Қызылорда облысының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі 2009-2011 жылдарға арналған қосымша шаралар туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 8 мамырдағы N 436 Қаулысы

      Қызылорда облысының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қызылорда облысының әкімдігі халықтың өмір сүру сапасын арттыру, оның әлеуметтік қорғалмаған жіктерін қолдау, "Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде 100 мектеп және 100 аурухана салу" жобасында көзделген денсаулық сақтау мен білім беру объектілерін пайдалануға уақтылы беруді қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастырсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі:

      1) "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" жобасының екінші кезеңін іске асыруды қамтамасыз етсін;

      2) Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігімен және Қызылорда облысының әкімдігімен бірлесіп, 2002-2010 жылдарға арналған "Ауыз су" салалық бағдарламасы шеңберінде Қызылорда облысының елді мекендерін ауыз сумен жабдықтау және Қызылжарма жерасты су кенішін игеру жөніндегі жобаларды іске асыруды қамтамасыз етсін;

      3) азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысында күріш шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары туралы ұсыныстарды пысықтасын және Үкіметке енгізсін;

      4) облыстың магистральдық коллекторларын қайта жаңарту, ирригациялық-дренаждық жүйелерін кеңейту және қалпына келтіру жөніндегі жобаларды республикалық бюджеттің қаражат есебінен іске асырудың мүмкіндігін қарастырсын;

      5) Қызылорда облысы әкімдігімен бірлесіп, "Сырдария өзенінің жағалауын бекіту және Қызылорда қаласының қорғау бөгетшелерін қайта жаңарту" жобасын толық аяқтауды қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі "Қызылорда қаласының су құбыры-кәріз желілерін және құрылыстарын кеңейту және қайта жаңғырту" жобасын іске асыруды қамтамасыз етсін.

      4. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі:

      1) Арал өңірінің проблемаларын кешенді шешу жөніндегі 2007 - 2009 жылдарға арналған  бағдарламаны іске асыруды қамтамасыз етсін;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне 2030 жылға дейін Қазақстанның электр энергетикасын дамыту бағдарламасы шеңберінде Қызылорда облысының электр энергетикалық жүйесін дамытуға 2009 - 2010 жылдарға қаражат бөлу жөніндегі бюджеттік өтінімдерді енгізсін;

      3) "Бейнеу - Бозой - Шалқар - Самсоновка (Шымкент)" магистральдық газ құбырын салу жобасын әзірлеу кезінде Қызылорда облысының елді мекендерін газдандыру үшін құбыр бұру мүмкіндігін көздесін;

      4) Қызылорда облысының әкімдігімен бірлесіп, "Ақшабұлақ" кенішінде салынып жатқан қуаты 75 МВт газ турбиналық электр станциясынан Қызылорда қаласына дейін электр беру желісін салу жөніндегі ұсынысты пысықтасын және Үкіметке енгізсін.

      4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі "Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата әуежайының ұшу-қону алаңын қайта жаңғырту" жобасын іске асыруды қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К.Мәсімов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады