"Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 16 қазандағы N 955 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Жоба    

Қазақстан Республикасының Заңы
"Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне
толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы"

      1-бап. Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 24 сәуірдегі Бюджет  кодексіне  (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., N 8-9, 53-құжат; N 20, 116-құжат; N 23, 140, 142-құжаттар; 2005 ж., N 14, 55-құжат; N 21-22, 87-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 3, 22-құжат; N 8, 45-құжат; N 12, 77, 79-құжаттар; N 13, 86-құжат; N 16, 97-құжат; N 23, 141-құжат; 2007 ж., N 1, 4-құжат; N 2, 16-құжат; N 4, 28-құжат; N 13, 98-құжат; 2007 жылғы 1 тамызда "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының астанасын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңы) мынадай толықтырулар енгізілсін:
      1) 5-бап мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
      "6. Республика Президентінің заңнамалық бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің оң қорытындысының болуы талап етілмейді.";
      2) 17-тармақта:
      4-тармағының бірінші бөлігі ", мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлесін ұлғайту және жоғары тұрған бюджеттен төменгі тұрған бюджетке нысаналы трансферттер түрінде бюджет қаражаттарын жіберу" деген сөздермен толықтырылсын;
      8-тармағындағы "екі" деген сөз "он" деген сөзбен ауыстырылсын;
      3) 23-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Мұнай секторы кәсіпорындарына шикі мұнайды және газ конденсатын өндірумен және (немесе) өткізумен айналысатын және шикі мұнай мен газ конденсатын барлауға келісім-шарттар жасасқан заңды тұлғалар жатады.";
      4) 40-бап мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:
      "6-1. Жергілікті бюджеттік даму бағдарламаларын іске асыруға бағытталған нысаналы трансферттердің қаржы жылы ішінде пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) сомасы мынадай жағдайларда жоғары тұрған бюджетке қайтарылмайды:
      1) жергілікті бюджеттік даму бағдарламалары ағымдағы қаржы жылында жалғастырылғанда;
      2) жоғары тұрған бюджеттен нысаналы трансферттердің аз мөлшерін пайдалана отырып, өткен қаржы жылында аяқталған жергілікті бюджеттік даму бағдарламалары бойынша түпкі нәтижелерге қол жеткізгенде. Бұл ретте тиісті жергілікті атқарушы орган жергілікті бюджеттік даму бағдарламаларын іске асыруға бағытталған нысаналы трансферттердің қалған сомасын тиісті бюджет комиссиясының шешімі бойынша тиісті жергілікті бюджеттік бағдарламаларды іске асыраудың тиімділігін бағалаудың оң нәтижелері негізінде басқа жергілікті бюджеттік даму бағдарламаларына пайдалануға құқылы.
      Осы тармақтың әрекеті Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін мемлекеттік органдарға қолданылады.";
      5) 56-бапта:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) республикалық бюджетті бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;";
      мынадай мазмұндағы екінші бөлігімен толықтырылсын:
      "Парламент Палаталардың бөлек отырыстарында мәселелерді алдымен Мәжілісте, содан соң Сенатта дәйектілікті түрде қарау жолымен республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті талқылайды";
      6) 79-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетті бекіту Палаталардың бөлек отырысында мәселелерді алдымен Мәжілісте, содан соң Сенатта жүйелі түрде қарау жолымен ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей жүргізіледі.";
      7) 82-бапта:
      тақырыбындағы "қарау" деген сөзден кейін "және бекіту" деген сөздермен толықтырылсын;
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңның жобасы Палаталардың бөлек отырысында мәселелерді алдымен Мәжілісте, содан соң Сенатта жүйелі түрде қарау жолымен қабылданады.";
      8) 83-бап алып тасталсын;
      9) 94-бапта:
      мынадай мазмұндағы 2-2-тармақпен толықтырылсын:
      "2-2. Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын бюджетті жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жоспарланғанның алдындағы жылдың 20 желтоқсанынан кешіктірмей бекітеді.
      Тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын экономикалық және бюджеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган мәслихат жергілікті бюджетті бекіткеннен кейін екі апта мерзімде бекітеді.
      Республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың паспорттары бюджеттік өтінімнің құрамында ұсынылатын бюджеттік бағдарлама паспортының жобасы негізінде бюджетті нақтылау (түзету) кезінде қабылданған шешімдерді ескере отырып жасалады.
      Осы тармақтың әрекеті Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін мемлекеттік органдарға қолданылады.";
      3-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "4) Осы Кодекстің 108-бабының 5 және 5-1-тармақтарында және 117-бабының 3-2 және 4-2-тармақтарында көзделген.";
      10) 101-бапта:
      7-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "Бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарлары және міндеттемелер бойынша және төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарлары бюджет шығыстарының айларға бөлінген экономикалық сыныптамасына сәйкес жасалады.
      Бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарларын және бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасына сәйкес міндеттемелер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларын бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органға республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері, бюджеттің атқарылуы жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарға - жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынады.
      Бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарларын және бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бөлінісінде төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларын бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органға республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері, бюджеттің атқарылуы жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарға - жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынады.
      Мемлекеттік мекемелер міндетті түрде бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органның тиісті аумақтық бөлімшелеріне бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасына сәйкес міндеттемелер бойынша және төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларын ұсынады.";
      мынадай мазмұндағы 8-1-тармақпен толықтырылсын:
      "8-1. Мемлекеттік мекемелер Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен тиісті бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша жеке қаржыландыру жоспарларының бекітілген жылдық сомасы шегінде бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасына сәйкес міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізуге құқылы.
      Бұл ретте, бюджетті орындау жөніндегі уәкілетті орган бюджеттің атқарылуы жөніндегі бюджеттік бағдарламалардың және жергілікті уәкілетті органдардың әкімшіліктерін енгізілген өзгерістер туралы хабардар етеді.
      Осы тармақтың әрекеті Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін мемлекеттік органдарға қолданылады.";
      11) 108-бап мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:
      "5-1 Мемлекеттік мекемелер бюджеттік бағдарламаның жоспарланған іс-шараларын тиісті тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) болжамды бағаларына қарағанда нақты бағасының төмендеуі салдарынан жеке қаржыландыру жоспарында бекітілген сомасынан аз көлемдегі бюджет қаражатына орындаған жағдайда пайдаланылмаған жоспарлы соманың қалдығы бюджеттік бағдарламаның мақсаттарына ойдағыдай қол жеткізу және міндеттері мен іс-шараларының тізбесін кеңейту үшін қажетті қосымша іс-шараларды орындауға жіберілуі мүмкін.
      Осы мақсатта бюджеттік бағдарламаның паспортына өзгерістер енгізіледі, оларды тиісінше бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдар қарайды.
      Бұл ретте тиісті бюджеттік бағдарламаны іске асыру тиімділігін бағалау және бюджеттік бағдарламалардың тиісті әкімшісі бойынша бюджеттің атқарылу мониторингінің нәтижелері қаралады.
      Осы тармақтың әрекеті Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін мемлекеттік органдарға қолданылады.";
      12) 117-бапта:
      3-тармақта "Республикалық бюджетті түзетуге" деген сөздерден кейін ", егер осы бапта, өзгеше көзделмесе" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 3-1, 3-2-тармақтармен толықтырылсын:
      "3-1. Қазақстан Республикасының Үкіметі қаражатты бюджет шығыстарының бір функционалдық тобы, функционалдық сыныптамасы шегінде, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бекітілген бюджетте көзделген сомасы бюджеттік бағдарламалар паспортында бекітілген индикаторларға жеткізген жағдайда республикалық бюджеттік бағдарламалардың жекелеген әкімшілерінің республикалық бюджеттік бағдарламалары арасында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қайта бөлуге құқылы.
      Осы тармақтың әрекеті Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін мемлекеттік органдарға қолданылады.
      3-2. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның келісімімен қаражатты сомасы бекітілген бюджетте көзделген бюджеттік бағдарламалардың паспортында бекітілген индикаторларға қол жеткізген жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бюджет комиссиясында қарамай-ақ бір бюджеттік бағдарлама шегінде бюджеттік кіші бағдарламалар арасында қайта бөлуге құқылы.
      Осы тармақтың әрекеті Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілейтін мемлекеттік органдарға қолданылады.";
      4-тармақта "Жергілікті бюджеттерді түзетуге" деген сөздерден кейін ", егер осы бапта өзгеше көзделмесе," деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 4-1, 4-2-тармақтармен толықтырылсын:
      "4-1. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған облыс әкімдігі қаражатты бюджет шығыстарының бір функционалдық тобы, функционалдық сыныптамасы және бір әкімші шегінде, егер осы Кодексте өзгеше көзделсе жергілікті бюджеттік бағдарламалардың жекелеген әкімшілерінің бюджеттік бағдарламалары арасында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бюджеттік бағдарламалар әкімшілері сомасы бекітілген бюджетте көзделген бюджеттік бағдарламалар паспортында бекітілген индикаторларға қол жеткізген жағдайда қайта бөлуге құқылы.
      Осы тармақтың әрекеті Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін мемлекеттік органдарға қолданылады.
      4-2. Жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері экономикалық және бюджеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органның келісімімен қаражатты сомасы бекітілген бюджетте көзделген бюджеттік бағдарламалардың паспортында бекітілген индикаторларға қол жеткізген жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бюджет комиссиясында қарамай-ақ, бір бюджеттік бағдарлама шегінде бюджеттік кіші бағдарламалар арасында қайта бөлуге құқылы.
      Осы тармақтың әрекеті Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілейтін мемлекеттік органдарға қолданылады.";
      3-тармағының 2) тармақшасында және 4-тармағының 4) тармақшасында "91-бабы 6-тармағының" деген сөздерден кейін ", 108-бабының 5 және 5-1-тармақтары" деген сөздермен толықтырылсын.
      2-бап. Осы Заң 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 10) тармақшасының алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы абзацтарын, 11) тармақшасын, 12) тармақшасының үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он екінші, он үшінші абзацтарын қоспағанда, ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады