Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 12 қазандағы N 945 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Бауыржан Әлімұлы Мұхаметжановқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Иран Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2007 жылғы 12 қазандағы
N 945 қаулысымен  
мақұлданған   

Жоба

  Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Иран Ислам Республикасы
Үкіметінің арасындағы Заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі
ынтымақтастық туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі және Иран Ислам Республикасының Үкіметі,
      екі елдің арасындағы достық қарым-қатынасты назарға ала отырып,
      заңсыз көші-қонға қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту маңызды орын алатынына сенім білдіре отырып,
      егеменді теңдіктің және ішкі істерге араласпаудың жалпыға танымал қағидаттарын назарға ала отырып,
      заңсыз көші-қон қоғамдық және ұлттық қауіпсіздікке, экономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіре отырып, Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында қылмыстық жағдайды күрделендіруге жәрдемдесетінін атап өте отырып,
      заңсыз кеші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастықты Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында көші-қон үрдістерін реттеудің маңызды бағыттарының бірі ретінде қарай отырып және заңсыз көші-қонды болдырмауға бірлескен шараларды жүзеге асыру мақсатында,
      заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі Тараптардың ынтымақтастығы үшін құқықтық негізді қамтамасыз етуге ұмтылыс жасай отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына, сондай-ақ Тараптардың мемлекеттері қатысушылар болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес Тараптар заңсыз кеші-қонға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады.
      "Заңсыз көшіп қонушылар" термині мынадай мәнді білдіреді - үшінші мемлекеттердің азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары белгілеген Тараптар мемлекеттерінің аумағына келу, кету, болу немесе арқылы транзиттік өту ережелерін бұзған бір Тарап мемлекетінің азаматтары.

  2-бап

      Осы Келісім бір Тарап мемлекетінің аумағына баспана немесе босқын мәртебесін алу мақсатында келген адамдарға, егер келетін мемлекеттің оның ұлттық заңнамасында көзделген тәртіппен құзыретті органдарына осындай мәртебені беру туралы өтініштері берілсе қолданылмайды.

  3-бап

      Тараптар заңсыз көші-қонға қарсы күрес саласында өзара іс-қимылды мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырады:
      1) көші-қонды бақылау;
      2) заңсыз көшіп қонушыларды мемлекеттен кетіру тетігін әзірлеу;
      3) ақпарат алмасу және заңсыз көшіп қонушыларды есепке алу;
      4) заңсыз көші-қонға қарсы күрес мәселелері жөніндегі жұмыс тәжірибесімен алмасу.

  4-бап

      Егер Тараптар мемлекеттерінің азаматтары бір Тарап мемлекетінің аумағына екінші Тарап мемлекетінің аумағынан заңсыз келген жағдайда, ол туралы тиісті дәлелдер болған кезде олар соңғысына берілуге тиіс. Заңсыз көшіп қонушыларды беруді Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары жүзеге асырады.

  5-бап

      Тараптар мынадай:
      1) Тараптар мемлекеттерінің көші-қон саласындағы нормативтік құқықтық актілері туралы, сондай-ақ олардағы өзгерістер туралы;
      2) жеке басын куәландыратын және мемлекеттік шекарадан өтуге құқық беретін құжаттардың, Тараптар мемлекеттерінің аумағынан келуі, болуы, транзиті және кетуі үшін көрсетілетін құжаттарға қойылатын нысандар мен талаптардың үлгілері туралы;
      3) заңсыз көші-қонның анықталған арналары, оның ішінде келу рұқсатын, өзге де құжаттарды заңсыз алуы және оларды пайдалануы туралы ақпарат алмасуды жүзеге асырады.

  6-бап

      Тараптар осы Келісімге қол қойылғаннан кейін алты ай мерзімде Заңсыз көшіп қонушылар туралы жалпы дерекқор туралы ережені әзірлейді, сондай-ақ осы Келісімнің 5 және 6-баптарына сәйкес заңсыз көші-қон туралы ақпарат алмасу тәртібін айқындайды.

  7-бап

      Осы Келісімді орындауға немесе түсіндіруге байланысты мәселелер Тараптардың консультациялары және келіссөздері жолымен шешіледі.
      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді және осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады.

  8-бап

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар:
      Қазақстан Тарапынан - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі;
      Иран Тарапынан - Иран Ислам Республикасы Ішкі істер министрлігі болып табылады.
      Жоғарыда аталған уәкілетті органдардың атауы немесе функциялары өзгерген кезде Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін уақтылы хабардар етеді.

  9-бап

      Осы Келісімнің ережелері халықаралық шарттар бойынша олар қатысушылар болып табылатын Тараптар мемлекеттерінің құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

  10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін орындау бойынша шығыстарды, егер әрбір нақты жағдайда өзге тәртіп келісілмесе, Тараптар өз міндеттемелерін орындауы үшін қажетті қаражат шегінде дербес көтереді.

  11-бап

      Осы Келісім бес жылға жасалады және Тараптар осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім егер Тараптардың бірі тиісті бес жылдық мерзімнің бітуіне дейін алты айдан кешіктірмей басқа Тарапқа оның әрекетін тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, автоматты түрде келесі бес жылдық кезеңге ұзартылады.
      2007__жылғы "____"__________ ___________ қаласында екі данада, әрқайсысы қазақ, парсы, орыс және ағылшын тілдерінде жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

       Қазақстан Республикасының       Иран Ислам Республикасының
      Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады