Ескерту. Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінен кері қайтарып алынды - ҚР Үкіметінің 2009.11.17 N 1860 Қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инвестициялар және экспорт мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инвестициялар және экспорт мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы
1-бап. Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізілсін:
1. "Инвестициялар туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 қаңтардағы Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., N 1-2, 4-құжат, 2005 ж., N 9, 26-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; 2007 ж., N 4, 28-құжат):
1) кіріспе ",сондай-ақ шетелдегі отандық инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларын айқындайды" деген сөздермен толықтырылсын;
2) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жұмыс бағдарламасы - инвестициялық жобаны іске асыру жөніндегі жұмыстардың күнтізбелік кестесін белгілейтін келісім-шартқа қосымша;
2) жинақтауыштар - жабдықтың конструкциялық тұтастығын жинақтап құрайтын құрамдас бөліктер;
3) жабдықтар - инвестициялық жобаның технологиялық процесінде пайдалануға арналған және өз құнын өндірілген өнімнің (жұмыстардың, қызметтердің) өзіндік құнына ауыстыратын, механизмдерді, машиналарды, құрылғыларды, аспаптарды қоса алғанда, әкелінетін негізгі құралдар;
4) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылған заңды тұлға, оның ішінде шетел қатысатын заңды тұлға;
5) инвестициялар - лизинг шартын жасаған кезден бастап қаржы лизингі заттарын, сондай-ақ оларға құқықтарды қоса алғанда, заңды тұлғаның жарғылық капиталына инвестор салатын мүліктің барлық түрлері (жеке тұтынуға арналған тауарлардан басқа) немесе кәсіпкерлік қызмет үшін пайдаланылатын тіркелген активтерді ұлғайту;
6) инвестициялық дау - инвестордың инвестициялық қызметіне байланысты инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы шарттық міндеттемелерден туындайтын дау;
7) инвестициялық жоба - жаңа өндірістер құруға, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге және жаңартуға инвестициялар көздейтін іс-шаралар кешені;
8) инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - инвестициялар саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
9) инвестициялық қызмет - жеке және заңды тұлғалардың коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысуы жөніндегі не кәсіпкерлік қызмет үшін пайдаланылатын тіркелген активтерді құрау немесе ұлғайту жөніндегі қызметі;
10) инвестициялық преференциялар - Қазақстан Республикасының инвестициялық жобаның іске асырылуын жүзеге асыратын заңды тұлғаларына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берілетін атаулы сипаттағы артықшылықтар;
11) инвестор - Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
12) келісім-шарт - инвестицияларды жүзеге асыруға арналған инвестициялық преференцияларды көздейтін шарт;
13) мемлекеттік заттай гранттар - Қазақстан Республикасының меншігі болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына инвестициялық жобаны іске асыру үшін уақытша өтеусіз пайдалануға беріле отырып не уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен ұсыныла отырып, кейіннен меншікке не жер пайдалануға өтеусіз берілетін мүлік;
14) миноритарлық инвестор - дауыс беретін акциялардың он процентінен аз (қатысушылар дауысының жалпы санының он процентінен аз) мөлшерінде инвестицияны жүзеге асырған инвестор;
15) модельдік келісім-шарт - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін және келісім-шарттар жасасқан кезде пайдаланылатын үлгі келісім-шарт;
16) отандық инвесторлар - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасында орналасқан, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде және оның аумағында инвестицияларды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар.";
11-баптың 2-тармағындағы "беру" деген сөзден кейін ",сондай-ақ Қазақстан Республикасына инвестицияларды тарту жөніндегі ақпараттық-тұсаукесерлік және әдіснамалық сипаттағы іс-шараларды іске асыру." деген сөздермен толықтырылсын;
4) 14-баптың 4-тармағында "заңды тұлғасымен" деген сөздер "заңды тұлғасы және уәкілетті орган арасында" деген сөздермен ауыстырылсын;
5) мынадай мазмұндағы 3-1-тараумен толықтырылсын:
"3-1-тарау. Шетелдегі отандық инвесторларды мемлекеттік
қолдау;
23-1-бап. Шетелдегі отандық инвесторларды мемлекеттік
қолдаудың мақсаты
1. Шетелдегі отандық инвесторларды мемлекеттік қолдаудың мақсаты сыртқы нарықта отандық инвестицияларды ынталандыру және ілгерілету, шетел нарықтарында қазақстандық капиталдың қатысуын ұлғайту, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық имиджін нығайту болып табылады.
2. Отандық инвесторларды мемлекеттік қолдау осы Заңның 23-2-бабында көзделген шараларды Қазақстан Республикасының уәкілетті органының іске асыруы болып табылады.
23-2-бап. Отандық инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары
Отандық инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары мыналар болып табылады:
1) ақпараттық материалдарды ұсыну арқылы ақпараттық - әдіснамалық көмек көрсету;
2) отандық инвесторлардың мүдделерін үкіметаралық деңгейде білдіруді қамтамасыз ету;
3) Қазақстан Республикасының экономикасы үшін маңызды активтерді (объектілерді) шетелден сатып алу мәселелері жөніндегі отандық инвесторлардың мүдделерін жылжытуға жәрдемдесу;
4) шетелдегі отандық инвесторларды қолдауға және ілгерілетуге бағытталған бизнес-форумдар, тұсаукесерлер, көрмелер, семинарлар және басқа да іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру.".
2. "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуірдегі Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., N 6, 44-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 3, 22-құжат; N 23, 141-құжат):
1) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
"1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бөлшек сауда - тауарларды тұтынушыларға олардың жеке пайдалануы үшін сату жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
2) көтерме сауда - жеке, отбасылық, үй-ішілік және осыған ұқсас өзге де пайдаланумен байланысты емес, кейіннен сатуға немесе өзге де мақсаттарға арналған тауарларды өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
3) қоғамдық тамақтандыру - тамақ өнімдерін өндірумен, өңдеумен, өткізумен және тұтынуды ұйымдастырумен байланысты кәсіпкерлік қызмет;
4) отандық шикізаттық емес тауарларды өндірушілер - Қазақстан Республикасының аумағында шикізаттық емес тауарларды өндіретін жеке тұлғалар, заңды тұлғалар және олардың құрылымдық бөлімшелері;
5) сауда қызметі - тауарларды сатып алу-сатуды жүзеге асыруға бағытталған жеке және заңды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметі;
6) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - сауда қызметі саласында мемлекеттік реттеуді және үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
7) сауда қызметінің субъектісі - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сауда қызметін жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
8) сауда объектісі - сауда қызметінің субъектілері сауда қызметін жүзеге асыру үшін пайдаланатын мүліктік кешен;
9) сауда саясаты - осы Заңда белгіленген мақсаттар мен қағидаттарды іске асыру үшін мемлекеттік органдар жүргізетін ұйымдық, құқықтық, экономикалық, бақылау шаралары мен өзге де шаралардың жиынтығы;
10) сыртқы сауда (бұдан әрі - сыртқы сауда қызметі) - Қазақстан Республикасынан әкетуге және (немесе) Қазақстан Республикасына әкелуге байланысты сауда қызметі;
11) тауар - айналымнан алынбаған, сатуға немесе айырбасқа арналған кез келген еңбек өнімі;
12) тауарларды әкетуге және (немесе) әкелуге мемлекеттік монополия - шаруашылық жүргізуші субъектілерге жекелеген тауарларды әкетуге және (немесе) әкелуге Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген құқық беру түрінде немесе конкурстық негізде жүзеге асырылатын сыртқы сауда қызметін реттеудің тарифтік емес шарасы;
13) тарифтік квота - импорттың белгілі бір мөлшеріне кедендік баждың неғұрлым төмен ставкасын және импорттың осы шамасынан жоғары мөлшеріне кедендік баждың неғұрлым жоғары ставкасын белгілеу арқылы нақ сол тауар импортына кедендік баждар ставкаларының әртүрлі екі деңгейін қолдануды көздейтін сыртқы сауда қызметін реттеу құралы;
14) шикізаттық емес тауар - техникалық және сапалы сипаттамасы бар (тау-кен өндіру өнеркәсібінің өнімінен басқа) өңделіп біткен (жинақтаулы) өнімнің өндірістік циклінің түпкі нәтижесі, активтер;
15) ішкі сауда (ішкі сауда қызметі) - Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылатын сауда қызметі.";
2) 3-баптың 1-тармағының 4) тармақшасындағы "жасау" деген сөзден кейін (;) қойылып, мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
"5) шетел нарықтарында шикізаттық емес тауарлардың бәсекеге қабілеттігін арттыру";
3) 7-бап мынадай мазмұндағы 10-1) тармақшамен толықтырылсын:
"10-1) басқа елдердің мүдделі органдарымен және халықаралық ұйымдармен қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтарға енуін шектейтін сыртқы сауда дауларын реттеу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды;";
4) мынадай мазмұндағы 22-1-баппен толықтырылсын:
"22-1-бап. Отандық шикізаттық емес тауарды өндірушілердің
шетел нарықтарына енуі үшін қолайлы жағдайларға
қол жеткізу шаралары
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі отандық шикізаттық емес тауарды өндірушілердің шетел мемлекеттерінің нарықтарына енуі үшін қолайлы жағдайларды жасау жөніндегі шараларды қабылдайды және осы мақсатта екі жақты және көпжақты халықаралық келіссөздерге түседі, халықаралық шарттар жасасады, сондай-ақ сауда экономикалық қатынастарды дамытуға жәрдемдесу ретінде танылған шетелдермен ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияларды (комитеттерді, кеңестерді) және олардың кіші комиссияларын (кіші комитеттерін, жұмыс топтарын) құруға қатысады.
2. Уәкілетті орган шетелде шикізаттық емес тауарды отандық өндірушілерді қолдаудың мынадай шараларын көрсетеді:
1) ақпараттық материалдарды ұсыну арқылы ақпараттық - әдіснамалық көмек көрсету;
2) отандық шикізаттық емес тауарды өндірушілердің мүдделерін үкіметаралық; деңгейде білдіруді қамтамасыз ету.".
2-бап. Осы Заң алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті