Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының аумағы арқылы Қазақстан жүктерінің және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Ресей жүктерінің тасымалына қолайлы тарифтік жағдайлар жасау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 18 қарашадағы N 1878 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының аумағы арқылы Қазақстан жүктерінің және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Ресей жүктерінің тасымалына қолайлы тарифтік жағдайлар жасау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы Жеңіс Махмұдұлы Қасымбекке қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының аумағы арқылы Қазақстан жүктерінің және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Ресей жүктерінің тасымалына қолайлы тарифтік жағдайлар жасау туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2009 жылғы 18 қарашадағы
N 1878 қаулысымен 
мақұлданған    

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының аумағы арқылы Қазақстан
жүктерінің және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Ресей
жүктерінің тасымалына қолайлы тарифтік жағдайлар жасау туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы темір жол көлігі кәсіпорындарының, мекемелері мен ұйымдарының қызметін құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы келісімді негізге ала отырып,
      1996 жылғы 18 қазандағы Үкімет басшылары кеңесінің шешімімен келісілген, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің темір жол көлігінде келісілген тарифтік саясат белгілеу тұжырымдамасын және 1993 жылғы 17 ақпанда қол қойылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің темір жол әкімшіліктерінің (темір жолдар) тарифтік келісімін басшылыққа ала отырып,
      Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Ресей жүктерінің және Ресей Федерациясының аумағы арқылы Қазақстан жүктерінің тасымалдары үшін қолайлы тарифтік жағдайлар жасау жөніндегі үйлестірілген іс-қимылдарды жүзеге асыруды мақсат ете отырып,
      Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының көлік әлеуетін пайдалану тиімділігін арттыруға ұмтыла отырып,
      Тараптар мемлекеттері қабылдайтын бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру жөніндегі шараларды ескере отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының темір жолдары арқылы жүк тасымалдау кезінде тарифтерді қолданудың құқықтық негіздерін айқындайды.

2-бап

      Осы Келісімді орындау жөніндегі құзыретті органдар мыналар болып табылады:
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі;
      Ресей тарапынан - Ресей Федерациясы Көлік министрлігі.

3-бап

      Ресей темір жолдарының станцияларынан қазақстандық темір жол станцияларына бағытталатын жүктерді тасымалдау кезінде, сондай-ақ осы жүктер тасымалданған меншікті (жалға алынған) вагондардың бос жүрісі кезінде қазақстандық темір жолдарда Қазақстан Республикасында республикалық (облысаралық) қатынаста қолданылатын тарифтер оларға Қазақстан және Ресей жүктері үшін тең жағдайларда айрықша тарифтік ставкаларды белгілеуді ескере отырып қолданылады.

4-бап

      Қазақстандық темір жол станцияларынан Ресей темір жолдарының станцияларына бағытталатын жүктерді тасымалдау кезінде, сондай-ақ осы жүктер тасымалданған меншікті (жалға алынған) вагондардың бос жүрісі кезінде ресейлік темір жолдарда Ресей Федерациясында мемлекетішілік қатынаста қолданылатын тарифтер оларға Ресей және Қазақстан жүктері үшін тең жағдайларда айрықша тарифтік ставкаларды белгілеуді ескере отырып қолданылады.

5-бап

      Тараптар 1996 жылғы 18 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Үкімет басшылары кеңесінің шешімімен келісілген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің темір жол көлігінде келісілген тарифтік саясат белгілеу тұжырымдамасына сәйкес қазақстандық және ресейлік тауар өндірушілер тауарларының үшінші мемлекеттер нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы темір жолдары арқылы транзитпен жүктерді тасымалдауларға қатысты үйлестірілген тарифтік саясатты жүргізеді.

6-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.

7-бап

      Осы Келісімді түсіндіру мен қолдануға байланысты Тараптар арасындағы дауларды құзыретті органдар консультациялар және келіссөздер жолымен шешеді.

8-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді және Тараптардың бірі оның қолданылуын өзінің тоқтату ниеті туралы жазбаша хабардар өткен күннен бастап алты ай өткенге дейін қолданылады.
      _________ қаласында 2009 жылғы "__" ___________ әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіннің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін пайдаланылады.

      Қазақстан Республикасының           Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                        Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады