"Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің (ИРЕНА) Жарғысына қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 18 маусымдағы N 934 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      "Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің (ИРЕНА) Жарғысына қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің (ИРЕНА) Жарғысына қол қою туралы

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
       1. Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің (ИРЕНА) Жарғысына Қазақстан Республикасының атынан қол қою туралы ұсыныс мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Баймолдаұлы Онжановқа Қазақстан Республикасының атынан Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің (ИРЕНА) Жарғысына қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                        Н. Назарбаев

       Ресми емес аударма

Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің
(ИРЕНА)
ЖАРҒЫСЫ

      Осы Жарғыға қатысушы мемлекеттер

      Тұрақты дамуды қамтамасыз ету мақсатында жаңартылатын энергияны кеңінен таратуды және пайдалануды ынталандыруға ықылас білдіре отырып;
      Энергетикалық қауіпсіздік пен энергия тасушыларға деген құбылмалы бағалар проблемаларын біртіндеп шешу үшін жаңартылатын энергия беретін кең көлемдегі мүмкіндіктерге кәміл сене отырып;
      Жаңартылатын энергияның ауа райын тұрақтандыруға ықпал ететін және көмірді аз тұтыну деңгейін үнемдеуге экологиялық тұрғыдан ұтымды, қауіпсіз және бірте-бірте көшуді мүмкін ететін, парник газдардың атмосфераға шоғырлануын азайтуға қосатын қомақты үлесіне деген сеніммен;
      Жаңартылатын энергия технологияларының тұрақты экономикалық өсуге және жаңа жұмыс орындарын құруға қолайлы әсерін күшейтуге ұмтыла отырып;
      Әсіресе дамушы елдерде энергияға орталықсыздандырыла қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ оқшауланған, алыстағы аудандар мен аралдарда энергияға қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін жаңартылатын энергияның өте үлкен әлеуетін серпіліспен атап көрсете отырып;
      Халықтың денсаулығы үшін отынның қазбалы түрлерін пайдаланудың және дәстүрлі биомассаны тиімсіз пайдаланудың айтарлықтай теріс зардаптарына байланысты алаңдаушылық білдіре отырып;
      Жаңартылатын энергияның энергия пайдаланудың жоғары тиімділігімен бірге, болашақта едәуір өседі деп болжанып отырған энергияға деген әлемдік сұранысты барған сайын қанағаттандыра түсуге қабілетті екендігіне сене отырып;
      Өз мүшелерінің арасындағы ынтымақтастықты жеңілдететін және жаңартылатын энергияны пайдалануды көтермелейтін қазіргі ұйымдармен тығыз байланыста әрекет ететін жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық ұйым құруға деген өзінің ықыласын растай отырып;
       Төмендегілер туралы келісті:

I бап
Агенттікті құру

      А. Осы Жарғыға мүше мемлекеттер мынадай жағдайларға сәйкес Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттікті (бұдан әрі - Агенттік) құрады.
      В. Агенттік өзінің қызметінде барлық мүшелерінің теңдігі принципін басшылыққа алады және тиісті дәрежеде мүшелердің егемен құқықтары мен өкілеттіктерін ескереді.

ІІ бап
Мақсаттары

      Агенттік мыналарды назарға ала отырып, жаңартылатын энергияның барлық түрлерін кеңінен таратуды және тұрақты пайдалануды ынталандырады:
      а) жаңартылатын энергияны құрамдастыра пайдалану және энергия пайдалану тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды іске асыру нәтижесінде алынған мемлекеттік және мемлекетішілік артықшылықтар мен игіліктерді;
      b) табиғи ресурстарға қысымды шектеу, орманның азаюын (әсіресе, тропикалық аудандарда), шөлейттенуді қысқарту, биологиялық вариативтілікті жоғалтуға қарсы күрес арқылы; климатты қорғау; кедейлікті жоюды және тұрақты дамуды қоса алғанда, экономикалық өсу және әлеуметтік ынтымақтастық үшін, энергия көздеріне қауіпсіз қол жетімділікті қамтамасыз ету үшін; өңірлік даму мен бүгінгі және болашақ ұрпақтардың өзара жауаптылығы үшін; қоршаған ортаны қорғау үшін жаңартылатын энергияның мәнін.

III бап
Анықтама

      Осы Жарғының мақсаттары үшін "жаңартылатын энергия" термині экологиялық ұтымды тәсілмен жаңартылатын көздерден алынған энергияның барлық түрін білдіреді, атап айтқанда:
      1. биоэнергия;
      2. геотермальдық энергия;
      3. су энергиясы;
      4. басқалармен бірге, толқындардың энергиясын және мұхиттың жылу энергиясын қоса алғанда, мұхит энергиясы;
      5. күн энергиясы;
      6. жел энергиясы.

IV бап
Қызмет түрлері

      А. Жаңартылатын энергия технологиялары саласындағы сараптамалық орталық бола тұра, жаңартылатын энергияны пайдалану саласындағы саясатты әзірлеу және іс жүзінде іске асыру үшін қажетті жәрдем көрсете, өз тәжірибесін ұсына отырып, жаңартылатын энергияға қатысты барлық мәселелер бойынша қолдау көрсете және мемлекеттерге тиімді дамудан, тәжірибе мен технологиялар алмасудан пайда табуға көмектесе отырып, Агенттік мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
      1. әсіресе, өз мүшелерінің мүддесі үшін әрекет ете отырып, Агенттік:
      а) мүше мемлекеттерге осы саладағы саясатқа қатысты міндеттемелер жүктемей, осы саладағы саясатты іске асыру тетіктерін, көтермелеулер мен жеңілдіктерді, инвестициялау тетіктерін, ұсынылатын практикаларды, қолжетімді технологияларды, интеграцияланған жүйелер мен жабдықтарды, сондай-ақ осы практиканың табыстылығына әсер ететін факторларды қоса алғанда, талдау, мониторинг және жаңартылатын энергия саласындағы қазіргі практиканы жүйелеуді жүргізеді;
      b) пікірталастарына бастамашы болады және басқа үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдармен және олардың осы және шектес салалардағы жүйелерімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;
      с) мүшелердің сұраулары бойынша, олардың мұқтажын назарға ала отырып, осы саладағы саясат мәселелері бойынша консультация беруді жүзеге асырады, халықаралық деңгейде жаңартылатын энергия саласындағы саясатқа, мұндай саясаттың негізгі шарттарына қатысты пікірталасты қолдайды;
      d) тиісті білімін тереңдетеді, технологияларды табыстауға жәрдемдеседі, мүше мемлекеттердің әлеуетін дамытуды ынталандырады, осы байланыс үшін қажеттіні қолдайды;
      е) кадрларды даярлау мен оқытуды қоса алғанда, мүше мемлекеттердің әлеуетін арттыруға мүмкіндік жасайды;
      f) мүшелердің сұрау салуы бойынша жаңартылатын энергияға байланысты жобаларды қаржыландыруға қатысты консультация беруді жүзеге асырады, тиісті тетіктерді қолдануға ықпал етеді;
      g) әлеуметтік-мәдени саладағы зерттеулерді қоса алғанда, зерттеулерді көтермелейді, ғылыми-зерттеу жүйелерін құруға, бірлескен зерттеулер жүргізуге, жаңа технологияларды дамытуға және өрістетуге жәрдемдеседі;
      h) әртүрлі халықаралық форумдарға қатысуға байланысты мұқият зерттеудің негізінде жаңартылатын энергия саласындағы ұлттық және халықаралық техникалық стандарттарды дамыту мен енгізуге қатысты ақпарат береді;
      2. бұдан басқа, Агенттік жаңартылатын энергияны пайдалануға берілетін игіліктер мен мүмкіндіктерге қатысты ақпаратты таратады және қоғамдық хабардарлықты арттырады.
      В. Агенттік өз қызметін жүзеге асыру барысында:
      1. халықаралық бейбітшілік пен ынтымақтастыққа жәрдемдесу мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен ұстанымдарына сәйкес және Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму саласындағы стратегияларына сәйкес әрекет етеді;
      2. сөйтіп өз ресурстарын, оларды тиімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін дамушы елдердің, алыстағы және оқшауланған өңірлер мен аралдардың ерекше қажеттіліктерін назарға ала отырып, Агенттіктің мақсаттарын тиісті дәрежеде іске асыру және Агенттіктің мүшелері үшін және әлемнің барлық өңірлерінде барынша ықтимал пайда алу жөніндегі оның қызметін жүзеге асыру үшін бөледі;
      3. функцияларды қажетсіз қайталауға жол бермеу, осы саладағы мүмкіндіктерді жинақтауға және тиімді іске асыруға, үкіметтердің, өзге ұйымдар мен агенттіктердің жаңартылатын энергияны пайдалануды ынталандыруға бағытталған тұрақты қызметіне жәрдемдесу мақсатында жұмыс істейтін ұйымдармен тығыз жұмыс істейді және өзара тиімді қатынастарды қолдауға ұмтылады.
      С. Агенттік:
      1. мүшелерге өзінің қызметі туралы жыл сайынғы баяндаманы береді;
      2. мүшелерді осындай ұсыныстар бергеннен кейін саясат мәселелері жөніндегі ұсыныстар туралы хабардар етеді; және
      3. мүшелерді осы салада жұмыс істейтін халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық және осындай ұйымдардың қызметі туралы хабардар етеді.

V бап
Жұмыс пен жобаның бағдарламасы

      А. Агенттік өз қызметін Хатшылық дайындаған, Кеңес қараған және Ассамблея қабылдаған жылдық жұмыс бағдарламасының негізінде жүзеге асырады.
      В. Мүшелермен консультациядан кейін және келіспеушілік жағдайында, Ассамблея мақұлдағаннан кейін Агенттік жұмыс бағдарламасын іске асырудан басқа Агенттіктің ақшалай емес ресурстарының жеткіліктілігі жағдайында мүшелер бастамашы болған және қаржыландыратын жобаларды жүзеге асыра алады.

VI бап
Мүшелік

      А. Біріккен Ұлттар Ұйымының, сондай-ақ осы Жарғыда көзделген қызметтің мақсаттары мен түрлеріне сәйкес әрекет етуді қалайтын және қабілетті экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымдарының мүшелері болып табылатын мемлекет Агенттіктің мүшесі бола алады. Агенттікке мүшелік үшін экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымы ең кемінде оның біреуі Агенттіктің мүшесі болып табылатын егеменді мемлекет болып құрылуға тиіс. Бұл ретте мүше мемлекеттер мұндай ұйымның құзыретіне Агенттіктің қызмет саласына кіретін мәселелерден ең болмаса бір-бірден жіберуге тиісті.
      В. Мұндай мемлекеттер мен экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымдары:
      1. Жарғыға қол қойып және ратификациялау туралы құралды депонирлеп Агенттіктің бастапқы мүшелері;
      2. олардың мүшелігі мақұлданғаннан кейін қосылу туралы хабарламаны депонирлеп Агенттіктің басқа мүшелері болады. Мүшелік егер Агенттіктің мүшелеріне тиісті өтінішті жібергеннен кейін үш ай ішінде қарсылық болмаса мақұлданған болып саналады. Егер қарсылық болған жағдайда өтінішті IX баптың Н абзацының 1-тармағында белгіленген тәртіппен Ассамблея қарайды.
      С. Экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымы, ұйым және оған мүше мемлекеттер осы Жарғы бойынша міндеттемелердің орындалуына жауапкершілікті шектейді. Ұйым мен оған мүше мемлекеттер осы Жарғы бойынша дауыс беру құқығын қоса алғанда, құқықтарды бір мезгілде іске асыруға құқығы жоқ. Өзінің ратификациялау немесе қосылу туралы құжаттарында жоғарыда аталған ұйымдар осы Жарғыны реттеу нысанасына кіретін мәселелер бойынша өз құзыретінің шекарасын айқындайды. Бұл ұйымдар сонымен қатар өз құзыретінің кез келген елеулі өзгерістері туралы депозитарийге хабарлайды. Олардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша дауыс берген жағдайда экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымдары Агенттіктің мүшелері болып табылатын осы ұйымның мүшелерінің санына тең дауыс санына ие болады.

VII бап
Қадағалаушылар

      А. Қадағалаушы мәртебесін Ассамблея:
      1. жаңартылатын энергия саласында белсенді қызметті жүзеге асыратын үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдарға;
      2. осы Жарғыға қол қойған, бірақ ратификацияламаған мемлекеттер мен ұйымдарға;
      3. мүшелік туралы өтініші VI баптың В абзацының 2-тармағында көзделген тәртіппен мақұлданған өтініш берушілерге беруі мүмкін.
      В. Қадағалаушылар Ассамблеяның және оның көмекші органдарының ашық отырыстарына дауыс беру құқығынсыз қатыса алады.

VIII бап
Органдар

      Агенттіктің негізгі органдары ретінде:
      1. Ассамблея;
      2. Кеңес; және
      3. Хатшылық құрылады.
      Ассамблея мақұлдаған жағдайда Ассамблея және Кеңес осы Жарғыға сәйкес олардың функцияларын іске асыру үшін қажетті деп санаған осындай көмекші органдарды құра алады.

ІХ бап
Ассамблея

      А. 1. Ассамблея - Агенттіктің жоғары органы.
      2. Ассамблея осы Жарғының шеңберіндегі немесе құруы осы Жарғыда көзделген кез келген органның функцияларына және өкілеттіктеріне жататын кез келген мәселені талқылай алады.
      3. Ассамблея осы мәселелердің кез келгені бойынша:
      а) шешім қабылдай алады және кез келген осындай органға ұсынымдар бере алады;
      в) олардың сауалдары бойынша Агенттіктің мүшелеріне ұсынымдар бере алады.
      4. Бұдан басқа, Ассамблея Кеңестің талқылауына мәселелерді ұсынуға және Агенттіктің жұмыс істеуіне қатысты кез келген мәселе бойынша Кеңес пен Хатшылықтан баяндамаларды сұратуға құқылы.
      В. Ассамблея Агенттіктің барлық мүшелерінен тұрады. Егер Ассамблея өзгеше шешім қабылдамаса, кезекті жыл сайынғы сессияға жиналады.
      С. Агенттіктің әрбір мүшесі Ассамблеяның бір өкіліне ие болады. Өкілдермен бірге орынбасарлар мен кеңесшілер жүруі мүмкін. Ассамблеяның жұмысына қатысуға байланысты шығыстарды тиісті мүшесі жабады.
      D. Егер Ассамблея өзгеше шешім қабылдамаса, Ассамблеяның сессиясы Агенттіктің орналасқан жері бойынша өткізіледі.
      Е. Ассамблеяның әр кезекті сессиясының басында әділ географиялық өкілдіктің принципін назарға ала отырып, төрағаны және оның өзге де қажетті лауазымды тұлғаларын сайлайды. Осы лауазымды тұлғалардың өкілеттігі келесі кезекті сессияда жаңа төрағаны және өзге де лауазымды тұлғаларды сайлаумен тоқтатылады. Ассамблея осы Жарғыға сәйкес өзінің рәсімдік ережесін белгілейді.
      Ғ. VI баптың С абзацына сәйкес Агенттіктің әр мүшесі Ассамблеяда бір дауысқа ие. Ассамблея мүшелердің, қатысушылардың және дауыс беруге қатысушылардың қарапайым көпшілік дауысымен рәсімдік мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды. Мәні бар мәселелер жөніндегі шешімдерді қатысушы мүшелердің консенсусы қабылдайды. Егер консенсусқа қол жеткізе алмаса, осы Жарғыда көзделген жағдайларды қоспағанда, екіден аспайтын мүшесі қарсы болған жағдайда, консенсусқа қол жеткізілген болып саналады. Нақты мәселе мәні бар мәселе болып табыла ма немесе жоқ па деген мәселе туындаған жағдайда, егер Ассамблеяға қатысушы мүшелердің консенсусы өзгеше шешім қабылдамаса, осындай мәселе мәні бар мәселе ретінде қаралады. Бұл ретте, егер консенсусқа қол жеткізе алмаса, екіден аспайтын мүшесі қарсы болған жағдайда, консенсусқа қол жеткізілген болып саналады. Агенттік мүшелерінің басым көпшілігі Ассамблеяның кворумын құрайды.
      G. Ассамблея қатысушы мүшелердің консенсусы негізінде:
      1. Кеңестің мүшелерін сайлайды;
      2. өзінің кезекті сессияларында Кеңесте қарауға берілген Агенттіктің бюджеті мен жұмыс бағдарламасын қабылдайды және Агенттіктің бюджеті мен жұмыс бағдарламасына түзетулер енгізуге қатысты шешімдер қабылдауға құқылы;
      3. Агенттіктің қаржылық саясатын, қаржылық ережелерін, өзге де қаржылық мәселелерін бақылауға және аудиторды сайлауға қатысты шешімдер қабылдайды;
      4. Жарғыға түзетулерді мақұлдайды;
      5. көмекші органдарды құруға қатысты шешімдер қабылдайды және олардың құзыретін белгілейді;
      6. XVII баптың А абзацы негізінде дауыс беруге рұқсат беруге қатысты шешімдер қабылдайды.
      Н. Ассамблея қатысушы мүшелердің екіден аспайтын мүшесі қарсы болған жағдайда, қол жеткізілген болып саналған консенсусы негізінде:
      1. қажет болған жағдайда, мүшелік туралы өтініштерге қатысты шешімдер қабылдайды;
      2. соңғы қарауға берілген Ассамблея мен Кеңестің рәсімдік ережесін мақұлдайды;
      3. жылдық баяндаманы, басқа да баяндамаларды қабылдайды;
      4. осы Жарғының шеңберінде кез келген мәселелер бойынша келісімдердің қорытындысын мақұлдайды;
      5. V баптың В абзацына сәйкес көзделген қосымша жобаларға қатысты мүшелер арасында келіспеушілік болған жағдайда шешім қабылдайды.
      I. Ассамблея Агенттік пен Хатшылықтың Бас директорының (бұдан әрі Бас директор деп аталатын) орналасатын жерін қатысушы мүшелердің консенсусы негізінде немесе егер консенсусқа қол жеткізбесе, мүшелердің, қатысушылардың және дауыс беруге қатысушылардың үштен екісінің көпшілік дауысымен анықтайды.
      J. Ассамблея өзінің бірінші сессиясында IX баптың Ғ-І абзацтарында тиісті мәселелер үшін көзделген дауыс беру рәсімдеріне сәйкес Дайындық комиссиясы әзірлеген кез келген шешімдерді, келісімдердің, қаулылар мен ұсынымдардың жобаларын қарайды және қажет болған жағдайда мақұлдайды.

X бап
Кеңес

      А. Кеңес Ассамблеяда сайланған Агенттік мүшелерінің кемінде 11 өкілінен және 21-ден аспайтын өкілінен тұрады. Өкілдердің дәл саны Кеңеске дауыс беру басында Агенттік мүшелерінің саны негізінде анықталатын Агенттік мүшелерінің үштен бірінің дөңгелектенген баламасына сәйкес келеді. Кеңестің мүшелері дамыған және дамушы елдер Кеңесінің қызметіне нақты қатысуды, әділ географиялық өкілдікке қол жеткізуді және Кеңестің тиімді жұмысын қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, алмастыру принциптеріне, Ассамблеяның бекітілген рәсімдік ережесіне сәйкес сайланады. Кеңестің мүшелері екі жылдық мерзімге сайланады.
      В. Егер Кеңес өзгеше шешім қабылдамаса, Кеңес Агенттіктің орналасқан жері бойынша жарты жылда бір рет жиналады.
      С. Кеңестің әр отырысының басында осы отырыстың аяғына дейінгі мерзімге Кеңес өз ішінен, сондай-ақ қажет болған жағдайда өзге де лауазымды тұлғалардың ішінен төрағаны сайлайды. Кеңес өзінің рәсімдік ережесін әзірлеу құқығын сақтайды. Осы рәсімдік ереже Ассамблеяға мақұлдау үшін беріледі.
      D. Кеңестің әр мүшесі бір дауысқа ие. Рәсімдеу мәселелері бойынша Кеңес өз мүшелерінің қарапайым көпшілік дауысымен шешімдер қабылдайды, Мәні бар мәселелер бойынша шешімдер Кеңестің үштен екі мүшесінің көпшілік дауысымен қабылданады. Нақты мәселе мәні бар мәселе болып табыла ма немесе жоқ па деген мәселе туындаған кезде, егер Кеңестің үштен екі мүшесінің дауысымен Кеңес өзгеше шешім қабылдамаса, осы мәселе мәні бар мәселе ретінде қаралады.
      Е. Кеңес Ассамблеяға есеп береді және оның алдында жауапты болады. Кеңес, оған осы Жарғыда берілген өкілеттіктер мен функцияларды, сондай-ақ оған Ассамблея жүктеген функцияларды да іске асырады. Бұл ретте ол шешімдерге сәйкес және Ассамблеяның ұсыныстарын назарға ала отырып жұмыс істейді, олардың тиісінше және тұрақты орындалуын қамтамасыз етеді.
      Ғ. Кеңес:
      1. мүшелер арасында консультациялар мен ынтымақтастықты жүргізуге ықпал етеді;
      2. бюджеттің және жылдық жұмыс бағдарламасының жобаларын қарайды және Ассамблеяның қарауына ұсынады;
      3. күн тәртібінің жобасын әзірлеуді қоса алғанда, Ассамблея
сессияларына дайындық жөніндегі шараларды бекітеді;
      4. XI баптың Е абзацының 3-тармағына сәйкес Хатшылық дайындаған Агенттіктің қызметі туралы жылдық баяндаманың жобасы мен өзге де баяндамаларды қарайды және Ассамблеяның қарауына ұсынады;
      5. Ассамблеяның сұратуы бойынша кез келген өзге де баяндамаларды дайындауды жүзеге асырады;
      6. Ассамблеямен алдын ала келіскен жағдайда Агенттіктің атынан мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен және халықаралық агенттіктермен шарттар мен халықаралық құжаттар жасасады;
      7. қабылданған бюджет шеңберінде Хатшылықтың оны іске асыруы мақсатында Ассамблея қабылдаған жұмыс бағдарламасын толықтырады және нақтылайды;
      8. мәселелерді Ассамблеяның қарауына беруге құқығы бар;
      9. VIII баптың В абзацына сәйкес қажет болса көмекші органдарды құрады, олардың өкілеттілігі мен жұмыс істеу ұзақтығын белгілейді.

XI бап
Хатшылық

      А. Хатшылық Ассамблеяға, Кеңеске және олардың көмекші органдарына өздеріне жүктелген функцияларын іске асыруға жәрдемдеседі. Хатшылық сондай-ақ өзіне осы Жарғы, Ассамблея немесе Кеңес жүктеген өзге де функцияларды атқарады.
      В. Хатшылық, оның басшысы және басты әкімшілік лауазымды тұлғасы болып табылатын Бас директордан және қажет болуы мүмкін лауазымды тұлғалардан тұрады. Бас директорды Кеңестің ұсынымы бойынша төрт жылдық мерзімге Ассамблея тағайындайды, ол тағы да бір осындай мерзімге бір рет ұзартылуы мүмкін.
      С. Бас директор Ассамблея мен Кеңестің алдында жауапты. Атап айтқанда, ол кадрларды іріктеуге, Хатшылықты ұйымдастыруға және оның жұмыс істеуіне жауап береді. Персоналды іріктеу және оның қызметі жағдайларын айқындау кезінде тиімділіктің, құзыреттіліктің және адалдықтың ең жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге бірінші кезекте мән беріледі. Персоналды іріктеудің маңыздылығы бірінші кезекте мүше мемлекеттерден, барынша кең географиялық негізде тиісті дәрежеде ескерілуге тиіс, дамушы елдердің тепе-тең өкілдігіне және гендерлік баланстың сақталуына ерекше назар аударылуға тиіс.
      Бюджетті әзірлеу кезінде персоналды қабылдау жөніндегі ұсыныстар Хатшылықтың штат саны Хатшылықтың функцияларын тиісті дәрежеде атқаруы үшін барынша аз болатындай принципке негізделуге тиіс.
      D. Бас директор немесе ол тағайындаған өкіл Ассамблея мен Кеңестің барлық мәжілістеріне дауыс беру құқығынсыз қатысады.
      Е. Хатшылық:
      1. Агенттіктің жұмыс бағдарламасы мен бюджетінің жобаларын әзірлейді және Кеңестің қарауына ұсынады;
      2. Агенттіктің жұмыс бағдарламасын және оның шешімдерін іске асырады;
      3. Ассамблея немесе Кеңес сұратуы мүмкін жылдық баяндаманы және кез келген өзге де баяндамаларды әзірлейді және Кеңестің қарауына ұсынады;
      4. Ассамблеяның, Кеңестің және олардың көмекші органдарының қызметіне әкімшілік және техникалық қолдауды жүзеге асырады;
      5. Агенттік пен оның мүшелері арасында ақпарат алмасуға ықпал етеді;
      6. IV баптың С абзацының 2-тармағына сәйкес Агенттік мүшелеріне ұсыным жасалғаннан кейін жаңартылатын энергия саласындағы саясат мәселелері бойынша ұсынымдарды таратады, олардың әр мәжілісі үшін саясат мәселелері бойынша ұсынымдар жөніндегі баяндаманы әзірлейді және Ассамблея мен Кеңестің қарауына ұсынады. Кеңеске берілетін баяндамада сондай-ақ жылдық жұмыс бағдарламасын іске асыруға байланысты саясат мәселелері бойынша жоспарланатын ұсынымдар қамтылуға тиісті.
      Ғ. Өз міндеттерін атқару кезінде Бас директор мен Хатшылықтың басқа да қызметкерлері қандай да бір үкіметтен немесе Агенттік үшін жат болып саналатын өзге де көзден нұсқаулар сұратпауы немесе алмауы тиіс. Олар Ассамблея мен Кеңес алдында ғана жауапты халықаралық лауазымды тұлғалар ретінде өздерінің жағдайына әсер етуі мүмкін кез келген іс-әрекеттен аулақ болуға тиіс. Агенттіктің әр мүшесі Бас директордың және Хатшылықтың басқа да қызметкерлері міндеттерінің халықаралық сипатын қатаң сыйлауға және өз міндеттерін атқару кезінде оларға ықпал етуге әрекеттенбеуге міндеттенеді.

XII бап
Бюджет

      А. Агенттіктің бюджеті осы Жарғының IX бабы G абзацында көзделгендей, консенсус негізінде Ассамблеяның қабылдауына жататын қаржы ережелеріне сәйкес:
      1. БҰҰ шығыстарын бөлуге арналған жарналар шәкіліне негізделіп, Ассамблея белгілеген мүшелердің міндетті жарналары;
      2. ерікті қайырмалдық;
      3. өзге де ықтимал көздер есебінен құрылады.
      Қаржы ережесі және бюджет Агенттік қызметінің, оның жұмыс бағдарламасымен белгіленген Агенттік қызметінің түрлерін тиімді жүзеге асырудың сенімді қаржылық негізін қамтамасыз етуге тиіс. Агенттік қызметінің негізгі түрлері және оның әкімшілік шығыстары міндетті жарналардың есебінен қаржыландырылады.
      В. Агенттік бюджетінің жобасын Хатшылық әзірлейді және Кеңестің қарауына енгізіледі. Кеңес жобаны мақұлдау туралы ұсыныммен жобаны Ассамблеяға жіберуі не пысықтап қайта енгізу үшін Хатшылыққа қайтаруы мүмкін.
      С. Ассамблея сыртқы аудиторды тағайындайды, оның өкілеттігі, қайта сайлану құқығымен төрт жылды құрайды. Алғашқы тағайындалған аудитор бұл лауазымда екі жыл болады. Аудитор Агенттіктің есеп-шоттарын тексеруді жүзеге асырады және басқару тиімділігіне және ішкі қаржылық бақылауға қатысты қажетті ескертпелер мен ұсынымдар жасайды.

XIII бап
Субъект құқығы, жеңілдіктер және иммунитеттер

      А. Агенттік халықаралық құқықтық субъектілікке ие. Ұлттық заңнамаға сәйкес өзінің әр мүшесінің аумағында Агенттік ұлттық құқығына сәйкес өзінің функцияларын орындау және өзінің мақсаттарына жету үшін қажетті осындай құқықтық қабілеттілігін пайдаланады.
      В. Агенттік мүшелері Агенттіктің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы жеке келісімге қатысты шешім қабылдайды.

XIV бап
Басқа ұйымдармен өзара қарым-қатынас

      Ассамблеяны мақұлдау жөніндегі кеңес Агенттіктің атынан келісімдер жасасуға уәкілеттендірілетін болады. Мұндай келісімдер Агенттік пен Біріккен Ұлттар Ұйымының, сондай-ақ қызметі Агенттіктің қызметіне байланысты кез келген басқа ұйымдардың арасында тиісті байланыс орнатады. Осы Жарғының ережелері басқа халықаралық шарттардан туындайтын мүшелердің құқықтары мен міндеттеріне нұқсан келтірмейді.

ХV бап
Түзетулер, шығу, қайта қарау

      А. Осы Жарғыға түзетулер енгізу туралы ұсыныстарды Агенттіктің кез келген мүшесі енгізе алады. Бас директор кез келген ұсынылған түзету мәтінінің куәландырылған көшірмелерін дайындауды жүзеге асырады және оларды Ассамблеяда қарағанға дейін кемінде тоқсан күн бұрын оның барлық мүшелеріне жібереді.
      В. Түзетулер Агенттіктің барлық мүшелері үшін:
      1. олардың әрқайсысына қатысты ескертулерді Кеңес қарағаннан кейін түзетулерді Ассамблея мақұлдаған жағдайда;
      2. барлық мүшелері өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес түзетулердің олар үшін міндеттілігіне келісетіндіктерін білдірген жағдайда күшіне енеді. Агенттік мүшелері осы Жарғының XX бабының А абзацында белгіленген депозитарийге тиісті құжатты беру жолымен түзетулердің міндеттілігіне келісетіндіктерін білдіреді.
      С. Агенттік мүшесі осы Жарғының XIX бабының D абзацына сәйкес күшіне енген күннен бастап бес жыл еткеннен кейін кез келген уақытта бұл туралы Кеңес пен барлық мүшелерді дереу хабардар ететін, осы Жарғының XX бабының А абзацында белгіленген депозитарийге бұл туралы жазбаша түрде хабарлай отырып, Агенттіктен шыға алады.
      D. Мұндай шығу тиісті хабарлама жіберілген жылдың аяғында күшіне енеді. Мүшенің Агенттіктен шығуы V баптың В абзацына сәйкес туындаған оның шарттық міндеттемелерінің не осы мүшенің Агенттіктен шығатын жылғы қаржылық міндеттемелерінің тоқтатылуына әкелмейді.

XVI бап
Дауларды шешу

      А. Агенттік мүшелері осы Жарғыны түсіндіруге немесе қолдануға байланысты барлық дауларды Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 2-бабының 3-абзацына сәйкес бейбіт құралдармен шешеді және осы мақсатта Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 33-бабының 1-абзацында көрсетілген құралдармен дауларды шешуге ұмтылады.
      В. Кеңес қайырымдылық қызметтерін ұсынуды, мүшелерді өздері таңдаған құралдарды пайдалану арқылы дауларды шешуге кірісуге шақыруды, келісімге қол жеткізуге қатысты кез келген рәсімге арналған уақытша негіздемелерді ұсынуды қоса алғанда, өзі қолайлы деп санайтын кез келген құралдармен дауларды шешуге ықпал ете алады.

XVII бап
Құқықтарды уақытша тоқтата тұру

      А. Агенттіктің алдында қаржылық міндеттемелері бойынша өтелмеген берешегі бар Агенттіктің кез келген мүшесі, егер оның берешегінің сомасы осының алдындағы толық екі жылда алынатын жарналардың сомасына тең болса немесе асса, дауыс беру құқығынан айрылады. Алайда, Ассамблея Агенттіктің мұндай мүшесіне, егер ол төлем мерзімінің өтуі оған қатысы жоқ жағдайларға байланысты болғандығын мойындаса, дауыс беруге қатысуға рұқсат бере алады.
      В. Агенттік мүшесі осы Жарғының немесе осы Жарғыға сәйкес жасалған кез келген өзге келісімнің ережелерін үнемі бұзған жағдайда, Ассамблея қатысушылардың үштен екісінің дауысымен Кеңестің және дауыс беруге қатысушы мүшелердің ұсынуы бойынша мұндай мүшенің Агенттікке мүшелікке байланысты құқықтары мен артықшылықтарын іске асыруын тоқтата тұруы мүмкін.

XVIII бап
Агенттіктің орналасқан жері

      Агенттіктің орналасатын жерін Ассамблея өзінің бірінші сессиясында анықтайды.

XIX бап
Қол қою, ратификациялау, күшіне ену

      А. Осы Жарғы Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелері болып табылатын барлық мемлекеттер үшін, сондай-ақ VI баптың А абзацында белгіленгендей, экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымдары үшін Құрылтай конференциясында қол қою үшін ашық болады. Осы Жарғы ол күшіне енетін күнге дейін қол қою үшін ашық күйінде қалады.
      В. Осы Жарғыға қол қоймаған VI баптың А абзацында белгіленгендей мемлекеттер мен экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымдары үшін осы Жарғы осы мемлекеттердің не ұйымдардың мүшелігін Ассамблея VI баптың В абзацының 2-тармағында көзделген рәсімге сәйкес мақұлдағаннан кейін қосылу үшін ашық болады.
      С. Осы Жарғының міндеттілігіне келісімін білдіру ратификациялау не қосылу туралы құжатты депонирлеу арқылы жүзеге асырылады. Ратификациялауды не осы Жарғыға қосылуды мемлекеттер өздерінің ішкі заңнамасының ережелеріне сәйкес жүзеге асырады.
      D. Осы Жарғы ратификациялау туралы жиырма бесінші құжатты депонирлеу күнінен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
      Е. Осы Жарғы күшіне енгеннен кейін ратификациялау немесе қосылу туралы құжатты депонирлеген мемлекеттер не экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымдары үшін осы Жарғы тиісті құжатты депозинирлеген күннен бастап отызыншы күні күшіне енеді.
      Ғ. Осы Жарғының ережелерінде жаңсақтыққа жол берілмейді.

ХХ бап
Депозитарий, тіркеу, мәтіннің тең түпнұсқалылығы

      А. Осы Жарғының, сондай-ақ ратификациялау және қосылу туралы құжаттардың депозитарийін Германия Федеральдық Республикасының Үкіметі белгілейді.
      В. Осы Жарғының депозитарийі оны тіркеуді Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес жүзеге асырады.
      С. Осы Жарғының тең түпнұсқалы ағылшын тіліндегі мәтіні депозитарийдің мұрағаттарында сақталады.
      D. Осы Жарғының тиісті түрде куәландырылған көшірмелерін депозитарий осы Жарғыға қол қойған не мүшелігі VI баптың В абзацының 2-тармағында көзделген рәсімге сәйкес мақұлданған сол мемлекеттердің үкіметтеріне және сол экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымдарының атқарушы органдарына жіберетін болады.
      Е. Депозитарий осы Жарғыға қол қойған мемлекеттер мен ұйымдарды әрбір құжатты депонирлеу күні туралы, Жарғыны ратификациялау туралы және оның күшіне енген күні туралы дереу хабардар етеді.
      Ғ. Депозитарий осы Жарғыға қол қойған мемлекеттер мен ұйымдарды, сондай-ақ Агенттік мүшелерін мемлекеттердің және экономикалық интеграцияның өңірлік үкіметаралық ұйымдарының Агенттікке кірген күні туралы дереу хабардар етеді.
      G. Депозитарий мүшелік туралы жаңа өтініштерді VI баптың В абзацының 2-тармағында көзделген рәсімге сәйкес қарау үшін Агенттіктің барлық мүшелеріне дереу жіберетін болады.

      Осыны куәландыру үшін тиісті түрде уәкілеттендірілген төменде қол қоюшылар, осы Жарғыға қол қойды.

      Бонн қаласында, 2009 жылғы 26 қаңтарда ағылшын тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады