Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-қырғыз мемлекеттік шекарасындағы бірлескен бақылау туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының
Үкіметі арасындағы қазақстан-қырғыз мемлекеттік шекарасындағы
бірлескен бақылау туралы келісімді ратификациялау туралы
2006 жылғы 4 шілдеде Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы қазақстан-қырғыз мемлекеттік шекарасындағы бірлескен бақылау туралы келісім ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының
Үкіметі арасындағы Қазақстан-қырғыз мемлекеттік шекарасындағы
бірлескен бақылау туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі
1999 жылғы 24 қыркүйектегі Кеден одағына қатысушы мемлекеттер арасында тасымалданатын тауарларды кедендік ресімдеудің оңайлатылған тәртібі туралы келісімді, 2000 жылғы 17 ақпандағы Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден органдары арасында тасымалданатын тауарларды және көлік құралдарын кедендік бақылау туралы хаттаманы, 1999 жылғы 15 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Үкіметінің арасындағы Алматы - Бішкек бағыты бойынша шекаралық өту туралы келісімді негізге ала отырып,
мемлекеттік шекарада "бір аялдама" қағидаты бойынша бақылаудың тиімділігін қамтамасыз етуді ниет ете отырып,
шекара арқылы жеке тұлғалардың кесіп өтуін және тауарлар мен көлік құралдарын өткізуді және олардың ресімделуін бірлескен бақылауды жүзеге асыруда Тараптардың мемлекеттік шекарадағы бақылаушы органдары арасындағы өзара іс-қимылын күшейту қажеттілігін мойындай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде мынадай мағынадағы ұғымдар пайдаланылады:
"бірлескен бақылау" - Тараптар мемлекеттерінің бақылаушы органдары және өзге де бақылаушы органдары бірлескен өткізу пункттері арқылы адамдарды, тауарларды және көлік құралдарын өткізу кезінде бірлесіп қолданатын және жүзеге асыратын іс-әрекеттердің, шаралардың, бақылау әдістерінің, құралдары мен нысандарының жиынтығы;
"бақылаушы органдар" - Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және осы Келісімге сәйкес өткізу пункттеріндегі мемлекеттік бақылау функциялары жүктелген Тараптар мемлекеттерінің шекара және кеден органдары;
"өзге де бақылаушы органдар" - Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес өткізу пункттерінде мемлекеттік бақылау функцияларын жүзеге асыратын Тараптар мемлекеттерінің басқа да мемлекеттік органдары немесе қызметтері;
"бақылау аймағы" - оның шегінде Тараптар мемлекеттерінің бақылаушы органдары және өзге де бақылаушы органдары бірлескен бақылауды жүргізетін Тараптар мемлекеттерінің бірлескен өткізу пункттерінде кіруге шек қойылған арнайы белгіленген аймақ;
"бір аялдама" қағидаты" - қазақстан-қырғыз мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде жеке тұлғаларды, тауарлар мен көлік құралдарын бір рет тоқтата отырып, бірлескен бақылауды өткізу;
"лауазымды тұлғалар" - Тараптар мемлекеттерінің бақылаушы органдарының және өзге де бақылаушы органдарының бірлескен бақылауды жүзеге асыратын қызметкерлері;
"бірлескен өткізу пункті" - бірлескен бақылау жүзеге асырылатын және адамдар мемлекеттік шекараны кесіп өтетін орын, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің аумағынан/аумағына тауарлар мен көлік құралдарын әкету және әкелу орны болып табылатын бір немесе екінші Тарап мемлекетінің өткізу пунктінің аумағы.
2-бап
Мыналар Тараптар мемлекеттерінің осы Келісімді іске асыру үшін жауапты уәкілетті органдары болып табылады:
Қазақстан Республикасында:
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі;
Қырғыз Республикасында:
Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік кедендік инспекция.
Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдарының ресми атаулары немесе функциялары өзгерген жағдайда Тараптар дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар етіледі.
3-бап
Осы Келісімге сәйкес бір Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасы екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан бірлескен өткізу пунктінің аумағында өз Тарапы мемлекетінің аумағындағыдай, бақылау аймағының шегінде қолданылады.
Осы заңнаманы бірлескен өткізу пунктінің аумағында бұзу өз Тарапы мемлекетінің аумағында орын алған осындай бұзушылықтар сияқты құқықтық салдарға әкеп соғады.
4-бап
Бірлескен бақылау Тараптар мемлекеттерінің бақылаушы органдары және өзге де бақылаушы органдары арасындағы өзара іс-қимыл негізінде "бір аялдама" қағидаты бойынша жүзеге асырылады.
Бірлескен бақылауды жүргізу кезінде оның мынадай әдістері пайдаланылады:
Мемлекеттік шекара арқылы жеке тұлғалардың кесіп өтуі және тауарлар мен көлік құралдарының өткізілуі туралы ақпарат алмасу;
Тараптар мемлекеттерінің бақылаушы органдары лауазымды тұлғаларының бірлескен өткізу пункттерінде бірлескен тексерістер, қараулар, тексерулер жүргізуі;
Тараптар мемлекеттері бақылаушы органдарының және өзге де бақылаушы органдарының Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары мен халықаралық шарттарына сәйкес ресімделген тауарларға арналған құжаттарды тануы және пайдалануы;
Тараптар мемлекеттердің ұлттық заңнамалары мен халықаралық шарттарына қайшы келмейтін бірлескен бақылау жүргізудің қолда бар нысандары мен әдістерін пайдалану, жаңаларын әзірлеу және енгізу.
Бірлескен бақылау жүргізу кезінде Тараптар мемлекеттерінің бақылаушы органдары және өзге де бақылаушы органдары тәуекелдерді бағалау, талдау және басқару қағидаттарын іске асыра отырып, орындалуын бақылау Тараптар мемлекеттерінің бақылаушы органдарына және өзге де бақылаушы органдарына жүктелген Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары мен халықаралық шарттарын сақтауды қамтамасыз ету үшін жеткілікті болып табылатын нысандарын қолданады.
Тараптар мемлекеттерінің шекара қызметтері Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес қазақстан-қырғыз мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін адамдарды өзге бақылауды жүзеге асыру құқығын өздеріне қалдырады.
5-бап
1. Бірлескен өткізу пункттері тиісті түрде жұмыс істеуі үшін мыналармен:
бірлескен өткізу пункттерінің жұмыс істеу қажеттіліктерін ескере отырып, жеткілікті мөлшерде білікті персоналмен;
бақылауға жататын көлік түрі мен тауарларды ескере отырып, бірлескен бақылауды жүргізу үшін қажетті ғимараттар, құрылыстар кешенімен, жабдықтармен, қондырғылармен және бақылаудың техникалық құралдарымен;
олардың осы Келісімге және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес әрекет етуі үшін лауазымды тұлғаларға арналған ресми нұсқаулықтармен;
кедендік ресімдеу мен кедендік бақылауды жүргізу процестерін автоматтандыруды қамтамасыз ететін, оның ішінде алдын ала хабардар етуді және тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалану негізінде ақпараттық жүйелермен және кешендермен қамтамасыз етіледі.
2. Бақылау аймағында бірлескен бақылауды жүзеге асыру үшін қолда бар техникалық құралдарды пайдалану тәртібі Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдарының келісімі бойынша айқындалады.
6-бап
Тараптар мемлекеттерінің бақылаушы органдары және өзге де бақылаушы органдары қызметкерлерінің қазақстан-қырғыз мемлекеттік шекарасындағы бірлескен өткізу пункттеріндегі жұмыс режимі Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдарының келісімі бойынша айқындалады.
7-бап
1. Адамдарды, тауарлар мен көлік құралдарын бірінші болып бақылауды көрсетілген адамдар, тауарлар мен көлік құралдары мемлекетінің аумағынан кетіп бара жатқан Тарап мемлекетінің лауазымды тұлғалары жүзеге асырады.
Осы Тарап мемлекеті заңнамасының бақылауды жүзеге асыруға байланысты ережелері оның лауазымды адамдары бақылауды жүзеге асыруды аяқтаған сәттен бастап қолданылуын тоқтатады.
2. Тараптар мемлекеттерінің басқа Тарап мемлекетінің аумағында бақылауды жүзеге асыратын бақылаушы органдарының және өзге де бақылаушы органдарының лауазымды тұлғалары өз мемлекетінің аумағынан әкетілетін адамдардың, сондай-ақ тауарлар мен көлік құралдарының өткізілуін тоқтатуы және оларды өз мемлекетінің аумағына қайтаруы мүмкін.
3. Тараптар мемлекеттерінің шекарасы арқылы адамдар кесіп өткен, сондай-ақ тауарлар мен көлік құралдарын өткізу кезінде бұзушылықтардың немесе бұзушылыққа әрекет жасаудың айғақтарын жинақтауды қамтамасыз ету мақсатында Тараптар бір-біріне қажетті көмек беруге міндеттенеді.
8-бап
Қазақстан-қырғыз мемлекеттік шекарасындағы өткізу пунктінде бірлескен бақылауды жүзеге асыру тәртібі Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары қол қойған және Тараптар мемлекеттерінің бақылаушы органдарымен және өзге де бақылаушы органдарымен келісілген жеке хаттамамен айқындалады.
Бірлескен бақылауды жүргізу үшін өткізу пунктінің инфрақұрылымы пайдаланылады.
9-бап
1. Егер бақылаудың басқа түрлерін жүзеге асыру қажеттілігі белгіленсе, бақылаушы органдар бұл үшін өзге бақылаушы органдарды хабардар етеді және тартады.
2. Бірлескен өткізу пунктінде бақылаудың бірнеше түрі жүргізілген жағдайда бақылаушы органдар және өзге де бақылаушы органдар оларды бір мезгілде немесе қысқа мерзімде жүргізу үшін барлық тиісті шараларды қабылдайды.
3. Бақылаудың жекелеген түрлерін бірлескен өткізу пункттерінен тыс жерлерде жүргізу қажет болған жағдайда оларды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес олардың аумақтарында жүргізуге рұқсат етіледі.
10-бап
1. Тараптар дипломатиялық ноталар алмасу жолымен бір Тарап мемлекетінің бақылаушы органдары және өзге де бақылаушы органдары басқа Тарап мемлекетінің аумағында бақылауды жүзеге асыратын бірлескен өткізу пункттерін анықтайды.
2. Бақылаушы органдар және өзге де бақылаушы органдар бірлескен бақылауды бірлескен өткізу пункттерінің бақылау аймағының шегінде жүзеге асырады.
11-бап
1. Аумағында бірлескен бақылау жүзеге асырылатын Тарап басқа Тарап мемлекетінің бақылаушы органдарының және өзге де бақылаушы органдарының лауазымды тұлғаларына бақылау әрекеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
2. Егер осы Келісімде өзгеше көзделмесе, Тараптардың бірінің мемлекетінің бақылаушы органдарының және өзге де бақылаушы органдарының бақылау әрекеттерін орындауға байланысты басқа Тарап мемлекетінің аумағына келетін лауазымды тұлғалары келген Тарап мемлекетінің заңнамасын сақтауға міндетті.
3. Басқа Тарап мемлекетінің аумағында бақылауды жүзеге асыратын Тараптардың бірінің мемлекетінің бақылаушы органдарының және өзге де бақылаушы органдарының лауазымды тұлғаларын орналастыру және өткізу Тараптар мемлекеттерінің бақылаушы органдары арасындағы уағдаластықтар негізінде жүргізіледі.
4. Осы Келісімге сәйкес басқа Тарап мемлекетінің аумағындағы бірлескен өткізу пункті аумағының шегінде бақылауды жүзеге асыратын Тараптардың бірінің мемлекеті бақылаушы органдарының және өзге де бақылаушы органдарының лауазымды тұлғалары өз мемлекеті белгілеген нысанды киім киеді, қызметтік айырым белгілерін тағады, өздерінде қызметтік куәліктері болады және қызметтік жануарлары, сондай-ақ бақылау және байланыс техникалық құралдары болуы мүмкін.
5. Бір Тарап мемлекетінің лауазымды тұлғалары басқа Тарап мемлекетінің аумағында келтірген залалдарды өтеуге байланысты талаптар келген Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қаралады.
12-бап
1. Бақылаушы органдардың және өзге де бақылаушы органдардың лауазымды тұлғалары басқа Тарап мемлекетінің аумағында бірлескен өткізу пункттерінде міндеттерін орындау үшін болатын Тараптың шекара органдары беретін рұқсатнамалардың негізінде шекарадан өтеді.
2. Тараптар мемлекеттерінің шекара қызметтері рұқсатнамалардың үлгілерін алмасады және бір немесе екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан бірлескен өткізу пункттерінде бақылауды жүзеге асыру үшін лауазымды тұлғаларды шекара арқылы өткізудің тәртібін келіседі және бекітеді.
13-бап
1. Болатын Тарап мемлекетінің аумағындағы тиісті органдар байланыс арналарын ұйымдастырады, оларды тиісті жағдайда ұстайды және басқа Тарап мемлекетінің бақылаушы органдарын және өзге де бақылаушы органдарын байланыс құралдарымен және деректерді электронды өңдеуге арналған жабдықтармен қамтамасыз етеді.
2. Басқа Тарап мемлекетінің аумағында бақылау әрекеттерін орындайтын Тараптардың бірінің мемлекетінің бақылаушы органдары және өзге де бақылаушы органдары басқа Тарап мемлекетінің радиобайланыс жұмыстарына кедергі келтірмеу үшін радиобайланыс құралдарын пайдалануды келіседі.
14-бап
1. Басқа Тарап мемлекетінің заңнамасын бұзу болмаған кезде бір Тарап мемлекетінің заңнамасын бұзу анықталған жағдайда тұлға нормалары бұзылған Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.
2. Екі Тарап мемлекеттерінде заңнамаларын бұзу анықталған жағдайда, тұлға адамдар, тауарлар мен көлік құралдары аумағынан кететін Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.
15-бап
Қажет болған кезде (індеттер, эпизоотиялар, табиғи апаттар немесе бірлескен бақылауды жүргізуге кедергі келтіретін өзге де төтенше жағдайлар) Тараптар мемлекеттерінің бақылаушы органдары және өзге де бақылаушы органдары белгісіз мерзімге бақылауды өз мемлекеттерінің аумағында жүзеге асыруға оралуы мүмкін. Бұл ретте басқа мемлекеттің бақылаушы органдары және өзге де бақылаушы органдары бұл туралы дереу хабардар етіледі.
16-бап
Тараптар осы Келісімді орындау кезінде туындаған шығындарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында белгіленген тәртіппен дербес көтереді.
17-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және қолдану кезіндегі даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы келіссөздер және консультациялар жолымен шешілетін болады.
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
18-бап
Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалды, қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім Тараптардың бірі басқа Тараптың бұл туралы жазбаша хабарламасын алған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін, бірақ Келісім қолданыста болған уақытта туындаған қаржылық және өзге де міндеттемелер реттелгеннен кейін ғана өзінің қолданылуын тоқтатады.
2006 жылғы 4 шілдеде Астана қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіннің бірдей күші бар.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін