Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара визасыз жол жүрулері туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 25 қыркүйектегі N 1448 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара визасыз жол жүрулері туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара визасыз жол жүрулері туралы келісімге қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2009 жылғы 25 қыркүйектегі
N 1448 қаулысымен    
мақұлданған       

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан
Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың
өзара визасыз жол жүрулері туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзірбайжан Республикасының Үкіметі,
      екі мемлекет пен оның халықтары арасындағы достық қарым-қатынастардың дамуына, экономикалық, сауда, ғылыми-техникалық, мәдени және өзге де байланыстарды нығайтуға ықпал етуге ынталарын басшылыққа ала отырып,
      азаматтардың Тараптар аумағы бойынша өзара жол жүру жағдайларын барынша жеңілдету мақсатында,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Бір Тарап мемлекеті азаматтарының тұрақты тұратын жеріне қарамастан, екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз, осы Келісімнің 1 және 2-қосымшаларында санамаланған жеке басын куәландыратын және азаматтығын растайтын құжаттардың негізінде келуге, кетуге, транзитпен өтуге, жүріп-тұруға және болуға құқықтары бар.

2-бап

      Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағы бойынша мемлекеттік шекарадағы халықаралық қатынас үшін ашық өткізу пункттері арқылы келеді, кетеді жене транзитпен өте алады.

3-бап

      Бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағында болған уақытта болатын мемлекеттің заңнамасын, соның ішінде шетел азаматтарының тіркелу, болу және жүріп-тұру ережелерін сақтауға міндетті.
      Екінші Тарап мемлекетінің аумағында осы Келісім шарттарын немесе болу ережелерін бұзған бір Тарап мемлекетінің азаматтары болатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес жауапты болады.

4-бап

      Тараптардың әрқайсысы мұндай шешімнің себебін түсіндірместен, екінші Тарап мемлекетінің азаматына кіруге рұқсат етуден бас тартуға немесе оның өз мемлекетінің аумағында болу мерзімін қысқартуға құқылы.

5-бап

      Тараптар осы Келісімге қол қойылған күнінен бастап отыз күн ішінде дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің 1 және 2-қосымшаларында санамаланған құжаттардың үлгілерімен алмасады.
      Тараптар осы Келісімнің мақсаттары үшін пайдаланылатын жаңа құжаттардың енгізілгені немесе құжаттардағы өзгерістер туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы 48 сағат ішінде хабардар етеді және осы құжаттар қолданысқа енбес бұрын 30 күн ішінде бір-біріне олардың үлгілерін жібереді.

6-бап

      Тараптар қажет болған жағдайда осы Келісімді орындауға байланысты мәселелерді талқылау үшін консультациялар өткізеді.
      Осы Келісімнің ережелерін орындау немесе қолдану барысында туындайтын кез келген келіспеушіліктер немесе даулы мәселелер келіссөздер арқылы шешіледі.

7-бап

      Тараптардың келісімі бойынша осы Келісімге өзгерістер немесе толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен рәсімделеді және осы Келісімнің 10-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.

8-бап

      Егер мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіпке қауіп төндірген, дүлей зілзала, техногендік апаттар болған немесе азаматтардың денсаулығына қауіп төнген жағдайда Тараптар өзінде осы Келісімнің қолданылуын уақытша, толық немесе ішінара тоқтата тұру құқығын сақтайды.
      Осы Келісімнің қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ оның қолданылуын қайта бастау туралы шешім қабылдаған Тарап осындай шешім қабылдаған сәттен бастап 72 сағаттан кешіктірмей осы туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы хабарлайды.

9-бап

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтар мен міндеттемелерді қозғамайды.

10-бап

      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы дипломатиялық арналар арқылы соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап күшіне енеді.
      Тараптардың әрқайсысы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда хабардар ете отырып, осы Келісімнің қолданылуын тоқтата алады. Мұндай жағдайда осындай хабарлама алынған күннен бастап 90-шы күні Келісім қолданылуын тоқтатады.
      200__ жылғы "____" ________ _________ қаласында әрқайсысы қазақ, әзірбайжан және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінді басшылыққа алады.

      Қазақстан Республикасының          Әзірбайжан Республикасының
      Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының Үкіметі 
мен Әзірбайжан Республикасының  
Үкіметі арасындағы Азаматтардың 
өзара визасыз жол жүрулері туралы
келісімге 1-қосымша       

Қазақстан Республикасы азаматтарының Әзірбайжан Республикасының
аумағы арқылы кіруіне, шығуына, транзитпен өтуіне, болуына
және жүріп-тұруына арналған құжаттарының тізімі

      1. Қазақстан Республикасы азаматының паспорты.
      2. Қызметтік паспорт.
      3. Дипломаттық паспорт.
      4. Теңізшінің паспорты (теңізшінің жеке басын куәландыратын құжат, кеме рөлі немесе одан үзінді көшірме болған кезде).
      5. Әуе кемесінің экипажы мүшесінің куәлігі (ұшу тапсырмасында тиісті жазба болған кезде).
      6. Қазақстан Республикасына оралу куәлігі (тек Қазақстан Республикасына оралу үшін).

Қазақстан Республикасының Үкіметі 
мен Әзірбайжан Республикасының  
Үкіметі арасындағы Азаматтардың  
өзара визасыз жол жүрулері туралы 
келісімге 2-қосымша        

Әзірбайжан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының
аумағы арқылы кіруіне, шығуына, транзитпен өтуіне, болуына
және жүріп-тұруына арналған құжаттарының тізімі

      1. Жалпыазаматтық паспорт.
      2. Қызметтік паспорт.
      3. Дипломаттық паспорт.
      4. Теңізшінің кітапшасы (теңізшінің жеке басын куәландыратын құжат, кеме рөлі немесе оның көшірмесі болған кезде).
      5. Әуе кемесінің экипажы мүшесінің куәлігі (ұшу тапсырмасында тиісті жазба болған кезде).
      6. Әзірбайжан Республикасына оралу куәлігі (тек Әзірбайжан Республикасына оралу үшін).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады