Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығару қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 2 қазандағы N 1520 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 3 тамыздағы № 642 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 03.08.2023 № 642 қаулысымен.
      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.06.2016 № 332 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 212-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығару қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.06.2016 № 332 қаулысымен.

      2. "Республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздарды шығару ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 15 наурыздағы N 252 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., N 14, 133-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы кол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 2 қазандағы
N 1520 қаулысымен
бекітілген

Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың
жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу
үшін бағалы қағаздар шығару қағидалары

      Ескерту. Қағиданың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.06.2016 № 332 қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.08.2021 № 525 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне және "Бағалы қағаздар нарығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік бағалы қағаздар шығару, орналастыру, айналысқа қосу, оларға қызмет көрсету және өтеу тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.08.2021 № 525 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) андеррайтер – брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар және эмитентке эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару мен орналастыру жөнінде қызметтер көрсететін бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы;

      2) бағалы қағаздар – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары эмиссиялайтын мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар;

      3) бастапқы дилер – белгіленген тәртіппен бағалы қағаздарды орналастыруға қатысуға жіберілген бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы;

      4) депозитарийдің ережелер жинағы – депозитарийдің ішкі құжаты, оның негізінде депозитарий бағалы қағаздарға қызмет көрсетуді және оларды өтеуді жүзеге асырады;

      5) орталық депозитарий (бұдан әрі – депозитарий) – эмитентпен жасалған шартқа сәйкес бағалы қағаздарды орналастыру кезінде бағалы қағаздар бойынша кірісті төлеу жөніндегі төлем агентінің функцияларын және оларды өтеу кезінде бағалы қағаздарға депозитарийлік қызмет көрсету жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" акционерлік қоғамы;

      6) сауда-саттықты ұйымдастырушы – "Қазақстан қор биржасы" акционерлік қоғамы;

      7) сауда-саттықты ұйымдастырушының ережелері – сауда-саттықты ұйымдастырушының ішкі құжаты, оның негізінде сауда-саттықты ұйымдастырушы бағалы қағаздарды орналастыруды жүзеге асырады;

      8) эмитент – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы.

      Бұл ретте облыстың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін ішкі нарықта айналым жасау үшін облыстардың жергілікті атқарушы органдары шығаратын мемлекеттік бағалы қағаздардың, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі жекелеген іс-шараларды белгіленген тәртіппен қаржыландыру үшін шығарылатын өзге де бағалы қағаздардың ғана эмитенттері бола алады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.08.2021 № 525 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2-тарау. Бағалы қағаздарды шығару, орналастыру, айналысқа жіберу, оларға қызмет көрсету және өтеу тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.08.2021 № 525 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-параграф. Бағалы қағаздарды шығарудың, орналастырудың, айналысқа жіберудің, оларға қызмет көрсетудің және өтеудің жалпы шарттары

      Ескерту. 2.1-параграфтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.08.2021 № 525 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Бағалы қағаздарды эмитент құжатсыз нысанда шығара алады. Бағалы қағаздарға қызмет көрсету (сыйақыны есептеу және төлеу) ұлттық валютада жүзеге асырылады.

      4. Әрбір шығарылымның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орталық депозитарий беретін халықаралық сәйкестендiру нөмiрi (ISIN) болады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 13.12.2018 № 831 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Бағалы қағаздар аукционды өткізу, жете орналастыру, қайта ашу, жазылым жүргізу жолымен және сауда-саттықты ұйымдастырушының ережелерінде белгіленген басқа да тәсілдермен орналастырылады.

      6. Эмитент бағалы қағаздарды шығаруды жүзеге асырған кезде андеррайтерді тартуға құқылы.

      7. Бағалы қағаздарды және олар бойынша құқықтарды есепке алу бастапқы дилерлердің депозитарийдегі жеке шоттары бойынша және бастапқы дилерлердің жеке шоттарында ашылған инвесторлардың жеке қосалқы шоттарында жүзеге асырылады.

      Депозитарий төлем агентінің функцияларын жүзеге асырады, олар бағалы қағаздар бойынша орналастыру кезінде бастапқы нарықта, бағалы қағаздардың айналымы мен оларды өтеу кезінде қайталама нарықта есеп айырысуды жүзеге асырудан, сондай-ақ бағалы қағаздарға депозитарийлік қызмет көрсетуден тұрады.

      8. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстың жергілікті атқарушы органдарының бағалы қағаздар шығаруының шарттарын, көлемін және нысаналы мақсатын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

      Бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қарыз алуының жиынтық көлемі тиісті жергілікті атқарушы орган борышының белгіленген лимитінен аспауы тиіс.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.06.2016 № 332 қаулысымен.

      9. Эмитент орналастыру күніне дейін он күнтізбелік күннен кешіктірмейтін мерзімде орналастыруды жүргізу күні, алдағы шығарылым көлемі туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігін хабардар етеді.

      10. Бағалы қағаздарды орналастыру, оларға қызмет көрсету және өтеу тәсілдерінің шарттары мен рәсімдері тиісінше сауда-саттықты ұйымдастырушының ережелерінде және депозитарийдің ережелер жинағында белгіленеді.

      11. Қазақстан Республикасының резиденттері мен резиденттері емес заңды және жеке тұлғалар бағалы қағаздарды бастапқы дилерлер арқылы сатып ала алады.

      12. Сыйақы ставкасы, бағалы қағаздарды орналастыру көлемі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігімен келісіледі.

      13. Депозитарийдің орналастырылған бағалы қағаздар бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру күні бағалы қағаздар айналысының басталу күні болып саналады. Осы бағалы қағаздарды өтеу күнінің алдындағы күн соңғы айналыс күні болып саналады.

      14. Осы бағалы қағаздар бойынша сыйақы есептелетін бірінші күн - олардың айналысы басталатын күн, ал соңғы күн оларды өтеу күнінің алдындағы соңғы күн болып табылады.

      Бағалы қағаздар бойынша сыйақы төлеу бағалы қағаздардың жекелеген түрлерін шығару шарттарында белгіленген күндері жүргізіледі. Сыйақыны соңғы төлеу күні, егер бағалы қағаздарды шығару шарттарында өзгеше мерзім көзделмесе, бағалы қағаздарды өтеу күніне сәйкес келеді. Егер бағалы қағаздар бойынша сыйақы төлеу күні жұмыс істемейтін күнге келсе, онда төлем жұмыс істемейтін күннен кейінгі бірінші жұмыс күні жүргізіледі.

      15. Бағалы қағаздарды өтеу оларды айналымға жіберу мерзімі аяқталған күннен кейінгі бірінші күні атаулы құны бойынша жүргізіледі. Егер бағалы қағаздардың атаулы құнын өтеу күні жұмыс істемейтін күнге келсе, онда төлем жұмыс істемейтін күннен кейінгі бірінші жұмыс күні жүргізіледі.

      15-1. Эмитент бағалы қағаздарды ішінара мерзімінен бұрын немесе толық мерзімінен бұрын өтеуді жүргізе алады.

      Ескерту. Қағида 15-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 24.05.2018 № 287 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      16. Бағалы қағаздарды өтеу және оларға қызмет көрсету тиісті жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      17. Бағалы қағаздарды өтегеннен кейін эмитент бес жұмыс күнінің ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне депозитарийдің бағалы қағаздарды өтеу туралы мәліметтерінің көшірмесін және жүргізілген өтеуді растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынады.

      18. Эмитент қайталама нарықта бағалы қағаздардың белгілі бір шығарылымының барлық көлемін немесе ішінара бөлігін нарықтық бағамен сатып ала алады. Эмитенттің бағалы қағаздардың белгілі бір шығарылымының барлық көлемін сатып алуы туралы шешімі осындай сатып алу күніне дейін бір ай бұрын сауда-саттықты ұйымдастырушыға жеткізіледі, ол осы хабарламадан кейін бес күнтізбелік күн ішінде бастапқы дилерлерге бұл туралы хабарлайды.

      19. Бағалы қағаздармен жасалатын операциялар бойынша салық салу тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалады.

      20. Эмитент бағалы қағаздардың мынадай:

      1) орта мерзімді;

      2) ұзақ мерзімді;

      3) орта мерзімді индекстелген;

      4) ұзақ мерзімді индекстелген;

      5) мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін iшкi нарықта айналысқа жiберу үшiн облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары шығаратын мемлекеттiк бағалы қағаздар (бұдан әрі – тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін мемлекеттiк бағалы қағаздар) түрлерін шығаруды, орналастыруды, айналысқа жіберуді, оларға қызмет көрсетуді және өтеуді жүзеге асырады.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 06.06.2016 № 332; 13.12.2018 № 831 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 05.08.2021 № 525 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      21. Орта мерзімді, ұзақ мерзімді, орта мерзімді индекстелген, ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздар және тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін мемлекеттiк бағалы қағаздар купондық эмиссиялық бағалы қағаздар болып табылады, олардың атаулы құны бір мың теңгені құрайды.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.06.2016 № 332 қаулысымен.

      22. Орта мерзімді, ұзақ мерзімді, орта мерзімді индекстелген, ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздар және тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін мемлекеттiк бағалы қағаздар бойынша купон сомасын есептеу үшін есептік база – есепті айда отыз күн, есепті жылда үш жүз алпыс бес күн.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.06.2016 № 332 қаулысымен.

      23. Бағалы қағаздардың иелері заңнамалық актілерде белгіленген шектеулерді қоспағанда, бағалы қағаздармен кез келген азаматтық-құқықтық мәмілелерді жүзеге асыра алады. Бұл ретте инвестор бағалы қағаздармен жасалатын барлық операцияларды бастапқы дилер арқылы ресімдейді.

2-параграф. Орта мерзімді бағалы қағаздар

      Ескерту. 2.2-параграфтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.08.2021 № 525 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      24. Орта мерзімді бағалы қағаздар бір жылдан жоғары бес жылды қоса алғанға дейін айналыс мерзімдерімен шығарылады.

      25. Орта мерзімді бағалы қағаздарды орналастыру және өтеу атаулы құн бойынша жүзеге асырылады, бұл ретте айналыс мерзімі ішінде купон деп аталатын орналастыру кезінде белгіленген сыйақы төленеді.

      26. Орта мерзімді бағалы қағаздар бойынша купон төлеу орта мерзімді бағалы қағаздар айналысқа жіберілетін тиісті жылы жылына екі рет эмитент белгілеген күндері жүзеге асырылады.

      27. Орта мерзімді бағалы қағаздар купонының сомасы осы Қағидаларға қосымшаның 1-тармағына сәйкес есептеледі.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.06.2016 № 332 қаулысымен.

3-параграф. Ұзақ мерзімді бағалы қағаздар

      Ескерту. 2.3-параграфтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.08.2021 № 525 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      28. Ұзақ мерзімді бағалы қағаздар бес жылдан астам айналыс мерзімімен шығарылады.

      29. Ұзақ мерзімді бағалы қағаздарды орналастыру және өтеу атаулы құн бойынша жүзеге асырылады, бұл ретте айналыс мерзімі ішінде купон деп аталатын орналастыру кезінде белгіленген сыйақы төленеді.

      30. Ұзақ мерзімді бағалы қағаздар бойынша купон төлеу бағалы қағаздар айналысқа жіберілетін тиісті жылы жылына бір рет эмитент белгілеген күндері жүзеге асырылады.

      31. Ұзақ мерзімді бағалы қағаздар купонының сомасы осы Қағидаларға қосымшаның 2-тармағына сәйкес есептеледі.

      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.06.2016 № 332 қаулысымен.

4-параграф. Орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздар

      Ескерту. 2.4-параграфтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.08.2021 № 525 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      32. Орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздар бір жылдан астам бес жылға дейін қоса алғандағы айналыс мерзімдерімен шығарылады және алты ай еселігі болуға тиіс.

      33. Орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздарды орналастыру және өтеу атаулы құны бойынша жүзеге асырылады, бұл ретте айналыс мерзімі ішінде индекстелген купон деп аталатын сыйақы төленеді.

      34. Егер эмитент бағалы қағаздарды шығарудың өзгеше күнін көздемесе, орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздарды орналастыру айдың соңғы күнінің алдындағы жұмыс күні жүргізіледі.

      35. Индекстелген купонды төлеу тиісті кезеңділікпен жылына екі рет эмитент белгілеген күндері орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздар бойынша жүзеге асырылады.

      Бұл ретте орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздар бойынша индекстелген купонды төлеу айналыстың әрбір алты толық күнтізбелік айы сайын айдың бесінші жұмыс күнінде жүргізіледі.

      36. Орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздарға салынған ақшаны индекстеу тіркелген купонды қосудан алынған, орналастыру кезінде анықталған индекстелген купонды және өткен купондық кезең үшін инфляция индексін есептеу арқылы жүргізіледі.

      37. Орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздардың индекстелген купонының сомасы осы Қағидаларға қосымшаның 3-тармағына сәйкес есептеледі.

      Ескерту. 37-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.06.2016 № 332 қаулысымен.

      38. Тұтыну бағаларының индексін Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі ай сайын жариялайды.

      39. Егер өткен купондық кезең үшін инфляция индексі теріс мәнге тең болса, онда инфляция индексінің мәнін нөлге тең деп қабылдау қажет.

5-параграф. Ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздар

      Ескерту. 2.5-параграфтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.08.2021 № 525 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      40. Ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздар бес жылдан астам айналыс мерзімдерімен шығарылады және он екі ай еселігі болуға тиіс.

      41. Ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздарды орналастыру және өтеу атаулы құны бойынша жүзеге асырылады, бұл ретте айналыс мерзімі ішінде индекстелген купон деп аталатын сыйақы төленеді.

      42. Егер эмитент бағалы қағаздарды шығарудың өзгеше күнін көздемесе, ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздарды орналастыру айдың соңғы жұмыс күнінің алдындағы күні жүргізіледі.

      43. Индекстелген купонды төлеу тиісті кезеңділікпен жылына бір рет эмитент белгілеген күндері ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздар бойынша жүзеге асырылады.

      Бұл ретте ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздар бойынша индекстелген купонды төлеу айналыстың әрбір он екі толық күнтізбелік айы сайын айдың бесінші жұмыс күнінде жүргізіледі.

      44. Ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздарға салынған ақшаны индекстеу тіркелген купонды қосудан алынған, орналастыру кезінде анықталған индекстелген купонды және өткен купондық кезең үшін инфляция индексін есептеу арқылы жүргізіледі.

      45. Ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздардың индекстелген купонының сомасы осы Қағидаларға қосымшаның 4-тармағына сәйкес есептеледі.

      Ескерту. 45-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.06.2016 № 332 қаулысымен.

      46. Тұтыну бағаларының индексін Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі ай сайын жариялайды.

      47. Егер өткен купондық кезең үшін инфляция индексі теріс мәнге тең болса, онда инфляция индексінің мәнін нөлге тең деп қабылдау қажет.

6-параграф. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін iшкi нарықта айналысқа жiберу үшiн облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары шығаратын мемлекеттiк бағалы қағаздар

      Ескерту. 2.6-параграфтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 05.08.2021 № 525 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      Ескерту. Қағида 2.6-параграфпен тоықтырылды - ҚР Үкіметінің 06.06.2016 № 332 қаулысымен.

      48. Тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін мемлекеттiк бағалы қағаздар екі жылдық айналыс мерзімімен шығарылады.

      49. Тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін мемлекеттiк бағалы қағаздарды орналастыру және өтеу номиналды құнымен жүзеге асырылады, бұл ретте айналыс мерзімі ішінде орналастыру кезінде айқындалған купон деп аталатын сыйақы төленеді.

      50. Тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін мемлекеттiк бағалы қағаздар бойынша купон төлеу осы бағалы қағаздар айналысының тиісті жылы жылына екі рет, эмитент белгілеген күндері жүзеге асырылады.

      51. Тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін мемлекеттiк бағалы қағаздар купонының сомасы орта мерзімді бағалы қағаздар купоны сияқты осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес есептеледі.

  Облыстың, республикалық
маңызы бар қаланың, астананың
жергілікті атқарушы органының
ішкі нарықта айналысқа жіберу
үшін бағалы қағаздар шығару
қағидаларына қосымша

      Ескерту. Қосымшаның оң жақ жоғарғы бұрыштағы мәтіні жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 06.06.2016 № 332 қаулысымен.

Орта мерзімді, ұзақ мерзімді, орта мерзімді индекстелген және
ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздардың купон сомасын
есептеу формулалары

      1. Орта мерзімді бағалы қағаздардың купон сомасы мынадай формулаға сәйкес есептеледі:

      S=N*С* 180/360

      мұндағы,

      S, теңге - кезекті төленуге тиіс орта мерзімді бағалы қағаздар купонының сомасы,

      N, теңге - орта мерзімді бағалы қағаздар бойынша сыйақы кезекті төленуге тиіс олардың тиісті санының атаулы құнының сомасы,

      С, % - купон ставкасы.

      2. Ұзақ мерзімді бағалы қағаздардың купон сомасы мынадай формулаға сәйкес есептеледі:

      S=N*С

      мұндағы,

      S, теңге - кезекті төленуге тиіс ұзақ мерзімді бағалы қағаздар купонының сомасы,

      N, теңге - ұзақ мерзімді бағалы қағаздар бойынша сыйақы кезекті төленуге тиіс олардың тиісті санының атаулы құнының сомасы,

      С, % - купон ставкасы.

      3. Орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздардың индекстелген купон сомасы мынадай формулаға сәйкес есептеледі:

      S=N*I/100+С

      мұндағы,

      S, теңге - кезекті төленуге тиіс орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздардың индекстелген купонының сомасы,

      N, теңге - орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздар бойынша сыйақы кезекті төленуге тиіс олардың тиісті санының атаулы құнының сомасы,

      I, % - өткен купондық кезең үшін инфляция индексі,

      бұл ретте инфляция индексі процентте көрсетілген купондық кезеңнің тиісті айлары үшін тұтыну бағасының индекстерін жүргізу жолымен анықталады:

      І=(((І1/100)*(І2/100)*(І3/100)*...*(Іn/100))-1)*100,

      мұндағы,

      І1, І2, І3, ..., Іn- купондық кезеңнің тиісті айлары үшін тұтыну бағасының индекстері, I мәні үтірден кейін үш (қоса алғанда) санға дейін дөңгелектенеді,

      С, - тіркелген купон сомасы,

      бұл ретте тіркелген купон сомасы олар бойынша сыйақы кезекті төлеуге жататын орта мерзімді индекстелген бағалы қағаздардың тиісті саны атаулы құнының сомасын, тіркелген жылдық купонды және купондық кезеңдегі күндер санын жүргізу жолымен анықталады:

      С=N*К* 180/360,

      мұндағы,

      K, % - орналастыру кезінде белгіленген тіркелген жылдық купонның мәні.

      4. Ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздардың индекстелген купон сомасы мынадай формулаға сәйкес есептеледі:

      S=N*І/100+С,

      мұндағы,

      S, теңге - кезекті төленуге тиіс ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздардың индекстелген купонының сомасы,

      N, теңге - ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздар бойынша сыйақы кезекті төленуге тиіс олардың тиісті санының атаулы құнының сомасы,

      I, % - өткен купондық кезең үшін инфляция индексі,

      бұл ретте өткен купондық кезең үшін инфляция индексі пайызда көрсетілген купондық кезеңнің тиісті айлары үшін тұтыну бағасының индекстерін жүргізу жолымен анықталады:

      І=(((І1/100)*(І2/100)*(І3/100)*...*(Іn/100))-1)*100,

      мұндағы,

      І1, I2, I3, ..., Іn- купондық кезеңнің тиісті айлары үшін тұтыну бағаларының индекстері, I мәні үтірден кейін үш (қоса алғанда) санға дейін дөңгелектенеді,

      С, - тіркелген купон сомасы,

      бұл ретте тіркелген купон сомасы олар бойынша сыйақы кезекті төлеуге жататын ұзақ мерзімді индекстелген бағалы қағаздар тиісті саны атаулы құнының және тіркелген жылдық купон сомасын жүргізу жолымен анықталады:

      С=N*К

      мұндағы,

      К, % - орналастыру кезінде белгіленген тіркелген жылдық купонның мәні.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады