"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақша төлемі мен аударымы, қаржы ұйымдарының бухгалтерлік есебі мен қаржылық есептілігі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 29 мамырдағы N 510 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақша төлемі мен аударымы, қаржы ұйымдарының бухгалтерлік есебі мен қаржылық есептілігі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Жоба 

Қазақстан Республикасының Заңы

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне
ақша төлемі мен аударымы, қаржы ұйымдарының бухгалтерлік
есебі мен қаржылық есептілігі және Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің қызметі туралы Қазақстан Республикасының
заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша толықтырулар мен
өзгерістер енгізу туралы

      1-бап . Қазақстан Республикасының мынадай заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізілсін:

      1. 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім) (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., N 16-17, 642-құжат; N 23, 929-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 10, 244-құжат; N 22, 408-құжат; 2001 ж., N 23, 309-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 10, 102-құжат; 2003 ж., N 1-2, 7-құжат; N 4, 25-құжат; N 11, 56-құжат; N 14, 103-құжат; N 15, 138, 139-құжаттар; 2004 ж., N 3-4, 16-құжат; N 5, 25-құжат; N 6, 42-құжат; N 16, 91-құжат; N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 21-22, 87-құжат; N 23, 104-құжат; 2006 ж., N 4, 24, 25-құжаттар; N 8, 45-құжат; N 11, 55-құжат; N 13, 85-құжат; 2007 ж., N 3, 21-құжат; N 4, 28-құжат; N 5-6, 37-құжат; N 8, 52-құжат; N 9, 67-құжат; N 12, 88-құжат):
      1) 740-бап мынадай мазмұндағы 4, 5 және 6-тармақтармен толықтырылсын:
      "4. Клиенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен және жағдайларда жүргізіледі.
      5. Клиенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру құқығына ие уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімі уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың тыйым салу туралы шешімі негізінде тыйым салынған ақша сомасына қолданылмайды.
      6. Клиенттің банк шоттарындағы ақшасына тыйым салу құқығына ие уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың банк уәкілетті мемлекеттік органдардың шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдерін орындауға қабылдағаннан кейін ұсынылған шешімдері осындай өкімнің күші жойылғаннан кейін орындалуы тиіс.";
      2) 750-баптың 1-тармағының 4) тармақшасы "егер бұл" деген сөздерден кейін "Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және (немесе)" деген сөздермен толықтырылсын.
      2. 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж.,№N 18, 644-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 10, 244-құжат; 2001 ж., N 8, 52-құжат; N 15-16, 239-құжат; N 21-22, 281-құжат; N 24, 338-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 10, 49-құжат; N 14, 109-құжат; N 15, 138-құжат; ж., N 5, 25-құжат; N 17, 97-құжат; N 23, 140-құжат; N 24, 153-құжат; 2004 ж., N 5, 5-құжат; N 13, 53-құжат; N 24, 123-құжат; 2006 ж., N 2, 19-құжат; N 10, 52-құжат; N 11, 55-құжат; N 12, 72-құжат; N 13, 86-құжат; 2007 ж., N 3, 20-құжат; N 4, 28-құжат; N 9, 67-құжат; N 10, 69-құжат; N 13, 99-құжат):
      1) 159-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) жауапкерге тиісті және онда немесе басқа адамдарда болатын мүлікке тыйым салу (банктің корреспонденттік шотындағы ақшаға және сауда-саттық ұйымдастырушылар ашық сауда-саттық әдісімен сауда жүйелерінде жасасқан репо" операциялары бойынша нысана болып табылатын мүлікке де тыйым салуды қоспағанда).
      Жауапкерге тиесілі және банктегі ақшаға тыйым салу түріндегі талапты қамтамасыз ету туралы ұйғарымда тыйым салынатын ақша сомасы көрсетілуі тиіс. Тыйым салынатын ақша сомасын іс материалдарына қарай сот айқындайды.";
      2) 252-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 8) тармақшамен толықтырылсын:
      "8) осы Кодексте көзделген өзге мәліметтер көрсетілуге тиіс".
      3. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2001 жылғы 12 маусымдағы Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., N 11-12, 168-құжат; 2002 ж., N 6, 73, 75-құжаттар; N 19-20, 171-құжат; 2003 ж., N 1-2, 6-құжат; N 4, 25-құжат; N 11, 56-құжат; N 15, 133, 139-құжаттар; N 21-22, 160-құжат; N 24, 178-құжат; 2004 ж., N 5, 30-құжат; N 14, 82-құжат; N 20, 116-құжат; N 23, 140, 142-құжаттар; N 24, 153-құжат; 2005 ж., N 7-8, N 23-құжат; N 21-22, 86, 87-құжаттар; N 23, 104-құжат; 2006 ж., N 1, 4, 5-құжаттар; N 3, 22-құжат; N 4, 24-құжат; N 8, 45, 46-құжаттар; N 10, 52-құжат; N 11, 55-құжат; N 12, 77, 79-құжаттар; N 13, 85-құжат; N 16, 97, 98, 103-құжаттар; N 23, 141-құжат; 2007 ж., N 1, 4-құжат; N 2, 16, 18-құжаттар; N 3, 20-құжат; N 4, 33-құжат; N 5-6, 37, 40-құжаттар; N 9, 67-құжат; N 10, 69-құжат; N 12, 88-құжат; N 14, 102, 105-құжаттар; N 15, 106-құжат; N 18, 144-құжат; N 20, 152-құжат; N 24, 178-құжат; 2008 жылғы 13 мамырда "Егемен Қазақстан" және 2008 жылғы 9 мамырда "Казахстанская правда"  газеттерінде жарияланған "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) толықтыру енгізу туралы" 2008 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы):
      1) 47-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың тыйым салу туралы шешімдері негізінде тыйым салынған ақша сомасына қолданылмайды.";
      2) 521-баптың 1-тармағының 7) тармақшасындағы "және карт-шоттарын" деген сөздер алып тасталсын.
      4. 2003 жылғы 5 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Кеден кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., N 7-8, 40-құжат; N 15, 139-құжат; 2004 ж., N 18, 106-құжат; 2005 ж., N 11, 43-құжат; N 21-22, 86-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 11, 55-құжат; N 23, 141-құжат; 2007 ж., N 1, 3-құжат; N 2, 14, 18-құжаттар; N 3, 20-құжат; N 4, 33-құжат; N 9, 67-құжат; N 10, 69-құжат; N 18, 144-құжат; N 23, 173-құжат):
      352-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың тыйым салу туралы шешімдері негізінде тыйым салынған ақша сомасына қолданылмайды.".
      5. "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., N 3-4, 23-құжат; N 12, 88-құжат; N 15-16, 100-құжат; N 23, 141-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., N 2, 184-құжат; N 11-12, 262-құжат; N 19, 370-құжат; 1997 ж., N 13-14, 205-құжат; N 22, 333-құжат; 1998 ж., N 11-12, 176-құжат; 1999 ж., N 20, 727-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 22, 408-құжат; 2001 ж., N 8, 52-құжат; N 10, 123-құжат; 2003 ж., N 15, 138, 139-құжаттар; 2004 ж., N 11-12, 66-құжат; N 16, 91-құжат; N 23, 142-құжат; 2005 ж., N 14, 55-құжат; N 23, 104-құжат; 2006 ж., N 4, 24-құжат; N 13, 86-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; N 4, 33-құжат):
      1) 8-бапта:
      мынадай мазмұндағы д-3), д-4) және д-5) тармақшаларымен толықтырылсын:
      "д-3) Қазақстан Ұлттық Банкінде заңды және жеке тұлғалармен кассалық операциялар жүргізу тәртібін белгілейді;
      д-4) Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы айқындайтын тізбеге сәйкес Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына ресми бағамын белгілейді;
      д-5) халықаралық есеп айырысуларды ұйымдастырады, шет елдермен валюталық-қаржылық және кредиттік-есеп айырысу қатынастарын жетілдіреді;";
      з) тармақшасындағы "төлем жүйелерінің жұмыс істеуін ұйымдастырады, сондай-ақ қадағалауды" деген сөздер "төлем жүйелерін ұйымдастырады, сондай-ақ қадағалауды (оверсайт)" деген сөздермен ауыстырылсын;
      л-2) және л-3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
      "л-2) уәкілетті органмен келісім бойынша халықаралық қаржылық  есептілік стандарттарына сәйкес келетін нысандарын не нысандарға қойылатын талаптарды, сондай-ақ қаржылық есептіліктің тізбесін, барлық қаржы ұйымдарының табыс ету және жариялау мерзімдері мен тәртібін белгілейді;
      л-3) валюталық реттеу және бақылау, сондай-ақ ақша төлемі мен аударымы мәселелері бойынша есептілікті және мәліметтерді ұсыну тәртібін, нысандарын және мерзімдерін белгілейді;";
      о) тармақшасында:
      "қолма-қол банкноттар мен тиындарды" деген сөздер "банкноталарды, монеталарды және құндылықтарды" деген сөздермен ауыстырылсын;
      "банкноттар мен тиындардың" деген сөздер "банкноталардың, монеталардың және құндылықтардың" деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы о-1) тармақшасымен толықтырылсын:
      "о-1) банкноталарды, монеталарды және құндылықтарды қайта санау, сұрыптау, орау, сақтау, сондай-ақ оларды банктерге және банктердің тапсырмасы бойынша олардың клиенттеріне беру жөніндегі, Ұлттық Банктің банкноталарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау жөніндегі операцияны жүргізуге лицензиясы бар ұйымдар жүзеге асыратын қызметтің тәртібін және талаптарын белгілейді;";
      п) және р) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
      "п) өзінің бухгалтерлік балансын жасайды және оны үнемі жариялап отырады;
      р) елдің төлем балансын, халықаралық инвестициялық ұстанымын және жалпы сыртқы борышын қоса алғанда, елдің сыртқы секторының статистикасын қалыптастырады, төлем балансының болжамдық бағалауын әзірлеуге қатысады;";
      мынадай мазмұндағы р-2), р-3) және р-4) тармақшаларымен толықтырылсын:
      "р-2) Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын резидент еместердің валюталық операцияларының мониторингін (валюталық мониторингті) жүзеге асырады;
      р-3) мемлекеттік емес сыртқы заемдар бойынша шарттардың мониторингін жүзеге асырады;
      р-4) қаржы ұйымдарының сыртқы борышын реттеуге қатысады;";
      у-5) және у-6) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
      "у-5) банк шоттарының құқықтық режимін және құрылымын белгілейді;
      у-6) ең төменгі резервтік талаптарды, олардың нормативтерін белгілейді және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;";
      2) 11-баптың бірінші бөлігінде:
      "бөлінбеген" деген сөз алып тасталсын;
      "кірістің" деген сөзден кейін "және шығыстың" деген сөздермен толықтырылсын;
      3) 15-бапта:
      е) тармақшасы алып тасталсын;
      ж) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "ж) банктерге арналған ең төменгі резервтік талаптардың нормативтерін, банктерге арналған ең төменгі резервтік талаптар туралы нормативтік құқықтық актіні бекіту;";
      мынадай мазмұндағы у-4) тармақшасымен толықтырылсын:
      "у-4) Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын резидент еместердің валюталық операцияларының мониторингін жүзеге асыру ережесін, сондай-ақ резиденттердің экспорт және импорт бойынша мәмілелер паспорттарын ресімдеу ережесі мен шарттарын және экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру тәртібін бекіту;";
      4) 47-1-бап алып тасталсын;
      5) 48-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "48-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің ақша төлемі мен аударымын және төлем жүйелерін ұйымдастырудағы және реттеудегі өкілеттіктері Қазақстан Ұлттық Банкі ақша төлемі мен аударымын жүзеге асыруды ұйымдастырады, үйлестіреді, реттейді және:
      1) ақша төлемін және (немесе) аударымын жүзеге асыру ережесін және тәсілдерін қолдану ерекшеліктерін, нұсқаулардың мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды;
      2) қолма-қол ақшаны пайдаланып төлемдерді жүзеге асыру тәртібін және талаптарын белгілейді.
      Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының аумағында төлем жүйелерінің жұмыс істеуінің тиімділігі мен сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды.
      Төлем жүйелерін қадағалау (оверсайт) - төлем жүйелерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиімді, қауіпсіз және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Ұлттық Банкінің жүзеге асыратын қызметі.
      Қазақстан Ұлттық Банкі төлем жүйелерін қадағалауды (оверсайтты) жүзеге асыру мақсатында:
      төлем жүйелеріне қадағалау (оверсайт) жүргізу тәртібін белгілеуге;
      төлем жүйелерін ұйымдастырудың және жұмыс істеуінің шарттары мен тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға;
      төлем жүйелерінің мониторингін жүзеге асыруға;
      төлем жүйелерінің ұйымдастырылуын және жұмыс істеуін тексеруге;
      ақша төлемі мен аударымы, төлем жүйелерінің жұмыс істеуі мәселелері бойынша төлем жүйелерінің қатысушыларынан және операторларынан ақпарат алуға;
      төлем жүйелері қатысушыларының қызметін тексеруді жүзеге асыруға құқылы.
      Қазақстан Ұлттық Банкі өз құзыретінің шегінде халықаралық (мемлекетаралық) төлемдер жүйесін ұйымдастыруға қатысуға құқылы.";
      6) 49-бапта:
      "және құқықтық тәртібін" деген сөздер ", құқықтық режимін және құрылымын" деген сөздермен ауыстырылсын;
      "пайдалану" деген сөз "жүргізу" деген сөзбен ауыстырылсын;
      7) 56-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "56-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің валюталық реттеу және
               валюталық бақылау саласындағы функциялары
      Қазақстан Ұлттық Банкі:
      1) Қазақстан Республикасындағы валюталық құндылықтар айналысының тәртібін белгілейді;
      2) резиденттердің және резидент еместердің Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүргізу ережесін белгілейді;
      3) резиденттердің экспорт және импорт бойынша мәмілелер паспорттарын ресімдеуінің бірыңғай ережесі мен шарттарын және резиденттердің репатриация талаптарын орындауларын қамтамасыз ету мақсатында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру тәртібін белгілейді;
      4) валюталық құндылықтарды Қазақстан Республикасына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету және қайта жіберу тәртібін белгілейді;
      5) валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметті лицензиялау тәртібін белгілейді және оны жүзеге асыруға лицензиялар береді;
      6) айырбастау пункттерін тіркеу тәртібін белгілейді және тіркеу куәліктерін береді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес олардың қолданылуын тоқтата тұрады;
      7) валюталық құндылықтарды пайдалануға байланысты қызметті жүзеге асыруға біліктілік талаптарын белгілейді;
      8) валюталық операцияларды тіркеуді және олар туралы, Қазақстан Республикасы резиденттерінің шетел банктерінде шоттар ашуы туралы хабарлауды жүзеге асыру тәртібін белгілейді, сондай-ақ тіркеу куәліктерін және хабарлау туралы куәліктерді береді;
      9) валюталық операцияларды жүзеге асыруға арналған арнайы рұқсат режимін енгізу кезінде рұқсат береді;
      10) олардың құзыреттеріне сәйкес мемлекеттік органдармен келісім бойынша Қазақстан Республикасында резиденттердің және резидент еместердің орындауы үшін міндетті валюталық операциялар бойынша есепке алу және есептілік тәртібі мен нысандарын белгілейді;
      11) банктердің және өзге де тұлғалардың Қазақстан Республикасының банк және валюталық заңнамасын бұзу фактілері анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының банк және валюталық заңнамасында көзделген санкцияларды салады.
      Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы өзге де функцияларды орындауға құқылы.";
      8) 58-баптың бесінші бөлігі мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "тазартылған алтынды және басқа қымбат бағалы металдарды қазақстандық теңгеге сату.";
      9) 60-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      "Қазақстан Ұлттық Банкінің активтерін немесе міндеттемелерін бағалау өзгерістерінің салдары болып табылатын алтын-валюта активтері бойынша бағамдық айырмалар олар пайда болған есепті кезеңнің іске асырылмаған кірістерінің немесе шығыстарының шоттарына жатқызылады. Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес есептелген іске асырылған кіріс немесе шығыс сомасы есепті кезеңнің тиісті кірістері мен шығыстарының шоттарына жіберіледі. Іске асырылмаған кірістер мен шығыстар тиісті қайта бағалау шоттарына жатқызылады. Алтын-валюта активтерін қайта бағалау шоттарында қалдықтар болмаған жағдайда пайда болатын теріс бағамдық айырма есепті кезеңнің шығыстарына жатқызылады.";
      10) 62-3-бапта:
      2-тармақта:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) жоспарлы - Қазақстан Ұлттық Банкінің тексерулер жоспарларына сәйкес жылына кемінде бір рет жүргізілетін тексеру;";
      мынадай мазмұндағы 3) тармақшамен толықтырылсын:
      "3) рейдтік - бір мәселе, бір негіз бойынша бір мезгілде бірнеше субъектілердің қызметін қамтитын, жылына кемінде бір рет жүргізілетін тексеру.";
      4-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;
      5-тармақта:
      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      "5. Тексеру Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары не Қазақстан Ұлттық Банкі аумақтық филиалының басшысы бекіткен Қазақстан Ұлттық Банкінің тексеру тағайындау туралы актісінің негізінде жүргізіледі.";
      екінші бөлігінде:
      4) тармақшадағы "сәйкестендіру нөмірі" деген сөздер "салық төлеушінің нөмірі немесе бар болса бизнес сәйкестендіру нөмірі (БСН)" деген сөздермен ауыстырылсын;
      5) тармақшадағы "(жоспарлы, жоспардан тыс)" деген сөздер алып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Рейдтік тексеру тағайындау туралы актіде осы тармақтың 4) тармақшасында көзделген мәліметтерді қоспағанда, осы тармақта көзделген мәліметтер көрсетіледі, сондай-ақ тексерілетін адамдар тізімінің бар екені туралы мәлімет көрсетіледі. Рейдтік тексеру тағайындау туралы актіге осы тармақтың 4) тармақшасында көзделген мәліметтер көрсетіле отырып, тексерілетін адамдар тізімі қоса беріледі.";
      6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      "6. Тексеру тағайындау туралы акт және оған қоса берілетін тексерілетін адамдар тізімі рейдтік тексеруді жүзеге асыру кезінде өз құзыреті шегінде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркеу үшін екі данада (түпнұсқасы және көшірмесі) ұсынылады.
      7. Рейдтік тексеруді қоспағанда, тексерілетін адамға тексеруді тағайындау туралы тіркелген актіні ұсынған сәт тексеру жүргізудің басталуы болып саналады.
      Тексерілетін адамға тексеруді тағайындау туралы тіркелген актінің түпнұсқасын танысу үшін ұсынған және оның көшірмесін тапсырған сәт рейдтік тексеруді жүргізудің басталуы болып саналады. Түпнұсқада танысқаны және көшірмесін алғаны туралы белгі қойылады.";
      13-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Рейдтік тексеру кезінде тексерілетін адамдар тізімінде көрсетілген бір адамды тексеру мерзімі бес жұмыс күнінен аспауы тиіс. Рейдтік тексеру мерзімі ұзартылған жағдайда, тексерілетін адамдар тізімінде көрсетілген бір адамды тексеру мерзімі ұзартылуы мүмкін, бірақ бес жұмыс күнінен аспауы тиіс.";
      11) 66-баптың үшінші бөлігіндегі "кірістері мен шығыстары" деген сөздер "пайдасы мен зияндары" деген сөздермен ауыстырылсын;
      12) 68-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      "Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының шешімі бойынша Қазақстан Ұлттық Банкінің қаржылық есептілігінің аудитін экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттің (ЭЫДҰ) немесе Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің (ТМД) орталық банкіне аудит жүргізу тәжірибесі бар аудиторлық ұйым жыл сайын жүргізеді.".
      6. "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., N 15-16, 106-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1996 ж., N 2, 184-құжат; N 15, 281-құжат ;N 19, 370-құжат; 1997 ж., N 5, 58-құжат; N 13-14, 205-құжат; N 22, 333-құжат; 1998 ж., N 11-12, 176-құжат; N 17-18, 224-құжат; 1999 ж., N 20, 727-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; N 22, 408-құжат; 2001 ж., N 8, 52-құжат; N 9, 86-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 5, 31-құжат; N 10, 51-құжат; N 11, 56, 67-құжаттар; N 15, 138, 139-құжаттар; 2004 ж., N 11-12, 66-құжат; N 15, 86-құжат; N 16, 91-құжат; N 23, 140-құжат; 2005 ж., N 7-8, 24-құжат; N 14, 55, 58-құжаттар; N 23, 104-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 4, 24-құжат; N 8, 45-құжат; N 11, 55-құжат; N 16, 99-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; N 4, 28, 33-құжаттар):
      1) 4-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "4-бап. Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі
              туралы заңнамасы
      1. Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінен, сондай-ақ өздерінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша заңнамалық актілер мен Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің негізінде және оларды орындау үшін шығарылатын уәкілетті органның және Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендерден өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.";
      2) 19-баптың 4-тармағының үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "аудиторлық қызмет саласында мемлекеттік реттеу мен аудиторлық және кәсіби аудиторлық ұйымдардың қызметін бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның қаржы ұйымдарының міндетті аудитін жүргізу жөніндегі лицензиясына және біліктілік талаптарына сәйкес не резиденті болып табылатын мемлекеттің құзыретті органының аудиторлық қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиясына сәйкес аудиторлық қызметті жүзеге асыруға уәкілетті.";
      3) 30-бапта:
      2-тармақта:
      4) тармақшада "жеке және заңды тұлғалардың металл шоттарын ашу және жүргізу" деген сөздер "банктердің жеке және заңды тұлғалардың металл шоттарын ашуы және жүргізуі" деген сөздермен ауыстырылсын;
      5) және 6) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
      "5) кассалық операциялар: банктердің және ұлттық почта операторының қолма-қол ақшаны ұсақтауды, айырбастауды, қайта санауды, сұрыптауды, қаттап бууды және сақтауды қоса алғанда, оны қабылдауы және беруі;
      6) аударым операциялары: жеке және заңды тұлғалардың ақша төлемі мен аударымы бойынша тапсырмаларын орындау. Аударым операциясын жүзеге асыруға лицензия банктерге және осы баптың 6-1-тармағында көрсетілген заңды тұлғаларға беріледі;";
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Банк операцияларына мыналар жатпайды:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен микрокредиттік ұйымдар ретінде тіркелген заңды тұлғалардың микрокредиттер беру бойынша қызметі;
      2) тапсырма шарты негізінде сенім білдірушінің (қызметті жеткізушінің) атынан және тапсырмасы бойынша іс-әрекет жасайтын сенім білдірілген адам ұсынған қызмет көрсету үшін тұтынушылардан қолма-қол, оның ішінде электрондық терминалдар арқылы ақша қабылдау. Сенім білдірілген адамның қызмет көрсетуді сенім білдірушінің (қызметті жеткізушінің) пайдасына төлемдер қабылдау құқығын растайтын құжаттар төлем жасаушыға оның талап етуі бойынша танысу үшін ұсынылуы тиіс";
      6-тармақта:
      үшінші бөлік алып тасталсын;
      төртінші бөлігіндегі "9) және 12) тармақшаларында көзделген банк операцияларын" деген сөздер "9) тармақшасында көзделген банк операциясын" деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:
      "6-1. Осы баптың 2-тармағының 6) тармақшасында көзделген банк операциясын қор биржасы, орталық депозитарий, брокер және (немесе) дилер номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен көрсетілген заңды тұлғаларда уәкілетті органның осы баптың 2-тармағының 1) және (немесе) 3) тармақшаларында көзделген банк операцияларын жүргізуге берген лицензиясы болған кезде, сондай-ақ банкаралық ақша аудару жүйесінің операторы жүзеге асырады.
      Өзге заңды тұлғалар осы баптың 2-тармағының 1) және 6) тармақшаларында көзделген банк операцияларын Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалған өкілеттіктер шеңберінде жүргізеді.";
      мынадай мазмұндағы 7-1-тармақпен толықтырылсын:
      "7-1. Ұлттық Банктің лицензиясы негізінде банкноталарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын ұйымдарға банкноталарды, монеталарды және құндылықтарды қайта санау, сұрыптау, орау, сақтау, сондай-ақ оларды банктерге және банктердің тапсырмасы бойынша олардың клиенттеріне беру жөніндегі қызметті қоспағанда, қызметтің өзге түрлерімен (операциялармен) айналысуға тыйым салынады.";
      4) 48-баптың 1-тармағының а) тармақшасындағы "банк" деген сөзден кейін "және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар" деген сөздермен толықтырылсын;
      5) 48-1-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылған банктің банктік немесе өзге де қызметті жүзеге асыруға құқығы жоқ. Банк барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылған күннен бастап уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген шығыстарға және банкке келіп түскен ақшаны есептеуге байланысты жағдайларды қоспағанда, оның клиенттерінің және банктің өзінің банк шоттары бойынша барлық операциялар тоқтатылады. Барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиясынан айырылған банктің банк шоттарынан кредиторлардың немесе өзге де тұлғалардың банкке талаптары бойынша ақша алуға жол берілмейді.";
      6) 50-бапта:
      4-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      "Мыналар:
      1) банктердің заңды тұлғаға немесе заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғаға банк шоттарының ашылғаны туралы салық органдарына міндетті түрде хабарлауы;
      2) мәжбүрлеу тәртібімен таратылатын банктің тарату комиссиясының жеке тұлғалардың банк шоттарындағы ақша қалдығы туралы мәліметтерді салымшыларға ақшасын қайтаруға байланысты іс-шараларды жүзеге асыру үшін депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымға және агент-банктерге; шот иесінің жазбаша келісімі негізінде аудиторлық ұйымға беруі банк құпиясын ашу болып табылмайды.";
      6-тармақтың д-1) тармақшасы "қаулысы" деген сөзден кейін "не оның атқарушылық іс жүргізу органының аумақтық бөлімінің мөрімен расталған көшірмесі" деген сөздермен толықтырылсын;
      7-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "7-1. Осы баптың 6 және 7-тармақтарында көзделген клиенттің банк шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы анықтамалар клиенттің банк шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді-көшірме нысанында беріледі. Клиенттің банк шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді көшірмеде болуға тиісті мәліметтер Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актісімен айқындалады.";
      7) 55-бапта:
      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
      "Банктер осы Заңның 19-бабы 4-тармағының талаптарына сай келетін аудиторлық ұйым оларда берілген мәліметтердің дұрыстығын растағаннан және банк акционерлерінің жылдық жиналысы қаржылық есептілікті бекіткеннен кейін уәкілетті органмен келісім бойынша Ұлттық Банк белгілеген тәртіппен және мерзімдерде халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келетін жылдық шоғырландырылған бухгалтерлік балансты, пайдасы мен зияндары туралы есепті, ақша қаражатының қозғалысы туралы есепті, капиталдағы өзгерістер туралы есепті және түсіндірме жазбаны, ал еншілес ұйымы (ұйымдары) болмаған жағдайда жылдық шоғырландырылмаған бухгалтерлік балансты, пайдасы мен зияндары туралы есепті, ақша қаражатының қозғалысы туралы есепті, капиталдағы өзгерістер туралы есепті және түсіндірме жазбаны қоса алғанда, жылдық қаржылық есептілікті, сондай-ақ аудиторлық есепті жариялайды.";
      екінші бөлікте:
      "келетін" деген сөзден кейін "бухгалтерлік" деген сөзбен толықтырылсын;
      "белгілеген мерзімдерде" деген сөздер "белгілеген тәртіппен және мерзімдерде" деген сөздермен ауыстырылсын.
      7. "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 1997 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 12, 186-құжат; 1998 ж., N 24, 437-құжат; 1999 ж., N 8, 237-құжат; N 23, 925-құжат; 2001 ж., N 17-18, 245-құжат; N 20, 257-құжат; 2002 ж., N 1, 1-құжат; N 23-24, 198-құжат; ж., N 1-2, 9-құжат; N 11, 56-құжат; N 15, 139-құжат; N 21-22, 160-құжат; ж., N 11-12, 66-құжат; N 23, 140, 142-құжаттар, 2005 ж., N 7-8, 19-құжат; N 11, 39-құжат; N 14, 55, 58-құжаттар; N 23, 104-құжат; 2006 ж., N 3, 22-құжат; N 8, 45-құжат; N 12, 69-құжат; N 23, 141-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; N 4, 98, 150-құжаттар; N 9, 67-құжат; N 10, 69-құжат; N 24, 178-құжат):
      41-баптың 2-тармағының 8) тармақшасындағы "белгілеген тәртіппен қаржылық есептілікті" деген сөздер "белгілеген тізбе бойынша, тәртіппен және мерзімдерде шоғырландырылған қаржылық есептілікті, ал еншілес ұйымы (ұйымдары) болмаған жағдайда шоғырландырылмаған қаржылық есептілікті, аудиторлық есепті" деген сөздермен ауыстырылсын.
      8. "Нотариат туралы" 1997 жылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 13-14, 206-құжат; 1998 ж., N 22, 307-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; 2001 ж., N 15-16, 236-құжат; N 24, 338-құжат; 2003 ж., N 10, 48-құжат; N 12, 86-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 11, 55-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат):
      15-баптың 2-тармағындағы "есеп айырысу шоты болуына және өзге де шоттар ашуға" деген сөздер "ағымдағы шоттар ашуға" деген сөздермен ауыстырылсын.
      9. "Ақша төлемі мен аударымы туралы" 1998 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., N 11-12, 177-құжат; N 24, 445-құжат; 2000 ж., N 3-4, 66-құжат; 2003 ж., N 4, 25-құжат; N 10, 49, 51-құжаттар; N 15, 138-құжат; 2004 ж., N 23, 140-құжат; 2005 ж., N 14, 55-құжат; 2006 ж., N 11, 55-құжат):
      1) 3-бап мынадай редакцияда жазылсын:
      "3-бап. Негізгі ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
      1) ақша аударымы - алушы банктердің төлемді жүзеге асыруға немесе өзге мақсаттарға байланысты жөнелтушілердің ақша беру туралы нұсқауларын жүйелі орындауы;
      2) ақша аударымының бастамашысы (бұдан әрі - бастамашы) - ақша аудару туралы нұсқауды орындауды алғаш ұсынған адам;
      3) ақша жөнелтуші - ақша төлемі және (немесе) аударымы соның есебінен жүзеге асырылатын адам;
      4) ақша төлеміне және (немесе) аударымына қатысушылар - ақша төлемі және (немесе) аударымы жөнінде құқықтары және (немесе) міндеттері бар жеке және заңды тұлғалар, заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері;
      5) алушы банк - ақша аудару не ақша төлеу туралы нұсқау жіберілетін банк;
      6) банк шотын тікелей дебеттеу - төлемді жүзеге асыру тәсілі, бұл орайда ақша жөнелтушіден ақша алу және ақша жөнелтушінің ақшаны алу туралы белгілі бір уақыт кезеңі ішінде және (немесе) белгілі бір ақша сомасының шегінде қолданылатын алдын ала рұқсатының негізінде ол бенефициардың пайдасына жүргізіледі;
      7) бенефициар - ақша аударған кезде, сондай-ақ ақша аудармай-ақ қолма-қол ақшасыз төлем жасаған кезде ақша алушы ретінде тапсырмада не талапта көрсетілген адам;
      8) бенефициар банкі - жөнелтушімен жасалған шарттың талаптарына және (немесе) жөнелтушінің нұсқауына сәйкес бенефициардың пайдасына түсетін ақшаны қабылдауға және (немесе) нұсқауда не жөнелтушімен жасалған шартта көзделген өзге де іс-қимылдарды орындауға тиісті банк;
      9) делдал банк - ақша жөнелтушінің банкі және бенефициар банкі болып табылмайтын ақша аударымына қатысушы кез келген банк;
      10) жөнелтуші - ақша төлеміне және (немесе) аударымына байланысты нұсқауды жөнелтетін адам, сонымен бірге ол ақша жөнелтуші, бастамашы немесе бенефициар болуы мүмкін;
      11) инкассалық өкім - ақша жөнелтушінің банк шотынан оның келісімінсіз ақшаны алу үшін пайдаланылатын төлемді жүзеге асыру тәсілі;
      12) клиринг - клирингтік ұйым жүзеге асыратын, клирингке қатысушылардың қарсы талаптарын жинау, салыстыру, сұрыптау мен есепке алу және кейін олардың таза айқындамаларын (сальдо) анықтау процесі, сондай-ақ банктің өз клиенттері арасындағы қарсы талаптар бойынша көрсетілген іс-қимылдарды орындауы;
      13) микропроцессорлық төлем карточкасы - тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) қолма-қол ақшасыз ақы төлеу, қолма-қол ақша алу, валюта айырбастауды және төлем карточкасының эмитенті айқындаған және оның шарттарымен жүргізілетін басқа да операцияларды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын, сондай-ақ карточканы ұстаушыға қажетті ақпараты бар интегралдық микросхемалы төлем карточкасы;
      14) нұсқау - жөнелтушінің алушы банкке шарт немесе заң бойынша ақша аудару не төлеу туралы берілетін бұйрығы. Нұсқаулар тапсырма нысанында не талап нысанында жасалады;
      15) операциялық күн - банк ақша аудару туралы нұсқауларды және клиенттерден түскен осындай нұсқауларды тоқтата түру не кері қайтару туралы өкімдерді қабылдауды жүзеге асыратын және олардың пайдасына ақша аударуды жүзеге асыруға байланысты хабарларды жіберетін уақыт кезеңі;
      16) өндіріп алушы - шартқа немесе заңға орай алушы банк ақша жөнелтушінің келісімінсіз-ақ орындауға тиіс ақша өндіріп алу туралы талап қоюшы тұлға;
      17) төлем - ақша міндеттемесін ақша аудару не ішінде ақша міндеттемесі не ақша төлеу туралы бұйрығы бар төлем құжатын беру арқылы қолма-қол ақшаны пайдалана отырып не оны пайдаланбай орындау;
      18) төлем карточкаларының ұлттық банкаралық жүйесі - төлем карточкалары бойынша банкаралық операцияларға қызмет көрсету жүйесі, оны басқаруды жүйеге қатысушы банктер арнайы құрған, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалған жалпыұлттық міндеттерді іске асыру үшін микропроцессорлық карточкалар технологияларын қолдана отырып, электрондық тәсілмен қажетті ақпаратты сақтауды, өңдеуді және беруді қамтамасыз етуге қабілетті ұйым жүзеге асырады;
      19) төлем карточкасы - электронды терминалдар немесе өзге құрылғылар арқылы ақшаға қол жеткізу құралы, онда мұндай карточканы ұстаушыға төлемдерді жүзеге асыруға, қолма-қол ақша алуға, валюта айырбастауға және төлем карточкасының эмитенті белгілеген әрі соның шарттары бойынша басқа операцияларды жүргізуге мүмкіндік беретін ақпарат болады;
      20) төлем тапсырмасы - нұсқауда белгіленген ақша сомасын бенефициардың пайдасына аудару туралы нұсқауды жөнелтушінің алушы банкке ұсынуын көздейтін ақша төлемі мен (немесе) аударымын жүзеге асыру тәсілі;
      21) төлемдік талап-тапсырма - төлемді жүзеге асыру тәсілі, бұл ретте ақша жөнелтушінің банкіне ақша жөнелтушіге аталған талапты растайтын құжаттар негізінде және олар қоса беріле отырып, мұндай талапта көрсетілген ақша сомасын төлеу туралы жөнелтушінің талабы қойылады;
      22) төлем құжаты - ақша төлемі мен аударымын жасауға негіз болатын немесе көмектесетін құжат;
      23) чек - чек беруші мен алушы банк арасындағы шартқа негізделген, ішінде чек берушінің алушы банкке осы бұйрықта көрсетілген ақша сомасын чек ұстаушыға төлеуі туралы жазбаша бұйрығы бар төлем құжаты;
      24) чек беруші - чек жазып берген адам;
      25) чек ұстаушы - пайдасына чек жазылған адам, соның ішінде, егер чек беруші чекті өз атына жазса, чек беруші.";
      2) 6-бапта:
      1-тармақтың екінші бөлігінің екінші сөйлемі алып тасталсын;
      2-тармақтағы ", жинақ шоттары және карт-шоттар" деген сөздер "және жинақ шоттары" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2-1-тармақта:
      бірінші бөліктің мемлекеттік тілдегі мәтініндегі "ағымдағы шоттың" деген сөздер "банк шотының" деген сөздермен ауыстырылсын;
      үшінші бөлік алып тасталсын;
      3) 13-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "1. Ақша жөнелтушінің банкі төлемдік талап-тапсырманы осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, ақша жөнелтушінің акцепті болғанда ғана орындауы тиіс.
      Банктер ақша жөнелтушінің акцептін талап етпейтін төлемдік талап-тапсырманы жасалынған банктік заем шартына, кредиттік желі ашу туралы келісімге және заем операциясын не кепілдік беру фактісін растайтын өзге құжатқа сәйкес заемшының банк заемы бойынша мерзімі өткен берешегі болған жағдайда берешекті заемшыдан, гаранттан өндіріп алу үшін қолданады және ақша жөнелтушінің өзінің банк шотынан акцептсіз ақша алуға келісімі бар құжаттармен қоса ақша жөнелтушінің банкіне ұсынады.
      Ақша жөнелтушінің акцептін талап етпейтін талап-тапсырма негізінде ақшаны алу негізділігіне өндіріп алушы жауап береді.
      Төлемдік талап-тапсырмаларды ұсыну, сондай-ақ ақшаны алудың негізділігін растайтын құжаттардың түпнұсқаларын не көшірмелерін қоса беру қажеттігі туралы талап ету тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.".
      10. "Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері туралы" 2000 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., N 21, 385-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат; 2007 ж., N 20, 152-құжат):
      1) 10-баптың 2-тармағындағы "жеке шотқа" деген сөздер "банк шотына" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2) 20-баптың 2-тармағының бірінші бөлігіндегі "жеке шотына" деген сөздер "банк шотына" деген сөздермен ауыстырылсын.
      11. "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2000 ж., N 22, 406-құжат; 2003 ж., N 11, 56-құжат; N 12, 85-құжат; N 15, 139-құжат; 2004 ж,N 11-12, 66-құжат; 2005 ж, N 14, 55, 58-құжаттар; N 23, 104-құжат; 2006 ж, N 3, 22-құжат; N 4, 25-құжат; N 8, 45-құжат; N 13, 85-құжат; N 16, 99-құжат; 2007 ж, N 2, 18-құжат; N 4, 28, 33-құжаттар; N 8, 52-құжат; N 18, 145-құжат):
      1) 16-бапта:
      3-тармақта:
      "туралы" деген сөзден кейін "бухгалтерлік" деген сөзбен толықтырылсын;
      "кірістері мен шығыстары" деген сөздер "пайдасы мен зияндары" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2) 27-баптың 1-тармағының 4) тармақшасындағы "кірістер мен шығыстар" деген сөздер "пайдасы мен зияндары" деген сөздермен ауыстырылсын;
      3) 37-баптың 3-тармағының 3) тармақшасындағы "кірістер, шығыстар" деген сөздер "пайдасы, зияндары" деген сөздермен ауыстырылсын;
      4) 76-баптағы "белгілеген тізбе, нысан бойынша және мерзімдерде жылдық қаржылық есептілікті" деген сөздер "белгілеген тізбе бойынша, тәртіппен және мерзімдерде жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті, еншілес ұйымы (ұйымдары) болмаған жағдайда жылдық шоғырландырылмаған қаржылық есептілікті және аудиторлық есепті" деген сөздермен ауыстырылсын.
      12. "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" 2002 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж, N 17, 154-құжат; 2004 ж, N 23, 142-құжат; 2005 ж, N 7-8, 19-құжат; 2006 ж, N 3, 22-құжат; 2007 ж, N 9, 67-құжат; N 20, 152-құжат):
      1) 29-баптың 2-тармағындағы "жеке шотына" деген сөздер "банк шотына" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2) 50-баптың 3-тармағындағы "жеке шотына" деген сөздер "банк шотына" деген сөздермен ауыстырылсын.
      13. "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж, N 10, 55-құжат; N 21-22, 160-құжат; 2004 ж, N 23, 140-құжат; 2005 ж, N 14, 58-құжат; 2006 ж, N 10, 52-құжат; N 16, 99-құжат; 2007 ж, N 4, 28, 33-құжаттар; N 9, 67-құжат; N 20, 153-құжат):
      76-баптың 4-тармағының бірінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:
      "Қоғам Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда шоғырландырылған немесе еншілес ұйымы (-дары) болмаған жағдайда шоғырландырылмаған жылдық бухгалтерлік балансын, капиталдағы өзгерістер туралы есебін, ақша қаражатының қозғалысы туралы есебін, пайдасы мен зияндары туралы есебін, түсіндірме жазбаны, сондай-ақ аудиторлық есебін уәкілетті органмен келісім бойынша, уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген мерзімдерде бұқаралық ақпарат құралдарында жыл сайын жариялауға міндетті.".
      14. "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж,N 14, 104-құжат; 2006 ж,N 3, 22-құжат;N 4, 25-құжат; 2007 ж,N 8, 52-құжат):
      8-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыратын сақтандырушы өзінің мемлекеттік және орыс тілдеріндегі шоғырландырылған қаржылық есептілігін, ал еншілес ұйымы (-дары) болмаған жағдайда шоғырландырылмаған қаржылық есептілігін және аудиторлық есебін уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген тізбе бойынша, тәртіппен және мерзімдерде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын кемінде екі мерзімді баспа басылымында жыл сайын жариялауға міндетті.".
      15. "Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж,N 14, 102-құжат; 2006 ж,N 3, 22-құжат;N 4, 25-құжат; 2007 ж,N 8, 52-құжат):
      8-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Тасымалдаушының жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыратын сақтандырушы өзінің мемлекеттік және орыс тілдеріндегі шоғырландырылған қаржылық есептілігін, ал еншілес ұйымы (-дары) болмаған жағдайда шоғырландырылмаған қаржылық есептілігін және аудиторлық есебін уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген тізбе бойынша, тәртіппен және мерзімдерде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын кемінде екі мерзімді баспа басылымында жыл сайын жариялауға міндетті.".
      16. "Туроператордың және турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" 2003 жылғы 31 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., N 24, 179-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 3, 22-құжат; 2007 ж., N 8, 52-құжат):
      7-1-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2. Туроператордың және турагенттің жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жүзеге асыратын сақтандырушы өзінің мемлекеттік және орыс тілдеріндегі шоғырландырылған қаржылық есептілігін, ал еншілес ұйымы(-дары) болмаған жағдайда шоғырландырылмаған қаржылық есептілігін және аудиторлық есебін уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген тізбе бойынша, тәртіппен және мерзімдерде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын кемінде екі мерзімді баспа басылымында жыл сайын жариялауға міндетті.".
      17. "Лицензиялау туралы" 2007 жылғы 11 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., N 2, 10-құжат; N 20, 152-құжат):
      1) 32-бапта:
      1) тармақшада:
      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      "1) банк операциялары:";
      бесінші абзацтың мемлекеттік тілдегі мәтінінде "жеке және заңды тұлғалардың металл шоттарын ашу және жүргізу" деген сөздер "банктердің жеке және заңды тұлғалардың металл шоттарын ашуы және жүргізуі" деген сөздермен ауыстырылсын;
      алтыншы және жетінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:
      "кассалық операциялар: банктер мен ұлттық почта операторының қолма-қол ақшаны ұсақтауды, айырбастауды, қайта есептеуді, сұрыптауды, орауды және сақтауды қоса алғанда, оны қабылдауы және беруі;
      аударым операциялары: жеке және заңды тұлғалардың ақша төлемі мен аударымы бойынша тапсырмаларын орындау. Аударым операциясын жүзеге асыруға лицензия банктерге және "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 30-бабының 6-1-тармағында көрсетілген заңды тұлғаларға беріледі;";
      тоғызыншы абзацтағы "жалғыз акционері (қатысушысы) мемлекет болып табылатын" деген сөздер "акцияларының бақылау пакеті мемлекетке немесе ұлттық холдингке не ұлттық басқарушы компанияға тиесілі" деген сөздермен ауыстырылсын;
      4) тармақшаның он үшінші абзацындағы "оныншы және он бірінші абзацтарында" деген сөздер "оныншы абзацтан бастап он екінші абзац аралығында" деген сөздермен ауыстырылсын;
      2) 47-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      "Бір немесе одан көп банк операциялары, сақтандыру қызметіндегі класс қызметтің лицензияланатын түрінен алып тасталған жағдайда, лицензиат отыз күнтізбелік күн ішінде лицензияны қоса бере отырып, лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге міндетті.";
      3) 48-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
      "7) лицензиатты қаржы саласындағы қызметті және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметті жүзеге асыру кезінде лицензиялауға жататын субъектілер қатарынан алып тастау.".

      2-бап. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап отыз күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады