Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында шайдың, күріш пен мангоның кейбір атауларын қорғау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 21 қаңтардағы N 27 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында шайдың, күріш пен мангоның кейбір атауларын қорғау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда вице-министрі Жанар Сейдахметқызы Айтжановаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында шайдың, күріш пен мангоның кейбір атауларын қорғау туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы кол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

      Қазақстан Республикасы 
      Үкіметінің       
      2009 жылғы 21 қаңтардағы
      N 27 қаулысымен     
      мақұлданған      

      жоба  

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында шайдың, күріш пен мангоның кейбір атауларын қорғау туралы келісім

(Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі Қазақстандық тарап деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен бұдан әрі Үндістан тарабы деп аталатын Үндістан Республикасының Үкіметі,
      мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Қазақстандық тарап Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік Сауда Ұйымына қосылған сәтінен бастап, Үндістан тарабы Қазақстандық тарапқа көрсетілген тауарлардың толық сипаттамасын берген жағдайда "Альфонсо Манго" (әрбір тауарлық қосалқы позицияда: 0804 50, 0811 90, 0812 90, 1106 30, 1704 90, 2001 90, 2006 00, 2007 99, 2008 99, 2009 80, 2106 90); "Басмати Рис" (әрбір тауарлық қосалқы позицияда осы Келісімнің 4-бабында түсінілетіндей: 1006 10, 1006 20, 1006 30, 1006 40, 1102 30, 1902 11, 1904 10, 1905 90); "Дарджилинг Чай" (әрбір тауарлық қосалқы позицияда: 0902 10, 0902 20, 0902 30, 0902 40) ретінде белгіленетін тауарлар үшін Қазақстан Республикасының Кедендік тарифіне бір тарифтік желі енгізуге келіседі.

2-бап

      Қазақстандық тарап "Альфонсо Манго", "Дарджилинг Чай", "Ассам Чай", "Нилджири Чай" ретінде белгіленетін тауарлардың Үндістан Республикасының аумағынан шығарылатындығын таниды. Көрсетілген тауарлар Үндістан Республикасының заңдары мен стандарттарына сәйкес өндірілуі және/немесе жиналуы тиіс.
      Шайға қатысты өндіру ретінде шай жапырағын жинау, тізу, иіру, ферменттеу, кептіру түсініледі.

3-бап

      Қазақстандық тарап үлгісі қоса берілген үнді шайының эмблемасы (логотипі) "Шай туралы" 1953 жылғы Үндістан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес Үнді Шайы Кеңесінің рұқсатымен Үндістан Республикасында шай бақтарында өсірілген, өндірілген және/немесе жиналған шайды белгілеу үшін ғана арналғандығын мойындайды.

4-бап

      Қазақстандық тарап пен Үндістан тарабы "Басмати Рис" ретінде белгіленетін тауар Үнді-Ганг жазығының аумағында өсіп-өнетіндігін және жиналатындығын әрі сол аумақтарда орналасқан мемлекеттерден шығатындығын мойындайды.
      Қазақстандық тарап сондай-ақ "Басмати Рис" ретінде белгіленетін тауар, егер ол Үндістан Республикасының аумағы шегінде орналасқан Үнді-Ганг жазығының аумағында өсіп-өнсе әрі жиналса және Үндістан Республикасының заңдары мен стандарттарына сәйкес өндірілсе және/немесе өсірілсе, Үндістан Республикасының аумағынан шыққан болып табылатындығын мойындайды.

5-бап

      Қазақстандық тарап "Альфонсо Манго", "Басмати Рис", "Дарджилинг Чай", "Ассам Чай", "Нилджири Чай" және осы Келісімге қоса берілген шай эмблемаларының (логотиптерінің) үлгілерін белгілеу үшін осы Келісімнің 2, 3 және 4-баптарында көзделген құқықтық қорғауды ұсынады.

6-бап

      Қазақстандық тарап Қазақстан Республикасының аумағында осы Келісімнің 7-бабында көзделгендей, "Альфонсо Манго", "Басмати Рис", "Дарджилинг Чай", "Ассам Чай", "Нилджири Чай", сондай-ақ көрсетілген атаулардың транслитерациядағы пайдалануын және Келісімге қоса берілген эмблемалардың (логотиптердің) үлгілерін кез келген пайдалануға тыйым салатын болады.

7-бап

      Қазақстандық тарап Қазақстан Республикасының аумағында осы Келісімнің 6-бабында келтірілген белгілеулерден тұратын және қамтитын тауарлық белгілерді, ұжымдық белгілерді, тауарлардың шыққан орындарының атауларын, егер мұндай тіркеу осы Келісімнің 2, 3, 4 және 5-баптарының ережелеріне қарама-қайшы келген жағдайда Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына сәйкес тіркеуден бас тартатындығын таниды.

8-бап

      Осы Келісімде ештеңе де Қазақстандық тарапты Үндістан Республикасының аумағында географиялық нұсқаулар ретінде құқықтық қорғауға ие емес белгілерге құқықтық қорғау беруге міндеттемейді.
      "Үндістан Республикасының аумағында географиялық нұсқаулар ретінде құқықтық қорғау" деген осы баптың мақсаттары үшін Үндістанның жалпы құқығы бойынша географиялық нұсқаулардың беделіне, жалпыға бірдей қабылданған пайдалану мен басқа пайдалану нысандарына орай алынған құқықтардың бар екендігін білдіреді.

9-бап

      Осы Келісім осы Келісімнің күшіне енгенге дейін туындайтын зияткерлік меншік саласындағы құқықтарға қатысты болмайды және осы Келісім күшіне енгеннен кейін туындаған қатынастарға қолданылады.

10-бап

      Осы Келісім қол қойылған сәтінен бастап күшіне енеді. Қазақстандық тарап пен Үндістан тарабы осы Келісімнің халықаралық құқық бойынша міндетті болып табылатындығына келісті.

      2009 жылғы "___ " ____ _____ қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар.

       Қазақстан Республикасының    Үндістан Республикасының
          Үкіметі үшін                   Үкіметі үшін

      Қазақстан Республикасының Үкіметі     
      мен Үндістан Республикасының Үкіметі    
      арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында 
      шайдың, күріш пен мангоның кейбір атауларын  
      қорғау туралы келісімге қосымша  

       (суретті қағаз мәтінінен қараңыз)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады