"Тауарлардың шығарылған елін айқындаудың бірыңғай ережесі туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 22 қазандағы N 973 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Тауарлардың шығарылған елін айқындаудың бірыңғай ережесі туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
       Премьер-Министрі                              К.Мәсімов

                                                      жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

Тауарлардың шығарылған елін айқындаудың бірыңғай ережесі туралы келісімді ратификациялау туралы

      Мәскеуде 2008 жылғы 25 қаңтарда қол қойылған Тауарлардың шығарылған елін айқындаудың бірыңғай ережесі туралы келісім ратификациялансын.

       Қазақстан Республикасының
       Президенті

Тауарлардың шығарылған елін айқындаудың бірыңғай
ережесі туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Үкіметтері,
      осы Келісімге қатысушы болып табылмайтын мемлекеттермен (бұдан әрі - үшінші елдер) саудада кедендік рәсімдерді оңайлату мен үйлестіру мақсатында,
      өзара пайда мен халықаралық құқық негізінде сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға ниет білдіре отырып,
      көпжақты сауда жүйесін нығайтуға ұмтыла отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Дамушы және ең аз дамыған елдерден шығарылған және Тараптардың барлық мемлекеттері қатысушы болып табылатын еркін сауда туралы келісімдері бар елдерден шығарылған тауарларды қоспағанда, үшінші елдерден шығарылған тауарларға қатысты Тараптар мемлекеттерінің бірыңғай кедендік аумағында осы Келісімнің ажырамас бөлігін құрайтын Тауарлардың шығарылған елін айқындау ережесі қолданылады.
      Дамушы және ең аз дамыған елдерден тауарлардың шығарылған айқындау ережесі Тараптар арасындағы бөлек келісіммен бекітіледі.
      Тараптардың барлық мемлекеттері қатысушы болып табылатын еркін сауда туралы келісімі бар елден шығарылған тауарларға қатысты осы келісіммен белгіленген Тауарлардың шығарылған елін айқындау ережесі қолданылады.

2-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға және түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда Еуразия экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға жіберіледі.

3-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге Тараптардың жеке хаттамаларымен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

4-бап

      Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруды аяқтауға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу туралы хаттамасымен айқындалады.
      2008 жылғы 25 қаңтарда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы депозитарий болып табылатын Тараптардың әрқайсысына оның расталған көшірмесін жіберетін Еуразия экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитетінде сақталады.

  Беларусь          Қазақстан              Ресей
Республикасының    Республикасының      Федерациясының
Үкіметі үшін        Үкіметі үшін        Үкіметі үшін

Тауарлардың шығарылған  
елін айқындаудың бірыңғай
ережесі туралы келісімге
қосымша          

Тауарлардың шығарылған елін айқындау
ЕРЕЖЕСІ

      1. Осы Ережелерде пайдаланылатын терминдер мыналарды білдіреді:
      қосылған құн - "франко-зауыт" шартындағы тауардың бағасы мен оны өндіру үшін пайдаланылған импорттық шикізаттар мен материалдар құнының арасындағы айырма;
      тауар легі - бір көліктік құжат бойынша бір жүкті жөнелтуші бір жүкті алушының атына жіберетін тауарлар, сондай-ақ бір почталық жүкқұжат бойынша жіберілетін не кедендік шекарадан өтетін бір жеке тұлға қол жүгі ретінде өткізетін тауарлар;
      тауарлардың шығарылған елі - тауарлар толық өндірілген немесе осы Ережеде белгіленген тауарларды жеткілікті өңдеу өлшемдеріне сәйкес жеткілікті қайта өңдеуге ұшыраған ел. Бұл ретте, егер оларды тауарлардың шығарылған елін айқындау мақсаттары үшін бөлу қажеттілігі бар болса, тауарлардың шығарылған елі деп елдердің топтары, не елдердің кедендік одақтары, не елдің өңірі немесе бөлігі түсінілуі мүмкін;
      "франко-зауыт" шарттарындағы баға - оның экспорты кезінде төленетін немесе төленуі мүмкін барлық ішкі салықтарды есептемегенде, тауарды соңғы елеулі қайта өңдеуді жүзеге асырған өндірушіге төленуге жататын тауардың бағасы.
      2. Мыналар осы елде толық өндірілген тауарлар болып есептеледі:        1) елдің жер қойнауынан, оның аумақтық теңізінен (суларынан) немесе осы теңіздің түбінен өндіріп алынған пайдалы қазбалар;
      2) осы елде өсірілген немесе жиналған өсімдік тектес өнім;
      3) осы елде туған және өсірілген тірі жануарлар;
      4) осы елде өсірілген жануарлардан алынған өнім;
      5) осы елде аңшылық және балық аулау кәсіпшілігінің нәтижесінде алынған өнім;
      6) осы елдің кемесі алған теңіз балық аулау кәсіпшілігі өнімі мен теңіз кәсіпшілігінің басқа да өнімі;
      7) осы елдің қайта өңдеуші кемесінің бортында, тек қана осы тармақтың 6-тармақшасында көрсетілген өнімнен ғана алынған өнім;
      8) осы елдің, сол теңіз түбінің ресурстарын немесе сол теңіздің қойнауын игеруге арналған ерекше құқықтары болған жағдайда, осы елдің аумақтық теңізінен (суларынан) тыс жерлердегі теңіз түбінен немесе теңіз қойнауынан алынған өнім;
      9) осы елде өндірістік немесе қайта өңдеу жөніндегі өзге де операциялар нәтижесінде алынған қалдықтар мен металл сынықтары (қайталама шикізат), сондай-ақ сол елде жиналған және тек шикізат күйінде қайта өңдеу үшін ғана жарамды, пайдалануда болған бұйымдар;
      10) егер осы ел тиісті ғарыш объектісі тіркелген мемлекет болса, ғарыш объектілерінде ашық ғарышта алынған жоғары технологиялар өнімі;
      11) осы елде осы тармақтың 1)-10) тармақшаларында көрсетілген өнімнен ғана дайындалған тауарлар.
      3. Егер тауарды өндіруге екі және одан көп елдер қатысатын болса, осы Ережелерге сәйкес жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу белгіленген өлшемдеріне сай келетін тауарды қайта өңдеу немесе дайындау жөніндегі соңғы операциялар жүзеге асырылған ел тауардың шығарылған елі болып есептеледі.
      4. Егер тауарлардың жекелеген түрлеріне немесе қандай да бір елге қатысты тауарлардың шығарылған өлін айқындаудың ерекшеліктері осы Ереженің 6-тармағына сәйкес өзгеше ескертілмейді, тауарды қайта өңдеу немесе дайындау жөніндегі операцияларды жүзеге асыру нәтижесінде Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасы бойынша жіктеу коды кез келген алғашқы төрт белгінің деңгейінде өзгерген болса, тауар сол елден шығарылған болып есептеледі.
      5. Осы Ереженің 4-тармағында белгіленген ережелерге қарамастан жеткілікті дәрежеде қайта өңдеу өлшемдеріне:
      1) тауарды сақтау немесе тасымалдау кезінде оның сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі операциялар;
      2) тауарды сатуға және тасымалдауға дайындау жөніндегі операциялар (лекті бөлу, жөнелтуді қалыптастыру, сұрыптау, қайта орау), ораманы бөлшектеу және құрастыру бойынша операциялар;
      3) оларды жүзеге асыру Кеден одағының комиссиясы 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының комиссиясы туралы келісімге сәйкес бекітілген тізбе бойынша тауардың жай-күйін елеулі өзгертпейтін қарапайым құрастыру операциялары және тауарды бөлшектеу бойынша операциялар, сондай-ақ өзге де операциялар;
      4) алынған өнімнің бастапқы құрамдастарынан елеулі айырмашылықтарына әкелмейтін тауарларды (компоненттерді) араластыру;
      5) жануарларды сою, етті бөлу (сұрыптау);
      6) жуу, тазалау, шаңды алып тастау, тотықпен, маймен және басқа да заттармен қаптау;
      7) тоқыманы үтіктеу немесе нығыздау (талшықтар мен иірімжіптердің кез келген түрлері, талшықтар мен иірімжіптердің кез келген түрлерінен тоқыма материалдары мен олардан жасалған бұйымдар);
      8) бояу немесе жылтырату бойынша операциялар;
      9) дәнділер мен күріштің қабығын аршу, бөлшектеп немесе толығымен ағарту, жылтылдату мен ажарлату;
      10) қантты бояу немесе кесекті қантты қалыптастыру бойынша операциялар;
      11) қабығын аршу, дәндерді алу және жемістерді, көкөністер мен жаңғақтарды бөлу;
      12) қайрау, қарапайым тарту немесе қарапайым кесу;
      13) елеуіштен немесе електен елеу, сұрыптау, жіктеу, іріктеу, таңдау (оның ішінде бұйымдардың жиынтықтарын жасау);
      14) банкаларға, сауыттарға, қаптарға, жәшіктерге, қорабтарға құю, мөлшерлеу және орамалау бойынша қарапайым операциялар;
      15) алынған компоненттердің бастапқы тауардан елеулі айырмашылығына әкелмей тауарларды компоненттерге бөлу;
      16) жоғарыда көрсетілген операциялардың екеуін немесе одан да көп санын араластыру сәйкес келмейді.
      6. Тауардың шығарылған елін айқындау үшін, сондай-ақ Кеден одағының комиссиясы белгілейтін тәртіппен жеткілікті дәрежеде қайта өңдеудің мынадай өлшемдері пайдаланылады:
      1) бұл операциялар орын алған ел тауарлардың шығарылған елі болып есептелуі үшін жеткілікті белгілі бір шарттарды, өндірістік немесе технологиялық операцияларды орындау;
      2) пайдаланылатын материалдар құнының пайыздық үлесі немесе қосылған құн түпкі өнімнің бағасында тіркелген үлеске жеткен кездегі тауар құнының өзгеруі (адвалорлық үлес ережесі).
      7. Егер адвалорлық үлес ережесі қолданылған жағдайда құн көрсеткіштері:
      1) импорттық материалдар үшін - түпкі өнім өндірісі жүзеге асырылатын елге бұл материалдарды әкелу кезіндегі кедендік құны бойынша немесе (импорттық материалдардың шығу тегі белгісіз болған кезде) (РФ) түпкі өнім өндірісі жүзеге асырылатын елдің аумағында алғашқы сатылуының құжаттамалық расталған бағасы бойынша;
      2) түпкі өнім үшін — "франко-зауыт" шарттарындағы баға бойынша есептеп шығарылады.
      8. Бірнеше лекпен жеткізілетін бөлшектелген немесе құрастырылмаған түрдегі тауарлардың шығарылған елін айқындау кезінде, өндірістік немесе көліктік жағдайлардың себебінен оларды бір лекпен жөнелту мүмкін болмаса, сондай-ақ тауарлар легі қателік салдарынан бірнеше лекке бөлінген болса, декларанттың қалауы бойынша біртұтас тауар ретінде қарастырылады.
      9. Осы Ереженің 8-тармағында көзделген ереже мынадай шарттар бір уақытта орындалған кезде қолданылады:
      1) мұндай бөлшектеудің себептерін көрсете отырып, бөлшектелген немесе құрастырылмаған түрде тауарларды бөлшектеу туралы әкелу елінің кеден органын алдын ала хабардар ету, Сыртқы экономикалық қызметінің сәйкес тауарлардың кодтарын, әр лекке кіретін тауарлардың құны мен шығарылған елін көрсете отырып әр лектің толық сипаттамасын қоса беру, не тауарларды бірнеше лекке бөлу қателігін құжатпен растау;
      2) барлық тауарлар лектерінің бір елден бір жеткізушінің беруі;
      3) тауарлардың барлық лектерін бір кеден органына декларациялау;
      4) барлық лектерді бір келісім-шарт шеңберінде жеткізу;
      5) тауардың барлық легін кеден декларациясы қабылданған күнінен бастап бір жылдан аспайтын мерзімде не тауарлардың бірінші легіне қатысты оны беру мерзімі өтіп кеткен кезде жеткізу. Тауар алушыға байланысты емес себептер бойынша тауарлардың барлық лектерін жеткізіп беру мүмкін болмаған жағдайда кеден органы тауарды жеткізу үшін қажетті, бірақ бір жылдан артық емес мерзімде декларанттың дәлелді өтініші бойынша, тауардың қалған легін әкелу мерзімін ұзартуы мүмкін.
      10. Тауарлардың шығарылған елін айқындау кезінде оларды өндіру немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын жылу және электр энергиясы, машиналар, жабдықтар мен аспаптардың шыққан тегі есепке алынбайды.
      11. Машиналарға, жабдықтарға, аппараттарға немесе көлік құралдарына пайдалануға арналған құрал-саймандар, керек-жарақтар, қосалқы бөлшектер мен аспаптар, егер осы құрал-саймандар, керек-жарақтар, қосалқы бөлшектер мен аспаптар, техникалық құжаттарға сәйкес әдетте осы құрылғылармен бірге жеткізілетін жиынтықтағы және мөлшердегі көрсетілген машиналармен, жабдықтармен, аппараттармен немесе көлік құралдарымен бірге әкелінсе және пайдаланылса, сол машиналар, жабдық, аппараттар немесе көлік құралдары әкелінген елде шығарылған болып есептеледі.
      12. Орама Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасын есепке ала отырып тауардан бөлек қаралатын жағдайларды қоспағанда, кедендік аумаққа тауар әкелінетін орама сол тауардың өзі шығарылған елде шығарылған болып есептеледі. Мұндай жағдайда орама шығарылған ел тауар шығарылған елден бөлек айқындалады.
      Егер тауар кедендік аумаққа әкелінетін орама, тауардың өзі шығарылған елде шығарылған болып есептелсе, тауардың шығарылған елін айқындау үшін тауар, бөлшек саудада сатылатын орама ғана, оның ішінде осы Ереженің 6-тармағының 2-тармақшасында көзделген адвалорлық үлес ережесін қолдану кезінде ескеріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады