Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Мәскеу қаласындағы ғимаратты Қазақстан Республикасының меншігіне ресімдеу туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 21 мамырдағы N 489 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Мәскеу қаласындағы ғимаратты Қазақстан Республикасының меншігіне ресімдеу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Анатолий Владимирович Смирновқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Мәскеу қаласындағы ғимаратты Қазақстан Республикасының меншігіне ресімдеу туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының аумағында Мәскеу қаласы, Чистопрудный бульвары, 3-үй, 2-құрылыс мекен-жайында орналасқан ғимаратты Қазақстан Республикасының меншігіне беру туралы келісімге қол қою туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 17 қарашадағы N 1087 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2008 жылғы 21 мамырдағы
N 489 қаулысымен   
мақұлданған     

жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Мәскеу қаласындағы ғимаратты Қазақстан Республикасының меншігіне ресімдеу туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена Конвенциясын, 1992 жылғы 9 қазандағы "Құқықтарды өзара тану және меншік қатынастарын реттеу туралы" келісімді ескере отырып және 1998 жылғы 12 қазандағы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы және Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерін орналастыру және оларға қызмет көрсету шарттары туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы келісімнің ережелеріне сәйкес,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Ресей Тарабы Қазақстан Республикасының меншігіне жалпы алаңы 5113 шаршы метр, Мәскеу қаласы, Чистопрудный бульвары, 3-үй, 2-құрылыс мекен-жайы бойынша орналасқан ғимаратты, бұдан әрі "Ғимарат" деп аталады, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена Конвенциясының 41-бабының 3-тармағына қатаң сәйкестікте пайдалануы үшін ресімдейді.

2-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген ғимарат қарыздардан, ауыртпалықтардан және үшінші тұлғалардың құқықтарынан азат күйінде беріледі.

3-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген ғимарат өкілдік орналасқан мемлекеттің оны сатып алу артықшылық құқығы ескеріле отырып, сатылуы мүмкін. Осы Келісімнің қолданысы сатылған ғимаратқа қатысты автоматты түрде тоқтатылады.

4-бап

      Ресей Тарабы Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес, Келісімнің 1-бабында көрсетілген ғимаратқа меншік құқығын заңдық ресімдеуді қамтамасыз етеді.

5-бап

      Телефондарды, телетайптық байланысты, радиоқондырғыларды пайдаланғаны үшін және осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген ғимаратты жөндеу мен күтіп ұстау үшін коммуналдық қызметтерді төлеу Ресей Федерациясында қолданыстағы нормативтер мен тарифтер бойынша жүргізіледі.

6-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану бойынша Тараптар арасында даулар туындаған жағдайда, Тараптар оларды келіссөздер немесе консультациялар жолымен шешетін болады.

7-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар бөлек хаттамалармен ресімделеді.

8-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.
      2008 жылғы "____"_____________ ____________________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды және олардың күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушілік туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінді пайдаланатын болады.

      Қазақстан Республикасының       Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                    Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады