Тауарларды декларациялау тәртібі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 5 желтоқсандағы N 1152 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Тауарларды декларациялау тәртібі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Тауарларды декларациялау тәртібі туралы келісімге қол қойылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2008 жылғы 5 желтоқсандағы
N 1152 қаулысымен    
мақұлданған      

жоба

Тауарларды декларациялау тәртібі туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
      Еуразия экономикалық қоғамдастығының шеңберінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің (бұдан әрі - кеден одағына қатысушы мемлекеттер) бірыңғай кеден аумағында тауарларды декларациялау тәртібі туралы уағдаластықтарға қол жеткізу мақсатында,
      2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кедендік одақты қалыптастыру туралы шарттың ережелерін негізге ала отырып,
      халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім оның негізінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттары әзірленетін кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кеден аумағында тауарларды декларациялау тәртібінің негізгі ережелерін айқындайды.

2-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
      "декларант" - тауарларды декларациялайтын не оның атынан тауарлар декларацияланатын тұлға;
      "декларациялау" - осы Келісімде айқындалған жағдайларда тауарлар туралы мәліметтерді кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден органдарына (бұдан әрі - кеден органдары) мәлімдеу;
      "бірыңғай кеден аумағы" - кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден аумақтарынан тұратын аумақ;
      "шетелдік тұлға" - кеден одағына қатысушы мемлекеттің тұлғасы болып табылмайтын тұлға;
      "кеден одағына қатысушы мемлекеттің тұлғасы" - кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кез келгенінің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға, заңды тұлға болып табылмайтын ұйым, сондай-ақ кеден одағына қатысушы мемлекеттерде тұрақты тұратын жері бар жеке тұлға, оның ішінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кез келгенінің заңнамасына сәйкес тіркелген жеке кәсіпкер;
      "кедендік шекара" - кеден одағына қатысушы мемлекеттердің ерекше экономикалық аймақтарында және құрлықтық қайраңдарында орналасқан жасанды аралдардың, қондырғылардың, ғимараттардың және кеден одағына қатысушы мемлекеттердің оларға қатысты ерекше заңдық құзыры болатын өзге де объектілердің шектерін қоса алғанда, бірыңғай кеден аумағының шектері, сондай-ақ кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кез келгенінің заңнамасына сәйкес кеден одағына қатысушы мемлекеттердің аумақтарында құрылған арнайы (еркін немесе ерекше) экономикалық аймақтардың шектері;
      "кедендік декларация" - белгіленген нысан бойынша жасалған, тауарлар туралы, таңдап алынған кедендік режим туралы мәліметтер және (немесе) кедендік ресімдеу үшін қажетті өзге де мәліметтер бар құжат;
      "тауар" - кедендік шекара арқылы өткізілетін кез келген жылжымалы мүлік, оның ішінде ақпарат таратушылар, валюталық құндылықтар, энергияның электр және өзге де түрлері, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке жатқызылатын өзге де өткізілетін заттар.

3-бап

      Тауарлар, оларды кедендік шекара арқылы өткізген, кедендік режиммен орналастырған кезде, сондай-ақ кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарымен айқындалған өзге жағдайларда декларациялауға жатады.

4-бап

      Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарымен айқындалған шарттарға сәйкес кеден одағына қатысушы мемлекеттердің тұлғалары мен шетелдік тұлғалардың декларант ретінде түсуге құқығы бар.

5-бап

      Декларациялау кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарымен айқындалған жазбаша, электронды және өзге нысандарда жүргізіледі.

6-бап

      Кедендік декларациялаудың нысаны Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
      Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарымен коммерциялық құжаттар және кедендік ресімдеу үшін қажетті өзге де құжаттар кедендік декларация ретінде пайдаланылуы мүмкін жағдайлар айқындалады.
      Кедендік декларацияда көрсетуге жататын мәліметтердің тізбесі кедендік төлемдерді есептеу мен өндіріп алу, кедендік статистиканы қалыптастыру және кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кез келгенінің кедендік заңнамасын қолдану мақсаттары үшін қажетті мәліметтермен ғана шектеледі.

7-бап

      Бірыңғай кеден аумағына әкелінетін тауарларға арналған кедендік декларация тауарларды уақытша сақтау мерзімі өткенге дейін не кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарымен айқындалған жағдайларда өзге мерзімде ұсынылуы тиіс.
      Бірыңғай кеден аумағынан әкетілген тауарларға қатысты кедендік декларация оларды сол кеден аумағынан іс жүзінде әкеткенге дейін ұсынылады.

8-бап

      Кедендік декларацияны ұсыну, егер кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарымен өзгеше белгіленбесе, кеден органына оның электрондық көшірмесін және кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды берумен қоса жүруі қажет.
      Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттар электронды құжаттар түрінде кеден органына ұсынылуы мүмкін.
      Тауарларды декларациялау кезінде ұсынылатын құжаттардың тізбесі және оларды ұсыну мерзімдері кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарымен белгіленеді.
      Егер жекелеген құжаттарды кедендік декларациямен бір мезгілде ұсыну мүмкін болмаса, декларанттың жазбаша дәлелді өтініші бойынша кеден органы кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарымен айқындалатын мерзімде мұндай құжаттарды ұсынуға рұқсат береді.

9-бап

      Кедендік декларацияны және қажетті құжаттарды ұсыну фактісі оларды кеден органы алған күні тіркеледі.
      Егер онда барлық қажетті мәліметтер бар екендігі және осы Келісімнің 8-бабында көзделген ережелерді ескере отырып, барлық қажетті құжаттар ұсынылғандығы белгіленсе кеден органы кедендік декларацияны қабылдайды.
      Кедендік декларация қабылданған сәтінен бастап заңдық мәні бар фактілер туралы куәландыратын құжат болады.
      Кеден органы кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарымен айқындалған жағдайларда кедендік декларацияны қабылдаудан бас тартуға құқылы.
      Кеден органының кедендік декларацияны қабылдаудан бас тартуы дәлелденген болуы тиіс, кеден органы декларацияны ұсынған тұлғаны бас тарту себептері туралы хабардар етеді.

10-бап

      Кеден органының рұқсатымен және декларанттың дәлелді жазбаша өтініші бойынша кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтер өзгертілуі мүмкін, ал кеден органы қабылдаған кедендік декларация кері қайтарылып алынуы мүмкін.
      Кедендік декларацияға кеден органының құзыретіне жататын мәліметтерді енгізуді қоспағанда, кеден органдарының лауазымды тұлғалары өзінің жеке бастамасы, тұлғаның тапсырмасы немесе өтініші бойынша кедендік декларацияны толтыруға, кедендік декларацияда көрсетілген мәліметтерді өзгертуге құқығы жоқ.
      Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарымен айқындалатын жағдайларда тауарларды кедендік ресімдеу аяқталғаннан кейін кедендік декларацияға өзгерістер енгізуге жол беріледі.

11-бап

      Кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарымен тауарларды алдын ала декларациялау жағдайлары мен тәртібі, сондай-ақ тауарлардың түріне, кедендік шекара арқылы тауарларды өткізудің тәсілі мен кезеңіне қарай не тауарларды кедендік ресімдеу үшін қажетті нақты мәліметтер болмаған кезде тауарларды мерзімдік, уақытша және толық емес декларациялау мүмкіндігі айқындалады.

12-бап

      Тараптар арасындағы осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар мүдделі Тараптардың консультациялары және келіссөздері жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізбеген жағдайда мүдделі Тараптардың кез келгенінің бастамасы бойынша Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға беріледі.

13-бап

      Осы Келісімге Тараптардың уағдаластығы бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

14-бап

      Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
      2008 жылғы "__"________ __________ қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды.
      Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясы депозитарийінің функцияларын бергенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті болып табылатын депозитарийде сақталады.
      Депозитарий әрбір Тарапқа осы Келісімнің куәландырылған көшірмесін жібереді.

       Беларусь             Қазақстан             Ресей
      Республикасының      Республикасының       Федерациясының
      Үкіметі              Үкіметі               Үкіметі
      үшін                 үшін                  үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады