Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 8 маусымдағы N 475 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. 2007 жылғы 29 наурызда Астана қаласында жасалған Қазақстан
Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі,
      2005 жылғы 6 шілдеде Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы Экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің ережелерін ескере отырып,
      екі   ел арасындағы достық қатынастар мен өзара түсіністікті нығайтуға ұмтыла отырып,
      теңдік пен өзара тиімділік негізінде туризмді дамыту мақсатында,
      Польша Республикасының Еуропалық Одаққа мүшелігін назарға ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Тараптар туризм саласындағы ынтымақтастықты осы Келісімнің ережелеріне және Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасында қолданыстағы заңнамаға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы немесе Польша Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес дамытады.

  2-бап

      1. Тараптар өзаралық негізінде екі мемлекет арасында туризм
мақсатында саяхат жасайтын Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына
қатысты шекаралық, визалық, кедендік және өзге де ресмилілікті
оңайлатуға ұмтылады.
      2. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары Тараптар
мемлекеттерінің азаматтарына туризм мақсатында визаларды жедел
ресімдеуге және беруге ұмтылады.

  3-бап

      Тараптар туризмді дамытуға қатысатын қазақстандық және поляк субъектілері қабылдайтын инвестицияларға жәрдемдеседі.

  4-бап

      Тараптар туристік қызметті реттейтін қолданыстағы нормативтік құқықтық кесімдер, сондай-ақ туризм статистикасы саласындағы ақпаратпен, біліммен және тәжірибемен алмасуды көтермелейді.

  5-бап

      Тараптар туризм саласындағы оқу технологияларымен және зерттеулермен, сондай-ақ туристік бизнесті ұйымдастырудағы және менеджменттегі тәжірибемен алмасуға ықпал етеді.

  6-бап

      1. Осы Келісімнің ережелерін орындау үшін жауапты уәкілетті
органдар:
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі;
      Польша тарапынан - Польша Республикасы Экономика министрі болып табылады.
      2. 1-тармақта көрсетілген органдардың атаулары немесе
функциялары өзгерген жағдайда Тараптар бір-бірін дипломатиялық
арналар арқылы уақтылы хабардар етеді.

  7-бап

      Осы Келісім Қазақстан Республикасы немесе Польша Республикасы қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптар мемлекеттерінің құқықтары мен міндеттемелерін, сондай-ақ Польша Республикасының Еуропалық Одаққа мүшелігін қозғамайды.

  8-бап

      Әр Тарап өз мемлекетінің аумағында екінші Тарап мемлекетінің туристік ақпарат орталықтарын құруға жәрдемдеседі.

  9-бап

      Тараптар Дүниежүзілік туристік ұйым және басқа да халықаралық туристік ұйымдар шеңберінде ынтымақтастықты дамытады.

  10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулы мәселелерді 2005 жылғы 6 шілдеде Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы Экономикалық ынтымақтастық туралы келісім негізінде құрылған Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Польша үкіметаралық комиссиясы талқылайды.

  11-бап

      Осы Келісім Тараптар оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетшілік рәсімдерді орындағанын растайтын соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.

  12-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара уағдаластығы бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін және олар осы Келісімнің 11-бабына сәйкес күшіне енеді.

  13-бап

      1. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың әрқайсысы Осы Келісімнің қолданылуын екінші Тарапқа жазбаша нысанда хабарлау жолымен тоқтата алады. Мұндай жағдайда осы Келісім Тараптардың бірінен хабарлама алынған күннен бастап алты ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
      2. Осы Келісімнің қолданысын тоқтату оның қолданылу барысында басталған іс-шаралардың орындалуына олар аяқталғанға дейін әсер етпейді.
      2007 жылғы 29 наурызда Астана қаласында әрқайсысы қазақ, поляк және орыс тілдерінде екі данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін шешуші болады.

       Қазақстан Республикасының      Польша Республикасының
           Үкіметі үшін                   Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады