"Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ туралы шартты ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 9 қыркүйектегі N 832 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ туралы шартты ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ туралы шартты ратификациялау туралы

      Семейде 2006 жылғы 8 қыркүйекте қол қойылған Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ туралы  шарт  ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН АЗАТ АЙМАҚ ТУРАЛЫ
ШАРТ

      Осы Шарттың Тараптары,
      Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары 1997 жылғы 28 ақпанда қабылдаған Алматы декларациясын, өңірдің бес мемлекетінің сыртқы істер министрлері 1997 жылғы 15 қыркүйекте Ташкентте қабылдаған мәлімдемені, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының "Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру" тақырыбындағы 1997 жылғы 9 желтоқсандағы 52/38 S, 1998 жылғы 4 желтоқсандағы 53/77А және 2000 жылғы 20 желтоқсандағы 55/33 W, 2002 жылғы 22 қарашадағы 57/69, 2003 жылғы 8 желтоқсандағы 58/518, 2004 жылғы 3 желтоқсандағы 59/513 және 2005 жылғы 8 желтоқсандағы 60/516 қарарлары мен шешімдерін және Орталық Азия елдері, ядролық қарулары бар мемлекеттер және 1998 жылғы 9 шілдеде Бішкекте қабылданған Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының консультативтік кеңесінің коммюникесін басшылыққа ала отырып,
      түпкі мақсаты осы қаруды жою болып табылатын ғаламдық деңгейде ядролық қаруды қысқарту жөніндегі жүйелі және дәйекті күш-жігер жұмсауды жалғастырудың, сондай-ақ барлық мемлекеттер осы мақсатқа жетуге үлес қосуға міндетті екендіктеріне сенімді бола отырып, халықаралық қатаң да тиімді бақылау арқылы жалпыға бірдей және толық қарусыздану қажеттігін атап көрсете отырып,
      Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ - ядролық қаруды таратпау режимін нығайту, ядролық энергияны бейбіт мақсаттарға пайдаланудағы ынтымақтастықты дамыту, радиоактивтік ластанудан зардап шеккен аумақтарды экологиялық қалпына келтірудегі ынтымақтастықты дамыту және өңірлік, сондай-ақ халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылатынына сенім білдіре отырып,
      Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ, әсіресе, егер Ядролық қаруды таратпау туралы 1968 жылғы шартта (бұдан әрі ЯҚТШ деп аталады) танылған, ядролық қаруы бар бес мемлекет қоса беріліп отырған Қауіпсіздік кепілдігі туралы хаттамаға қосылатын болса, орталықазиялық мемлекеттердің қауіпсіздігін нығайтуға жәрдемдеседі, деп есептей отырып,
      Латын Америкасы мен Кариб бассейнін, Тынық мұхиттың оңтүстік бөлігін, Оңтүстік Шығыс Азия мен Африканы қоса алғанда, бірқатар өңірлерде ядролық қаруға иелік етуге, оны әзірлеуге, өндіруге, әкелуге және таратуға, сондай-ақ қолдануға немесе оны қолдану қаупіне тыйым салынған ядролық қарудан азат аймақтар құрылғанын тани отырып және осындай режимді бүкіл тіршілік игілігі үшін барлық ғаламшарымызға таратуға ұмтыла отырып,
      Шарттың қолданысын қарау және ұзарту жөнінде ЯҚШТ-да, ЯҚТШ-ға қатысушылардың 1995 жылғы конференциясында қабылданған "Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану принциптері мен мақсаттарында" және Шарттың қолданысын қарау жөніндегі ЯҚТШ-ға қатысушылардың 2000 жылғы конференциясының қорытынды құжатында баяндалған міндеттемелерде, сондай-ақ 1996 жылғы Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартта баяндалған принциптер мен мақсаттарды қуаттай отырып,
      Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы қаулы етті және төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап
Терминдерді айқындау және қолдану

      Осы Шарт пен оған Хаттаманың мақсаттары үшін:
      а) "Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ" - Қазақстан Республикасын, Қырғыз Республикасын, Тәжікстан Республикасын, Түрікменстанды және Өзбекстан Республикасын қамтиды;
      b) "ядролық қару немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғы" - осы қару немесе құрылғы өзінің соғыс немесе азаматтық мақсаттарға қолданылуы мүмкін болуына қарамастан ядролық энергия бөліп шығаруға қабілетті кез келген қару немесе басқа да жарылғыш құрылғыны білдіреді. Бұл термин құрастырылмаған немесе жарым-жартылай құрастырылған түріндегі осындай қаруды немесе құрылғыны қамтиды, алайда, егер одан ажыратуға болатын және оның ажырамас бөлігі болып табылмайтын болса, аталған қаруды немесе құрылғыны тасымалдау немесе жеткізу құралдарын қамтымайды;
      с) "орналастыру" дегеніміз әкелуді, орналастыруды, жинақтауды, сақтауды, орнатуды және таратуды білдіреді;
      d) "ядролық материал" - кез келген бастапқы немесе арнаулы ыдыратқыш материалды білдіреді, ол - Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (бұдан әрі - МАГАТЭ деп аталады) ара-тұра түзетулер енгізуі есепке алына отырып, МАГАТЭ жарғысының XX бабында белгіленген;
      е) "радиоактивті қалдықтар" - іс жүзінде қолданудан шығарылатын немесе шығарылған және бұдан былай пайдаланылмайтын, оның белсенділігі және олардағы радионуклидтердің белсенділігінің жиынтығы, МАГАТЭ-де жарияланған халықаралық нормалардың қолданысынан босату көзделгендегіден төмен деңгейден артық радионуклиді бар кез келген радиоактивті материалды, яғни кез келген затты білдіреді;
      f) "қондырғы" дегеніміз:
      і) реакторды, критикалық құрастырмаларды, конверсия зауытын, әзірлеу жөніндегі зауытты, қайта өңдеу қондырғысын, изотоптарды бөлуге арналған қондырғыны немесе бөлек қойманы; немесе
      іі) бір эффективті килограмнан асатын мөлшерде әдетте ядролық материал пайдаланылатын кез келген орналасу орнын білдіреді.

2-бап
Шарттың қолданысы

      а) Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақтың қолдану саласы болып, бірыңғай осы Шарттың мақсаттарына арналып, Қазақстан Республикасына, Қырғыз Республикасына, Тәжікстан Республикасына, Түрікменстанға және Өзбекстан Республикасына тиесілі құрғақтағы аумақтар, барлық су кеңістіктері (айлақтар, көлдер, өзендер мен бұлақтар) және оның үстіндегі әуе кеңістігі белгіленген;
      b) осы Шартта көрсетілгендердің ешқайсысы құрғақтағы немесе су кеңістігінің тиесілігіне, оның осы аймаққа кіретініне және кірмейтініне немесе оның егемендігіне қатысты кез келген дауда Орталық Азия мемлекеттерінің кез келгенінің құқықтарына нұқсан келтірмеуі тиіс және қандай да болсын өзге түрде осы құқықтарды қозғамауы тиіс.

3-бап
Негізгі міндеттемелер

      1. Әрбір Тарап:
      а) кез келген нысанда және қай жерде болсын кез келген ядролық қаруға немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларына зерттеу жүргізбеуге, әзірлемеуге, өндірмеуге, олардың қорын жинақтамауға немесе өзге түрде сатып алмауға, иеленуге немесе бақылау жасауды жүзеге асырмауға;
      b) кез келген ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғаны зерттеуге, жасауға, өндірісіне, қорларын жинақтауға, сатып алуға, иеленуге немесе оған бақылау жасауға қандай да болсын көмек іздемеуге және алмауға;
      с) кез келген ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыны зерттеуге, жасауға, өндірісіне, жинақтауға, сатып алуға және иеленуде көмек көрсетуге арналған қандай да болсын іс-әрекетті қабылдамауға және оны қолдамауға міндеттенеді;
      d) өз аумағында:
      і) ядролық қарудың немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғының өндірісіне, сатып алуға, орналастыруға, сақтауға немесе қолдануға;
      іі) кез келген ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыны алуға, сақтауға, жинақтауға, орнатуға немесе иеленудің басқа да нысанына және оларға бақылау жасауға;
      ііі) кімдер қолға алмасын кез келген ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыны әзірлеуге, өндірісіне, олардың қорын жинақтауға, сатып алуға және иеленуге немесе бақылау жасауға жәрдем көрсетуге немесе қолдауға жол бермеуге міндеттенеді.
      2. Әрбір Тарап өз аумағында басқа мемлекеттердің радиоактивті қалдықтарын көмуге жол бермеуге міндеттенеді.

4-бап
Шетелдің кемелері, ұшатын аппараттары және жерүсті көлігі

      Шетел кемелерінің оның айлақтарына келуін және шетел ұшу ақпараттарының оның әуежайларына қонуын қоса алғанда, өз аумағы арқылы әуе, құрғақ немесе су жолдарымен өту транзитіне байланысты мәселелерді әрбір Тарап осы Шарттың мақсаттары мен міндеттеріне нұқсан келтірместен өзінің егемендік құқығын жүзеге асыру тәртібімен шешуге ерікті.

5-бап
Ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларды сынауға тыйым салу

      Ядролық сынауға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа сәйкес әрбір Тарап:
      а) ядролық қарудың кез келген сынақ жарылысын және кез келген басқа да ядролық жарылысты жүргізбеуге;
      b) өзінің заңды құзыреті аясында немесе бақылауындағы кез келген жерде мұндай кез келген ядролық жарылысқа тыйым салуға және оны болдырмауға;
      с) ядролық қарудың кез келген сынақ жарылысын және басқа да кез келген ядролық жарылысты жүргізуге түрткі болудан, көтермелеуден немесе қандай да бір қатысудан қалыс қалуға міндеттенеді.

6-бап
Экологиялық қауіпсіздік

      Әрбір Тарап ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыларын әзірлеуге, өндіруге және сақтауға байланысты, соның ішінде, уран қалдықтары қоймасының және ядролық сынақ полигондарының бұрынғы қызметінің салдарынан ласталған аумақтарды экологиялық тұрғыдан оңалту жөніндегі кез келген күш-жігерге жәрдемдесуге міндеттенеді.

7-бап
Ядролық энергияны бейбіт мақсаттарға пайдалану

      Тараптардың ядролық энергияны бейбіт мақсаттарға пайдалану құқығына осы Шарттың ешқандай ережесі нұқсан келтірмейді.

8-бап
МАГАТЭ кепілдіктері

      Әрбір Тарап:
      а) өзінің аумағына орналасқан, өзінің заңды құзыреті аясындағы немесе қай жерде болсын өзінің бақылауындағы ядролық материалдарды немесе қондырғыларды тек қана бейбіт мақсаттарға пайдалануға;
      b) осы Шарт күшіне енгеннен кейін кем дегенде он сегіз айдан соң ЯҚТШ-ға (INFCIRC/153 (Соrr.)) және Қосымша хаттамаға (INFCIRC/540 (Соrr.)) сәйкес кепілдіктерді қолдану туралы МАГАТЭ-мен келісім жасасуға және егер мұны ол әлі жасамаған болса, оны күшіне енгізуге;
      с) ядролық қаруға иелік етпейтін кез келген мемлекетке, егер бұл мемлекет осы баптың b) тармағында көрсетілген жан-жақты кепілдіктер туралы келісім мен оған Қосымша хаттаманы МАГАТЭ-мен жасаспаған болса, (і) бастапқы немесе арнаулы ыдыратқыш материалды, немесе (іі) өңдеуге, пайдалануға немесе арнайы ыдыратқыш материалды өндіруге арналған жабдықты немесе материалды бермеуге міндеттенеді.

9-бап
Ядролық материалдарды және жабдықтарды іс жүзінде қорғау

      Әрбір Тарап рұқсатсыз пайдалану немесе айналымға салу немесе ұрлануының алдын алу үшін ядролық материалдарды, қондырғыларды және жабдықтарды іс жүзінде қорғаудың тиімді стандарттарын қолдауға міндеттенеді. Әрбір Тарап осы мақсатта ішкі тасымалдау және сақтау процесіндегі, өз аумағында пайдаланылатын ядролық материалдарға қатысты, сондай-ақ халықаралық тасымалдау процесіндегі және өз аумағындағы ядролық қондырғыларды 1987 жылғы Ядролық материалды іс жүзінде қорғау туралы  конвенцияда  және іс жүзінде қорғауға қатысты МАГАТЭ-де әзірленген ұсынымдар мен басшылық принциптерінде көзделген шаралардан тиімділігі кем емес, іс жүзінде қорғау шараларын қолдануға міндеттенеді.

10-бап
Консультативтік кездесулер

      Тараптар өз өкілдерінің жыл сайынғы кездесулерін алма-кезек өткізуге, сондай-ақ кез келген Тараптың өтініші бойынша осы Шарттың сақталу мәселелерін немесе оны жүзеге асыруға байланысты басқа да мәселелерді қарау үшін төтенше кездесулерге уағдаласады.

11-бап
Дауларды шешу

      Осы Шартты түсіндіруге немесе қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар, Тараптар қажет деп тапқан келіссөздер немесе өзге де жолдар арқылы шешеді.

12-бап
Басқа да келісімдер

      Осы Шарт Тараптардың осы Шарт күшіне енгенге дейін жасасуы мүмкін басқа да халықаралық шарттары бойынша құқықтары мен міндеттемелеріне ықпал етпейді.
      Тараптар Шартта баяндалған негізгі принциптерге сәйкес осы Шарттың мақсаттарына тиімді түрде қол жеткізу және оның міндеттерін жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс.

13-бап
Ескертпелер

      Осы Шарт ескертпе нысаны бола алмайды.

14-бап
Қол қою және ратификациялау

      а) осы Шарт Семей қаласында, Қазақстан Республикасы, Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймаққа енетін барлық мемлекеттердің: Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түрікменстанның және Өзбекстан Республикасының қол қоюы үшін ашық.
      b) осы Шарт ратификациялауға жатады.

15-бап
Күшіне енуі және қолданыс мерзімі

      а) осы Шарт ратификациялау туралы бесінші құжат Депозитарийге тапсырылған күннен бастап 30 күн өтісімен күшіне енеді;
      b) осы Шарттың мерзімі шексіз болып табылады.

16-бап
Шарттан шығу

      а) Әрбір Тарап егер осы Шарттың мәніне байланысты ерекше жағдаяттар оның жоғары ұлттық мүдделеріне қауіп-қатер туғызады деп шешсе, осы Шарттан Депозитарий атына жазбаша хабарламаны жолдау арқылы шыға алады. Осындай хабарламада оның жоғары ұлттық мүдделеріне қауіп-қатер туғызады деп қарастыратын ерекше жағдаяттар туралы мәлімдеме болуы тиіс;
      b) Шарттың барлық Тараптарына және Хаттамаға қол қойған мемлекеттерге осындай хабарламаны жіберетін Депозитарий хабарламаны алған күннен кейін 12 ай өткен соң шарттан шығу күшіне енеді.

17-бап
Түзетулер

      а) Тараптардың бірі ұсынатын, Шартқа жасалатын кез келген түзету барлық Тараптарға жіберіледі және кем дегенде оның өткізілуінен тоқсан күн бұрын Консультативтік кездесуге ұсынылады;
      b) мұндай түзетуді қабылдау туралы шешімді Тараптар ымыраға келу арқылы қабылдайды;
      с) осындай жолмен қабылданған түзету осы түзетуді барлық Тараптардың ратификациялағаны туралы құжаттарды Депозитарий алғаннан кейін барлық Тараптар үшін күшіне енеді.

18-бап
Депозитарий

      а) осы Шарт осы Шарттың Депозитарийі болып тағайындалатын Қырғыз Республикасының сақтауына тапсырылады;
      b) Депозитарий, соның ішінде:
      і) осы Шартқа және оған Хаттамаға қол қойылу мүмкіндігін қамтамасыз етеді және осы Шарт пен оған Хаттаманы ратификациялау туралы құжаттарды алады;
      іі) осы Шартты және оған Хаттаманы Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес тіркейді;
      ііі) осы Шарттың және оған Хаттаманың куәландырылған көшірмелерін барлық Тараптарға және Хаттаманың барлық Тараптарына жібереді және оларға осы Шартқа және оған Хаттамаға қол қойылғандығы және ратификацияланғаны туралы хабарлайды.
      Осыны куәландыру үшін, тиісті түрде уәкілеттіктері бар төменде қол қоюшылар, осы Шартқа қол қойды.
      Семей қаласында, Қазақстан Республикасы, 2006 жылғы сегізінші қыркүйекте ағылшын және орыс тілдерінде бір данада жасалды және екі мәтін де теңтүпнұсқа болып табылады.

       Қазақстан Республикасы үшін       Тәжікстан Республикасы үшін
      Қырғыз Республикасы үшін          Түрікменстан үшін
      Өзбекстан Республикасы үшін

Хаттама

      Осы Хаттаманың Тараптары,
      Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары 1997 жылғы 28 ақпанда қабылдаған Алматы декларациясына, өңірдің бес мемлекетінің сыртқы істер министрлері 1997 жылғы 15 қыркүйекте Ташкентте қабылдаған мәлімдемеге, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының "Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру" тақырыбындағы 1997 жылғы 9 желтоқсандағы 52/38 S, 1998 жылғы 4 желтоқсандағы 53/77А және 2000 жылғы 20 желтоқсандағы 55/33 W, 2002 жылғы 22 қарашадағы 57/69, 2003 жылғы 8 желтоқсандағы 58/518, 2004 жылғы 3 желтоқсандағы 59/513 және 2005 жылғы 8 желтоқсандағы 60/516 қарарлары мен шешімдеріне және Орталық Азия елдері, ядролық қарулары бар мемлекеттер және 1998 жылғы 9 шілдеде Бішкекте қабылданған Біріккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының консультативтік кеңесінің коммюникесіне сілтеме жасай отырып,
      түпкі мақсатқа - әлемді ядролық қарудан толық азат етуге қол жеткізу үшін барлық шараларды қабылдау қажеттігіне, сондай-ақ осы мақсатқа қол жеткізуге барлық мемлекеттер өз үлесін қосуға міндетті екендігіне кәміл сенім білдіре отырып,
      осыған байланысты Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құруға жәрдем көрсетуге ұмтылыс білдіре отырып,
      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап
Қауіпсіздіктің жағымсыз кепілдіктері

      Хаттаманың әрбір Тарапы ядролық қаруды немесе басқа да ядролық жарылғыш құрылғыны қолданбауға және Шарттың кез келген Тарапына қарсы олардың қолдану қаупін туғызбауға міндеттенеді.

2-бап
Заң бұзушылыққа жәрдемдеспеу

      Хаттаманың әрбір Тарапы Шартты немесе осы Хаттаманы олардың Тараптары бұзатынын білдіретін ешқандай да актіге жәрдем көрсетпеуге міндеттенеді.

3-бап
Шартқа қатысты түзетулердің қолданысы

      Хаттаманың әрбір Тарапы Шарттың 17-ші бабына сәйкес Шартқа қатысты түзетулердің күшіне енуі туғызуы мүмкін осы Хаттама бойынша міндеттемелерінің кез келген өзгерісімен өзінің келісетінін немесе келіспейтінін растауды Депозитарийге жазбаша хабарлау арқылы білдіруге міндеттенеді.

4-бап
Қол қою

      Осы Хаттама Қытай Халық Республикасының, Ресей Федерациясының, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің, Америка Құрама Штаттарының және Француз Республикасының қол қоюы үшін ашық.

5-бап
Ратификация

      Осы Хаттама ратификациялауға жатады.

6-бап
Хаттаманың қолданыс мерзімі және одан шығу

      а) осы Хаттаманың тұрақты сипаты бар және мерзімі шексіз болып қала береді;
      b) әрбір Тарап, егер осы Хаттаманың мәніне байланысты ерекше жағдаяттар оның жоғары ұлттық мүдделеріне қауіп-қатер туғызады деп шешсе, осы Хаттамадан Депозитарий атына жазбаша хабарламаны жолдау арқылы шыға алады. Осындай хабарламада оның жоғары ұлттық мүдделеріне қауіп-қатер туғызады деп қарастыратын ерекше жағдаяттар туралы мәлімдеме болуы тиіс;
      с) шығу Шарттың барлық Тараптарына және осы Хаттамаға қол қойған мемлекеттерге осындай хабарламаны жіберетін Депозитарий хабарламаны алған күннен бастап 12 ай өткен соң күшіне енеді.

7-бап
Күшіне енуі

      Осы Хаттама оның әрбір Тарапы үшін Депозитарийге Хаттаманы ратификациялау туралы өзінің құжатын тапсырған немесе Шарттың күшіне енген күнінен бастап - осы оқиғалардың қайсысы кешірек болатынына байланысты күшіне енеді.

       Қытай Халық Республикасы үшін
      Ресей Федерациясы үшін
      Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі үшін
      Америка Құрама Штаттары үшін
      Француз Республикасы үшін

Орталық Азия мемлекеттерінің Сыртқы істер
министрлері кездесуінің шешімімен қабылданды

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН АЗАТ АЙМАҚ ТУРАЛЫ ШАРТТЫҢ 10-ШЫ БАБЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖӨНІНДЕГІ РӘСІМДІК ЕРЕЖЕЛЕР

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН АЗАТ АЙМАҚ ТУРАЛЫ ШАРТҚА ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ КОНСУЛЬТАТИВТІК КЕЗДЕСУЛЕРІ

      1. Консулътативтік кездесулер
      Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың 10-шы бабына сәйкес Тараптар Шартты сақтау мәселелерін немесе оны жүзеге асыруға байланысты басқа да мәселелерді қарау үшін жыл сайынғы немесе төтенше консультативтік кездесулерді өткізеді.

      2. Алғашқы жыл сайынғы консулътативтік кездесу.

      2.1. Осы Шарт күшіне енгеннен кейін 2 айдан кешіктірместен алғашқы жыл сайынғы консультативтік кездесу шақырылады.
      2.2. Алғашқы жыл сайынғы консультативтік кездесу Душанбе қаласында, Тәжікстан Республикасы өткізіледі.
      2.3. Алғашқы жыл сайынғы кездесудің соңында Тараптар келесі жыл сайынғы кездесуді өткізудің орны мен мерзімдерін белгілейді.

      3. Төтенше консультативтік кездесу

      3.1. Шарттың кез келген Тарапының өтініші бойынша осындай бастаманы басқа екі Тарап қолдаған жағдайда, төтенше консультативтік кездесу шақырылады.
      3.2. Төтенше консультативтік кездесуді шақыру туралы ұсынысты оған бастамашы болған Тарап оны шақырудың қажеттілігін негіздей отырып, сол кезеңде Қабылдаушы Тараптың міндетін атқарушы Тараптың мекен-жайына дипломатиялық арналар арқылы жібереді.
      3.3. Қабылдаушы Тарап төтенше консультативтік кездесуді шақыру туралы ұсынысын алған күннен бастап 10 күннен кешіктірместен барлық басқа Тараптармен осындай кездесуді шақыру туралы мәселені келіседі.

      4. Консультативтік кездесулердің ұзақтығы

      Егер Тараптар өзгеше шешім қабылдамаса, консультативтік кездесулердің ұзақтығы, әдетте, 3 күннен артық болмайды.

      5. Делегация құрамы

      5.1. Тараптың ресми делегациясы делегация басшысын (немесе уәкілетті тұлғаны) және оның кеңесшілерін қамтиды.
      5.2. Ресми делегацияның және бірге жүретін адамдардың дербес құрамын кездесу басталатын күннен 10 күн бұрын Тараптар қабылдаушы Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды.
      5.3. Консультативтік кездесуге қатысу үшін жіберілетін ресми делегацияның форматы "1+3" тен көп болмауы тиіс.

      6. Қабылдаушы Тараптың төрағалық функциялары және оның міндеттері

      6.1. Қабылдаушы Тарап, өзінің өкілі арқылы жыл сайынғы және төтенше консультативтік кездесулерде Төрағаның міндеттерін атқарады.
      6.2. Қабылдаушы Тарап Төрағаның міндеттерін келесі жыл сайынғы кездесуге дейін атқарады.
      6.3. Осы кезеңде, Шарттың тағайындалған Депозитарийі Шарттың 10-шы бабын жүзеге асыруға қатысты кез-келген хабарға жауап береді.

      7. Шешімдерді қабылдау

      7.1. Әрбір Тараптың бір дауысы бар.
      7.2. Консультативтік кездесулердің шешімдері ымыраға келу арқылы қабылданады.
      7.3. Тараптар қабылдаған шешімдер Тараптардың ресми делегацияларының басшылары (немесе уәкілетті тұлғалар) қол қойған қорытынды құжаттармен ресімделеді. Консультативтік кездесулер барысында қабылданған құжаттар қорытынды құжаттардың міндетті түрдегі қосымшасы болып табылады.
      7.4. Қорытынды құжаттар орыс тілінде және, қажет болғанда, ағылшын тілінде жасалады.

      8. Бақылаушылар

      Шарттың барлық Тараптарының келісімімен жыл сайынғы және төтенше консультативтік кездесулерге бақылаушылар ретінде 1968 жылғы Ядролық қаруды таратпау шартында ядролық қаруы бар деп танылған бес мемлекет, сондай-ақ тиісті халықаралық ұйымдардың өкілдері шақырылуы мүмкін.

      9. Жұмыс тілдері

      Жыл сайынғы және төтенше консультативтік кездесулердің жұмыс тілдері орыс және ағылшын тілдері болып табылады.

      10. Есеп беру

      Консультативтік кездесу аяқталысымен Қабылдаушы Тарап орыс тілінде және, қажет болса, ағылшын тілінде есебін дайындайды. Шарттың барлық Тараптарының келісімімен берілген есеп мүдделі халықаралық ұйымдарға, сондай-ақ кездесуге қатысқан бақылаушыларға жіберілуі мүмкін.

      11. Шығысты жабу

      Көліктік шығысты және жатын орны шығысын қоспағанда, жылсайынғы немесе төтенше кездесулерді өткізуге байланысты шығыстарды Қабылдаушы Тарап көтереді.

Семей, 2006 жылғы 8 қыркүйек   

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады