Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бразилия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 3 қарашадағы N 1003 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2007 жылғы 27 қыркүйекте Бразилиа қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бразилия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ МЕН БРАЗИЛИЯ ФЕДЕРАТИВТІК РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ АРАСЫНДАҒЫ САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ

(2013 жылғы 25 наурызда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2013 ж., N 2, 16-құжат)

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бразилия Федеративтік Республикасының Үкіметі (бұдан әрі "Тараптар" деп аталады)
      теңдік пен өзара пайдаға негізделген ұзақ мерзімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға және ұлғайтуға ниет білдіре отырып,
      осы Келісім Тарап мемлекеттерінің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты орнықты және үйлесімді дамыту мен түрлендіру үшін тиісті және тұрақты негіз болып табылатынына көз жеткізе отырып,
      мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар Тарап мемлекеттерінің арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдеседі, оны қолдайды және ілгерілетеді. Тараптар осы Келісімнің ережелеріне және өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес өз мемлекеттерінің жеке және заңды тұлғалары арасындағы экономикалық байланыстардың әртүрлі нысандарына ықпал етеді.

2-бап

      Тараптар олардың мемлекеттерінің аумағында шығарылған тауарлар үшін бірін біріне неғұрлым қолайлы режим ұсынады. Тараптар өздері қатысушы болып табылатын Еркін сауда және кеден одағы туралы келісім, дамушы мемлекеттермен преференциялық келісім немесе дамушы мемлекеттер үшін бір жақты преференциялар концессиясы шеңберінде преференциялық режим беруге құқылы.

3-бап

      Сауда ынтымақтастығының нәтижесінде Тараптар арасындағы барлық есеп айырысулар мен төлемдер, егер Тараптар өзгеше келіспесе, олардың  мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген және халықаралық банк  практикасына сәйкес кез келген нысандағы еркін айырбасталатын валютада жүзеге асырылады.

4-бап

      Тараптар өз өкілеттіктері шеңберінде олардың мемлекеттері арасындағы сауда және экономикалық ынтымақтастықтың басқа да нысандары, атап айтқанда экономикалық, өнеркәсіп, техникалық және ғылыми-технологиялық салалардағы даму үшін тұрақты жағдайларды қамтамасыз етеді.

5-бап

      Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және экономикалық бағдарламаларға қатысты ақпарат, сондай-ақ өзара мүддені білдіретін басқа да ақпарат алмасуды қолдайды.

6-бап

      Тауарларды өзара жеткізу олардың мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына және бағаларға, сапаға, жеткізулерге және төлем шарттарына қатысты белгіленген коммерциялық практикаға сәйкес Тараптар мемлекеттерінің жеке және заңды тұлғалары арасында жасалған келісім-шарттарға негізделуге тиіс. Бұл ретте Тараптар мемлекеттерінің жеке және/немесе заңды тұлғалары арасында жасаған келісім-шарттардан туындайтын міндеттемелер бойынша Тараптар жауап бермейді.

7-бап

      1. Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес бір-біріне жәрмеңкелерді, мамандандырылған көрмелерді және басқа да ұқсас іс-шараларды ұйымдастыруға жәрдем көрсетеді.
      2. Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жарнамалық материалдың, олардың мемлекеттерінің аумағындағы шығарылатын тегін үлгілердің, сондай-ақ жәрмеңкелер мен көрмелер үшін сатуға арналмаған тауарлар мен жабдықтардың импортын кеден бажынан, алымдар мен салықтардан босатады.

8-бап

      Осы Келісім олар қатысушылар болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

9-бап

      Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және/немесе қолдануға қатысты даулар мен келіспеушіліктер консультациялар мен келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі.

10-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен рәсімделетін және оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

11-бап

      1. Осы Келісім Тараптар оның күшіне енуі үшін қажетті барлық мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап отыз күн өткен соң күшіне енеді.
      2. Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және Тараптардың бірі екінші Тараптан соңғысының оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын алған күннен бастап 3 (үш) ай өткенге дейін күшінде қалады.
      3. Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату Тарап мемлекеттерінің жеке және заңды тұлғалары оның қолданылу кезеңінде жасалған келісім-шарттардың орындалуына әсер етпейді.
      2007 жылғы 27 қыркүйекте Бразилиа қаласында әрқайсысы қазақ, орыс, португал және ағылшын тілдерінде, бірдей заңды күші бар екі түпнұсқа данада жасалды. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.

       Қазақстан Республикасының          Бразилия Федеративтік
           Үкіметі үшін               Республикасының Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады