"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Финляндия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 5 маусымдағы N 456 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Финляндия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер- Министрі

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Финляндия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы

      2007 жылғы 9 қаңтарда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Финляндия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Финляндия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Финляндия Республикасының Үкіметі,
      кемсітпеушілік негізде бір Тарап инвесторларының екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы инвестицияларын қорғау қажеттілігін тани отырып;
      екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы бір Тарап инвесторларының инвестицияларына байланысты өзара бұдан арғы экономикалық ынтымақтастықты көтермелеуге ниет білдіре отырып;
      осындай инвестицияларға берілетін режим туралы келісім Тараптардың жеке капиталының ағынын және экономикалық дамуын ынталандыратынын тани отырып;
      инвестициялар үшін тұрақты негіз экономикалық ресурстарды барынша тиімді пайдалануға және өмір сүру деңгейін арттыруға жәрдемдесетініне келісе отырып;
      экономикалық және іскерлік байланыстарды дамыту халықаралық танылған еңбек құқықтарын құрметтеуге ықпал ететіндігін тани отырып;
      бұл мақсаттарға денсаулықты, қауіпсіздікті және қоршаған ортаны қорғауды әлсірететін жалпы қолдану шараларынсыз қол жеткізу мүмкін еместігімен келісе отырып;
      инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы келісімді жасауды шеше отырып;
      мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Айқындамалар

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
      1. "Инвестициялар" термині екінші Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес бір Тараптың инвесторы екінші Тараптың аумағында іскерлік және кәсіпкерлік қызметіне байланысты құрылған немесе алынған кез келген мүлікті білдіреді, атап айтқанда, бірақ айрықша емес мыналарды:
      (а) жылжымалы және жылжымайтын мүлікті немесе салу, ұстап қалу құқығы, кепілге беру, жалдау сияқты кез келген мүліктік құқықтарды;
      (b) қайта инвестицияланған кірістерді;
      (с) компанияның үлестері, акциялары, борыштық міндеттемелері немесе компаниялардағы кез келген басқа да қатысу нысандарын;
      (d) ақша талаптарын немесе экономикалық құндылығы бар кез келген орындалу талаптарын;
      (е) патент, авторлық құқықтар, сауда маркалары, өнеркәсіптік үлгілер, іскерлік атаулар, географиялық нұсқамалар, техникалық процестер, ноу-хау және гудвилл сияқты зияткерлік меншік құқығын;
      (f) табиғи ресурстарды іздеуге, дамытуға, алуға және әзірлеуге арналған концессияны қоса алғанда, заңға сәйкес немесе әкімшілік актіге немесе шарттарға сай құзыретті органдар берген концессияларды қамтуы мүмкін.
      Екінші Тараптың инвесторларына нақты тиесілі немесе олар тікелей немесе жанама бақылайтын сол Тарап заңды тұлғасының бір Тарап мемлекетінің аумағында жүзеге асырған инвестициялары, егер олар алдыңғы Тараптың заңнамасына сәйкес жүзеге асырылса, соңғы Тарап инвесторларының инвестициялары ретінде де қаралуы тиіс.
      Мүлік инвестицияланған немесе қайта инвестицияланған нысанындағы кез келген одан кейінгі өзгеріс инвестициялар ретіндегі олардың біліктілігіне әсер етпеуі тиіс.
      2. "Кірістер" термині атап айтқанда, бірақ айрықша емес пайданы, дивидендтерді, пайызды, роялтиді, капиталдан түскен кірісті немесе инвестициямен байланысты кез келген нысандағы заттай төлемдерді қоса алғанда, инвестициялардан алынған соманы білдіреді.
      3. "Инвестор" термині екінші Тарап мемлекетінің ұлттық
заңнамасына және осы Келісімнің ережелеріне сәйкес осы Тарап
мемлекетінің аумағында инвестициялайтын Тарапқа арналған мынадай
субъектілерді білдіреді:
      (а) оның заңнамасына сәйкес кез келген Тараптың азаматы болып табылатын кез келген жеке тұлға;
      (b) компания, корпорация, фирма, серіктестік, іскерлік қауымдастығы, институт сияқты кез келген заңды тұлға немесе осындай Тараптың заңи құзыры шегінде Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес тіркелген немесе құрылған және тіркелген офисі немесе орталық басқармасы немесе қызметінің негізгі орны бар ұйым.
      4. "Аумақ" термині Тарап мемлекетінің құрлықтағы аумағын, ішкі сулары мен аумақтық теңізін, осындай кеңістіктердің табиғи ресурстарын зерттеу және пайдалану мақсатында оның ұлттық заңдарына және халықаралық құқықтарға сәйкес мұндай Тарап егемендік және заңи құқығын жүзеге асыратын, сондай-ақ теңіз түбін және қойнауын қоса алғанда, аумақтық теңізден тысқары теңіз аймағын білдіреді.

2-бап
Инвестицияларды ынталандыру және қорғау

      1. Әрбір Тарап өз аумағында екінші Тарап инвесторларының
инвестицияларын көтермелейді және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес
мұндай инвестицияларға рұқсат береді.
      2. Әрбір Тарап өз аумағында екінші Тараптың инвесторларының
инвестицияларына және инвестициядан түсетін кірістеріне әділ және тең инвестиция режимін, сондай-ақ толық және тұрақты қорғауды әрі
қауіпсіздікті ұсынады.
      3. Тараптардың бір де біреуі өз аумағында екінші Тараптың
инвесторларына инвестицияларды сатып алуын, кеңейтуін, қызметін,
басқаруын, қолдауын, пайдалануын, иеленуін және сатуын немесе басқа да иелік етуін негізсіз немесе жөнсіз шаралармен нашарлатуы тиіс емес.

3-бап
Инвестициялар режимі

      1. Әрбір Тарап екінші Тараптың инвесторлары мен олардың инвестицияларына оны сатып алуға, кеңейтуге, қызметке, басқаруға, қолдауға, пайдалануға, иеленуге және сатуға немесе инвестицияларға басқадай иелік етуге қатысты өздерінің инвесторларына және олардың инвестицияларына беретін режимінен қолайлылығы кем емес режим береді.
      2. Әрбір Тарап екінші Тараптың инвесторлары мен олардың инвестицияларына оны құруға, сатып алуға, қызметіне, басқаруға, қолдауға, пайдалануға, сатуға немесе инвестицияларға басқадай иелік етуге қатысты кез келген үшінші мемлекеттің инвесторларына және олардың инвестицияларына беретін режимінен қолайлылығы кем емес режим береді.
      3. Әрбір Тарап екінші Тараптың инвесторлары мен олардың инвестицияларына осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген режимдердің ішінен инвесторларға немесе инвестицияларға мейлінше қолайлы болып табылатын үздік режим береді.
      4. Тараптардың бір де біреуі екінші Тарап инвесторларының
материалдарды, өндіріс құралдарын сатып алуға, қызметіне, тасымалдауға, оның өнімінің маркетингіне немесе кемсітушілік нәтижелері бар осындай бұйрықтарға қатысты инвестицияларына арналған шараларды өз аумағында мәжбүрлеу тәртібімен міндеттемеуі немесе жүктемеуі тиіс.

4-бап
Босату

      Осы Келісімнің ережелері бір Тарапты екінші Тараптың инвесторларына және олардың инвестициялары кез келген қолданыстағы немесе келешектегі:
      (а) еркін сауда, кеден одағы, жалпы нарық, экономикалық немесе валюталық одақ немесе Тараптардың бірі тарап болатын немесе бола алатын еңбек нарығы туралы өңірлік келісімді қоса алғанда, басқа да осындай өңірлік экономикалық ықпалдасу келісімдерінің аймағына, немесе
      (b) қосарлы салық салуды немесе толық не негізгі салық салуға жататын басқа халықаралық келісімді болдырмау туралы келісімге, немесе
      (с) толық немесе негізінен инвестицияларға жататын көп жақты келісімге байланысты кез келген режимінің пайдасын, басымдығын немесе артықшылығын міндеттеу ретінде түсіндірілмеуі тиіс.

5-бап
Экспроприация

      1. Екінші Тарап аумағындағы Тараптар инвесторларының инвестициялары белгіленген заңды рәсімдерге сәйкес және жылдам, барабар әрі тиімді өтемдер төлене отырып, кемсітпеушілік негізде емес мемлекеттік мақсатта қабылданатын шаралардан басқа, экспроприацияға немесе мемлекет иелігіне алуға тең (бұдан әрі - экспроприация) әсері бар экспроприациялануы немесе мемлекет иелігіне алынуы тікелей немесе жанама кез келген басқа да шараларға ұшырамауға тиіс.
      2. Мұндай өтем алдағы экспроприация туралы бұдан бұрынғы
немесе оның ертерек өтуіне байланысты экспроприация жалпыға белгілі
болған, оған дейінгі өткен сәтте экспроприацияланған инвестициялар
құнының сомасына тең болуы тиіс. Құн бағалаудың жалпы қабылданған
қағидаттарына сәйкес айқындалуы тиіс.
      3. Өтем толық іске асырылатын болуы және қандай да бір шектеулер мен кедергілерсіз төленуі, нақты төлем күніне дейін меншіктен алу немесе экспроприациялау күнінен бастап төлем валютасы үшін нарықтық негізде белгіленген коммерциялық ставка бойынша пайызды қамтуы тиіс.
      4. Тарап оның кез келген бөлігі аумағындағы қолданыстағы заңға сәйкес тіркелген немесе құрылған компаниялардың және екінші Тараптың инвесторлары үлестеріне ие активтерін немесе олардың бөліктерін экспроприациялаған кезде ол осындай үлестердің иесі болып табылатын осындай Тарап инвесторларының инвестицияларына қатысты жедел, барабар және тиімді өтемдерді қамтамасыз ету үшін қажетті дәрежеде заңмен қолданылатын осы баптың 1- тармағының барлық ережелеріне кепілдік беретін болады.
      5. Осы Келісімнің 9-бабы ережелеріне залалсыз инвестициялары экспроприацияланған инвестор осы бапта жазылған қағидаттарға сәйкес осындай Тараптардың сот немесе басқа да құзыретті органдарының оның ісін жедел қайта қарауға және оның инвестицияларын бағалауға құқығы болуы тиіс.

6-бап
Залалдарды өтеу

      1.Бір Тараптың инвесторларына екінші Тарап мемлекетінің аумағындағы инвестициялары соңғы Тараптың аумағындағы соғыстың немесе басқа да қарулы қақтығыстардың, революцияның, көтерілістің, бүліншіліктің салдарынан шығындарға ұшыраса, соңғы Тарап реституцияға, өтемге, өтемақыға немесе басқа да реттеуге қатысты өз инвесторлары мен инвестор үшін неғұрлым қолайлы болып табылатын кез келген барынша қолайлы мемлекеттің инвесторларына ұсынылған қолайлылығы кем емес режимін береді.
      2. Осы баптың 1-тармағы үшін залалсыз тармақта айтылған кез келген жағдай нәтижесінде Тараптың инвесторларына басқа Тараптың аумағындағы мыналардың нәтижесінде:
      (а) қарулы күштері немесе билігі оның инвестициясын немесе оның бөліктерін реквизициялау, немесе;
      (b) жағдайдың қажеттілігімен талап етілмеген қарулы күштердің немесе биліктердің оның инвестицияларын немесе оның бөлігін бұзуының салдарынан болатын шығындарды көтереді
      соңғы Тарап кез келген жағдайда жедел, барабар және тиімді әрі өтемақыға қатысты 5-баптың 1-3-тармақтарына сәйкес болуы тиіс бұзу реквизициясы күнінен бастап нақты төлем күніне дейін реституция немесе өтемақы ұсынуы тиіс.

7-бап
Еркін аударымдар

      1. Әрбір Тарап екінші Тараптың инвесторларына өз аумағына еркін аударымды олардың инвестицияларын және инвестициялармен байланысты төлемдер аударымын қамтамасыз етуі тиіс. Мұндай төлемдер атап айтқанда, бірақ айрықша емес мыналарды:
      (а) инвестицияларды қолдау, дамыту немесе ұлғайту үшін негізгі және қосымша соманы;
      (b) кірістерді;
      (с) үлестерді сатуды қоса алғанда, инвестицияларды толық немесе ішінара сатудан немесе инвестицияларға иелік етуден алынған түсімді;
      (d) заемдар бойынша төлем, роялти төлемдері, басқару үшін төлем, лицензиялық төлемдер сияқты инвестициялар қызметінен туындаған шығыстарды немесе басқа да осындай шығыстарды төлеу үшін талап етілетін соманы;
      (е) 5, 6, 8 және 9-баптарға сәйкес төленетін өтемді;
      (f) инвестицияларға байланысты шетелде жалға алынған және жұмыс істейтін персоналдардың еңбек ақылары мен басқа да сыйақыларын қамтиды.
      2. Әрбір Тарап осы баптың 1-тармағына қатысты аударымдарды және аударылатын валюта күніне қолданылатын басым нарықтық айырбастау бағамы бойынша қандай да бір еркін айырбасталымды валютаның шектеусіз немесе кідіріссіз жүзеге асырылуын қамтамасыз етуі тиіс және дереу аударылуы тиіс.
      3. Шетел валютасының нарығы болмаған кезде Қарыз алушының Арнайы құқығындағы валюта айналымдары үшін ең соңғы айырбас бағамы қолданылуы тиіс.
      4. Аударымдағы кідіріс болған жағдайда, қабылдаушы Тараптан туындаған аударым сол Тарап төлейтін аударымды талап ету күнінен бастап және қазіргі аудару күніне дейін осы валюта үшін нарықтық негізде белгіленген коммерциялық ставка бойынша пайызды қамтуы тиіс.
      5. Тараптар осы баптың 1-4-тармақтарына қарамастан әділ және
кемсітпеушілік жолмен өз заңдарын қолдана отырып ұстай алады және
реттеуге қатысты:
      тиісті салық міндеттемелерін орындауға;
      кредиторлардың құқығын қорғауға;
      қылмыстық немесе жазаланатын бұзушылықтарға;
      сот талқылауында бұйрықтардың немесе сот шешімдерінің сақталуын қамтамасыз ету;
      мына жағдайда, осы Келісім бойынша мұндай заңдар мен ережелерді қолдану міндеттемелерден жалтару құралы ретінде пайдаланылмауы тиіс.

8-бап
Суброгация

      Егер Тарап немесе оның уәкілетті органы екінші Тараптың аумағындағы инвестордың инвестицияларына қатысты берілген өтем, кепілдік немесе сақтандыру келісім-шартына сәйкес төлемдерді жүзеге асырса, соңғы Тарап бірінші Тарапқа немесе ол уәкілеттік берген органға кез келген құқықтардың немесе мұндай инвестордың талаптарының өтуін және бірінші Тараптың немесе уәкілеттік берген органның кез келген мұндай құқыққа немесе талапты оның ізашары жүзеге асырған шамадағы жүзеге асыру суброгацияға байланысты құқығын тануы тиіс.

9-бап
Инвестор мен Тарап арасындағы даулар

      1. Бір Тарап және екінші Тараптың инвесторы арасындағы тікелей
инвестициялардан туындаған кез келген дау екі тарап арасында достық
рәмізде шешілуі тиіс.
      2. Егер дау ол жазбаша нысанда туындаған күнінен бастап 3 ай ішінде шешілмесе, дау инвестордың таңдауы бойынша мыналардың қарауына:
      (а) аумағында инвестиция жүзеге асырылатын Тараптардың құзыретті соттарына, немесе
      (b) егер орталыққа қол жетімді болса, Вашингтон қаласында 1965
жылғы 18 наурызда қол қою үшін ашылған Мемлекеттік және жеке немесе заңды тұлғалар арасындағы Инвестициялық дауларды реттеудің тәртібі туралы Конвенцияға сәйкес құрылған инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың (бұдан әрі - Орталық) төрелігіне, немесе
      (с) егер тек бір Тарап осы тармақтың (b) тармақшасында көрсетілген Конвенцияға қатысушы болып табылса, Орталықтың қосымша ережелеріне сай төрелікке; немесе
      (d) Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының төрелік (ЮНСИТРАЛ) ережелеріне сәйкес құрылған кез келген "ad hoc" төрелік сотына,
      (е) кез келген басқа бұрын келісілген "аd hос" төрелік сотына жіберілуі мүмкін.
      3. Дауды ұлттық соттың қарауына жіберген инвестор, егер ұлттық соттың қарау мәні бойынша шешім шығарғанға дейін инвестор ұлттық сот рәсімдері арқылы істі одан әрі жалғастырмайтынын жарияласа және істі қайтарса осы баптың 2-тармағы (b) тармақшасында немесе 2-тармақтың (е) тармақшасында айтылған төрелік соттардың біріне жүгіне алады.
      4. Кез келген Төрелік осы бапқа сәйкес даудағы кез келген Тараптың өтініші бойынша Нью-Йоркте 1958 жылғы 10 маусымда қол қоюға ашық шетелдік төрелік шешімдерін тану және орындауға келтіру туралы Конвенцияның (бұдан әрі - Нью-Йорк Конвенциясы) қатысушы болып табылатын мемлекетте жүргізілу тиіс. Осы бапқа сай төрелікте ұсынылған талаптар Нью-Йорк Конвенциясының 1-бабының мақсаттары үшін
коммерциялық қатынастардан немесе мәмілелерден туындаған ретінде қарастыруы тиіс.
      5. Әрбір Тарап осы бапқа сәйкес төрелікте олар мен басқа
Тараптың инвесторы арасындағы дауды ұсынуға өзінің сөзсіз келісімін
береді.
      6. Даудың қатысушысы болып табылатын Тараптардың бірде біреуі
төрелік рәсімнің кез келген сатысына немесе төрелік шешімдерін
орындауға қарсылық білдіре алмайды немесе дауда тарап болып
табылатын, фактіге қатысты, инвестор сақтандыру күшінің бөлігін немесе барлық шығындарын жабатын өтемді көрсете алмайды.
      7. Шешім даудағы тараптар үшін түпкілікті және міндетті болуы тиіс және шешімде көрсетілген күннен бастап шешімді Тараптардың құзыретті органы орындайтын аумақтағы Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес орындалуы тиіс.

10-бап
Тараптар арасындағы даулар

      1.Осы Келісімді түсіндіру мен қолдануға қатысты Тараптар
арасындағы даулар мүмкіндігінше дипломатиялық арналар арқылы
шешіледі.
      2. Егер дау мұндай келіссөздерді кез келген Тарап жазбаша нысанда сұратқан күннен бастап алты (6) ай ішінде осындай түрде шешілмесе, ол кез келген Тараптың өтініші бойынша төрелік соттың қарауына ұсынылуы тиіс.
      3. Мұндай төрелік сот әрбір жеке іс үшін мынадай түрде құрылуы
тиіс. Төрелік туралы өтінішті алғаннан кейін екі (2) ай ішінде әрбір Тарап Соттың бір мүшесін тағайындайды. Содан соң осы екі мүше үшінші елдің азаматы болып табылатын Төрағаны Тараптар мақұлдағаннан кейін сот Төрағасы етіп таңдауы тиіс. Екі басқа мүшені тағайындаған күннен бастап төрт (4) ай ішінде Төраға тағайындалады.
      4. Егер қажетті тағайындаулар осы баптың 3-тармағында айқындалған кезең ішінде жасалмаса, кез келген Тарап Халықаралық сот төрағасын қажетті тағайындау жасауға шақырады. Егер Төраға кез келген Тараптың азаматы болып табылса немесе өзге де міндеттер көрсетілген функцияны орындауға кедергі болса, онда кез келген Тараптың азаматы болып табылмайтын немесе өзге де міндеттер көрсетілген функцияны орындауға кедергі келтірмесе БҰҰ-ның Халықаралық сотының аға лауазымы бойынша мүшесі қажетті тағайындау жасауға шақырылатын болады.
      5. Төрелік сот шешімін басым дауыспен қабылдайды. Сот шешімі екі Тараптар үшін түпкілікті және міндетті болуы тиіс. Әрбір Тарап өзі тағайындаған мүшелер мен төрелік процестегі өзінің өкілдігінің шығыстарын өтейді. Екі Тарап Төрағаның шығыстарын, сондай-ақ төрелік рәсімдермен байланысты басқа да шығыстарды тең бөлікте мойнына алады. Сот шығыстарды бөлуге қатысты басқа да шешім қабылдауы мүмкін. Төрелік сот барлық қалған қатынастарда өз тәртібінің төрелік рәсімдерін айқындайды.
      6. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген дауларға қатысты даулы мәселелер осы Келісімнің ережелеріне және халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттарына сәйкес шешілуі тиіс.

11-бап
Рұқсат беру

      1. Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес инвестицияларға қатысты қолайлы қолдануды ұсынады және екінші Тараптың инвесторлардың инвестицияларына байланысты оның аумағында шұғыл рұқсаттарды беруді ұсынады.
      2. Әрбір Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес уақытша келу мен болуды ұсынады және басқа Тарап инвесторларының инвестицияларына байланысты және осы тұлғалар сол уақытқа дейін осы тармақтың талаптарына сәйкес кәсіпорындар үшін мәнді болып табылатын орындаушылар, менеджерлер, мамандар немесе техникалық персоналдар ретінде шетелде жалға алынған жеке тұлғаларға қажетті кез келген құжаттамаларды растауды қамтамасыз етеді. Осындай персоналдың тікелей отбасы мүшелеріне қабылдаушы тараптар аумағынан келу және уақытша болуға қатысты осындай режим ұсынылуы тиіс.

12-бап
Басқа да ережелерді қолдану

      1. Егер кез келген Тарап мемлекеті ұлттық заңнама ережелерінде немесе халықаралық құқыққа келісілген міндеттемелер, қазіргі уақытта қолданыстағы әрі қарай Тараптар арасындағы осы келісімге толықтыру барынша қолайлы режимнен гөрі басқа Тараптардың инвесторлары жүзеге асыратын инвестицияларға құқық беретін жалпы немесе ерекше ережелері бар.
      2. Әрбір тарап басқа Тарап инвесторының белгілі бір инвестициясына қатысты бола алатын кез келген міндеттемені сақтауы тиіс.

13-бап
Келісімді қолдану

      Осы Келісім күшіне енгенге дейін және одан кейін екінші Тараптың аумағында кез келген Тараптың инвесторлары жүзеге асыратын барлық инвестицияларға қолданылады, бірақ осы Келісім күшіне енгенге дейін туындаған және (немесе) реттелген инвестицияларға қатысты кез келген дау немесе талапқа қолданылмауы тиіс.

14-бап
Жалпы ерекшеліктер

      1. Тараптың өз бетінше немесе ақталмайтын кемсітушілігін не инвестициялардың жасырын шектеуін білдіретін мұндай шаралар мұндай түрде қолданылмайтын жағдай кезінде осы Келісімде ештеңе де Тараптың бірінің жария тәртіпті ұстауға қажетті ұлттық қауіпсіздік мүдделерін немесе шараларын қорғау үшін қажетті кез келген іс-қимылын қабылдауға кедергі ретінде түсіндірілуі тиіс емес.
      2. Осы баптың ережесі осы Келісімнің 7-бабы 1-тармағының (е) тармақшасына қолданылмауы тиіс.

15-бап
Ашықтық

      1. Әрбір Тарап өзінің заңдарын, ережелерін, рәсімдері мен әкімшілік ұйғарымдарын және жалпы қолданыстағы сот шешімдерін, сондай-ақ бірінші Тарап мемлекеті аумағындағы екінші Тарап инвесторларының инвестицияларына қатысы болуы мүмкін халықаралық келісімдерді дереу жариялауға немесе өзгеше түрде жалпыға қол жетерлік етуі тиіс.
      2. Ашылуы онымен құқығын қолдануды немесе құпиялықты қорғау құқығына кедергі немесе жекелеген инвесторлардың заңды коммерциялық мүдделеріне зиян келтіруді қоса алғанда, осы Келісімде ештеңе де Тараптардан жеке меншік болып табылатын кез келген құпия ақпаратқа қол жеткізуді ұсынуды немесе рұқсат беруді талап ете алмайды.

16-бап
Консультация

      Тараптар кез келген Тараптың өтініші бойынша осы Келісімнің қолданысқа енгізілгенін қайта қарау мақсаты және осы Келісімнен туындауы мүмкін кез келген мәселені зерттеу үшін консультациялар өткізеді. Мұндай консультациялар Тараптардың құзыретті мемлекеттік органдары арасында жүргізіледі, оның орны мен уақыты дипломатиялық арналар арқылы келісіледі.

17-бап
Өзгерістер енгізу, күшіне ену, ұзақтығы
және тоқтату

      1. Тараптар осы Келісімнің күшіне енуі үшін олар мемлекетішілік рәсімдерді орындағанын бір-біріне жазбаша хабарлайды. Келісім дипломатиялық арналар арқылы соңғысы хабарламаны алған күнінен бастап екінші айдың бірінші күні күшіне енеді.
      2. Осы Келісім күшіне енгеннен кейін 1992 жылғы 29 қыркүйекте
Алматы қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Финляндия Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды
көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім тоқтатылған болып
саналады.
      3. Осы Келісім 10 жыл мерзімде күшінде қалады және осыдан кейін кез келген Тараптың 12 айдан кейін осы Келісімнің қолданылуын өзінің тоқтату ниеті туралы екіншісін жазбаша хабарлағанға дейін күшінде қалады.
      4. Осы Келісімді тоқтату күніне дейін жүзеге асырылған
инвестицияларға қатысты 1-16-баптардың ережелері осы Келісім
тоқтатылған күнінен бастап кейінгі 20 жыл кезеңде күшінде қалады.
      5. Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімдері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер мен толықтырулар хаттамалармен рәсімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады. Олар осы Келісім сияқты тәртіппен күшіне енеді.
      Осыны растау үшін тиісті түрде оған төменде қол қоюға уәкілетті өкілдер, осы келісімге қол қойды.
      2007 жылғы 9 қаңтарда Астана қаласында екі данада әрқайсысы қазақ, фин, орыс және ағылшын тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндер дәлме-дәл болып табылады. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде қайшылықтар туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

      Қазақстан                              Финляндия
    Республикасының                        Республикасының
      Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады