Ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелері туралы үлгі ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 21 қарашадағы N 1907 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2015 жылғы 31 қазандағы № 870 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкiметiнiң 31.10.2015 № 870 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзіледі) қаулысымен.

      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 7-1/273 бұйрығын қараңыз.


      "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңы 5-бабының 12) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелері туралы үлгі ереже бекітілсін.
      2. Осы қаулы 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2009 жылғы 21 қарашадағы
N 1907 қаулысымен 
бекітілген   

Ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті
атқарушы органдардың бөлімшелері туралы үлгі ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелері туралы үлгі ереже (бұдан әрі - Ереже) "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленген және ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдар бөлімшелерінің міндеттерін, функциясын, өкілеттігін және өзара іс-қимыл жасау тәртібін анықтайды.
      2. Ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелері (бұдан әрі - ЖАО бөлімшелері) өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңын, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.P030000407
      3. ЖАО бөлімшелері ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелерін ұстауға, жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасына және диагностикасына, жануарларды бірдейлендіруді жүргізу үшін ветеринариялық мақсаттағы атрибуттар мен бұйымдарды, ветеринариялық паспортты алуға, жануарлар мен адамның денсаулығы үшін ерекше қауіп төндіретін алынып тасталған жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты жоюға, алып қойылатын және жойылатын ауру жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын иелеріне өтеуге жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен қаржыландырылады.
      4. ЖАО бөлімшелерінің құрылымын, штат санын штат санының белгіленген лимиті шегінде жергілікті атқарушы органдар бекітеді.
      ЖАО бөлімшелері қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктері ветеринария саласындағы заңнамада анықталған ЖАО бөлімшелерінің міндеттері мен функциялары негізінде белгіленеді.
      5. ЖАО бөлімшелерінің өзінің атауы жазылған дөңгелек мөрі және мөртабаны бар.
      6. ЖАО бөлімшелері Қазақстан Республикасының ветеринария
саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен ветеринариялық есепке
алуды және есептілікті жүргізеді және оларды ұсынады.

2. Негізгі міндеттері

      7. ЖАО бөлімшелерінің негізгі міндеттері:
      халықтың денсаулығын адам мен жануарларға ортақ аурулардан қорғау;
      жануарларды аурулардан қорғау және оларды емдеу;
      ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
      тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағын басқа мемлекеттерден жұқпалы және экзотикалық аурулардың әкелінуі мен таралуынан қорғау;
      жеке және заңды тұлғалар ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асырған кезінде қоршаған ортаны ластаудың алдын-алу және оны жою.

3. Негізгі қызметтері

      8. Жоғарыда көрсетілген міндеттерді орындау үшін ЖАО бөлімшелері мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) уәкілетті органмен келісім бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жоспарларын бекітеді;
      2) ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қоспағанда, жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық препараттарды сақтауды, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарына тасымалдауды (жеткізуді) ұйымдастырады;
      3) профилактикасы мен диагностикасы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың энзоотиялық ауруларының тізбесін әзірлейді және уәкілетті органға береді;
      4) жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы мен диагностикасы бойынша ветеринариялық препараттарды, олардың профилактикасы және диагностикасы жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алуды, оларды сақтауды және аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарына тасымалдауды (жеткізуді) ұйымдастыруды жүзеге асырады;
      5) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен ветеринариялық есепке алуды және есептілікті жүргізуді, жинақтауды, талдауды жүзеге асырады және оларды уәкілетті органға табыс етеді;
      6) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі іс-шараларды өткізуді және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру бойынша дерекқорды жүргізуді ұйымдастырады;
      7) халықтың арасында ветеринария мәселелері бойынша ағарту жұмыстарын ұйымдастырады және жүргізеді;
      8) жануарларды өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерін, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп және жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарды пайдалануға қабылдайтын мемлекеттік комиссияны ұйымдастырады;
      9) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жануарлардың жұқпалы және жұқпалы емес аурулары бойынша эпизоотиялық жағдайды зерделейді;
      10) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша аса қауіпті аурулардың, сондай-ақ жануарлардың энзоотиялық ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді;
      11) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу үшін ветеринариялық мақсаттағы бұйымдар мен атрибуттарды, жануарға арналған ветеринариялық паспортты мемлекеттік сатып алуды және тасымалдауды (жеткізуді) жүзеге асырады;
      12) елді мекен жерлерінде жануарларды жоюға арналған орындарды, анықтайды;
      13) қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ұйымдастырады;
      14) мал көмінділерін (биотермиялық шұңқырларды) салуды ұйымдастырады және оларды ветеринариялық нормативтерге сәйкес ұстауды қамтамасыз етеді;
      15) жануарға ветеринариялық паспорт береді;
      16) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында қолданылатын ветеринариялық анықтаманы береді;
      17) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ветеринария саласындағы лицензиялауды жүзеге асырады;
      18) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді органдарына елді мекендерде жануарларды ұстау, иттер мен мысықтарды серуендету ережелерін, жануарларды ұстаудың санитариялық аймақтарының шекараларын белгілеу жөніндегі ұсыныстарды бекітуге енгізеді;
      18-1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шараларды өткізеді;
      19) алып қойылатын және жойылатын ауру жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын иелеріне өтейді.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2010.03.25 № 235 Қаулысымен.

4. Негізгі құқықтары

      9. ЖАО бөлімшелері:
      өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік органнан және өзге ұйымдардан қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
      ветеринария саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар белгіленген ветеринариялық-санитариялық ережелер мен нормативтерді бұзған жағдайда, олардың лицензияларын заңнамада белгіленген тәртіппен тоқтату туралы шешімдер шығаруға немесе қайтарып алуға бастамашы болуға;
      белгіленген тәртіппен эпизоотияға қарсы төтенше комиссиялар құру туралы ұсынысты шығаруға;
      тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органына жануарлардың жұқпалы аурулары таралуының алдын алуға және жоюға бағытталған карантиндік режимді немесе шектеу іс-шараларын жүргізе отырып, карантиндік аймақтың ветеринариялық режимін белгілеу туралы ұсыныс шығаруға;
      тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органына жануарлардың жұқпалы аурулары таралуының алдын алуға және жоюға бағытталған шектеу іс-шараларын немесе карантинді алып тастау туралы ұсынысын шығаруға;
      жануарлардың және адамның денсаулығы үшін қауіп төндіретін жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты алу және жою туралы шешім қабылдауға;
      уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аумақты аймақтарға бөлу туралы шешім шығаруға құқылы.

5. ЖАО бөлімшелерінің басшылығы

      10. ЖАО бөлімшелерінің басшылығы өз құзыреті шегінде:
      ЖАО бөлімшелерінің жұмысын басқарады және ЖАО бөлімшелеріне жүктелген міндеттердің орындалуына дербестік жауапкершілікті алып жүретін қызметкерлер арасындағы қызметтік міндеттерді және олардың жауапкершілік дәрежесін үлестіреді және бекітеді;
      жануарлардың энзоотиялық және аса қауіпті аурулары бойынша ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге бөлінген бюджеттік қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады