы тиіс.
Бір ізденушінің кандидатурасы Мемлекеттік сыйлыққа екі және одан да көп жұмыстар бойынша ұсыныла алмайды.
8. Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылатын жұмыстарды Комиссия сыйлықтар берілетін жылғы 1 ақпанға дейін қабылдайды.
Құжаттардың тізбесі мен оларды ұсынылатын жұмыстарға ресімдеудің тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін ережелермен айқындалады.
Мемлекеттік сыйлықты ұсынуға жұмыстарды қабылдау туралы хабарландыруларды және алдын ала іріктеу туралы шешімді Комиссия бұқаралық ақпарат құралдарына орналастырады.
Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылған жұмыстар бойынша мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізіледі.
9. Мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылған жұмыстар Комиссияның
отырыстарында қаралады.
Жұмыстарды алдын ала іріктеуді және ізденушінің нақты шығармашылық үлесі бойынша оның мәлімделген авторлыққа (тең авторлыққа) сәйкестігін анықтауды Комиссия мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың қорытындысын ескере отырып, 15 тамызға дейін жүзеге асырады. Комиссия алдын ала іріктеуден өткен жұмыстардың тізімін мемлекеттік құпияларға жатқызылған мәліметтері бар жұмыстардан басқа, авторлары мен осы жұмыстарды ұсынған ұйымдарды көрсете отырып, кеңінен талқылау үшін бұқаралық ақпарат құралдарына ұсынады.
Комиссия жұмыстарды қараудың қорытындылары бойынша қоғамдық пікірді ескере отырып, Мемлекеттік сыйлық беру туралы ұсыныстарды 10 қазанға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі жұмыстарды қарау қорытындылары бойынша Комиссияның ұсынымдарын ескере отырып, Мемлекеттік сыйлық беру туралы шешімнің жобасын әзірлейді және Мемлекеттік сыйлық берілетін жылғы 1 қарашаға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне енгізеді.
10. Мемлекеттік сыйлық ақшалай сыйақыдан, дипломнан, Мемлекеттік сыйлық лауреатының кеуде белгісі мен оған куәліктен тұрады. Мемлекеттік сыйлық лауреаты дипломының, кеуде белгісі мен оған куәліктің үлгілерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
11. Ұжымға Мемлекеттік сыйлық берілген кезде сыйлықтың ақшалай
сыйақысы авторлардың арасында теңдей бөлінеді.
12. Қайтыс болғаннан кейін марапатталған, қайтыс болған Мемлекеттік сыйлық лауреатының дипломы, кеуде белгісі мен ақшалай сыйақысы оның мұрагерлеріне беріледі.