Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Техникалық реттеуді, санитарлық және фитосанитарлық шараларды (СФС) қолдану саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 21 қаңтардағы N 28 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Техникалық реттеуді, санитарлық және фитосанитарлық шараларды (СФС) қолдану саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумның жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда вице-министрі Жанар Сейдахметқызы Айтжановаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Техникалық реттеуді, санитарлық және фитосанитарлық шараларды (СФС) қолдану саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

      Қазақстан Республикасы 
      Үкіметінің       
      2009 жылғы 21 қаңтардағы
      N 28 қаулысымен     
      мақұлданған       

      жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы Техникалық реттеуді, санитарлық және фитосанитарлық шараларды (СФС) қолдану саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум

(Меморандум қол қойылған күнінен бастап күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі - Тараптар) Саудадағы техникалық кедергілер туралы Дүниежүзілік Сауда Ұйымының келісімі (бұдан әрі - СТК келісімі) мен Санитарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану туралы Дүниежүзілік Сауда Ұйымының келісімі (бұдан әрі - СФС келісімі) жөніндегі қағидаттарды, құқықтар мен міндеттерді растай отырып,
      мына төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар стандарттау және сәйкестікті бағалау жөніндегі тиісті халықаралық және өңірлік ұйымдарда ынтымақтастықты нығайтуға әрі сәйкестікті растауды жүргізу бойынша, қажет болған кезде ұлттық техникалық регламенттер мен стандарттарды дамыту үшін негіз ретінде халықаралық стандарттар мен басшылықтарды қолдануды ынталандыруға келісті.

2-бап

      Тараптар өз стандарттары мен техникалық нормаларын ISO, IEC, OIE, Codex Alimentarus және IPPC-ті қоса алғанда, халықаралық ұйымдар әзірлеген Халықаралық Стандарттарға сәйкес келтіру жөнінде күш-жігер жұмсайды.

3-бап

      Тараптар екі жақты сауданы дамыту және адамдардың өмірі мен денсаулығын, жануарларды, өсімдіктерді қорғау және қоршаған ортаны сақтау жөнінде шаралар қабылдау бойынша Тараптардың заңды құқықтарын құрметтей отырып, нарыққа қол жеткізуді оңайлату мақсатында СТС және СФС мәселелері жөніндегі ынтымақтастыққа жәрдемдесу және Тараптар арасында жүйелі негізде диалог орнату үшін жұмыс тобын құруға келісті.

4-бап

      Жұмыс тобының техникалық реттеу мәселелеріне қатысты міндеттері мыналар болып табылады:
      1. Тараптар қолданатын техникалық регламенттер, стандарттар және сәйкестікті бағалау бойынша ақпарат алмасу.
      2. Екі жақты сауданы арттыру мақсатында техникалық регламенттер, стандарттар және өнімнің сәйкестігін бағалаудың саудадағы ақталмаған техникалық кедергілерге әкелген жағдайларын талқылау және өзара қолайлы шешімге қол жеткізу тәсілдерін зерттеу.
      3. Халықаралық аккредиттелген зертханалар дерекқорын дайындау.
      4. Тараптар арасында техникалық регламенттер, стандарттар талаптарын үйлестіру және сәйкестікті бағалауды өзара тану туралы келісімдер әзірлеу бойынша жұмыс.
      5. Үйлестірілген стандарттар қабылдануы мүмкін өнімдерді анықтау бойынша жұмыс.
      6. Тараптардың қолданылатын техникалық регламенттер мен стандарттар талаптарына сәйкес келмейтін өнімдерді анықтау фактілері туралы, сондай-ақ бұл өнімдер туралы берілген фактілерге қатысты Тараптар қабылдаған шаралар туралы хабарлау.
      7. Стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау саласындағы әлеуетті нығайту үшін техникалық көмек ұсыну мен оқыту бойынша жұмыс.

5-бап

      Жұмыс тобының санитарлық және фитосанитарлық шараларға қатысты мәселелер жөніндегі міндеттері мыналар болып табылады:
      1. Сауданы ілгерілету, стандарттар мен тәуекелді бағалау тәсілдерін өзара мойындауға қол жеткізу мақсатында Тараптар ынтымақтастығының қазіргі және әлеуетті салаларын айқындау және өзара қолайлы шешімдерді іздеу.
      2. Аурулар мен зиянкестерден таза аймақтарды не аурулар мен зиянкестер таралуының төмен деңгейі бар аймақтарды тану бойынша жұмыстар жүргізу.
      3. СФС саласындағы ынтымақтастық салаларын айқындау; тәуекелді бағалау талаптарына, тәуекелді бағалау тәсілдері мен талдауға қатысты ақпарат алмасу.
      4. Белгілі бір СФС салаларындағы әлеуетті құру үшін оқыту бағдарламалары мен техникалық қолдау көрсетуді ұйымдастыру.

6-бап

      Тараптар, егер беретін Тарап олардың құпиялылығын сақтауды ескертетін болса, осы Меморандум шеңберінде алынатын құжаттама мен ақпаратының құпиялылығын қамтамасыз етеді.
      Көрсетілген ақпарат оны берген Тараптың жазбаша келісімімен ғана үшінші тарапқа берілуі мүмкін.

7-бап

      Тараптар, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмеген болса, осы Меморандумды олардың орындауы барысында туындайтын шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде дербес көтереді.

8-бап

      Осы Меморандум ережелерін орындау мен түсіндіруге байланысты барлық даулар өзара консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

9-бап

      Осы Меморандум олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

10-бап

      Осы Меморандум қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
      2009 жылғы ______ қаңтарда Нью-Дели қаласында әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар.

   Қазақстан Республикасының             Үндістан Республикасының
         Үкіметі үшін                          Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады