«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясынын Үкіметі арасындағы Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын салу және кейіннен пайдалану туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 20 қарашадағы N 1900 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын салу және кейіннен пайдалану туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын салу және
кейіннен пайдалану туралы келісімді ратификациялау туралы

      Орынборда 2009 жылғы 11 қыркүйекте қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын салу және кейіннен пайдалану туралы келісім ратификациялансын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын салу және
кейіннен пайдалану туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      1992 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Отын-энергетика кешендері
салаларындағы ынтымақтастық туралы келісімді негізге ала отырып,
      1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімнің ережелерін ескере отырып,
      электр энергетикасы саласында өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудегі мүдделілікті негізге ала отырып,
      «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» акционерлік қоғамын (бұдан әрі - акционерлік қоғам), оның ішінде акционерлік қоғамның қолда бар инфрақұрылымын пайдалануды және жаңа жабдықты қазіргі уақытта пайдаланатындармен біріздендіруді көздейтін техникалық шешімдер бойынша Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын салу жолымен дамыту қажеттігін басшылыққа ала отырып,
      Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының энергетикалық жүйелерінің қосарлас жұмысын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өте отырып, төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім Тараптардың Екібастұз ГРЭС-2 үшінші блогын салу және кейіннен пайдалану (бұдан әрі - жоба) жөніндегі ынтымақтастық шарттарын айқындайды.

2-бап

      Жобаны іске асыруды қатысушылары «Самрук-Энерго» акционерлік қоғамы (Қазақстан Республикасы) және «ИНТЕР РАО ЕЭС» ашық  акционерлік қоғамы (Ресей Федерациясы) (бұдан әрі - уәкілетті ұйымдар) жүзеге асырады.
      Уәкілетті ұйымдар ауысқан жағдайда Тараптар бұл туралы бір-бірін дереу хабардар етеді.

3-бап

      Тараптар Қазақстан Республикасының мен Ресей Федерациясы энергетикалық жүйелерінің қосарлас режимде жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қажетті шараларды қабылдайды, бұл үшін Тараптар мемлекеттерінің Қазақстан бірыңғай энергетикалық жүйесінің және Ресей бірыңғай энергетикалық жүйесінің қосарлас жұмысын қамтамасыз ететін шаруашылық жүргізуші субъектілерінің арасында 2010 жылғы 1 қаңтарға дейін көрсетілген шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін зиян келтірмейтін ынтымақтастықты қамтамасыз ететін барлық қажетті шарттар (келісімшарттар) жасалады.
      Жобаны іске асыру мақсаттары үшін жаңа жабдықты жеткізу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тендерлік негізде жүзеге асырылады.

4-бап

      Уәкілетті ұйымдар жобаны қаржыландыруды тең жағдайларда және Жобаны іске асыру үшін қажетті көлемде қамтамасыз етеді.
      Акционерлік қоғам жобаны қаржыландыруды қарыз қаражатын, оның ішінде уәкілетті ұйымдардың корпоративтік кепілдіктері және/немесе акционерлік қоғамның мүлкінің және (немесе) акционерлік қоғамның акцияларының кепілзаты түрінде қамтамасыз ету арқылы тарту жолымен жүзеге асырылады.
      Тараптар жобаны іске асыру мақсаты үшін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы кредиттік (қаржылық) ұйымдарынан, оның ішінде ұлттық даму банктерінен, сондай-ақ халықаралық қаржылық ұйымдардан және өзге де қаржы институттарынан қарыз қаражатын тартуға жәрдем көрсетеді.

5-бап

      Қарыз қаражатын тарту мақсатында акционерлік қоғамның электр энергиясын өткізуге арналған ұзақ мерзімді келісім-шарттарының болуы қажеттігін ескере отырып Қазақстандық тарап:
      акционерлік қоғам үшін электр энергиясын өткізуге арналған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті ұйымдармен келісілген мерзімдерде жобаның өтелуін қамтамасыз ететін тарифті белгілеуді;
      акционерлік қоғам үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының электр желілері бойынша экспортталатын электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерге арналған тарифке төмендетуші коэффициент белгілеуді;
      акционерлік қоғам Қазақстан Республикасының электр энергиясын Ресей Федерациясына жеткізуді жүзеге асырған кезде қуаттың орташа сағаттық қуатын құжаттамалық растауды қамтамасыз етеді.
      Акционерлік қоғам өндіретін электр энергиясының Ресей Федерациясына ұзақ мерзімді жеткізу көлемі белгіленген тәртіппен Тараптар мемлекеттерінің заңнамасымен айқындалған Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы, Ресей Федерациясының бірыңғай ұлттық (жалпыресейлік) электр желісін басқару жөніндегі ұйым және Ресей бірыңғай энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы арасында келісіледі.

6-бап

      Қазақстан Республикасының заңнамасына салық ставкаларын осы Келісімге қол қойылған күні қолданыстағымен салыстырғанда ұлғайту бөлігінде өзгерістер енгізілген жағдайда, акционерлік қоғам мен оның жобаны іске асыруға қатысатын мердігер ұйымдары мұндай салықтарды төлеуді осы Келісімге қол қойылған күні қолданылатын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ставкалар бойынша жүзеге асырады.
      Осы Келісімге қол қойылған күнінен кейін жаңа салықтар енгізілген (белгіленген) жағдайда, Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары акционерлік қоғам мен оның мердігер ұйымдарына қатысты жаңа салықтарды енгізу (белгілеу) бөлігінде қолданылмайды.
      Осы баптың ережелері тек жоба шеңберінде акционерлік қоғам мен оның жобаны іске асыруға қатысатын мердігер ұйымдары жүзеге асыратын жұмыстарды (қызметтерді) өткізу жөніндегі кірістер мен операцияларға қатысты қолданылады және осы Келісімнің 4-бабында айтылған қарыз қаражатын қайтару кезеңіне қолданылады.
      Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес төлем көзіне салық салынатын кірістерге қолданылмайды.
      Осы баптың мақсаты үшін акционерлік қоғам үшін жобаны іске асыруға байланысты жұмыстарды (қызметтерді) орындайтын тұлға мердігер ұйым деп түсініледі.

7-бап

      Осы Келісімді орындау жөніндегі қызметті үйлестіру мен оның орындалуын бақылауды мынадай құзыретті органдар жүзеге асырады:
      Қазақстандық тараптан - Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі;
      Ресейлік тараптан - Ресей Федерациясы Энергетика министрлігі.
      Құзыретті органдар ауыстырылған жағдайда Тараптар бұл туралы бір-бірін дереу хабардар етеді.

8-бап

      Тараптардың бірінің осы Келісімде көзделген өз міндеттемелерін орындауы үшін кедергі болатын мән-жайлар не осы Келісімнің ережелерін қолдануға және/немесе түсіндіруге қатысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптардың құзыретті органдары көрсетілген мән-жайларды не келіспеушіліктерді еңсеру және осы Келісімнің орындалуын қамтамасыз ету жөнінде өзара қолайлы шешімдер қабылдау мақсатында консультациялар өткізеді.
      Құзыретті органдар арасындағы консультациялар жолымен жоюға болмайтын келіспеушіліктер Тараптар арасындағы келіссөздер жолымен шешілетін болады.

9-бап

      Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалды және Тараптар дипломатиялық арналар арқылы оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша нысандағы хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Акционерлік қоғам мен уәкілетті ұйымдар өзі осы Келісімнің 4-бабында айтылған қарыз қаражатын қайтарған сәттен бастап Тараптардың кез келгені басқа Тарапқа мұндай ниеті туралы жазбаша хабарламаны оны қолдануды тоқтату болжанған күнге дейін кемінде 6 ай бұрын жіберу жолымен осы Келісімнің қолданылуын тоқтата алады. Акционерлік қоғам мен уәкілетті ұйымдардың осы Келісімнің 4-бабында көрсетілген ұйымдар алдында берешегі жоқ екендігінің фактісі құзыретті органдар қол қоятын жобаны іске асыруды аяқтау туралы хаттамада көрсетіледі.
      Осы Келісім Тараптардың жазбаша келісімі бойынша өзгертілуі мүмкін.
      Осы Келісімнің қолданылуын тоқтату оның қолданылу кезеңінде осы Келісімнің шеңберінде жасалған шарттарда (келісімшарттарда) көзделген міндеттемелердің орындалуын қозғамайды.
      Осы Келісімге қол қойылған күнінен бастап ол Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде уақытша қолданылады.

      2009 жылғы 11 қыркүйекте Орынбор қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда орыс тіліндегі мәтін пайдаланылатын болады.

       Қазақстан Республикасының               Ресей Федерациясының
           Үкіметі үшін                           Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады