"Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Конституциялық заңының 9-бабының 14) тармақшасына сәйкес, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары кеңесінің 2003 жылғы 18 қыркүйектегі және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық кеңесінің 2004 жылғы 3 желтоқсандағы шешімдерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Қазақстан Республикасы Сауда-өнеркәсіптік палатасының қатысуымен "Бүкілресейлік көрме орталығы" мемлекеттік акционерлік қоғамы" ашық акционерлік қоғамының N 11»"Металлургия" павильоны базасында Мәскеу қаласында (Ресей Федерациясы) Қазақстан Республикасының тұрақты жұмыс істейтін көрмесін және көрме-коммерциялық орталығын (бұдан әрі - көрме) ұйымдастыру туралы ұсынысына келісім берілсін.
2. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі:
1) "Бүкілресейлік көрме орталығы" мемлекеттік акционерлік қоғамы" ашық акционерлік қоғамымен Көрмені ұйымдастыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім жасассын;
2) "Бүкілресейлік көрме орталығы" мемлекеттік акционерлік қоғамы" ашық акционерлік қоғамымен бірлесіп, Көрмені ұйымдастыру жөніндегі тұжырымдаманы бекітсін;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі