Қазақстан Республикасының Үкіметі Қ АУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің білім беру саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің білім беру саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 20 шілдедегі
N 1103 қаулысымен
мақұлданған
жоба
Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің
білім беру саласындағы ынтымақтастығы туралы
келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің үкіметтері,
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға аса мән бере отырып,
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер арасындағы білім беру саласындағы дәстүрлі тығыз байланыстарды ескере отырып,
Тараптардың білім беру сапасын қамтамасыз ету үшін келісілген тәсілдерді және білім беру сапасы кепілдігінің мемлекетаралық жүйесін құрудағы өзара іс-қимылының орындылығы мен қажеттілігін түсіне отырып,
ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің білім беру жүйелерінің тең құқықтығы, дербестігі мен тұтастығы қағидаттарындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және дамытуға ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің заңнамаларына сәйкес ЕурАзЭҚ-тың жалпы білім беру кеңістігін құруға бағытталған білім беру саласындағы ынтымақтастықты біртіндеп кеңейту жөніндегі келісілген шараларды жүзеге асырады, сондай-ақ ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттерде жүргізілетін білім беру саласындағы реформалар мәселелері бойынша тәжірибе және ақпарат алмасады.
2-бап
Тараптар өздері қол қоятын ынтымақтастық туралы шарттар негізінде білім беру мекемелері/ұйымдары арасындағы байланыстардың дамуына қолдау көрсетеді.
3-бап
Тараптар академиялық ұтқырлықты дамытуға және білім алушылармен, педагог және ғылыми-педагог кадрлармен өзара алмасуға жәрдемдеседі.
Алмасудың сандық көрсеткіштерін, қаржылық және өзге де шарттарын жыл сайын Тараптардың білім беруді басқару органдары тиісті екі жақты хаттамалармен анықтайды.
4-бап
Тараптар:
а) педагог және ғылыми-педагог кадрлардың Тараптар мемлекеттерінің аумағында өткізілетін ұлттық және халықаралық конгрестерге, семинарларға, конференциялар мен симпозиумдарға қатысуына;
ә) білім алушылардың халықаралық олимпиадаларға, конкурстарға, фестивальдар мен басқа да іс-шараларға қатысуына жәрдемдеседі.
5-бап
Тараптардың әрқайсысы өздерінде бар мүмкіндіктерге сәйкес өз білім беру мекемелерінде/ұйымдарында аталған Тарап барынша қолайлы деп есептеген нысандарда басқа Тарап мемлекеттерінің тілдерін, тарихтарын, мәдениеттерін, әдебиеттерін оқып-үйренуді көтермелейді.
6-бап
Тараптар осы Келісімді іске асыру мақсатында ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитеті жанынан Білім кеңесін құрады, ол өз қызметін ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитеті бекітетін осы Кеңес туралы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитеті жанындағы Білім кеңесі ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитеті жанындағы Білім, ғылыми дәрежелер мен атақтар туралы құжаттарды өзара тану және олардың баламалылығы жөніндегі кеңестің құқықтық мирасқоры болып табылады.
7-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
8-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға және түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы келіссөздер және консультациялар жолымен шешіледі.
9-бап
Осы Келісім Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
10-бап
Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және депозитарий Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
11-бап
Осы Келісім Келісімнің ережелерін мойындайтын басқа да мемлекеттер үкіметтерінің оған қосылуы үшін ашық.
Қосылған Үкімет үшін осы Келісім депозитарийге қосылу туралы құжатты сақтауға берген күнінен бастап күшіне енеді.
12-бап
Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады.
Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен шығу күніне дейін кемінде алты ай бұрын ол туралы депозитарийге жазбаша хабарлау жолымен шығуға құқылы.
Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату оған сәйкес Тараптар бұрын қабылдаған міндеттемелер толық орындалғанға дейін оларды қозғамайды.
20___ жылғы "___" _________ _____________ қаласында бір данада
орыс тілінде жасалды. Осы Келісімнің түпнұсқа данасы осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, Тараптарға оның куәландырылған көшірмелерін жіберетін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетінде сақталады.
Беларусь
Республикасының Үкіметі үшін
Қазақстан
Республикасының Үкіметі үшін
Қырғыз
Республикасының Үкіметі үшін
Ресей
Федерациясының Үкіметі үшін
Тәжікстан
Республикасының Үкіметі үшін