Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. 2007 жылғы 29 наурызда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы Қорғаныс өнеркәсібіндегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа
енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы Қорғаныс өнеркәсібіндегі ынтымақтастық туралы келісім
(2013 жылғы 3 желтоқсанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2014 ж., № 1, 2-құжат)
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі,
Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы арасындағы достық қатынастарды дамытуға және нығайтуға үлес қосуға ниет білдіре отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының рухына сәйкес өз өңірлерінде де, бүкіл әлемде де қауіпсіздікті, тұрақтылықты және сенімді нығайтуға дайындығын растай отырып,
қорғаныс өнеркәсібіндегі байланыстарды нығайту тең құқылық пен өзара тиімділік негізіндегі ынтымақтастықты кеңейтуге әкелетіндігіне сене отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар Қазақстан Республикасының және Польша
Республикасының заңнамаларына сәйкес қорғаныс өнеркәсібіндегі
мынадай мәселелер бойынша ынтымақтастыққа ықпал етеді:
1) өндіріс, қызметтер, технологиялар және сауда жеткізілімдері;
2) жеке не бірлескен қажеттіліктерге жауап беретін өнім өндіру үшін екі мемлекеттің де ғылыми және басқа да ресурстарына сүйене отырып, бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары мен жұмыстарын іске асыру;
3) персоналмен, жабдықпен, ғылыми-техникалық және
технологиялық ақпаратпен алмасу.
2-бап
Осы Келісімнің негізінде іске асырылатын бірлескен бастамалар аясы мыналармен байланысты қызметті, атап айтқанда:
1) Қазақстан Республикасы мен Польша Республикасы қарулы күштерінің қажеттіліктерін іске асыру үшін өнім өндіру, жұмыстар мен қызметтерді орындау және оларды сатып алу саласындағы ынтымақтастықпен;
2) логистика саласындағы қолдаумен;
3) бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асырумен;
4) персоналмен, технологиялармен және ақпаратпен алмасумен;
5) қорғаныс өнеркәсібіндегі ынтымақтастықтың өзге де нысандарымен байланысты қызметті қамтуы мүмкін.
3-бап
Осы Келісімнің 1 және 2-баптарында көрсетілген ынтымақтастық қорғаныс өнеркәсібінде қызметті жүзеге асыратын ұйымдар мен кәсіпкерлер жасасатын және іске асыратын жекелеген шарттар негізінде жүргізіледі.
4-бап
1. Осы Келісімді орындау жөніндегі үйлестіруші органдар
мыналар болып табылады:
Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Индустрия
және сауда министрлігі, Қазақстан
Республикасы Қорғаныс министрлігі;
Польша тарапынан - Польша Республикасының Экономика
министрі және Польша
Республикасының Ұлттық Қорғаныс
министрі.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген органдардың атаулары
өзгерген жағдайда Тараптар бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы
дереу хабарлайды.
5-бап
1. Тараптар екі Тарап өкілдерінің тең санынан тұратын, бұдан
әрі«"Комиссия" деп аталатын қорғаныс өнеркәсібіндегі ынтымақтастық
жөніндегі Бірлескен Комиссия құрады.
2. Комиссияның негізгі міндеті осы Келісімнің ережелерін іске
асыруды бағалау, қорғаныс өнеркәсібіндегі ынтымақтастықты одан әрі
дамытуға ықпал ететін ұсыныстар дайындау, ынтымақтастықтың басым
бағыттарын айқындау болып табылады.
3. Комиссия отырыстары Тараптардың келісімі бойынша, бірақ
кемінде жылына бір рет өткізілді.
4. Комиссия бірінші отырысында регламентті және жұмыс
бағдарламасын айқындайды.
5. Тараптар, егер жекелеген нақты жағдайда өзге тәртіп
келісілмесе, Комиссия жұмысымен байланысты шығыстарды
мемлекеттердің заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес
көтереді. Бұл ретте Тараптар ұйымдар мен кәсіпкерлердің комиссия
жұмысына қатысуына байланысты шығыстарды көтермейді.
6-бап
Тараптар осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген шарттарды
дайындаумен және іске асырумен байланысты қандай да бір
міндеттемелер алмайды.
7-бап
Құпия ақпаратты қорғаумен байланысты шаралар Тараптар
жасасатын жекелеген Келісіммен реттеледі.
8-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және қолдану кезінде
даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар немесе
келіссөздер жолымен шешеді.
9-бап
Осы Келісімнің ережелерін іске асыру Қазақстан Республикасы
немесе Польша Республикасы қатысушы болып табылатын қауіпсіздікке
және әскери ынтымақтастыққа қатысты басқа халықаралық шарттардан
туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
10-бап
Тараптар осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық барысында
алған ақпаратты оған Тараптардың құзыретті органдарының жазбаша
келісімінсіз үшінші тарапқа бермейді.
11-бап
1. Осы Келісім Тараптардың дипломатиялық арналары арқылы оның
күшіне ену үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы
соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Тараптардың
әрқайсысы екінші Тарапқа жазбаша нысанда хабарлама беру жолымен осы
Келісімнің қолданылуын тоқтатуы мүмкін. Бұл жағдайда осы Келісім
Тараптардың бірі мұндай хабарлама алған күннен бастап алты ай өткен
соң күшін жояды.
3. Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы
Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген
хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі
мүмкін.
4. Осы Келісім ережелерінің өзгеруі немесе оның қолданылуының
тоқтатылуы олар толық орындалғанға дейін оның қолданылу кезеңінде
осы Келісімнің 3-бабына сәйкес жасалған шарттар бойынша
міндеттемелерін орындауға әсер етпейтін болады.
2007 жылғы»29»наурызда Астана қаласында екі түпнұсқа данада,
әрқайсысы қазақ, поляк және орыс тілдерінде жасалады, әрі барлық
мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер
туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін шешуші болады.
Қазақстан Республикасының Польша Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін