"Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы" акционерлік қоғамын құру туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы N 1725 Қаулысы.

      Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын одан әрі дамыту мақсатында және "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 10-5-бабының 1-тармағына, "Акционерлік қоғамдар туралы" 2003 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.03.2020 № 150 қаулысымен.

      1. Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Қоғам) құрылсын.

      1-1. Қоғам тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы оператор болып белгіленсін.

      Ескерту. Қаулы 1-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 20.03.2020 № 150 қаулысымен.

      2. Қоғам қызметінің негізгі бағыттары:

      1) тұрғын үй қорын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты талдау;

      2) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында энергетикалық ресурстардың тиімді пайдаланылуын насихаттау;

      3) тұрғын үй қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың электрондық ақпараттық ресурстарының жұмыс істеуін және қалыптастырылуын әдіснамалық қамтамасыз ету;

      4) "Дербес деректерді қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген талаптарды сақтай отырып, тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ақпараттандыру объектілерінен алынған электрондық ақпараттық ресурстарды орталықтандырылған түрде жинау, талдау және сақтау, олардың сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз ету;

      5) тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы үздік халықаралық практикаларды енгізуді әдіснамалық қамтамасыз ету;

      6) тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мамандарды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шараларды іске асыру;

      7) тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жаңа, энергия үнемдейтін технологияларды енгізу жөніндегі іс-шараларды іске асыру;

      8) коммуналдық көрсетілетін қызметтерді үйге ортақ есепке алу жабдықтарын лизингке беру;

      9) жеке және заңды тұлғаларды кондоминиум объектісін басқару және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау мәселелері бойынша ақпараттық және әдіснамалық қолдау жөніндегі анықтамалық қызметті ақысыз негізде ұйымдастыру болып белгіленсін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.03.2020 № 150 қаулысымен.

      3. Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі заңнамада белгіленген тәртіппен 2009 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат есебінен 300000000 (үш жүз миллион) теңге мөлшерінде Қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігімен бірлесіп, Қоғамның жарғысын бекітсін және оны Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін;

      2) Қоғам акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне берсін;

      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      5. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін толықтырулар бекітілсін.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 30 қазандағы
N 1725 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне
енгізілетін толықтырулардың тізбесі

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі N 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., N 13, 124-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:

      "Астана қаласы" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-116-жолмен толықтырылсын:

      "21-116. "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы" АҚ".

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы N 659 қаулысында:

      көрсетілген қаулының қосымшасында:

      "Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 264-4-жолмен толықтырылсын:

      "264-4. "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы" АҚ".

      3. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 08.02.2013 № 109 қаулысымен.
      4. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2012.05.11 № 605 Қаулысымен.
      5. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2012.03.19 № 340 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады