Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Египет Араб Республикасының Үкіметі арасындағы Каир қаласындағы Сұлтан Аз-Захер Бейбарыс мешітін қалпына келтіру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 31 қазандағы N 1020 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Египет Араб Республикасының Үкіметі арасындағы Каир қаласындағы Сұлтан Аз-Захер Бейбарыс мешітін қалпына келтіру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бағдат Құлтайұлы Әміреевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Египет Араб Республикасының Үкіметі арасындағы Каир қаласындағы Сұлтан Аз-Захер Бейбарыс мешітін қалпына келтіру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға уәкілеттік берілсін.

      3. "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Египет Араб Республикасының Үкіметі арасындағы Каир қаласындағы Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 наурыздағы N 181  қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2007 жылғы»31 қазандағы
N 1020 қаулысымен  
мақұлданды     

жоба

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Египет Араб
Республикасының Үкіметі арасындағы Каир қаласындағы
Сұлтан Аз-Захер Бейбарыс мешітін қалпына келтіру жөніндегі
ынтымақтастық туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Египет Араб Республикасының Үкіметі,
      екі ел арасында қалыптасқан достық қарым-қатынастардың маңыздылығын ескере отырып,
      өзара ынтымақтастықты дамытуға тілек білдіре отырып,
      мәдени ынтымақтастықтың халықтар арасындағы достық қарым-қатынастар мен өзара түсіністікті тереңдетуге қызмет ететінін түсіне отырып,
      мыналар туралы келісті:

  1-бап

      Тараптар египет Тарабы дайындаған жоспар мен техникалық жобаларға сәйкес Египет Араб Республикасының Каир қаласындағы Сұлтан Аз-Захер Бейбарыс мешітін (бұдан әрі - мешіт) қалпына келтіру жөніндегі бірлескен іс жүзіндегі шараларды қабылдайды.
      Тараптардың әрқайсысы мешітті қалпына келтіруді қаржыландырады.
      Қазақстандық Тарап қайтарымсыз негізде 4 миллион 500 мың АҚШ долларын бөледі. Көрсетілген сома 2007-2009 жылдар ішінде тең мөлшерде бөлінеді. Мешітті қалпына келтіру жөніндегі шығыстардың қалған бөлігін египеттік Тарап жабады.
      Қайтарымсыз негізде қазақстандық Тарап бөлетін қаражат Египет Араб Республикасының заңнамасы белгілеген салықтар мен алымдарды төлеу үшін қандай да бір түрде пайдаланылмайтын болады.

  2-бап

      Египеттік Тарап тиісті египет заңнамасына сәйкес мешіттегі қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетін қалпына келтіру саласындағы египеттік білікті құрылыс компанияларының қатарынан бас мердігерді анықтайды.

  3-бап

      Тараптар мешітті қалпына келтіру жөніндегі қаражатты іске асыруды техникалық, қаржылық және әкімшілік жағынан басқару үшін египеттік Тараптың басшылығымен Үйлестіру комитетін құрады. Осы Үйлестіру комитеті әрбір Тараптың уәкілетті мемлекеттік мекемелерінің екі немесе үш өкілдерінен тұрады және қаражатты іске асырудың ағымдағы жағдайы туралы, сондай-ақ орындалған қалпына келтіру жұмыстарының жай-күйі туралы египеттік Тараптың келісімі бойынша екі Тараптың уәкілетті органдары үшін есепті кезеңнен кейінгі айдың он бесі күніне дейін тоқсан сайын есеп дайындайды.

  4-бап

      Үйлестіру комитетіндегі қазақстандық Тарап өкілдерінің барлық жұмыс шығыстары комитетпен келісім бойынша мешітті қалпына келтіру үшін қайтарымсыз негізде қазақстандық Тарап бөлетін қаражаттан төленеді.

  5-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін, осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын және 10-бапта белгіленген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

  6-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе орындау жөніндегі даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың уәкілетті органдары арасындағы келіссөздер мен консультациялар жолымен шешіледі. Егер өзара тиімді шешім қабылданбаса, тиісті даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар шешеді.

  7-бап

      Осы Келісім олардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

  8-бап

      Осы Келісімді іске асыру бойынша уәкілетті органдар:
      қазақстандық Тараптан - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі;
      египеттік Тараптан - Египет Араб Республикасының Тарихи ескерткіштер жөніндегі жоғарғы кеңесі болып табылады.
      Осы Келісім бойынша уәкілетті органдар өзгерген жағдайда Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.

  9-бап

      Мешітті қалпына келтіру орындалған жұмыстарды қабылдау Египет Араб Республикасының ішкі заңнамасына сәйкес Үйлестіру комитетінің қатысуымен, бас мердігермен жасасқан шартқа сәйкес жүзеге асырылады.

  10-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім Тараптардың келіскеніндей мешітті қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға және оларды қабылдағанға дейін немесе Тараптардың бірі осы Келісімнің қолданысын өзінің тоқтату ниеті туралы екінші Тарапқа кемінде алты ай бұрын жазбаша хабарлағанға дейін қолданыста болады.
      Осы Келісімнің қолданысын тоқтату осы Келісімнің шеңберінде жасалған келісім-шарттарда аталған және осы Келісімнің уақыт жағынан қолданысын тоқтатуға дейін толық аяқталмаған құқықтары мен міндеттеріне ықпал етпейді.
      2007 жылғы "__"__________ ______________ қаласында әрқайсысы қазақ, араб, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру бойынша даулар туындаған жағдайда, Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

       Қазақстан Республикасының       Египет Араб Республикасының
      Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады