Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Қырғыз Республикасының аумағында және Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында дара кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру тәртібі туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 12 маусымдағы N 895 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Қырғыз Республикасының аумағында және Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында дара кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру тәртібі туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда вице-министрі Еділ Құламқадырұлы Мамытбековке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Қырғыз Республикасының аумағында және Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында дара кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру тәртібі туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 12 маусымдағы
N 895 қаулысымен  
мақұлданған    

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының
Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Қырғыз
Республикасының аумағында және Қырғыз Республикасы
азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында дара
кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру тәртібі туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі,
      Алматы қаласында 1997 жылы 8 сәуірде қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының арасындағы мәңгілік достық туралы шарттың принциптерін басшылыққа ала отырып,
      Тараптар мемлекеттерінің азаматтарына Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында дара кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға қолайлы режим ұсыну мақсатында,
      Тараптар мемлекеттері азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету міндетін басымды деп есептей отырып,
      өз мемлекеттерінің аумақтарында көші-қон процестерін реттеу жөніндегі ынтымақтастықты және заңсыз көші-қонның алдын алуды өзара іс-қимылды реттеуін маңызды бағыты деп қарай отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің қолданысы Тараптар мемлекеттерінің азаматтары болып табылатын, он сегіз жасқа толған, екінші Тарап мемлекетінің аумағына осы мемлекеттің ұлттық заңнамасына және Тараптар мемлекеттері қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жеке басын куәландыратын жарамды құжаттары бойынша келген және осы Келісімге сәйкес заңды тұлға құрмай-ақ осы екінші Тарап мемлекетінің аумағында (бұдан әрі - қабылдаушы мемлекет) дара кәсіпкерлік қызметті уақытша жүзеге асыратын адамдарға қатысты болады.
      Осы Келісім мыналарға:
      босқындарға және мәжбүрлі қоныс аударушыларға;
      заңсыз көшіп келушілерге;
      білім алу мақсатында келген адамдарға;
      Тараптар мемлекеттерінің заңды тұлғалары өкілдіктерінің аккредиттелген қызметкерлері болып табылатын адамдарға және олардың отбасылары мүшелеріне;
      Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында іссапарда жүрген адамдарға қатысты қолданылмайды.

2-бап

      Дара кәсіпкерлер қабылдаушы мемлекеттің салық қызметтері беретін мемлекеттік тіркеу туралы құжаттардың негізінде қабылдаушы мемлекеттің аумағында қызметін жүзеге асырады.
      Осы Келісімнің 1-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген жеке тұлғаларды мемлекеттік тіркеу келіп тіркелу сипатына ие және шекаралық бақылау органының қабылдаушы мемлекеттің аумағына кіруі туралы белгісі бар жеке басын куәландыратын құжатты ұсынған кезде оның уақытша тұрғылықты жері бойынша қабылдаушы мемлекеттің салық органында дара кәсіпкер ретінде есепке қою болып табылады және бір жыл бойы қолданылады.

3-бап

      1. Мыналар осы Келісімді іске асыру үшін жауапты уәкілетті мемлекеттік органдар (бұдан әрі - уәкілетті органдар) болып табылады:
      Қазақстан Республикасында - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі;
      Қырғыз Республикасында - Қырғыз Республикасының Көші-қон және еңбекпен қамту жөніндегі мемлекеттік комитеті.
      2. Тараптар осы Келісім бойынша ынтымақтастықты Астана қаласында 2008 жылғы 17 сәуірде қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қырғыз үкіметаралық кеңесін құру туралы келісімімен құрылған Қазақстан-қырғыз үкіметаралық кеңесінің шеңберінде жүзеге асырады.
      Уәкілетті органдар қабылдаушы мемлекеттің аумағында Тараптар мемлекеттері азаматтарының дара кәсіпкерлік қызметіне қажетті құжаттарды ресімдеуге байланысты рәсімдерді орындауды жеделдету үшін қажетті шараларды қабылдайды.

4-бап

      Қырғыз Республикасында дара кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматтарын және Қазақстан Республикасында дара кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын Қырғыз Республикасының азаматтарын және олардың отбасы мүшелерін тіркеу қабылдаушы мемлекет айқындайтын тәртіппен шекарадан өткен күннен бастап 90 тәулік ішінде олардың уақытша келген жері бойынша жүзеге асырылады.

5-бап

      Дара кәсіпкерлердің кірістеріне салық салу қабылдаушы мемлекеттің заңнамасында және Тараптар мемлекеті қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен және мөлшерлерде жүзеге асырылады.

6-бап

      Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде туындаған даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

7-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

8-бап

      Осы Келісім дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғанын растайтын соңғы хабарлама алынған күнінен бастап 30-шы күні күшіне енеді.
      Осы Келісім үш жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бір де біреуі тиісті кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын жазбаша хабарлау жолымен өзінің оның әрекетін ұзартпау ниеті туралы мәлімдемеген болса, әр кез кейінгі үш жылға автоматты түрде ұзартылатын болады.
      2009 жылғы "___"_________________ ___________________ қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

       Қазақстан Республикасының                Қырғыз Республикасының
      Үкіметі үшін                             Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады