Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қоса беріліп отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтерінің арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісім жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жапарханұлы Кәрбозовқа қағидатты сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтерінің арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 1 қарашадағы
N 1028 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтерінің арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтері,
тату көршілік қарым-қатынастарды дамытуға, соның ішінде кеден ісі саласындағы ынтымақтастық арқылы дамытуға ниет білдіре отырып,
кеден қызметтерінің ынтымақтастығы жолымен Тараптар мемлекеттері арасындағы жолаушы және жүк қатынастарының дамуына ықпал етуге ұмтыла отырып,
кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтар Тараптар мемлекеттерінің экономикалық мүдделеріне залал келтіретінін назарға ала отырып,
кеден заңнамасын сақтау және кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы күрес Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің ынтымақтастығы кезінде сәтті жүзеге асырылуы мүмкін екендігіне сене отырып,
түрлі нысандарда өңірлік экономикалық ынтымақтастықты қолдау мен көтермелеуге, Тараптардың мемлекеттерінде тауарлардың, капиталдың, қызметтердің және технологиялардың еркін жүруін біртіндеп жүзеге асыру мақсатында сауда мен инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасауға жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін төмендегі терминдер мынаны білдіреді:
"кеден заңнамасы" - қолдану және орындалуын қамтамасыз ету тікелей кеден қызметіне жүктелген тауарларды әкелу, әкету, өткізу немесе сақтау тәртібін реттейтін Тараптар мемлекеттерінің нормативтік құқықтық актілерінің жиынтығы;
"кеден қызметтері" - Тараптардың орталық кеден органдары;
"кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтар" - Тараптар мемлекеттерінің кеден заңнамасын кез келген бұзушылық;
"тұлға" - кез келген жеке немесе заңды тұлға;
"есірткі құралдары" - 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияға түзетулер туралы 1972 жылғы Хаттамаға сәйкес енгізілген түзетулерімен қоса 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияның 1 және 2-тізіміне қосылған кез келген синтетикалық немесе табиғи зат;
"психотроптық заттар" - 1971 жылғы психотроптық заттар туралы конвенцияның 1, 2, 3 және 4-тізімдеріне қосылған кез табиғи немесе синтетикалық зат немесе кез келген табиғи минерал;
"есірткі құралдары мен психотроптық заттардың аналогтары" - 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияға түзетулер туралы 1972 жылғы Хаттамаға және 1971 жылғы психотроптық заттар туралы конвенцияға сәйкес енгізілген түзетулерімен қоса 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияның, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасымен химиялық құрылымы мен қасиеттері бар, құрылымы мен қасиеттері жағынан есірткі құралдары мен психотроптық заттарға ұқсас, еліртетін, күйзелтетін немесе жалған елес күйіне түсіретін, оларды теріс пайдаланған кезде халықтың денсаулығы үшін қауіпті және есірткі немесе психотроптық заттар ретінде бекітілмеген синтетикалық немесе табиғи тектес заттар;
"прекурсорлар" - есірткі құралдары мен психотроптық заттарды заңсыз дайындау кезінде пайдаланылатын, БҰҰ-ның 1988 жылғы Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы Конвенциясының 1 және 2-кестесіне енгізілген және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және олардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес бақылау жасалуға жататын есірткі құралдары мен психотроптық заттарды, заңсыз дайындау кезінде пайдаланылатын химиялық заттар мен өсімдіктер;
"сұрау салушы қызмет" - кеден мәселелері бойынша жәрдем көрсету туралы сұрау салуды жіберетін кеден қызметі;
"сұрау салынушы қызмет" - кеден мәселелері бойынша жәрдем көрсету туралы сұрау салуды алған кеден қызметі;
"кедендік төлемдер" - Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес Тараптар мемлекеттерінің кеден органдары алатын барлық кедендік баждар, салықтар, кедендік алымдар және басқа да төлемдер;
"бақылаудағы жеткізу" - есірткі құралдарының, психотроптық заттарды, және олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды жасауға қатысатын тұлғаларды анықтау мақсатында заңсыз немесе есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың аналогтары мен прекурсорларының күдік туғызатын партиясын Тараптар мемлекеттерінің біреуінің немесе бірнешеуінің аумағынан олардың құзыретті органдарының бақылауымен және білуімен әкетуге, алып жүруге, әкелуге жол берілетін әдіс.
2-бап
1. Осы Келісімнің негізінде кеден қызметтері өз құзыреті шеңберінде және Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларын сақтай отырып:
а) кедендік төлемдерді дұрыс есептеу, төлеу және алу, сондай-ақ кедендік жеңілдіктерді қолданудың заңдылығын қамтамасыз ету;
б) кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау, жолын кесу және тергеу мақсатында ынтымақтасады.
2. Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
3-бап
Кеден қызметтері өз құзыреті шеңберінде:
а) кедендік ресімдеуді оңайлату жөнінде қажетті шараларды қабылдайды;
б) кедендік сәйкестендіру құралдарын (пломбылар, мөр бедерлері, мөртабандар) және қолданылатын кедендік құжаттардың бланкілерін таниды, құжаттама, мөртаңбалар мен мөрлер үлгілерінің өзгертілгені туралы хабарлайды, ал қажет болған кезде өздерінің кедендік сәйкестендіру құралдарын өткізілетін тауарларға салады;
в) Тараптар мемлекеттерінің аумағы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын транзиттік өткізу тәртібі мен шарттарын өзара оңайлату шараларын қабылдайды.
4-бап
1. Кеден қызметтері есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың аналогтары мен прекурсорлардың заңсыз айналымының жолын кесу жөніндегі әрекеттерді жандандыру мақсатында алдын ала сұрау салусыз және мүмкіндігінше қысқа мерзімде бір-біріне мынадай мәліметтерді хабарлайды:
а) есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың аналогтары мен прекурсорлардың заңсыз айналымымен айналысатыны немесе сол жөнінде күдікті тұлғалар туралы;
б) контейнерлерді қоса алғанда, көлік құралдары мен есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың аналогтары мен прекурсорлардың заңсыз айналымымен айналысатыны немесе осындай пайдалануға күдікті почта жөнелтімдері туралы.
2. Кеден қызметтері алдын ала сұрау салусыз есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың аналогтары мен прекурсорлардың заңсыз айналымының қолданылатын әдістері туралы мәліметтерді, сондай-ақ оларды бақылаудың жаңа әдістері туралы бір-біріне хабарлайды.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес қандай да бір Тараптан алынған мәліметтер мен құжаттар, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың аналогтары мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күреспен айналысатын құқық қорғау органдарына оларды тапсыра алады.
4. Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары негізінде және Тараптардың өзара келісімі бойынша қажет болған кезде есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтары мен прекурсорларын бақылаудағы жеткізу әдісін пайдаланады.
5. Тараптар есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың аналогтары мен прекурсорларының өндірісі үшін қолданылатын заттарды осы Келісімнің қолданылу саласына қоса алады.
5-бап
1. Сұрау салушы қызмет сұрау салуды тікелей сұрау салынушы қызметке жібереді.
2. Кеден қызметтері сұрау салушы Тарап мемлекетінің кеден заңнамасын бұзатын, жасалған немесе дайындалып жатқан әрекеттер туралы мәліметтерді сұрау салу бойынша бір-біріне береді.
3. Кеден қызметтері мүмкіндігінше қысқа мерзімде, оның ішінде алдын ала сұрау салусыз кеден ісі саласындағы оларға қарсы күресті Тараптар басым негізде жүзеге асыратын ықтимал құқық бұзушылықтар туралы мәліметтерді бір-біріне хабарлайды.
4. Кеден қызметтері мүмкіндігінше қысқа мерзімде өз бастамасы немесе сұрау салу бойынша мыналарды өткізу кезінде Тараптардың мемлекеті аумағында қолданылатын кеден заңнамасын бұзатын немесе бұзуы мүмкін дайындалып жатқан немесе жасалған әрекеттер туралы барлық қажетті ақпаратты хабарлайды:
а) қоршаған табиғи ортаға немесе халықтың денсаулығы үшін қауіп төндіруі мүмкін тауарларды;
б) қаруларды, оқ-дәрілерді, жарылғыш және уландырғыш заттарды, жарылғыш қондырғылар мен ядролық материалдарды;
в) маңызды тарихи, көркем, мәдени немесе археологиялық құндылықтарды білдіретін өнер заттарын;
г) Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жоғары кедендік баждар немесе салық салынуға жататын тауарларды;
д) аса маңызды мәні бар және Тараптар арасында келісілген тізбелерге енгізілген, оларға тарифтік емес шектеулер қолданылатын тауарларды;
е) олардың контрафактілік болып табылатынына негіз бар тауарларды;
ж) есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтары мен прекурсорлары, сондай-ақ қоршаған табиғи ортаға немесе халықтың денсаулығы үшін қауіп төндіретін құралдарды;
з) жойылу қаупінде тұрған жануарлар мен өсімдіктердің түрлері, олардың бөліктері мен дериваттары.
6-бап
1. Кеден қызметтері осы Келісім күшіне енгеннен кейін үш ай ішінде кеден мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамалардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің көшірмелерін бір-біріне жібереді және одан әрі кеден заңнамасының барлық өзгерістері туралы бір-бірін уақтылы хабардар етеді.
2. Осы бапқа сәйкес құжаттар мен ақпаратты беру туралы сұрау салуларда, осы Келісімнің 8-бабы 2-тармағының»"г" тармақшасында көзделген талаптардан айырмашылығы - істің мән-жайы сипатталмауы мүмкін.
3. Сұрау салушы қызмет құжаттардың алынғанын алу күнін көрсете отырып растайды.
7-бап
1. Кеден қызметтері:
а) өз қызметінің тәжірибесімен, кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтарды жасаудың жаңа құралдары мен әдістері туралы және өзара мүддені білдіретін басқа да мәселелер бойынша ақпаратпен алмасады;
б) кеден қызметтері техникалық қосалқы құралдарын қолданатыны туралы бір-біріне хабарлайды.
2. Кеден қызметтері кеден ісі саласында бір-біріне:
а) кеден қызметтері пайдаланатын техникалық құралдарды таныстыру мақсатында өзара мүддені білдіретін жағдайларда өз қызметкерлерімен алмасуды;
б) өз қызметкерлерінің арнайы дағдыларын жетілдіруде оқыту және көмек көрсетуді, сондай-ақ кедені мәселелері бойынша сарапшылармен алмасуды;
в) кеден мәселелеріне қатысты кәсіптік, ғылыми және техникалық мәліметтермен алмасуды қоса алғанда, көмек көрсетеді.
8-бап
1. Осы Келісімнің 10-бабында көзделген сұрау салу жазбаша нысанда жіберіледі. Сұрау салуды орындау үшін қажетті құжаттар ресми куәландырылған көшірмелерде немесе фотокөшірмелердің түпнұсқасымен қоса берілуге тиіс.
Ерекше жағдайларда ауызша сұрау салу қабылдануы мүмкін, бұл ретте ол тез арада жазбаша нысанда расталуы тиіс.
2. Сұрау салуда мынадай деректер болуы тиіс:
а) сұрау салу негізінде мүдделері бар сұрау салушы қызметтің атауы;
б) рәсімге қатысушылардың тектері, мекен-жайлары және олар туралы басқа да деректер;
в) сұрау салудың заты мен себебі;
г) іс мәнісінің қысқаша сипаттамасы және оның заңды біліктілігі.
3. Сұрау салулар орыс тілінде жіберіледі.
9-бап
1. Кеден қызметтері Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес және өз құзыреті шеңберінде сұрау салуларды орындауға бір-біріне көмек көрсетеді.
2. Егер сұрау салатын Тарап мемлекетінің егемендігіне, ұлттық қауіпсіздігіне, экономикалық мүдделеріне залал келтіруі не ұлттық заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелеріне қайшы келуі мүмкін болса, сұрау салуды орындаудан бас тартылуы мүмкін.
Сұрау салуды орындау мүмкін емес немесе бас тартылған жағдайда немесе мүмкіншілік жоқ кезінде сұрау салынушы қызмет сұрау салушы қызметіне жазбаша түрде бұл туралы тез арада хабардар етеді және сұрау салуды орындауға жол бермейтін себептер туралы хабарлайды.
3. Егер бір Тараптың кеден қызметі өзі көмек көрсете алмайтын көмек көрсету туралы сұрау салумен басқа Тараптың кеден қызметіне ұқсас сұрау салған жағдайда өз сұрау салуында осыған назар аударады. Осындай сұрау салуды орындау сұрау салынушы қызметтің қарауына жіберіледі.
10-бап
Бір Тараптың кеден қызметінің сұрау салуы бойынша басқа Тараптың кеден қызметі осы Келісімнің 5-бабында көзделген тәртіпке сәйкес:
1. Кеден мақсаттары үшін ұсынылған және кеден декларациясына қоса берілген ресми құжаттардың дұрыстығын, сондай-ақ осы құжаттардағы мәліметтердің дұрыстығын растайтын ақпаратты жазбаша нысанда;
2. бір Тараптың мемлекеті аумағына әкелінетін тауарлар мен көлік құралдары басқа Тарап мемлекетінің аумағынан осы басқа Тарап мемлекетінің кеден заңнамасының талаптарына сәйкес әкетілгендігін растайтын мәліметтерді;
3. бір Тарап мемлекетінің аумағына әкетілетін тауарлар мен көлік құралдары басқа Тарап мемлекетінің аумағынан осы басқа Тарап мемлекетінің кеден заңнамасының талаптарына сәйкес әкелінгендігін растайтын мәліметтерді береді.
11-бап
1. Осы Келісімге сәйкес берілген кез келген ақпарат құпия сипатта болады.
2. Осы Келісімге сәйкес кеден қызметтері алған ақпарат, құжаттар және басқа да мәліметтер осы Келісімде көрсетілген мақсаттар үшін ғана пайдаланылады және оларды жіберген кеден қызметінің жазбаша келісімімен ғана өзге мақсаттар үшін берілуі немесе пайдаланылуы мүмкін.
Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес алынған мәліметтерге алушы Тарап осы Тараптың аумағында алынған сияқты ақпаратты жариялаудан қорғаудың дәрежесін ұсынады.
12-бап
Әрбір Тарап, егер Тараптар бұл туралы келіспесе, осы Келісімнің шеңберіндегі міндеттемелерді орындауға байланысты шығыстарды дербес көтереді.
13-бап
1. Осы Келісімде көзделген ынтымақтастық тікелей кеден қызметтері арасында жүзеге асырылады.
2. Кеден қызметінің өкілдері қажеттілігі деңгейіне қарай осы Келісімді орындауға байланысты мәселелерді талқылау үшін консультациялар өткізеді.
14-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
15-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және/немесе қолдану кезінде даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар мен келіссөздер жолымен шешеді.
16-бап
1. Осы Келісім Тараптар дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалуы туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап 30 күннен кейін күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Әрбір Тарап болжанатын шығу күніне дейін кемінде алты ай бұрын депозитарийді жазбаша нысанда хабардар етіп, осы Келісімнен шығуға құқылы.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Тараптарға оның куәландырылған көшірмесін жіберетін депозитарийде сақталады. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы осы Келісімнің депозитарийі болып табылады.
2007 жылғы "__" _________ _________ қаласында бір түпнұсқа данада орыс және қытай тілдерінде жасалды, бұл ретте екі мәтіннің де күші бірдей.
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
Қытай Халық Республикасының Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Үкіметі үшін
Ресей Федерациясының Үкіметі үшін
Тәжікстан Республикасының Үкіметі үшін
Өзбекстан Республикасының Үкіметі үшін