Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2009 жылғы 8 маусымда Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Литва Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Литва Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық
паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы
келісім
(2012 жылғы 17 мамырда күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 4, 59-құжат)
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметімен Литва Республикасының Үкіметі,
достық қатынастарды дамытуға, экономикалық, сауда, ғылыми-техникалық, мәдени және басқа салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ету ұмтылысын басшылыққа ала отырып,
дипломатиялық паспорттардың иелері — екі мемлекеттің де азаматтарының өзара сапарларына ықпал етуге ниеттене отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
1. Жарамды дипломатиялық паспорттары бар бір Тарап мемлекетінің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келе алады, одан кете алады, транзитпен өте алады және онда алғашқы келген күнінен бастап 6 ай ішінде 90 күнге дейін бола алады.
2. Екінші Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан дипломатиялық өкілдіктерге немесе консулдық мекемелерге, сондай-ақ халықаралық ұйымдарға немесе сауда өкілдіктеріне жұмысқа тағайындалған қолданыстағы дипломатиялық паспорттары бар бір Тарап мемлекетінің азаматтары және олардың отбасы мүшелері белгіленген мемлекеттің аумағына визалары болған жағдайда келеді.
3. Осы баптың 2-тармағында айтылған азаматтар аккредиттеу туралы құжаттарды алғаннан кейін екінші Тарап мемлекетінің аумағына визасыз келеді, кетеді, транзитпен өтеді және бүкіл аккредиттеу мерзімі ішінде онда болады.
2-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген адамдар халықаралық қатынастар үшін ашық шекаралық өткізу бекеттері арқылы екінші Тарап мемлекетінің аумағына келеді және осы аумақтан кетеді.
3-бап
Тараптардың әрқайсысы мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіпті қорғау немесе қажет болған кезде халықтың денсаулығын қорғау ниеті бойынша жарамды дипломатиялық паспорттары бар екінші Тарап мемлекеті азаматтарының келуіне рұқсат беруден бас тарта алады немесе өз мемлекетінің аумағында болу мерзімін қысқарта алады.
4-бап
Осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген адамдар екінші Тарап мемлекетінің аумағында болуы кезінде 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында және 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясында көзделген артықшылықтарға және иммунитеттерге нұқсан келтірместен, келген мемлекеттің заңнамасын сақтауға міндетті.
5-бап
Тараптардың бірінің мемлекеті аумағында дипломатиялық паспортты жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда оның иесі азаматы болып табылатын мемлекеттің дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі оған жаңа жол жүру құжатын береді, сондай-ақ бұл туралы келген мемлекеттің Сыртқы істер министрлігін хабардар етеді.
6-бап
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациядар мен келіссөздер жолымен шешетін болады.
7-бап
1. Осы Келісім, күшіне енгенге дейін Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары дипломатиялық арналар арқылы қолданыстағы дипломатиялық паспорттардың үлгілерімен алмасады.
2. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары дипломатиялық паспорттарға қатысты өзгерістер туралы көрсетілген өзгерістерді қолданысқа енгізуге дейін 30 күннен кешіктірмей бір-біріне хабарлайды, сондай-ақ бір мезгілде жаңа паспорттардың үлгілерімен алмасады.
8-бап
Осы Келісімнің ережелері Тараптардың Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы қатысушысы болып табылатын басқа да халықаралық шарттар бойынша міндеттемелерін қозғамайды.
9-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің жекелеген ережелері өзгертілуі немесе толықтырылуы мүмкін. Мұндай өзгерістер және толықтырулар нота алмасу жолымен енгізіледі.
10-бап
1. Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнің қолданылуын немесе осы Келісімнің жекелеген ережелерінің қолданылуын қоғамдық тәртіпті қорғау, мемлекеттік қауіпсіздікті немесе халықтың денсаулығын қорғау ниеті бойынша уақытша тоқтата алады.
2. Осы Келісімнің немесе оның жекелеген ережелерінің қолданылуын уақытша тоқтата тұру немесе қайта бастау туралы шешімнің қабылдағаны туралы хабар беру аталған шешімді қолданысқа енгізуге дейін кемінде 10 күн бұрын кешіктірмей дипломатиялық арналар арқылы жүзеге асырылады.
3. Бұл ретте Келісімнің қолданылуының тоқтатыла тұруы осы Келісімнің 1-бабында көрсетілген екінші Тарап мемлекетінің аумағында жүрген азаматтардың құқықтық жағдайына ықпал етпейді.
11-бап
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап 30 күннен кейін күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және бір Тарап оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап 60 күн өткенге дейін күшінде қалады.
2009 жылғы "___" маусым Астана қаласында әрқайсысы қазақ, литва және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.
ҚАЗАҚСТАН ЛИТВА
РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ҮКІМЕТІ ҮШІН ҮКІМЕТІ ҮШІН