Қазақстан Республикасының Үкіметі
ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
"Қазақстан Республикасында ювенальды әділет жүйесін дамытудың 2009 - 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын мақұлдау туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы
Қазақстан Республикасында ювенальды әділет жүйесін дамытудың
2009 - 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын мақұлдау туралы
Қазақстан Республикасында ювенальды әділет жүйесін одан әрі дамыту және жетілдіру мақсатында
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында ювенальды әділет жүйесін дамытудың 2009 - 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі үш ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін.
3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары тиісті шешімдерді әзірлеу кезінде Тұжырымдаманың негізгі ережелерін басшылыққа алсын.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2008 жылғы N Жарлығымен
мақұлданған
Қазақстан Республикасында ювенальды әділет жүйесін дамытудың 2009 - 2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Кіріспе
Мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі бала құқығын қорғауды қамтамасыз ету болып табылады, бұл олардың Қазақстан Республикасының Конституциясында, халықаралық шарттар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерде бекітіліп берілген әлеуметтік-экономикалық, саяси, жеке құқықтары мен бостандықтарының бүкіл толықтығын тануды болжайды.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету оларды құқықтық қорғаумен тікелей байланысты. Құқықтық қорғау деп қоғамдық қатынастарға қатысушылар ретінде кәмелетке толмағандардың құқықтық мәртебесін белгілейтін (құқығы, міндеттері, құқықтары мен міндеттерін сақтау кепілдігі) және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу бойынша органдар жүйесінің қызметін ұйымдастыру негіздерін бекітетін нормативтік құқықтық актілер жиынтығы түсіндіріледі.
Құқықтық қорғау кәмелетке толмағандардың тыныс-тіршілігінің барлық саласын: тәрбиені, білім беруді, денсаулық сақтауды, еңбекті, әлеуметтік қамсыздандыру, демалысты қамтиды.
Кәмелетке толмағандарды құқықтық қорғау қылмыстық істер бойынша сот төрелігін іске асыру аясына түскен балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтиды. Мұндай қорғау әлемдік практикада кәмелетке толмағандарға арналған мамандандырылған сот төрелігі (ювенальды әділет) жүйесінің шеңберінде жүзеге асырылады.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бойынша барлық аталған шаралар кешені "ювенальды әділет" терминімен қамтылады. Халықаралық практикада, атап айтқанда кәмелетке толмағандарға сот төрелігін іске асыруға қатысты БҰҰ ең төменгі стандарттық ережелерінде (Пекин ережелері) "Juvenile Justice" термині "кәмелетке толмағандар істері бойынша сот төрелігі" ұғымын білдіреді.
Алайда, әлеуметтік тұрғыда кеңірек алғанда, кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігі жүйесі кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған соттың айналасына құқық қорғау органдарындағы әр түрлі мамандандырылған құрылымдар, кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз және құқық бұзушылықты алдын алу жүйесінің мекемелері, адвокатура және құқық қорғау ұйымдарын біріктіретін кәмелетке толмағандардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау жүйесін білдіреді.
Бұдан басқа, ювенальды әділет - бұл тек қана кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға арналған мемлекеттік және өзге де органдар мен ұйымдардың кешенін, оларға қатысты сот төрелігін жүзеге асыруды ғана емес, сонымен бірге тиісті заңнаманы қамтитын жүйе.
Қазақстан Республикасында 2001 жылдан бастап кәмелетке толмағандармен жұмыс әдісін өзгерту мақсатында қылмыстық сот төрелігі жүйесінде "Қазақстандағы ювенальды әділет" жобасының бастамасы бойынша жұмыс жүргізілуде, оның мақсаты, міндеттері мен қағидаттары айқындалды.
2007 жылғы 30 наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің отырысында Қазақстанда ювенальды әділет жүйесін құру туралы мәселе қаралды, мұнда ювенальды әділет жүйесін құру бойынша ұсынылған негізгі бастамалар толығымен қолданды және мүдделі мемлекеттік органдарға мамандандырылған ювенальды әділет қызметінің моделін әзірлеуді аяқтау ұсынылды.
1. Халықаралық тәжірибе
Бүгінгі таңда ювенальды соттар әлемнің 60-тан астам елінде жұмыс істейді. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттар құру кезінде екі негізгі: ағылшын-саксондық және континентальдық модельдері жататын аталған заңдық құзырлық түріне әр елде әр түрлі көзқарас бірден айқындалғанын атап өткен жөн.
Ағылшын-саксондық және континентальдық соттардың құзыретінде кәмелетке толмағандар үшін айырмашылықтар, біріншісінде - кәмелетке толмағандардың жасаған қылмыстарына қатысушы ересек адамдардың істерін жалпы соттар қарайды, ал екіншісінде - кәмелетке толмағандардың істерін жалпы сотта қарауға қатаң тыйым салу нақты кәмелетке толмағандарға арналған дербес соттың қарау шеңберін кеңейтті, ересек қатысушылардың істері де осы соттарда қаралады.
Кәмелетке толмағандардың істері бойынша американдық қылмыстық процесс қарапайым әрі жедел. Онда бастысы - құқық бұзушылықты талқылау және ол үшін жаза тағайындау. Әрине, бұндай процесс өз мақсаты құқық бұзушыға ықпал жасау жетеді. Соттың құқық бұзушылыққа реакциясының кешігуі тікелей кәмелетке толмағандардың істерінде қауіпті екендігі белгілі және одан әрі ауыр құқық бұзушылықтың қайталануына әкеп соғады. Алайда, сот процесі жылдамдығының жағымсыз жақтары да бар, олар: адам құқығының шынайы бұзылу мүмкіндігі, тергеудің толық еместігі, дәлелдердегі олқылықтар, оларды алу көздеріне қатысты күмәндер.
Кәмелетке толмағандарға арналған континентальдық модельдің типтік үлгісі - осы заң құзырлығындағы француз соты. Францияда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот процесінде кәмелетке толмағандардың істері бойынша заң құзырлығының тиісті құзыретін көрсететін үш кезең: балаларға арналған судьялар, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі трибунал және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі алқа соттары бар.
Әдетте Франциядағы кәмелетке толмағандарға арналған соттарда сот рәсімі олардың жоғарыда аталған түрлеріне қатысты қаралады.
Балалардың француз судьясы - бұл осы лауазымға мерзімді қалпына келтіру мүмкіндігімен үш жылға тағайындалатын үлкен сатыдағы сот магистраты. Осы лауазымға кандидатураларды іріктеуде магистраттың балалық шақ мәселелеріне қызығушылығы ескеріледі. Департаментте (Францияның аумақтық бөлу бірлігі) жалпы қағидат бойынша балаларға арналған бір судья болады. Алайда департаменттерде, маңыздылығы бойынша, олар көп болуы мүмкін. Балаларға арналған судьялар мен аталған тергеу судьяларының арасында істер былай бөлінеді: екеуі де теріс қылықтарды және қарапайым бұзушылықтар туралы істерді қарай алады, ал қылмыстар мен өзге де құқық бұзушылықтар туралы істер тек тергеу судьяларының құзыретіне жатады.
Осылайша, халықаралық тәжірибе, ювенальды әділет әлеуметтік оңалту және сот төрелігін қалпына келтіру қағидаттарына негізделген кәмелетке толмағандарға арналған сот төрелігінің мамандандырылған жүйесін білдіретінін көрсетеді.
2. Тұжырымдаманың мақсаты
Тұжырымдаманың мақсаты Қазақстан Республикасында ювенальды әділет элементтерін кезең-кезеңмен енгізу және дамыту болып табылады, бұл оның барлық кезеңінде кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігін атқарудың тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу әділет, ішкі істер, білім беру министрліктерінде, соттарда, прокуратураларда және адвокатурада мамандандырылған бөлімшелер құруды қамтиды.
3. Проблеманың қазіргі жай-күйін талдау
Қазіргі уақытта Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі қызметке көзқарас түбегейлі өзгерді: өскелең жатқан ұрпақты дамыту үшін жағдай жасалған, балалардың құқықтарын қорғау, олардың қараусыздығы қалуының және құқық бұзушылықтарының алдын-алу жүйесі жұмыс істейді.
Бірақ, оған қарамастан, балалар мен жасөспірімдер қылмыстылық ахуалын талдау, алдын-алу саласында да, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөнінде қосымша шаралар қолдану қажеттігі туралы куәландырады. Балалық шақ аясында әлеуметтік саясаттың көкейкесті және қажет бағыттарының бірі - Қазақстанда ювенальды әділет жүйесін қалыптастыру және дамыту болып табылады.
Әлеуметтік және психологиялық зерттеулер, заңмен тартыста қалған кәмелетке толмағандардың көпшілігі толық емес, табысы аз адамдардың, көп балалы, жиі асоциалдық отбасыларының үлесі екендігін көрсетеді.
2007 жыл ішінде республика бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты 6274 қылмыс (2006 ж. - 6488) тіркелген.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында кәмелет жасына толмағандарға қатысты жазаларды атқару ісін 213 қылмыстық-атқару инспекциясы, 4 тәрбие колониясы, сондай-ақ ЛА-155/4 жалпы режимдегі түзеу мекемесінің аумағында орналасқан кәмелет жасына толмаған қыздарды ұстауға арналған оқшаулау учаскесі орындауда.
2007 жылы республиканың тәрбие колонияларында 473 (2006 ж. - 447), тергеу изоляторларында 459 (2006 ж. - 863) кәмелетке толмаған сотталғандар ұсталған, бұдан басқа 2074 (2006ж. - 2078) кәмелетке толмаған қылмыстық-атқару инспекцияларының есебінде тұрған.
Пенитенциарлық мекемелерде болу оларды тек түзеп қана қоймай, сондай-ақ отбасылық тәрбиеде өмір үрдісінде қалыптасқан теріс мінез-құлқын одан әрі нығайтады. Психологиялық зерттеулер, режимдік мекеме жағдайында бір жарым жыл болғаннан кейін жеке адамның құрылымында, оны одан әрі оңалту және қоғамда қайта әлеуметтендіруді қиындататын ересек адамның психикасында қайтымсыз өзгерістер жүреді. Қалыптаспаған жасөспірімнің психикасы одан да тез "сынады", ал қалпына келтіру процесі неғұрлым қиын және көп еңбектенуді қажет етеді деп жорамалдауға болады.
Заңмен қарама-қайшылықта қалған кәмелетке толмаған бала көмекке, әсіресе іс жүргізу процесінде кешенді ілесіп жүруді және сотта қолдауды қажет етеді.
Қазақстанда ювеналды әділетті енгізудің басты бағыты заңнаманы жетілдіру болып табылады.
Әлеуметтік қызметтердің рөлін сапалы өзгертуді көздейтін нормативтік құқықтық актілерді қабылдау қажет, олардың:
заңмен тартысқа түсіп қалған жасөспірімнің әлеуметтік ортасын зерттейтін, сондай-ақ судьяға бас бостандығынан айырудың балама түрін мүмкін ететін сотқа нұсқа ретінде ұсынатын әлеуметтендіретін шешімдердің спектрін әзірлейтін, сот шешімінің орындалуын қадағалауды жүзеге асыратын әлеуметтік жұмыскер ретінде;
екі жақты татуластыру процесін ұйымдастыратын және жүзеге асыратын медиатор-бітістіруші ретінде (айыпталушымен жәбірленушіге залалды өтеу мүмкіндікті және қайта келтіру тәсілдемесін пайдалануымен, заңмен көзделген рәсімдер шегінде - жоғарыда аталған іс-әрекеттерді жүзеге асыратын заңмен бекітілген субъект ретінде);
мамандандырылған білім беру мекемелерінен немесе бас бостандығынан айыру орындарынан оралған кәмелетке толмағанды әлеуметтендіруге ықпал ететін (әлеуметтік, тұрмыстық және жұмыспен қамтуға) адам ретінде белсенді түрде қатысуы.
Сотта іс жүргізу процесінде кәмелетке толмағандарға еріп жүру жөніндегі жұмыс тәжірибесін талдау, Қазақстанда осы проблемаларды шешу нұсқаларының бар екендігін көрсетті, олар "Қазақстандағы ювенальды әділет" жобасының шеңберінде екі ауданда - Алматы қаласының Әуезов және Алматы облысының Қарасай аудандарында пилоттық жобада ойдағыдай іске асырылды, осы іс-шара қылмыстық сот ісін жүргізу тәжірибесін елеулі жетілдіруге мүмкіндік берді. Жоба шеңберінде алынған мынадай нәтижелер оң фактор болып табылады:
1) қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған кәмелетке толмаған айыпталушылардың саны азайды (485 кәмелетке толмағандардан 68 қамауға алынды);
2) тәулік бойы кәмелетке толмағандардың істерінде мамандандырылған адвокат-қорғаушының қызметі ұсынылды;
3) нақты ұсталған уақыттан бастап әлеуметтік психолог қатысты;
4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кәмелетке толмағандарды қылмыстық қудалау тергеу сатысында тоқтатылды (345 кәмелетке толмағандардан 131-не қатысты тоқтатылды);
5) әрбір бөлек қылмыстық істің жағдайларын мұқият қарауының нәтижесінде айыптау неғұрлым жеңілдетілген қылмыстық істер көбейді (115 кәмелетке толмағандардан жаза неғұрлым жеңілдетілді: 34 кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстың қуғындау тоқтатылды; 14 кәмелетке толмағандарға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің баптары неғұрлым жеңілге сараланды);
6) бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза түрлерін қолдану көбейді (91 кәмелетке толмағандардан - 61).
Бүгінгі күнде "Қазақстандағы ювенальды әділет" жобасының қорытындысы, мүдделі мемлекеттік органдардың пікірлерін ескере отырып (Әділет, Ішкі істер, Білім және ғылым министрліктері, Бас прокуратура, Жоғарғы Сот) ювенальды әділет жүйесінің мамандандырылған қызметтері: ювенальды полиция, ювенальды прокуратура, ювенальды соттар, ювенальды адвакатура, ювенальды қылмыстық-атқару инспекциясы, әлеуметтік психологтар және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік органдардан тұратын Қазақстанда ювенальды әділет жүйесін құру қажеттігі туралы куәландырады.
Осылайша, ювенальды әділет жүйесін, оның ішінде арналған әлеуметтік қызмет мекемелерін дамыту жолымен құру қоғамның тұрақтылығын нығайтуға, кәмелетке толмағандар ортасындағы шиеленісті төмендетуге мүмкіндік береді, қоғамның жастар ортасында болып жатқан процестерге белсенді әсер етуіне мүмкіндік береді.
4. Тұжырымдаманың негізгі бағыттары мен іске асыру тетіктері
Кәмелетке толмағандармен жұмыс бойынша мамандандырылған бөлімшелер құру жөніндегі мәселені қарастыру
4.1. Кәмелетке толмағандардың істері бойынша мамандандырылған соттар (ювенальды соттар)
Мамандандырылған (ювенальды) сот ювенальды әділет жүйесінің маңызды буыны болып табылуға тиіс, бұл
Конституциядағы
сот билігі Конституция, заңдар, өзге де нормативтік құқықтық актілер, республиканың халықаралық шарттары негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға таралатындығы туралы ережемен негізделген.
Соттың кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қатысты мәселелерін шешуде неғұрлым үлкен мүмкіндіктері бар.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 20 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген
Құқықтық саясат тұжырымдамасында
елдің сот жүйесін дамытудың перспективалы бағыттарының бірі ретінде ювенальды соттар құру айқындалған.
"Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы"
Конституциялық заңның
3-бабында республикамызда кәмелетке толмағандардың ісі бойынша мамандандырылған соттар құру мүмкіндігі бекітіліп берілген.
2005 жылғы 3 маусымда Қазақстан Республикасы судьяларының IV съезінде Мемлекет басшысы елімізде кәмелетке толмағандардың істері бойынша мамандандырылған соттар құру туралы міндет қойды, 2007 жылғы 23 тамызда "Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құру туралы"
Жарлыққа
қол қойылды.
Жарлықтың
1-тармағы Астана және Алматы қалаларында Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық істерді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді және олардың мүдделерін қозғайтын азаматтық істерді қарауға уәкілеттік берілген кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың құрылуын көздейді.
Осындай соттардың қарауына ата-ана құқығынан айыру туралы, әке болуды анықтау туралы, баланың тұрғылықты жерін анықтау туралы, кәмелетке толмағандардың мүліктік және мүліктік емес құқықтарын қорғау туралы даулар, сондай-ақ бала асырап алу (қыз асырап алу) туралы өтініштер, оның ішінде шетелдік азаматтардың да өтініштері кіреді.
Көрсетілгендер Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы іске асырылуы тиіс.
Республиканың бүкіл аумағында мамандандырылған (ювенальды) соттар құру жұмысын жалғастыру қажет.
4.2. Мамандандырылған (ювенальды) прокуратура
Қазақстан Республикасы
Конституциясының
83-бабына сәйкес прокуратура органдары Республика аумағында заңдардың оның ішінде Конституцияның өзінің, Қазақстан Республикасының Президенті Жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын жүзеге асырады.
Заңдылықтың өкілеттіктердің кең ауқымын және кез келген бұзушылыққа ден қою құқығын иелене отырып, прокуратура органдары соның ішінде кәмелетке толмағандардың құқықтарының сақталуын қадағалауды жүзеге асыра отырып, заңдылықтың ең өзекті проблемаларына көңіл бөледі.
Кәмелетке толмағандар туралы заңнаманың қолданылуын қадағалаудың басымдылығын ескеріп, облыстық және оларға теңестірілген прокуратураларда жұмысты үйлестіру бірінші басшыларға жүктелген.
Ювенальды әділет жүйесін дамытуға байланысты жасөспірімдерді кепілдендірілген құқықтық және әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін кәмелетке толмағандар туралы заңнаманың қолданылуын қадағалауды жүзеге асыруда прокуратураның рөлін арттыру жөніндегі жұмысты жүргізу қажет.
Ол үшін прокуратура органдарында кәмелетке толмағандар туралы заңнаманың қолданылуын қадағалауды ұйымдастыру бойынша мамандандырылған бөлімшелер құру мүмкіндігі мәселесі пысықталатын болады.
4.3. Мамандандырылған (ювенальды) полиция
Қазіргі кезде ішкі істер органдарының құрылымында ювенальды әділет жүйесінің бір қатар элементтері жұмыс істеуде.
Оларға:
өзге де құқық қорғау органдарымен, мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдармен және қоғамдық ұйымдармен жұмыста өзара іс-қимыл негізінде кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алудың және балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алудың негізгі буындарының бірі болатын кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімшелер (КІБ);
кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтары;
кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі жедел уәкілетті криминалдық полиция;
кәмелетке толмағандардың жасаған қылмыстары туралы қылмыстық істерді тергеуге арнайы бекітілген тергеушілер жатады.
Жасөспірімдер қылмысын алдын-алудың қосымша әдісі білім беру ұйымдарына бекітілген кәмелетке толмағандардың істері бойынша полиция инспекторларын (мектеп инспекторлары) енгізу болып табылады.
4.4. Мамандандырылған (ювенальды) адвокатура
Балалардың құқығын қорғауға бағдарланған кәмелетке толмағандар үшін қылмыстық сот төрелігінің жүйесінде адвокат кәсіби қорғаушы болып табылады. Адвокат кәмелетке толмаған баланы яғни алғашқы жауап алудан бастап және сот үкіміне шағым берумен аяқталатын қылмыстық процестің барлық сатыларында қорғайды. Адвокат кәмелетке толмаған балаға қатысты қылмыстық процеске қатысуға міндетті. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі адвокаттың сапалы, жоғары біліктілік жұмысы - бұл ювенальды әділет жүйесінің табысты жұмыс істеуінің көрсеткіші.
Қазақстан Республикасының Конституциясы мен қылмыстық іс жүргізу заңнамасында адвокаттың кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық процеске міндетті түрде қатысуын белгілейтін анықтайтын нормалар бар. Бұл, мүмкіншілікке немесе жасөспірім туыстарының адвокат қызметін төлеу тілегіне қарамастан, адвокат кәмелетке толмаған баланы міндетті түрде қорғауға тиіс екендігін көрсетеді. Мұндай төлем болмаған жағдайда, қылмыстық процесті жүргізетін орган қорғаушыны тағайындау туралы қаулы шығаруды, және адвокаттың қызметі мемлекеттік бюджет қаражатынан төленеді.
Кәмелетке толмағандар үшін сот төрелігінің жүйесіндегі адвокаттың ерекше рөлін ескеріп, оның қорғау функцияларын күшейтіп, "Қазақстандағы ювенальды әділет" жобасының барысында кәмелетке толмағандарды қорғайтын мамандандырылған топ құрылды, оған адвокаттар мен әлеуметтік психологтар кіреді. Бұл адвокаттар мен әлеуметтік психологтардың күш жігерлері бірігуінің бірінші және бірегей тәжірибесі болды.
Алғаш рет Қазақстанның және ТМД аумағында, қылмыс жасауда күдікті болатын жасөспірімдерге ұсталған сәттен бастап, тек қана заңдық жағынан ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-психологиялық көмек пен қолдау көрсетіледі. Сотқа кәмелетке толмаған баланың әлеуметтік-психологиялық суреттемесін беретін адвокаттар мен әлеуметтік психологтардың көмегімен әр балаға жеке көзқараспен қарау туралы халықаралық құқық нормалары мен Қазақстан Республикасы қылмыстық іс жүргізу заңнамасының талаптары жоғары деңгейде орындалды.
Баланың құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды, "Қазақстандағы ювенальды әділет" жобасының тәжірибесін ескеріп, Алматы қалалық адвокаттар алқасы 2006 жылы қыркүйекте мамандандырылған ювенальды заң консультациясын құруға шешім қабылдады.
Алматы қаласының аумағында қылмыс жасауда күдікті немесе айыпты кәмелетке толмағандарды білікті заңгерлік және әлеуметтік-психологиялық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында ювенальды заң кеңесі құрылды. Ювенальды кеңестің құрамына адвокаттар алқасы, әлеуметтік психологтар, консультацияда практикадан өтіп жатқан жоғарғы курстың психолог-студенттері кірді.
Мамандандырылған ювенальды заң консультацияларын республиканың қалалары мен облыс орталықтарында құруға қажеттілік туындап отыр.
4.5. Мамандырылған қылмыстық-атқару инспекциялары
Қазақстан Республикасындағы қылмыстық саясатты ізгілендіру нәтижесінде қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларға сотталғандардың, соның ішінде кәмелетке толмағандардың да саны артты.
Кәмелетке толмағандарға қатысты бас бостандығынан айырмай жазалардың орындалуы олардың құқықтарын қорғау элементтерінің бірі болып табылады.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық заңнамасымен кәмелетке толмағандарға қылмыстық жазаның 6 түрі көзделген, оның ішінде жазаның 4 түрін қылмыстық-атқару инспекциялары атқарады, бұдан басқа олар шартты түрде сотталғандарға және үкімнің орындалуы кейінге қалдырылған сотталғандарға бақылауды жүзеге асырады.
Ювенальды әділет жүйесін құру кезеңінде кәмелетке толмағандардың істері бойынша маман-инспекторлардың лауазымын енгізу ұсынылуда.
Олардың құзыретіне қоғамдық және түзеу жұмыстарын атқару, шартты сотталғандардың, сотпен жазасы кейінге қалдырылған жүкті кәмелет жасына толмаған әйелдердің, сондай-ақ жас балалары бар әйелдердің жүріс-тұрысын бақылау, тұрғылықты мекен-жайы бойынша бас бостандығын шектеуге сотталған кәмелетке толмағандарға қадағалауды жүзеге асыру, қылмыстың және өзге де құқық бұзушылықтың алдын алу кіреді.
4.6. Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік органдар
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында балаларға арналған, оның ішінде жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 79674 жасөспірімдерді қамтитын 722 интернаттық мекемелер ашылған.
Денсаулық сақтау жүйесінде 2105 жасөспірімдерді қамтитын 26 балалар үйі жұмыс істейді.
Әлеуметтік қорғау жүйесінде 2882 жасөспірімдерді қамтитын мүгедек балаларға арналған 20 интернат үйлері жұмыс істейді.
Құқық қорғау жүйесінде 9883 жасөспірімдерді қамтитын 18 кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау және оңалту орталықтары жұмыс істейді.
Білім беру жүйесінің иелігінде тәрбиенің ерекше жағдайын қажет ететін балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған мектептер, мінез-құлқы ауытқыған балаларға арналған мектептер бар. Бұл мекемелерге заңмен қайшы келген жіберіледі, жолданады, олар, әрине қоғамның және мемлекеттің тарапынан ерекше көзқарасқа мұқтаж.
Бұл ұйымдардың қызметі бір мақсатқа жетуге бағытталған: тәрбиеленушілердің дене және имандылық денсаулығын сақтауға және нығайтуға. Бұл ретте осы ұйымдарға тиісті белгіленген ерекшелік бойынша жоғарыда көрсетілген ұйымдардың міндеттері әр түрлі және әлеуметтік, медициналық, құқықтық және басқа да қызметтерді көрсетуді ұйғарады. Бірыңғай тәсілдеме жоқтығынан, іс-әрекеттер үйлестірілмегендіктен, осындай ұйымдарда әр түрлі себептер бойынша түскен баланың құқықтар қорғауды іске асыруға мүмкіндік бермейді.
Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың қызмет көрсетіп жатқан бөлімшелерін жұмысын күшейту ұсынылады.
4.7. Кәмелетке толмағандарды әлеуметтік сүйемелдеу жүйесі
Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық процестің маңызды құрамы ретінде кәмелетке толмағандардың мүддесі үшін арнайы мәселелерді қарайтын арнайы әлеуметтік қызметтердің атқаратын жұмысы болуы тиіс.
Бұл қызметте психология мен педагогика, әлеуметтік ғылымдар саласындағы тиісті кәсіби білімі бар тұлғалар жұмыс істеуі тиіс, бұл жеткіншекпен байланыс орнату кезінде, біршама айтарлықтай жетістік береді.
Жеткіншектің жеке басын зерттеу ісі кәмелетке толмаған баламен, оның ата-анасымен, мұғалімдерімен, маңайындағы жақындарымен тікелей сөйлесу арқылы, сонымен қатар жеткіншектің жеке басы туралы толық түсінік құруға мүмкіндік беретін тиісті құжаттарын жинау және оларды талдау арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Әлеуметтік қызметтер қызметкерлерінің кәмелетке толмағандармен атқарылған жұмыстарының нәтижелері бойынша есеп жасалатын болады, оның мазмұнын қылмыстық қудалау органдары іс жүргізу шешімін қабылдауда және сотпен үкім шығарарда назарға ала алады.
"Қазақстандағы ювенальды әділет" жобасы "қылмыстық процестегі кәмелетке толмағандарды қорғаушы әлеуметтік психологтардың" әлеуметтік қызметінің бір моделін құрды. Қазақстанда бірінші рет қылмыстық процесте кәмелетке толмағанды қорғау жағында мамандандырылған әлеуметтік психологтардың қатысу практикасы жүргізілді.
Әлеуметтік психологтардың негізгі қызметі кәмелетке толмағандарды кәсіби психологиялық қолдауға қажеттілік болып табылады.
Қылмыстық сот төрелігіне түскен жеткіншек өзіне ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Толық жетілмеген жеткіншек сыртқы көмекті және қолдауды қажет етеді. Оның тағдырында арнайы дайындығы бар үлкен адамдардың қатысуы қаншалықты көп болса, осы қиын кезеңнен жеткіншектің жақсы жетістіктермен өтуіне мүмкіншілік көп болады.
Кәмелетке толмағандарды қорғайтын әлеуметтік психологтардың қызметінің негізі жеткіншектің кәсіби психологиялық көмек көрсетуді қажет етуі болып табылады.
Кәмелетке толмағандарды қолдау тиімді болуы үшін әлеуметтік психолог жалпы кәсіби - этикалық нормаларға сүйенуі тиіс. Бұл мүлтіксіз орындалуға тиіс жүріс-тұрыс қағидаттары мен ережелерінің жиынтығы. Әлеуметтік психологтың этикасы клиентпен қарым-қатынас жасау ісінде баға жетпестікті төзімділікті және құпиялық сақтауды талап етеді. Бұл дегеніміз әлеуметтік психолог барлық уақытта өзінің клиентінің мүдделерін қорғауы тиіс.
Әлеуметтік психологтың клиенті кәмелет жасына толмағанның өзі болып табылады.
Осылайша, әлеуметтік психолог жеткіншектің, оның достарының сенімділігін алады және жанжалдың болмауына қол жеткізеді.
Әлеуметтік психологтар қорғау жағында жұмыс істей отырып, жеткіншектің өзіне де және оны қоршаған үлкендерге де көмектесетін, өзіне сенімділік пен маңыздылығын сезінетін жақсы жақтарын және сапаларын табуға тырысады.
Қылмыстық сот төрелігін жүргізу жүйесінде кәмелетке толмағандарды қамауға алу кезінде жедел қызметкерлер, тергеушілер, адвокаттар, прокурорлар негізгі тұлғалар болып табылады. Осы аталған тұлғалар ұсталған кәмелетке толмағандардың жеке және психологиялық ерекшеліктерін ескеруі тиіс болса да, практика мұндай қолдауды кәсіби деңгейде көрсететін маманы қажет екендігін көрсетеді.
Ювенальды әділет жүйесінде жеткіншекті ерекше әлеуметтік сүйемелдеу туралы мәселені қарату қажет. Жеткіншек жасындағы дамуының жас ерекшеліктерін, жеткіншектің қауқарсыздығын, сезімталдығын, қамауға алу фактісінен алынған стресті, әлеуметтік ортаның ықпалын, отбасындағы жағдайды, ықтимал психологиялық проблемалар мен педагогикалық қараусыздықты, түрлі тәуелділік нысандарын ескермеуге болмайды.
Осылайша, жеткіншек психологиялық көмекті, әлеуметтік қажеттіліктерінің шешілуін, жаза атқаруды бақылауды, қайта қылмыс жасаудың алдын алуды, әлеуметтік ортаға жетістікпен бейімделуді қажет етеді.
Бүгінгі күнде кәмелетке толмағанның жоғарыда аталған барлық қажеттіліктерін толық қанағаттандыратын кәсіп жоқ. Сондықтан жасөспірімді әртүрлі қызметтер мен ведомстволармен ерекше әлеуметтік сүйемелдеу қажеттілігі туындайды. Бұл сүйемелдеуде мамандандырылған ювенальды заң консультацияларының құрамындағы әлеуметтік психологтар, ювенальды соттардың әлеуметтік қызметкерлері, мамандандырылған полиция инспекторларың, қылмыстық атқарушылық инспекцияның балалардың құқықтарын қорғау жергілікті өңірлік органдардың мамандандырылған қызметкерлері кіреді.
Осы аталған кәсіби салалардың әрқайсысына тән өз ерекшелігі болады:
мамандандырылған ювенальды заң консультациясының әлеуметтік психологтары - тергеу және сотты жүргізу кезіндегі психологиялық көмек, медиация (үшінші бейтарап жақтың қатысуымен келіссөздердің ерекше нысаны медиатор - делдал, оның процесінде даулы жақтар медиатордың көмегімен өздерінің мүдделерінің негізінде араларындағы проблемаларды өз бетінше шешеді); кәмелетке толмаған туралы ақпаратты жинау, кәмелетке толмағанның әлеуметтік-психологиялық портретін жасау, ата-аналармен жұмыс жүргізу; әлеуметтендіру кезіндегі психологиялық көмек;
ювенальды соттардың әлеуметтік қызметкерлері - жеткіншек пен қоғам үшін криминогендік қауіп-қатердің деңгейін бағалау, демалысын ұйымдастыруға немесе жұмысқа орналасуға көмек көрсету, оқу процесінде қолдау, жазаның балама түрлерін анықтау үшін арналған ақпарат ұсыну, отбасымен жұмыс істеу, тергеу және сот жүргізу кезінде сондай-ақ қылмыстық іс аяқталғаннан кейін жеткіншектің жүріс-тұрысын бақылау, медициналық көмек көрсетуге жәрдемдесу;
мамандандырылған полиция инспекторлары - заң бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмаған баланың отбасымен жұмыс, тергеу және сот жүргізу кезінде жүріс тұрысын бақылау;
мамандандырылған қылмыстық-атқару инспекциясының қызметкерлері - жазаны өтеу кезіндегі жеткіншектің жүріс тұрысын бақылау, отбасымен және оны қоршаған ортасымен жұмыс, сондай-ақ жаңа қылмыстарды ескерту;
балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік органдардың мамандары - балалардың құқықтарын қорғау бөлігінде заңнамасының және балалардың мүддесін қорғаудың сақталуын бақылау.
5. Күтілетін нәтижелер
Осы тұжырымдамада көзделген шараларды іске асыру:
кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігін жүзеге асыру кезінде лауазымды адамдардың адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау сапасын арттыруға;
құқық қорғау органдарының құқық қолдану пратикасында заңдылықты бұзу фактілерін азайтуға;
ювенальды әділет үшін кадрлар даярлау деңгейін арттыруға;
ювенальды әділет алдында тұрған мәселелерді шешуде барлық мүдделі мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимыл процестерін нормативтік құқықтық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге;
мамандандырылған ювенальды әділет бөлімшелерінің қызметін ведомстволық бақылауды күшейтуге;
пенитенциарлық жүйе мекемелеріндегі кәмелетке толмағандардың санын азайтуға және қылмыстық заңнаманы қолдану, бас бостандығынан айыруға байланысты емес қылмыстық жазаларды орындау тиімділігін арттыруға;
қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелерінде кәмелетке толмаған сотталғандарды ұстау жағдайлары мен тәртібін прогрессивті халықаралық практика жүйесіне сәйкес келтіруге мүмкіндік береді.