Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы қазақстан-қырғыз Үкіметаралық Кеңесін құру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 17 сәуірдегі N 361 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы қазақстан-қырғыз Үкіметаралық Кеңесін құру туралы келісім жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Марат Мұханбетқазыұлы Тәжинге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, ол Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы қазақстан-қырғыз Үкіметаралық Кеңесін құру туралы келісімге қол қойсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К.Мәсімов

Жоба

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы қазақстан-қырғыз Үкіметаралық Кеңесін құру туралы келісім

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі,

      1997 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының арасындағы мәңгілік достық туралы шартты, 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты басшылыққа ала отырып,

      Тараптар арасында сауда-экономикалық, өнеркәсіптік, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге, қолдауға және дамытуға ниет білдіре отырып,

      өзара пайдалылық принципін басшылыққа ала отырып және екіжақты ынтымақтастықты жандандыру мақсатында,

      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Өзара пайдалы ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдемдесу мақсатында Тараптар қазақстан-қырғыз Үкіметаралық Кеңесін (бұдан әрі - Кеңес) құрады.

      Кеңес Тараптардың өкілдерінен тұрады және:

      1) экономика, сауда, өнеркәсіп, энергетика, құрылыс, көші-қон, ғылым және технологиялар, байланыс, көлік (әуе, темір жол және автомобиль көлігін қоса алғанда), сондай-ақ ақпарат, білім беру, денсаулық сақтау, туризм, спорт, мәдениет және өнер саласындағы өзара мүддені білдіретін мәселелерді зерделеуге және осы салалардағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша ұсыныстар енгізуге;

      2) жоғарыда аталған салаларда ынтымақтастықтың өзара пайдалы әрі тиімді нысандарын ұсынуға;

      3) Тараптардың өзара пайдалы ынтымақтастығына қатысты басқа да мәселелерді қарауға және екіжақты ынтымақтастыққа жәрдемдесу үшін тиісті қажетті шаралар қабылдауға құқылы.

  2-бап

      Кеңеске екі Тарап үкіметтерінің басшылары басшылық етеді.

      Кеңес қажет жағдайда тұрақты немесе уақытша жұмыс топтарын құрады және олардың құрамын, функцияларын және құзыреттерін белгілейді.

      Кеңес мәжілістері әдетте жылына бір рет кезекпен Қазақстан Республикасында және Қырғыз Республикасында өткізіледі. Кеңес Тараптар тағайындайтын екі теңтөрағаның басшылығымен жұмыс атқарады.

      Шұғыл мәселелерді шешу үшін кез келген Тараптың бастамасымен Кеңестің кезектен тыс мәжілісі шақырылуы мүмкін.

  3-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде немесе қолдануда келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар мен келіссөздер өткізу жолымен шешеді.

  4-бап

      Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар жекелеген хаттамалармен ресімделеді, және оның ажырамас бөліктері болып табылады.

  5-бап

      Осы Келісім күшіне енгеннен кейін 1997 жылы 8 сәуірде Алматы қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы үкіметаралық қазақ-қырғыз бірлескен комиссиясын құру туралы хаттама өз қолданылуын тоқтатады.

  6-бап

      Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және Тараптардың бірі екінші Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.

      2008 жылғы "___" сәуірде Астана қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру бойынша келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

       Қырғыз Республикасының            Қазақстан Республикасының
      Үкіметі үшін                      Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады