Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің кедендік шекаралары арқылы электр энергиясын өткізу кезінде кедендік рәсімдерді үйлестіру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 қарашадағы N 1118 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің кедендік шекаралары арқылы электр энергиясын өткізу кезінде кедендік рәсімдерді үйлестіру туралы келісім мақұлдансын.

      2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің кедендік шекаралары арқылы электр энергиясын өткізу кезінде кедендік рәсімдерді үйлестіру туралы келісімге қол қойылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2007 жылғы»20 қарашадағы
N 1118 қаулысымен  
мақұлданған    

жоба

  Электр энергиясын Тәуелсіз Мемлекеттер
Достастығына қатысушы мемлекеттердің кедендік шекаралары
арқылы электр энергетикасын өткізу кезінде кедендік
рәсімдерді үйлестіру туралы келісім

      Үкіметтер атынан бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер,
      1991 жылғы 17 желтоқсандағы Еуропалық Энергетикалық Хартияның ережелерін және 1994 жылғы 17 желтоқсандағы Энергетикалық Хартияға шартты басшылыққа ала отырып,
      1992 жылғы 14 ақпандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Электр энергетикасы саласындағы мемлекетаралық қарым-қатынастарды үйлестіру туралы келісімін, 1994 жылғы 15 сәуірдегі Еркін сауда аймағын құру туралы келісімді, 1998 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің электр энергетикалық жүйелерінің қатарлас жұмысын қамтамасыз ету туралы шартты және 2000 жылғы 25 қаңтардағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің электр энергиясы мен қуатының транзиті туралы келісімді назарға ала отырып,
      Тараптардың электр энергетикалық жүйелерін басқаруда өзара сенімділік пен ынтымақтастық негізінде электр энергетикасы саласында тең құқылы ынтымақтастыққа әзірлікті білдіре отырып,
      Тараптардың электр энергетикалық жүйелері қатарлас жұмысының техникалық және экономикалық басымдықтарын пайдалану мақсатында,
      ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасы нарығын қалыптастыру мен кеңейтуге жәрдемдесуге ұмтыла отырып,
      мемлекетаралық электр энергиясымен алмасулардың кедендік реттеудің оңайлатылған тәртібін белгілеу қажеттілігін ескере отырып,
      тауар ретінде электр энергиясының ерекшеліктерін назарға ала отырып,
      мына төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Электр энергиясын Тараптардың электр энергетикалық жүйелері арасында өткізу кезінде үйлестірілген және оңайлатылған кедендік рәсімдерді белгілеу осы Келісімнің мақсаты болып табылады.

  2-бап

      Электр энергиясын Тараптардың электр энергетикалық жүйелері арасында өткізу кезіндегі кедендік рәсімдер Тараптардың кедендік шекаралары арқылы өткізілетін электр энергиясын кедендік ресімдеу мен кедендік бақылаудың үлгі тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады (қосымшаға сәйкес), ол осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.

  3-бап

      Тараптар ұлттық заңнаманы электр энергиясын Тараптардың электр энергетикалық жүйелері арасында өткізу кезіндегі кедендік рәсімдерді айқындайтын осы Келісімге сәйкес келтіру үшін шаралар қабылдайды.

  4-бап

      Тараптардың кез келгені өз ұлттық заңнамасына сәйкес осы Келісімнің басқа Тараптарға зиян келтірмеуі шартымен оның кедендік шекарасы арқылы өтетін электр энергиясы ағындарына жеңілдікті кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау тәртібін орната алады.

  5-бап

      Осы Келісімді орындау жөніндегі жұмыстарды үйлестіру Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің кедендік қызметтері басшыларының кеңесіне және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Электр энергетикалық кеңесіне жүктеледі.

  6-бап

      Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының ол қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан сол үшін туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

  7-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
      Хаттамалар осы Келісімнің 9-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

  8-бап

      Осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге байланысты Тараптар арасындағы даулы мәселелер мүдделі Тараптар арасындағы келіссөздер жолымен шешіледі.
      Даулы мәселелерді келіссөздер жолымен шешу мүмкін болмаған жағдайда Тараптар өзара келісу бойынша төрелік органға немесе халықаралық сот сатыларына жүгінеді.

  9-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындауы туралы үшінші хабарламаны депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін өз хабарламаларын тапсырған Тараптар үшін - тиісті хабарламаны депозитарийге сақтауға тапсырған күннен бастап.

  10-бап

      Осы Келісім күшіне енген күнінен бастап 5 жыл бойы қолданылады. Осы мерзім өткен соң, егер Тараптар өзге шешім қабылдамаса, Келісім автоматты түрде әр ретте кезекті 5 жыл мерзімге ұзартылып отырады.

  11-бап

      Тараптардың кез келгені осы Келісім қолданылатын уақыт ішінде туындаған өз міндеттемелерін реттеп алып, шығуға дейін алты айдан кешіктірмей бұл туралы депозитарийге жазбаша хабарлама жіберіп, осы Келісімнен шыға алады.
      200___жылғы _______________ ___________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол оның куәландырылған көшірмесін осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке жібереді.

       Әзірбайжан Республикасының       Молдова Республикасының
      Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

      Армения Республикасының          Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

      Беларусь Республикасының         Тәжікстан Республикасының
      Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

      Грузия Үкіметі үшін              Түрікменстан Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының        Өзбекстан Республикасының
      Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

      Қырғыз Республикасының           Украина Үкіметі үшін
      Үкіметі үшін

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына
қатысушы мемлекеттердің     
шекаралары арқылы электр    
энергиясын өткізу кезінде кедендік
рәсімдерді үйлестіру туралы  
келісімге 2007 жылғы ____ _____ 

  Электр энергиясын Тәуелсіз Мемлекеттер
Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекаралары
арқылы өткізу кезінде кедендік ресімдеу мен
кедендік бақылаудың үлгі тәртібі

      Электр энергиясын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекаралары арқылы өткізу кезінде кедендік ресімдеу мен кедендік бақылаудың үлгі тәртібі қатарлас жұмыс істейтін электр энергетикалық жүйелер арасындағы электр жеткізу желілері бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің шекаралары арқылы өткізілетін электр энергиясын кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау тәртібін айқындайды.
      1. Осы құжатта мынадай терминдер мен белгілеулер пайдаланылады:
      Тараптар - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер;
      электр энергиясы - өндірілуі мен тұтынылуының бір мезгілдігімен сипатталатын, оның параметрлерін берілген шекте тұрақты әрі үздіксіз қолдауды талап ететін ерекше түрдегі тауар;
      Тараптардың электр энергетикалық жүйелерінің қатарлас жұмысы - электр энергетикалық жүйелердің бірыңғай жиілігімен бірге Тараптардың электр энергетикалық жүйелері бірлестігіндегі бірлескен жұмысы, ол коммерциялық шарттар бойынша жеткізулермен де, электр энергиясының жоспардан тыс (технологиялық) ағындарымен де сүйемелденеді;
      Тараптардың электр энергетикалық жүйелері арасындағы электр энергиясының ағындары - бір немесе бірнеше электр жеткізу желілері бойынша шектес Тараптардың кедендік шекарасы арқылы өткізілген электр энергиясының мөлшері;
      есепті кезең - мерзімі біткен кезде электр энергиясының нақты жеткізілу теңгерімі жасалатын уақыт кезеңі. Электр энергиясын жеткізу үшін күнтізбелік ай осындай кезең болып саналады;
      көрсетімдерді алу уақыты - электр энергиясының кедендік шекара арқылы өткізілуін тіркейтін есепке алу аспаптарынан көрсетімдерді алудың Тараптармен келісілген уақыты.
      Уақыт тараптардың келісілген шешімімен айқындалады;
      бақыланатын қима - екі шектес Тараптардың электр энергетикалық жүйелерін байланыстыратын электр тораптар схемасындағы нүктелер жиынтығы, онда кедендік шекара арқылы өткізілетін электр энергиясының мөлшерін өлшемдік есепке алу кешендері орналасқан;
      электр энергиясының жоспардан тыс (технологиялық) ағындары - Тараптардың қатарлас жұмыс істейтін электр энергетикалық жүйелері арасында өткізілетін электр энергиясының оны коммерциялық шарттар бойынша нақты жеткізулерден артық және мыналарды қамтитын мөлшері:
      электр энергиясы параметрлерін берілген шекте реттеу және қолдау нәтижесінде туындайтын электр энергиясының ағындары;
      авариялық жағдайларды ескерту, алдын алу немесе жою жөніндегі іс-қимылдар нәтижесінде туындайтын Тараптардың электр энергетикалық жүйелері арасындағы электр энергиясының ағындары;
      электр энергиясының сальдо-ағыны - электр энергиясының есепті кезең-күнтізбелік ай ішіндегі барлық кернеу сыныбында жұмыстағы бүкіл мемлекетаралық электр жеткізу желілері бойынша ағындарының алгебралық сомасы;
      электр энергиясы сальдо-ағынының есептелген мәні электр энергиясының ысырап шамасына түзетіледі;
      электр энергиясын шарт бойынша жеткізу - есепті кезең ішінде бір Тараптың электр энергетикалық жүйесінен басқа Тараптың электр энергетикалық жүйесіне шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы тиісті шарт бойынша берілген электр энергиясының нақты мөлшері;
      энергиямен жабдықтаушы ұйым - ұйымдық нысанына қарамастан тұтынушыларға өндірілген және/немесе сатып алынған электр энергиясын сатуды жүзеге асыратын ұйым.
      2. Бір Тараптың электр энергетикалық жүйесінен басқа Тараптың электр энергетикалық жүйесіне ауыстырылатын электр энергиясын декларациялау есепті кезең біткеннен кейін 20 күннен кешіктірмей кедендік декларацияны тапсыру жолымен жүргізіледі. Бұл ретте Тараптардың кез келгені ұлттық заңнамаға сәйкес электр энергиясын кедендік ресімдеу мен кедендік бақылаудың неғұрлым жеңілдікті тәртібін белгілей алады.
      3. Тараптардың электр жеткізу желілері бойынша ауыстырылатын электр энергиясына қатысты уақытша сақтау мен ішкі кедендік транзиттің кедендік рәсімдері қолданылмайды.
      4. Тараптардың электр энергетикалық жүйелері арасында ауыстырылған электр энергиясының нақты мөлшері есепті кезең ішінде электр энергиясының сальдо-ағыны ретінде анықталады.
      5. Электр энергиясының сальдо-ағыны технологиялық жағынан негізделген орындарда орнатылған есепке алу көрсетімдерінің негізінде анықталады. Электр энергиясының сальдо-ағынын келісу кезінде Тараптар мемлекетаралық электр жеткізу желілеріндегі электр энергиясының ысырабын ескереді.
      6. Тараптардың кедендік органдары бақылаудағы қимаға нақты ауыстырылған электр энергиясының есепті кезең ішінде сол қимада барлық шарттарға сәйкес ауыстырылған электр энергиясының мөлшеріне сәйкес келуін бақылауды жүзеге асырады.
      7. Электр энергиясын декларациялау шаруашылық жүргізуші субъектілердің шарттары мен электр энергиясының нақты өткізілуін растайтын басқа құжаттарға сәйкес электр энергиясының нақты жеткізілімдері туралы актілердің негізінде жүргізіледі.
      8. Есепті кезең ішінде бір шарт (келісім-шарт) бойынша жеткізілетін электр энергиясы тауардың бір легі ретінде декларацияланады.
      9. Электр энергиясының жоспардан тыс (технологиялық) ағынын кедендік ресімдеу шаруашылық жүргізуші субъектілердің шарттарына сәйкес ресімделген электр энергиясының нақты жеткізілімдері туралы актілердің негізінде жүргізіледі, онда электр энергиясының жоспардан тыс (технологиялық) ағындарының көлемі көрсетіледі.
      10. Электр энергиясының сальдо-ағынын жасалған шарттарға сәйкес құраушыға бөлуді ұлттық заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген электр энергетикалық компаниялар жүргізеді.
      11. Бір Тараптың екі және одан көп пункттері арасында басқа Тараптың аумағы арқылы өткізілген электр энергиясын кедендік ресімдеуді электр энергиясының желілері бойынша электр энергиясын өткізу жүргізілетін уәкілетті шаруашылық жүргізуші субъект өткізілген электр энергиясының мөлшері туралы мәліметтер беру жолымен жүргізеді.
      Бұл ретте электр энергиясының көлемін анықтау Тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілері арасында жасалған шарттардың негізінде жүргізіледі.
      12. Электр энергиясын бір Тараптан басқа Тараптың аумағы арқылы үшінші Тараптың аумағына өткізу кедендік алымдарды қоспағанда, кедендік төлемдер мен салықтар алынбастан, тауарлар транзиті режимінде жүргізіледі.
      13. Электрге жеткізу желілері бойынша өткізілген электр энергиясын біріздендіру жүзеге асырылмайды, ол кеден органдарына кедендік мақсатта құжаттарда, есептеуіш көрсетімдері мен басқа өлшеу құралдарында қамтылған мәліметтерді пайдалана отырып, оның санын, сапасын және басқа сипаттамаларын белгілеуге кедергі келтірмейді.
      14. Екі жақты келісімдерде көзделген жағдайда Тараптардың кеден органдары олардың ұлттық заңнамаларында анықталған тәртіппен басқа Тараптың кеден органдары мен уәкілетті өкілдеріне олардың аумағында орналасқан электр энергиясына кедендік бақылау орындарында бірлесіп тексеру жүргізуге рұқсат беруге құқығы бар.
      15. Тараптардың келісімі бойынша осы Тараптардың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін электр энергиясын кедендік бақылау жөніндегі жұмысты бірлесіп ұйымдастыруға жол беріледі.
      16. Электр желілері бойынша электр энергиясын өткізу жүзеге асырылатын Тараптардың шаруашылық жүргізуші субъектілері кеден органдарына өткізілетін электр энергиясының нақты көлемін бақылау жөніндегі функцияларды олардың жүзеге асыруына қажетті жәрдем көрсетуге міндетті.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады