Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Кедендік рәсімдер мен кедендік режимдердің түрлері туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Кедендік рәсімдер мен кедендік режимдердің түрлері туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2008 жылғы 5 желтоқсандағы
N 1159 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Кедендік рәсімдер мен кедендік режимдердің түрлері туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының шеңберінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің (бұдан әрі - кеден одағына қатысушы мемлекеттер) бірыңғай кеден аумағында кедендік рәсімдер мен кедендік режимдердің түрлері бойынша уағдаластықтарға қол жеткізу мақсатында,
2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кедендік одақты қалыптастыру туралы шарттың ережелеріне негізделе отырып,
халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім оның негізінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының шеңберінде кеден одағында (бұдан әрі - кеден одағы) кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттары әзірленетін бірыңғай кеден аумағында қолданылатын кедендік рәсімдер мен кедендік режимдердің негізгі түрлерін айқындайды.
2-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:
"бірыңғай кеден аумағы" - кеден одағына қатысушы мемлекеттердің кеден аумақтарынан тұратын аумақ;
"кедендік шекара" - кеден одағына қатысушы мемлекеттердің ерекше экономикалық аймақтарында және құрлықтық қайраңдарында орналасқан жасанды аралдардың, қондырғылардың, ғимараттардың және оларға қатысты кеден одағына қатысушы мемлекеттердің заңдық құзырында ғана болатын өзге де объектілердің шектерін қоса алғанда, кеден одағына қатысушы мемлекеттердің бірыңғай кеден аумағының шектері, сондай-ақ кез келген кеден одағына қатысушы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленген, кеден одағына қатысушы мемлекеттердің аумақтарында құрылған арнайы (еркін немесе ерекше) экономикалық аймақтардың шектері;
"кедендік заңнама" - кеден одағына қатысушы мемлекеттердің халықаралық шарттары және кеден одағында кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін кеден одағы органдарының шешімдері және кеден одағына қатысушы мемлекеттердің әрқайсысының кедендік заңнамасы;
"тауар" - кедендік шекара арқылы өткізілетін кез келген қозғалатын мүлік, оның ішінде ақпарат таратушылар, валюталық құндылықтар, энергияның электр және өзге де түрлері, сондай-ақ қозғалмайтын мүлікке теңестірілген өзге де өткізілетін заттар.
3-бап
1. Бірыңғай кеден аумағындағы кедендік реттеу мақсатында кедендік рәсімдердің мынадай негізгі түрлері белгіленеді:
1) тауарлардың келуі;
2) кедендік транзит;
3) тауарларды уақытша сақтау;
4) тауарлардың кетуі.
2. Кедендік заңнамамен тауарлардың жекелеген санаттарына және (немесе) тауарларды өткізетін тұлғаларға қолданылатын өзге кедендік рәсімдер белгіленуі мүмкін.
4-бап
1. Бірыңғай кеден аумағындағы кедендік реттеу мақсатында кедендік режимдердің мынадай негізгі түрлері қолданылады:
1) еркін айналыс үшін шығару;
2) экспорт;
3) кедендік аумақта қайта өңдеу;
4) еркін айналыс үшін қайта өңдеу;
5) кедендік аумақтан тыс жерлерде қайта өңдеу;
6) кеден қоймасы;
7) уақытша әкелу;
8) уақытша әкету;
9) кері импорт;
10) кері экспорт;
11) бажсыз сауда;
12) жою;
13) мемлекет пайдасына бас тарту.
2. Кедендік заңнамамен кедендік режимдердің өзге де түрлері белгіленуі мүмкін.
5-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізбеген жағдайда кез келген мүдделі Тарап мұндай дауларды Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының Сотына береді.
6-бап
Осы Келісімге Тараптардың уағдаластығы бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
7-бап
Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
2008 жылғы "__" _____ _______ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Кеден одағының комиссиясы депозитарийдің функцияларын бергенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының Интеграциялық комитеті болып табылатын депозитарийде сақталады.
Депозитарий әрбір Тарапқа осы Келісімнің куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі Үкіметі Үкіметі
үшін үшін үшін