Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Қоса беріліп отырған Гидрометеорология саласында кадрлар даярлау, мамандардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау жөніндегі ынтымақтастық туралы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі - ТМД) қатысушы мемлекеттердің үкіметтері арасындағы келісім жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Өмірзақ Естайұлы Шөкеевке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Гидрометеорология саласында кадрлар даярлау, мамандардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау жөніндегі ынтымақтастық туралы ТМД-ға қатысушы мемлекеттер үкіметтері арасындағы келісімге қол қою өкілеттігі берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 21 мамырдағы
N 488 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Гидрометеорология саласында кадрлар даярлау, мамандардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Үкіметтері,
2004 жылғы 16 сәуірдегі ТМД үкіметтерінің басшылары Кеңесінің Шешімімен бекітілген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің гидрометеорологиялық қауіпсіздігі тұжырымдамасының ережелерін назарға ала отырып,
гидрометеорология саласында кадрлар даярлау, мамандардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау жөніндегі ынтымақтастықты дамыту мақсатында,
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ұлттық гидрометеорологиялық қызметтерінің (бұдан әрі - ҰГМҚ) тиімді жұмысының шешуші элементі тиісті түрде даярланған персонал болатындығын сезіне отырып,
ҰГМҚ қаржылық мүмкіндіктерін, білім беру қызметтерін ұсынатын, гидрометеорология саласында кадрлар даярлауды, мамандардың біліктілігін арттыруды және оларды қайта даярлауды қамтамасыз ететін ұйымдарының болуын ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар мынадай бағыттар бойынша ынтымақтастыққа ықпал етеді:
гидрометеорология саласында кадрлар даярлау, мамандардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау;
қазіргі заманғы оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу материалдарымен, оқу жоспарларымен және бағдарламалармен алмасу;
гидрометеорология саласында кадрлар даярлау, мамандардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау кезінде Дүниежүзілік Метеорологиялық Ұйымның өңірлік метеорологиялық оқу орталықтары, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гидрометеорологиялық бейіндегі білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдардың мүмкіндіктерін пайдалану.
2-бап
Әрбір Тарап ұлттық заңнамаға сәйкес басқа Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына гидрометеорология саласында білім алу, біліктілігін арттыру және қайта даярлау мүмкіндігін беруге ықпал етеді.
3-бап
Тараптар гидрометеорология саласында кадрлар даярлау, мамандардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау саласындағы білім беру қызметтерін ұсынатын Тараптар ұйымдарының арасындағы, сондай-ақ осындай қызметтерді алуға мүдделі ұйымдар арасындағы тікелей байланыстардың дамуына ықпал етеді.
Білім беру қызметтерін ұсынғаны үшін төлемақының тәртібі мен мөлшері мүдделі ұйымдардың екі жақты шарттарының негізінде белгіленеді.
4-бап
Мемлекеттердің ұлттық заңнамасында көзделген тәртіппен гидрометеорология саласында кадрлар даярлау, мамандардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлаудың ұлттық жүйесі туралы ақпарат алмасуға ықпал етеді.
Тараптар оқу-әдістемелік материалдар және ғылыми жарияланымдар туралы, ғылыми-практикалық конференциялар, гидрометеорология саласында кадрлар даярлау, мамандардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау саласындағы өзге де іс-шаралар өткізу туралы ақпарат алмасады.
5-бап
Осы Келісімді қолдануға және түсіндіруге байланысты даулы мәселелер мүдделі Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі.
6-бап
Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының оның мемлекеті оның қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттар бойынша құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
7-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді оған қол қойған Тараптардың орындауы туралы үшінші хабарламаны депозитарийге тапсырған күнінен бастап күшіне енеді. Мемлекетішілік рәсімдерді кешірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарийге тиісті хабарламаны тапсырған күнінен бастап күшіне енеді.
8-бап
Осы Келісім оның ережелерін қабылдайтын басқа мемлекеттердің қосылуы үшін ашық. Қосылу барлық Тараптардың келісімі бойынша мұндай қосылу туралы құжаттарды депозитарийге тапсыру жолымен жүзеге асырылады және мұндай қосылуға келісу туралы соңғы хабарламаны депозитарийге тапсырған күнінен бастап күшіне енді деп есептеледі.
9-бап
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жекелеген хаттамамен ресімделетін, оның ажырамас бөлігі болып табылатын және осы Келісімнің 7-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
10-бап
Осы Келісім ол күшіне енген күнінен бастап бес жыл бойы қолданыста болады. Осы мерзім өткеннен кейін Келісім, егер Тараптар өзге шешім қабылдамаса, автоматты түрде кейінгі бес жылдық мерзімге ұзартылады.
11-бап
Әрбір Тарап осы Келісімнен бұл туралы депозитарийге кезекті бес жылдық кезең өткенге дейін кемінде алты ай бұрын жазбаша хабарлама жіберіп, шығуға құқылы.
2008 жылғы "____"_________ __________ қаласында бір түпнұсқа данада орыс тілінде жасалған. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзірбайжан Республикасының Молдова Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Армения Республикасының Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Беларусь Республикасының Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Грузияның Үкіметі үшін Түрікменстанның Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қырғыз Республикасының Украинаның Үкіметі үшін
Үкіметі үшін