Мұнай-газ және энергетика салаларын дамыту жөнінде ведомствоаралық комиссия құру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 тамыздағы N 725 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2017 жылғы 9 маусымдағы № 357 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі)

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 09.06.2017 № 357 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Мұнай-газ және энергетика салаларын дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Мұнай-газ және энергетика салаларын дамыту жөнінде ведомствоаралық комиссия (бұдан әpi - Комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Мұнай-газ және энергетика салаларын дамыту жөнінде ведомствоаралық комиссияның құрамы;

      2) Мұнай-газ және энергетика салаларын дамыту жөнінде комиссия туралы ереже бекітілсін.

      3. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі



  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 21 тамыздағы
№ 725 қаулысына
қосымша

Мұнай-газ және энергетика салаларын дамыту жөніндегі
ведомствоаралық комиссияның құрамы

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.08.2014 № 912, өзгеріс енгізілді - 2014.11.24 № 1227 қаулыларымен.

       Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, төраға

      Қазақстан Республикасының Энергетика министрі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі, хатшы

      Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары

      Қазақстан Республикасының Әділет министрі

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі

      Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "KazEnergy" мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қазақстандық қауымдастығының төрағасы (келісім бойынша)

      "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "KEGOC" электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының басқарушы директоры (келісім бойынша)

      "Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының Мұнай-газ өнеркәсібі комитетінің төрағасы (келісім бойынша)

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 21 тамыздағы
№ 725 қаулысымен
бекітілді

Мұнай-газ және энергетика салаларын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ереже
1. Жалпы ережелер

      1. Мұнай-газ және энергетика салаларын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әpi - Комиссия) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Комиссия қызметінің мақсаты Қазақстан Республикасының мұнай-газ және энергетика салаларын дамыту жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу болып табылады. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2. Комиссияның міндеттері мен функциялары

      3. Комиссияның негізгі міндеттері мен функциялары:

      1) Қазақстан Республикасының мұнай-газ және энергетика

      саласын теңдестірілген дамытудың басым бағыттары;

      2) мұнай-газ және энергетика саласын дамытудың экономикалық, экологиялық, әлеуметтік және өзге де аспектілері;

      3) мұнай-газ және энергетика салаларын тұрақты дамытуға инвестициялар мен технологиялар тарту;

      4) мұнай-газ және энергетика саласын дамыту стратегиясын және стратегиялық мәнi бар жобаларды icкe асыруға жауапты мемлекеттік басқару органдарының және ұйымдардың ic-әрекеттерін үйлестіру;

      5) мұнай компанияларының, мұнай-газ өндіретін және мұнай-газ өңдейтін ұйымдардың қолданыстағы заңнаманы орындауы;

      6) елдің мұнай-газ және энергетика салаларының бәсекелестікке қабілеттілігін бағалау;

      7) елдің мұнай-газ және энергетика салаларының бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға бағытталған заңнаманың мәселелері;

      8) конкурсқа шығарылуға тиіс блоктардың тізбесі, оның ішінде:

      жасалуға (дамытылуға) тиіс жағалаулық инфрақұрылым объектілерінің тізбесін айқындау;

      тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдіктері жасауға (дамытуға) тиіс жағалаулық инфрақұрылымға байланысты әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін және оларды дамыту мерзімдерін айқындау;

      9) жағалаулық инфрақұрылым объектілері мен тауарлармен және қызметтермен жасалатын теңіздегі мұнай операцияларын қамтамасыз ететін жаңа өндірістер құру кезінде қазақстандық қамтуды, оның ішінде:

      жасалуға (дамытылуға) тиіс жағалаулық инфрақұрылым объектілерінің конкурс жеңімпазының немесе ұлттық компанияның стратегиялық әріптесінің міндеттемелерімен өзара байланысын;

      құзыретті органмен келісімшарттар жасасқан мердігерлер бюджеттерінің жағалаулық инфрақұрылым объектілерін жасау немесе қолданыстағыларын дамыту қажеттілігіне өзара байланысын дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.02.23 № 117 Қаулысымен.

3. Комиссияның құқықтары

      4. Комиссия белгіленген тәртіппен және өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша:

      1) Қазақстан Республикасының Yкіметінe мұнай-газ және энергетика салаларын дамыту, Комиссияның құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру, мұнай-газ және энергетика салаларының басым жобаларын, осы жобалар бойынша келіссөздер жүргізу стратегиясын айқындау жөнінде ұсыныстар енгізуге;

      2) Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелерді шешу үшін жұмыс топтарын қалыптастыруға;

      3) мұнай-газ және энергетика саласы жобаларын іске асырудың экономикалық, саяси, экологиялық, және әлеуметтік acпeктiлepiн бағалау, Қазақстан Республикасының стратегиялық мүдделеріне жауап беретін басым жобаларды әзірлеу және таңдау бойынша ұсыныстар енгізу үшін мүдделі мемлекеттік органдардың мамандарын, консультанттарын тартуға;

      4) мемлекеттік органдардан, ведомстволардан және ұйымдардан Комиссияның құзыретіне жататын мәселелер бойынша қажеттік ақпаратты сұратуға;

      5) салалық, қауымдастықтардың, мүдделі мұнай-газ және энергетикалық компаниялар мен инвесторлардың мұнай-газ және энергетика саласын дамыту мәселелері жөніндегі ұсыныстары мен пікірлерін тыңдауға құқылы;

      6) Комиссияға жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құқықтары бар.

4. Комиссия қызметін ұйымдастыру

      5. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық етеді, отырыстарда төрағалық етеді, жұмысты жоспарлайды және шешімдердің icкe асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады және қолданыстағы заңнамаға сәйкес Комиссия жүзеге асыратын қызметке және Комиссия әзірлеген шешімдерге дербес жауап береді. Төраға болмаған кезде оның функцияларын Комиссия төрағасының орынбасары орындайды.

      6. Комиссияның жұмыс органының функциялары Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігіне жүктеледі.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.12.31 N 1488 Қаулысымен.

       7. Комиссияның жұмыс органы комиссияның жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар комиссия отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні қалғанда хаттама жобасымен қоса комиссия мүшелеріне жіберілуі тиіс.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

       8. Комиссия отырысы өткізілгеннен кейін комиссия хатшысы хаттама ресімдейді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

       9. Хатшы Комиссияның мүшесі болып табылмайды.

      10. Комиссияның жұмыс отырыстарының материалдары төрағамен келісілгеннен кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей Комиссияның әрбір мүшесіне жеткізіледі.

      11. Комиссия отырыстары қажеттігіне қарай, бірақ бір тоқсанда бip рет қана өткізіледі және егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екici қатысса заңды болып саналады.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.02.23 № 117 Қаулысымен.

       12. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оларға комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      Комиссия мүшелерiнiң ерекше пiкiр білдіруге құқығы бар, оны бiлдiрген жағдайда, ол жазбаша түрде жазылуы және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген комиссияның есеп-хатына қоса берілуі тиiс.

      Комиссия отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтарының негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.

      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, комиссия хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын комиссия мүшелеріне келісу үшін жібереді.

      Комиссия мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не келіспеу туралы себептерін негіздей отырып жауап береді.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

       13. Комиссияның шешімі ұсынымдық сипатта болады.

      14. Дауыс беру парақтарымен қоса, комиссия материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

5. Комиссияның қызметін тоқтату

      15. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі Комиссия қызметін тоқтату үшін негіз болып табылады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 21 тамыздағы
№ 725 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Экспорттық мұнай-газ құбырлары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 9 қарашадағы N 1686 қаулысы.

      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 9 қарашадағы N 1686 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 16 сәуірдегі N 438 қаулысы.

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 9 қарашадағы N 1686 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 29 қарашадағы N 1213 қаулысы.

      4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 9 қарашадағы N 1686 қаулысына өзгерістер енгізу және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 1998 жылғы 29 қаңтардағы N 22-ө өкімінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 1 желтоқсандағы N 1180 қаулысы.

      5. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 9 қарашадағы N 1686 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 желтоқсандағы N 1278 қаулысы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады