"Босқындар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 26 желтоқсандағы N 1275 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Босқындар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

Босқындар туралы

      Осы Заң босқындардың құқықтық жағдайын, Қазақстан аумағында босқын мәртебесін берудің негіздемесі мен тәртібін айқындайды.

1-тарау. Негізгі ережелер

       1-бап. Негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) босқындар - нәсілі, ұлты, діни нанымы, азаматтығы, белгілі бір әлеуметтік топқа қатыстылығы немесе саяси сенімі белгісі бойынша қудалау құрбаны болудың негізделген қаупіне орай, өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде жүрген және өз елінің қорғауын пайдалана алмайтын немесе осындай қауіп салдарынан мұндай қорғауды пайдаланғысы келмейтін, өзінің тұрғылықты тұратын елінен тыс жерде жүрген, еліне қайта алмайтын немесе сол қауіп салдарынан қайтқысы келмейтін, азаматтығы жоқ тұлғалар;
      2) қауіпсіз үшінші ел - баспана іздеген тұлғаның Қазақстан Республикасына келгенге дейін уақытша болған, тиімді қорғау тетіктеріне және босқын мәртебесін анықтауға қол жетімділік берілуі мүмкін немесе берілген ел;
      3) баспана іздеген тұлға - босқын мәртебесін беру туралы оның қолдаухаты бойынша Қазақстан Республикасының уәкілетті органы түпкілікті шешім қабылдағанға дейін Қазақстан Республикасынан баспана алуға тілек білдірген шетелдік немесе азаматтығы жоқ тұлға;
      4) баспана іздеген тұлғаның куәлігі - уәкілетті орган берген, босқын мәртебесін беру туралы қолдаухаттың тіркелгендігін растайтын құжат;
      5) шығу елі - шетелдіктің азаматтық алған немесе азаматтығы жоқ тұлғаның тұрақты тұратын елі;
      6) босқын куәлігі - уәкілетті орган беретін, босқынның жеке басын куәландыратын және Қазақстан Республикасындағы мәртебесін растайтын құжат;
      7) жол жүру құжаты - босқынға Қазақстан Республикасынан тыс жерде жүріп-тұруы үшін берілетін құжат, оның нысанын уәкілетті орган белгілейді;
      8) уәкілетті орган - босқындар мәселелері жөніндегі қатынастарды реттеу саласындағы басқаруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы.

       2-бап. Реттеу аясы

      1. Осы Заң шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға баспана беру және босқын мәртебесін беру жөніндегі қатынастарды реттейді.
      2. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында саяси баспана берумен байланысты қатынастарға қолданылмайды.

      3-бап. Қазақстан Республикасының босқындар туралы
             заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасы Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

       4-бап. Негізгі қағидаттар

      Босқындар туралы заңнаманы реттеудің негізгі қағидаттары:
      1) баспана іздеуші тұлғалар мен босқындарды осы Заңда белгіленген шарттар мен рәсімдерге сәйкес баспана алу құқығымен қамтамасыз ету;
      2) нәсілдік белгісіне, ұлтына, азаматтығына, діни нанымына, саяси көзқарасына және/немесе әлеуметтік шығу тегіне қарай кемсітуге жол бермеу;
      3) баспана іздеген тұлғалар және босқындар туралы ақпараттың құпиялылығы;
      4) баспана іздеген тұлғалар мен босқындардың отбасы бірлігін және ажырап кеткен отбасылардың қайта қосылуын қолдау;
      5) Қазақстан Республикасында ата-анасының немесе өзге де заңды екілдерінің ілесуінсіз жүрген босқын балалардың құқықтарын бала құқығы туралы Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес қорғау болып табылады.

2-тарау. Босқындар мәселелері жөніндегі қатынастар
саласындағы мемлекеттік реттеу

       5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) босқындар мәселелері жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді, оларды жүзеге асыруды ұйымдастырады;
      2) босқындар мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді өз құзыреті шегінде қабылдайды;
      3) Қазақстан Республикасының Конституциясына , заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

       6-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Босқындар істері жөніндегі уәкілетті орган:
      1) босқындар мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді өз құзыреті шегінде әзірлейді, бекітеді;
      2) босқындар мәселелері жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      3) босқындар мәселелері жөніндегі бағдарламалық құжаттарды әзірлейді;
      4) босқындар мәселелері жөніндегі жұмысты үйлестіреді;
      5) босқындар мәселелері жөніндегі бағдарламалар мен нормативтік құқықтық актілерді іске асырады;
      6) босқындар туралы заңнаманың сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      7) баспана іздеуші тұлғалардың қолдаухаттарын тіркеуді, сондай-ақ баспана іздеуші тұлғалар мен босқындарды есепке алуды жүзеге асырады;
      8) баспана іздеуші тұлғаның куәлігін береді;
      9) босқын мәртебесін беру, ұзарту және одан айыру рәсімдерін жүзеге асырады;
      10) босқын куәлігін және жол жүру құжатын ресімдеуді және оларды беруді жүзеге асырады;
      11) босқындардың тізімін қалыптастырады және оны ай сайын ұлттық қауіпсіздік пен ішкі істер мәселелері жөніндегі уәкілетті органдарға жібереді;
      12) Қазақстан Республикасының заңдарына, Президенттің және Үкіметтің актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

       7-бап. Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік
             органдарының құзыреті

      1. Сыртқы саясат қызметті жүзеге асыратын уәкілетті орган:
      1) шетелдік мемлекеттер мен босқындар мәселелері жөніндегі халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді;
      2) Қазақстан Республикасының босқындар мәселелері жөніндегі халықаралық саясат стратегияларын іске асырады;
      3) Қазақстан Республикасының босқындар мәселелері жөніндегі халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасы мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламентіне және Үкіметіне белгіленген тәртіппен ұсынады;
      4) Қазақстан Республикасының босқындар мәселелері жөніндегі халықаралық ұйымдардың, конференциялардың, кеңестер мен форумдардың қызметіне және босқындардың құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық акцияларға қатысуын қамтамасыз етеді;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарына, Президенттің және Үкіметтің актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      2. Ішкі істер органдары:
      1) босқындар мәселесі жөніндегі мемлекеттік саясатты өз құзыреті шегінде іске асырады;
      2) босқындардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді;
      3) заңды күшіне енген сот шешімдерін орындау үшін баспана іздеген тұлғалар мен босқындарды елден шығарып жіберуді жүзеге асырады;
      4) босқындарды тіркеуді жүзеге асырады;
      5) ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі уәкілетті органның ұсынуы бойынша табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, шекара бұзушыларды шекарада іздеу, Қазақстан Республикасының аумағына қарулы басқыншылықты немесе шекаралас мемлекеттің азаматтары жаппай өтуін тойтарған уақытта, шекаралас аймақта (жолақта) орналасқан жердегі жекелеген учаскелерге немесе нысандарға баспана іздеуші тұлғалар мен босқындардың жіберілуін уақытша шектейді немесе жіберуге тыйым салады;
      6) Қазақстан Республикасының заңдарына, Президенттің және Үкіметтің актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      3. Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдар босқындар мәселесі қатынастары саласындағы реттеуді Қазақстан Республикасы заңдарында, Президенттің және Үкіметтің актілерінде белгіленген құзыреттер шегінде жүзеге асырады.

3-тарау. Босқындар мен баспана іздеуші тұлғалардың
негізгі құқықтары мен міндеттері

       8-бап. Босқындардың құқықтары мен міндеттері

      1. Босқындардың:
      1) баспанаға;
      2) тиісті органдардың жәрдемімен шығу елінде тұратын туысқандары мен сонда қалған мүлкі туралы ақпарат алуға;
      3) уәкілетті органның босқын мәртебесін ұзарту, одан айыру мәселелері жөніндегі шешіміне шағым жасауға;
      4) шығу еліне өз еркімен қайтуға немесе кез келген үшінші елге қоныс аударуға;
      5) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық қызметтің көрсетілуіне;
      6) Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес еңбек етуге және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға;
      7) мүліктік және жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтарын сот арқылы қорғауға;
      8) өзімен бірге әкелген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының
аумағында заңды жиған мүлікті, қоныстануына құқық берілген басқа елге
әкетуге;
      9) босқын куәлігін және босқынның жол жүру құжатын алуға құқығы бар.
      Сондай-ақ, босқындар Қазақстан Республикасы заңнамасында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшін көзделген өзге де құқықтарды пайдаланады.
      2. Босқындар:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға;
      2) Қазақстан Республикасының аумағынан кету ниеті туралы уәкілетті органға хабарлауға;
      3) Қазақстан Республикасының аумағында тұратын орнын ауыстырған кезде, уәкілетті органнан есептен және ішкі істер органдарынан тіркеуден шығуға және жаңа орынға келген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде тиісінше есепке тұруға және тіркелуге;
      4) Қазақстан Республикасы заңнамасында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

       9-бап. Баспана іздеуші тұлғалардың құқықтары мен
             міндеттері

      1. Баспана іздеуші тұлға:
      1) аудармашының ақысыз қызметін алуға және босқын мәртебесін берудің тәртібі туралы, өзінің құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат алуға;
      2) Қазақстан Республикасының консулдық мекемелері арқылы Қазақстан Республикасында босқын мәртебесін беру туралы қолдаухат беруге;
      3) босқын мәртебесін беру туралы қолдаухатын қайтарып алуға;
      4) уәкілетті органның босқын мәртебесін беру мәселесі жөніндегі шешіміне шағым жасауға;
      5) шағымдану кезеңін қоса алғанда, оның өтініші бойынша, түпкілікті шешім шыққанға дейін Қазақстан Республикасының аумағында болуға құқылы.
      Баспана іздеуші тұлғалар осы Заңның 8-бабы 1-тармағының 4)-7) тармақшаларында көзделген құқықтарды және шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшін көзделген Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды пайдаланады.
      2. Баспана іздеуші тұлға:
      1) босқын мәртебесін беру туралы шешім қабылдау үшін қажетті дұрыс деректерді хабарлауға;
      2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық тексеруден өтуге;
      3) осы Заңның 8-бабы 2-тармағының 1)-3)тармақшаларында көзделген міндеттемелерді және шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар үшін көзделген өзге де міндеттемелерді орындауға міндетті.

4-тарау. Қазақстан Республикасында босқын
мәртебесін берудің тәртібі

      10-бап. Қазақстан Республикасында босқын мәртебесін беру
              туралы қолдаухатты берудің және тіркеудің тәртібі

      1. Баспана іздеуші тұлға Қазақстан Республикасының аумағына келген соң немесе Қазақстан Республикасының аумағында жүрген тұлға саяси нәсілі, ұлты, діни нанымы, азаматтығы, белгілі бір әлеуметтік топқа қатыстылығы немесе саяси сенімі белгісі бойынша қудалау құрбаны болу мән-жайларының туындағаны туралы білген сәттен бастап бес күнтізбелік күн ішінде, босқын мәртебесін беру туралы жазбаша қолдаухатпен өзі немесе осыған уәкілеттік берілген өкілі арқылы өтінішпен өзінің келген жері бойынша уәкілетті органға бара алады.
      2. Қазақстан Республикасында босқын мәртебесін беру туралы қолдаухатты тіркеген күні баспана іздеуші тұлғаға баспана іздеуші тұлғаның куәлігі және оның қолдаухаты бойынша шешім қабылданғанға дейінгі мерзімге ішкі істер органдарында тіркеу үшін уәкілетті органның жолдамасы беріледі.
      Баспана іздеуші тұлға жолдаманы алғаннан кейін ішкі істер органдарында бес жұмыс күні ішінде тіркелуі керек.
      3. Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз кіргені немесе болғаны үшін ұсталған тұлғалар баспана алу ниетін білдірген жағдайларда, құзыретті органдар ұсталу сәтінен бастап бір күннің ішінде уәкілетті органға хабарлайды.
      Уәкілетті орган екі күн ішінде баспана іздеуші тұлғаларды уақытша ұстау орнына олардың келу мән-жайларын анықтау және босқын мәртебесін беру туралы қолдаухатты тіркеу үшін өкілдерін жібереді.
      4. Баспана іздеуші тұлғаның куәлігі мен тіркеу жолдамасының нысандарын уәкілетті орган айқындайды.

       11-бап. Босқын мәртебесін беру

      1. Босқын мәртебесін беру туралы шешімді уәкілетті орган босқын мәртебесін беру туралы қолдаухат тіркелген күннен бастап үш ай ішінде қабылдайды.
      Егер тұлғаны немесе тексеруді талап ететін фактілерді сәйкестендіру аяқталмаған болса, түпкілікті шешім шығару олар анықталғанға дейін, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге шегеріледі.
      2. Босқын мәртебесі бір жыл мерзімге беріледі. Уәкілетті орган шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей босқын мәртебесі берілген тұлғаға босқын куәлігін береді.
      3. Егер баспана іздеуші тұлғаға босқын мәртебесін беруден бас тартылған жағдайда, уәкілетті орган бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бас тартудың себептерін көрсетіп және қабылданған шешімге шағым жасаудың тәртібін түсіндіріп шешімнің кешірмесін баспана іздеуші тұлғаға тапсырады немесе жібереді.
      4. Босқын мәртебесін берудің тәртібін және оны ұзартуды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

       12-бап. Баспана іздеуші тұлғаға босқын мәртебесін беруден
              бас тарту үшін негіздемелер

      1. Баспана іздеген тұлғаға босқын мәртебесін беруден бас тарту үшін мынадай мән-жайлар негіздеме болып табылады:
      1) тұлғаның нәсілі, ұлты, діни нанымы, азаматтығы, белгілі бір әлеуметтік топқа қатыстылығы немесе саяси сенімі белгісі бойынша қудалау құрбанына айналу мүмкіндігі негізделген қауіптің болмауы;
      2) егер тұлға өзі туралы және Қазақстан Республикасының аумағына келу мән-жайлары туралы хабарлаудан бас тартса не қасақана жалған мәліметтерді хабарласа;
      3) тұлғаның, өзі оның қорғауын пайдалана алатын үшінші мемлекеттің азаматтығы болуы;
      4) егер тұлға қауіпсіз үшінші елдің аумағынан тікелей келсе;
      5) егер осы тұлғаға қатысты, өзі азаматы болып табылатын елде не шығу еліндегі лаңкестік, діни-экстремистік, сондай-ақ тыйым салынған діни ұйымдардың қызметіне қатысады не қатысты деп болжауға дәлелді негіздемелер болса;
      6) егер осы тұлғаға қатысты бейбітшілікке қарсы, әскери қылмыс немесе адамзатқа қарсы қылмыс жасады деген дәлелді негіздер болса, осы қылмыстарға қатысты шара қолдану мақсатында жасалған халықаралық актілерде бұл әрекеттерге анықтама берілген болса;
      7) егер осы тұлғаға қатысты ол, Қазақстан Республикасының аумағына келгенге дейін одан тыс жерлерде саяси емес сипаттағы аса ауыр қылмыс жасады деп болжам жасауға дәлелді негіздемелер болса;
      8) егер осы тұлғаға қатысты, ол Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаты мен қағидаттарына қайшы келетін әрекеттердің жасалуына кінәлі деген дәлелді негіздемелер болса;
      9) егер осы тұлға Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасынан басқа, Біріккен Ұлттар Ұйымының органдары немесе мекемелерінің қорғауын немесе көмегін пайдаланатын болса.

       13-бап. Тұлғаны босқын мәртебесінен айыру

      Тұлға:
      1) өзі туралы-қасақана жалған-мәліметтер-хабарласа не босқын деп тануға негіз болған жалған құжаттар ұсынса;
      2) бейбітшілікке қарсы қылмыс, әскери қылмыс және адамзатқа қарсы қылмыс жасағаны үшін сотталған болса, соған ұқсас қылмыстарға шара қолдану мақсатында жасалған халықаралық шарттарда бұл әрекеттерге анықтама берілген болса;
      3) Қазақстан Республикасының аумағына келгенге дейін одан тыс жерлерде саяси емес сипаттағы аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған болса;
      4) Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаты мен қағидаттарына қайшы келетін әрекеттер жасағаны үшін сотталған болса, босқын мәртебесінен айырылады.

       14-бап. Босқын мәртебесін тоқтату

      1. Егер тұлға:
      1) Қазақстан Республикасының немесе өзге мемлекеттің азаматтығын алса және өзі азаматы болған мемлекеттің қорғауын пайдаланса;
      2) бұдан әрі өзі азаматы болып табылатын елдің қорғауын пайдаланудан бас тарта алмайтын болса, не өзін босқын деп тануға негіз болған мән-жайлар тоқтатылса;
      3) өзінің азаматтығын жоғалтқан бола отырып, оны өз еркімен қайта қабылдаса;
      4) бұрын өзі азаматы болған елдің қорғауын өз еркімен қайтадан пайдаланса;
      5) босқын мәртебесін беруге негіздеменің тоқтатылғандықтан, шығу еліне қайтып оралуға ниет білдірсе;
      6) қудалау қаупіне байланысты тастап шыққан немесе кетіп қалған еліне өз еркімен қайта оралса;
      7) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетсе,
босқын мәртебесі тоқтатылады.
      2. Босқын мәртебесі ұзартылмаса, оның мерзімі біткеннен кейін
тоқтатылады.

      15-бап. Босқын мәртебесін ұзартудың тәртібі

      Шығу елінде босқын мәртебесін беруге негіз болған бұрынғы мән-жайлар сақталған кезде, уәкілетті орган босқын мәртебесінің мерзімін бір жылға және көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін бір ай бұрын босқын берген өтініштің негізінде әрбір келесі жылға ұзартып отырады.

       16-бап. Уәкілетті органның шешімдеріне шағымданудың
              тәртібі

      1. Уәкілетті органның босқын мәртебесін беруден бас тарту немесе босқын мәртебесінен айыру туралы шешімдері жоғары тұратын уәкілетті органға немесе сотқа Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген тәртіпте шағымдалуы мүмкін.

5-тарау. Арнайы ережелер

       17-бап. Босқын отбасының кейін келген мүшелеріне баспана
              беру

      1. Қазақстан Республикасының аумағына Қазақстан Республикасында босқын мәртебесін алған немесе баспана іздеуші тұлғадан кейін келген тұлғаның ері (зайыбы) және кәмелетке толмаған балалары отбасын біріктіру мақсатында қолдаухат берген кезде, уәкілетті органға олардың отбасылық қатынастарын растайтын дәлелдемелерді және/немесе құжаттарды ұсынуға тиісті.
      2. Отбасының бірлігі ажырасу немесе босқынның өлімі салдарынан бұзылған кезде, оның отбасы мүшелерінің босқын мәртебесі оған босқын мәртебесін беру туралы шешімнің қолданылу мерзіміне сақталады.

       18-бап. Баспана іздеуші балаларды және ата-анасына немесе
              заңды өкілдерінің ілесуінсіз келген босқын
              балаларды қорғау

      1. Отбасына қосылғанға дейін немесе ата-анасын немесе отбасының басқа мүшелерін табу мүмкін болмаған жағдайларда баспана іздеуші балалар мен босқын балаларға, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Қазақстан Республикасында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кез келген басқа балаларға жасалатын қамқорлық көрсетіледі.
      2. Қазақстан Республикасының аумағына ата-анасына немесе заңды екілдерінің ілесуінсіз келген босқын балаларға босқын куәлігі беріледі.

       19-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығын алу

      Босқындар Қазақстан Республикасының азаматтығына Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнамасына сәйкес қабылданады.

       20-бап. Баспана іздеуші тұлғаларды және олардың отбасы
              мүшелерін қоныстандыру

      1. Баспана іздеуші тұлғалардың жаппай ағылып келуі кезінде төтенше жағдай жарияланған жағдайда, уақытша қоныстандыру пункттерін құру үшін табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резервтің күштері мен құралдары тартылады:
      2. Баспана іздеуші тұлғалардың жаппай ағылып келуі кезінде уақытша қоныстандыру пункттері Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес құрылылады.

       21-бап. Қайтару және шығарып жіберу

      1. Баспана іздеген тұлғалар мен босқындар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес босқын мәртебесін беруден бас тарту немесе ұзарту, босқын мәртебесінен айыру туралы уәкілетті органның немесе соттың шешімдері қабылданған күннен бастап бір айдың ішінде өзінің отбасы мүшелерімен бірге Қазақстан Республикасының аумағын өз еркімен тастап шығуға міндетті.
      2. Баспана іздеген тұлғалар мен босқындар Қазақстан Республикасының аумағын өз еркімен тастап шығудан бас тартқан жағдайда, ішкі істер органдары оларды мәжбүрлеп шығарып жіберуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес және соттың заңды күшіне енген шешімдерін орындау үшін жүргізеді.
      Баспана іздеуші тұлғалар мен босқындарды олардың өмірлеріне немесе бостандығына нәсілі, діни нанымы, ұлты, азаматтығы, белгілі бір әлеуметтік топқа қатыстылығы немесе саяси сенімі белгісі бойынша қауіп төніп тұрған елдің шекарасына шығарып жіберуге немесе қайтаруға тыйым салынады.

       22-бап. Қаржылық қамтамасыз ету

      Қазақстан Республикасында босқындармен байланысты шығыстарды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздерден жүзеге асырылады.

6-тарау. Қорытынды ережелер

       23-бап. Осы Заңды бұзушылық үшін жауапкершілік

      Осы Заңды бұзушылық Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жауапкершілікке әкеп соқтырады.
      Баспана іздеуші тұлғалар мен босқындар Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке әкеп соқтыратын құқық бұзушылықтар жасаған кезде, олар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалармен бірдей жауапкершілікке тартылады.

       24-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізудің тәртібі

      Осы Заң 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады