"Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 16 мамырдағы Заңының 21-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. "Құқықтық зерттеулер және талдау институты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салық заңнамасы саласында ұсынымдар және Қазақстан Республикасында төменде көрсетілген келісім-шарттарды қолданудың нәтижесінде туындайтын құқықтық мәселелер, сондай-ақ басқа өндіруші елдердегі жер қойнауын пайдаланушылар қызметінің тәжірибесі бойынша қорытындылар беруді қоса алғанда, 2000 жылға дейін (қоса алғанда) жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған Қазақстан Республикасының мұнай-газ және тау-кен салаларында жер қойнауын пайдалануға арналған ірі келісім-шарттардың қолданылу тиімділігін талдау және құқықтық бағалау жөніндегі сатып алудың маңызды стратегиялық мәні бар қызметтерді көрсетуші болып белгіленсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулының 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғамен 2007 жылға арналған республикалық бюджетте 001 "Мемлекеттік бюджеттің атқарылуын және оның атқарылуына бақылауды қамтамасыз ету" бағдарламасы бойынша көзделген қаражат шегінде 257268 мың (екі жүз елу жеті миллион екі жүз алпыс сегіз мың) теңге сомасында қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды;
2) қызметтерді мемлекеттік сатып алу үшін осы қаулыға сәйкес пайдаланылатын қаражатта оңтайлы және тиімді жұмсау қағидатын сақтауды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі