Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1.2009 жылғы 6 қазанда Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы
КЕЛІСІМ
(2013 жылғы 1 ақпанда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)
Бұдан әрі бірлесіп «Тараптар», ал жеке алғанда «Тарап» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі;
ғылыми-техникалық ынтымақтастықты әділдік пен өзара пайда негізінде дамытуға ұмтыла отырып;
2008 жылғы 11 маусымда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы шарттың ережелерін ескере отырып;
ғарыштық технологиялар мен оларды қолданбалы қолдану Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының экономикалық дамуына және халқының әл-ауқатына үлес қосатынын ұғына отырып;
Қазақстан-француз экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 7-ші және 8-ші отырыстарының хаттамаларын (Астана, 2008 жылғы 19 мамыр, Париж, 2009 жылғы 2 наурыз) басшылыққа ала отырып;
1967 жылғы 27 қаңтардағы Айды және басқа да аспан денелерін қоса алғанда, ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану жөніндегі мемлекеттер қызметінің принциптері туралы шарттың ережелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі және Француз Республикасының Үкіметі Тараптары болып табылатын ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану жөніндегі мемлекеттер қызметінің принциптеріне қатысты басқа да көп жақты шарттарды ескере отырып;
өздерінің жаппай қырып-жою қаруын және оның тасығыштарын таратпау, сондай-ақ экспорттық бақылау саласындағы тиісті міндеттемелерін мойындай отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап. Келісімнің мәні
Тараптар ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытады және нығайтады.
Осы Келісімге жататын ынтымақтастық бойынша барлық іс-шаралар Тараптардың мүдделерін тиісінше ескерген кезде әділдік пен өзаралық негізінде жүзеге асырылады.
2-бап.Қолданылатын құқық
Осы Келісім шеңберіндегі ынтымақтастық әрбір мемлекеттің заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің негізінде халықаралық құқықты сақтаған кезде және Тараптардың құқықтары мен олар қабылдаған халықаралық міндеттемелерден туындайтын міндеттеріне зиян келтірмей жүзеге асырылады.
3-бап. Ынтымақтастық салалары
1. Осы Келісім шеңберінде құзыретті ұйымдар үйлестіретін ынтымақтастық мынадай салаларда жүзеге асырылуы мүмкін:
ғарыш кеңістігін ғылыми зерттеу;
ұсыну үшін ғарыш әлеуеті қажет етілетін ғарыш технологиялары мен қызметтерін қолдану, соның ішінде телемедицина, қашықтықтан оқыту, табиғи ресурстар мен аумақтардың мониторингі, қоршаған ортаны қорғау, табиғи апаттардың алдын алу және олардың салдарын жеңілдету, метеорология;
ғарыш қызметі саласында кадрлар даярлау;
ғарыш кеңістігін пайдалануға байланысты құқықтық мәселелерді пысықтау.
Ынтымақтастықтың басқа салалары Тараптар арасында жазбаша нысандағы өзара уағдаластық арқылы анықталуы мүмкін.
2. Осы Келісім шеңберінде ғарыш саласындағы өз қызметін жүзеге асыратын қазақстандық ұйымдар мен кәсіпорындар және француз кәсіпорындары әр мемлекеттің, соның ішінде экспорттық бақылау саласындағы заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ Тараптар қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес өнеркәсіптік ынтымақтастықты жүзеге асыруы және өзара мүдделерді білдіретін, соның ішінде ғарыштық жүйелерді әзірлеу және жасау жөніндегі жобалар бойынша коммерциялық қызметті жүзеге асыруы мүмкін.
4-бап. Ынтымақтастық нысандары
Осы Келісімнің 3-бабының 1-тармағында аталған салалардағы ынтымақтастық мынадай нысандарда жүзеге асырылуы мүмкін:
ақпарат пен деректер алмасу;
ғылыми-техникалық мамандармен және ғылыми қызметкерлермен алмасу;
семинарларды, симпозиумдар мен көрмелерді бірлесіп ұйымдастыру;
бірлескен жобаларды жоспарлау және іске асыру.
Ынтымақтастықтың басқа да нысандары Тараптар арасында жазбаша нысандағы өзара уағдаластық арқылы анықталуы мүмкін.
5-бап. Құзыретті ұйымдар
Тараптардың осы Келісім шеңберінде ынтымақтастықты ұйымдастыруға уәкілетті құзыретті ұйымдары (бұдан әрі - құзыретті ұйымдар) мыналар болып табылады:
Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі (Қазғарыш);
Француз тарапынан - Ұлттық ғарыштық зерттеулер орталығы (СNES) (осы Келісімнің 3-бабының 1-тармағы бойынша ынтымақтастықты іске асыру шеңберінде).
6-бап. Ынтымақтастықты ұйымдастыру
1. Осы Келісімнің 3-бабының 1-тармағында көзделген ынтымақтастықты үйлестіру мақсатында Тараптар құрамына әр Тараптан тағайындалатын мүшелердің тең саны енетін бірлескен комитет (бұдан әрі - Комитет) құрады, атап айтқанда:
Қазақстан тарапынан - Қазақстан тарапынан құзыретті ұйымды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өкілдері;
Француз тарапынан - Француз тарапынан құзыретті ұйымды қоса алғанда, мүдделі француз министрліктері мен ведомстволарының өкілдері.
2. Комитет Тараптар арасында осы Келісімнің 3-бабының 1-тармағында аталған салалардағы ынтымақтастықты дамыту үшін күш-жігер жұмсайды.
Комитет мыналарға:
ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын анықтауға;
өзара ақпарат негізінде осындай бағыттардың іске асырылу тәсілдерін пысықтауға және тиісінше одан арғы қадамдарға;
осы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын қызметтің қорытындыларын қарауға;
осы Келісімді орындауға байланысты туындайтын кез келген мәселелерді пысықтауға уәкілетті.
3. Комитет ынтымақтастық сол немесе өзге аспектілерін егжей-тегжейлі пысықтау үшін бірлескен жұмыс топтарын құра алады.
4. Комитет қызметінің тәртібі Тараптар келіскен Комитет туралы ережемен анықталады.
5. Комитет таңдаған негізгі бағыттар шеңберінде құзыретті ұйымдар бірлесіп ынтымақтастық жөніндегі іс-шараларды, сондай-ақ құзыретті ұйымдар немесе олар уәкілеттік берген ұйымдар арасындағы жекелеген уағдаластықтардың мәні болып табылатын оларды жүзеге асыру шарттары мен тәртібін анықтайды.
7-бап. Қаржыландыру
Әрбір Тарап осы Келісімнен және кез келген жекелеген уағдаластықтардан туындайтын міндеттемелерді қаржыландырудың тиісті тәртібін сақтаған жағдайда өздерінің тиісті қаржы қаражатының болуына қарай орындайды.
Әрбір Тарап осы Келісімнің 3-бабының 1-тармағы шеңберіндегі ынтымақтастық бойынша өзі орындайтын іс-шараларды өздігінен қаржыландырады.
8-бап. Қызметкерлердің әрекетіне жәрдемдесу
Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес осы Келісім шеңберінде қызметкерлер алмасуды жеңілдетуге бағытталған, атап айтқанда, өз мемлекетінің аумағына кіруді және онда болуды, сондай-ақ одан шығуды ресімдеу тәртібіне қатысты өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларын ұстана отырып, шараларды қабылдайды.
9-бап. Зияткерлік меншік
Осы Келісімнің 3-бабының 1-тармағының негізінде жүзеге асырылатын ынтымақтастық желісі бойынша құрылған немесе берілген зияткерлік меншік мәселелері осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын қосымшамен реттеледі.
10-бап. Ақпарат алмасу және оны қорғау
Әрбір мемлекеттің заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес және осы Келісімнің қосымшасында айтылған құпиялылық шарттарын сақтаған кезде Тараптар және олардың құзыретті ұйымдары үшінші тараптарға алдын ала өзара келісімсіз бере алмайтын тиісті ғылыми-техникалық ақпаратпен және деректермен алмасуға ықпал етеді.
11-бап. Жауапкершілік
1. Тараптар мен олардың құзыретті ұйымдары осы Келісімге сәйкес олардың қызметкерлеріне немесе мүлкіне бірлескен қызметті жүзеге асыру салдары болып табылатын зиян келтіруіне байланысты жауапкершілік туралы және зиянның орнын толтыру туралы өзаралық негізде бір-біріне кез келген талаптар қоюдан бас тартады.
2. Жауапкершілік туралы талаптар қоюдан өзара бас тарту мыналарға қолданылмайды:
қасақана, салақтықпен немесе немқұрайдылықпен жасалған зиян үшін шағымдар;
зияткерлік меншікке байланысты шағымдар;
жеке тұлға немесе оның құқықтық мирасқорлары сол жеке тұлғаға дене жарақаты түсуіне, денсаулығына қандай да болмасын өзге де елеулі зақым келтіруіне байланысты немесе оның өліміне байланысты қоятын шағымдар;
шарттық ережелерде тікелей негізделген шағымдар.
3. Осы Келісім әрекетінің тоқтатылуы осы Келісім шеңберіндегі
аяқталмаған бағдарламалар мен жобалар бойынша Тараптардың құқықтары
мен міндеттерін жоймайды.
12-бап. Мүлікті және технологияларды,
экспорттық бақылау, қорғау
1. Мүлікті, технологияларды, ақпаратты және деректерді кез келген беру осы саладағы халықаралық міндеттемелерді сақтаған кезде әрбір мемлекеттің экспорттық бақылауға қатысты заңдарына немесе өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Осы Келісімнің 3-бабының 2-тармағында көзделген бірлескен қызмет шеңберінде мүлікті және технологияларды қорғау бөлек келісімдердің мәні болуы мүмкін.
13-бап. Кедендік реттеу
Қазақстан тарапы өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы Келісімнің 3-бабына сәйкес жүзеге асырылатын ынтымақтастықты іске асыру үшін қажетті тауарларды және қызметтерді кедендік баждар мен салықтардан босату үшін шаралар қабылдайды.
Француз Тарапы өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес осы Келісімнің 3-бабының 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылатын ынтымақтастықты іске асыру үшін қажетті тауарларға және қызметтерге салынатын кедендік баждар мен салықтардан босату үшін шаралар қолданады.
14-бап. Дауларды реттеу
Құзыретті ұйымдар осы Келісімді талқылауға немесе орындауға қатысты кез келген дауларды достық тұрғыда реттеуге ұмтылады.
Егер құзыретті ұйымдар дауды реттей алмаса, ол Тараптар арасында консультациялар немесе тікелей келіссөздер арқылы реттеледі.
15-бап. Қорытынды ережелер
1. Осы Келісім 5 (бес) жыл мерзімге жасалады және белгісіз мерзімге автоматты түрде ұзартылады.
2. Әрбір Тарап дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы екінші Тарапқа жазбаша хабарлайды. Келісім тиісті Тарап соңғы хабарламаны алған күнінен кейін келесі айдың бірінші күнінде күшіне енеді.
3. Осы Келісімге кез келген сәтте Тараптардың өзара келісімі бойынша жазбаша түрде ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
4. Тараптардың әрқайсысы дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламаны жіберіп, оның қолданылуын тоқтата алады. Осы Келісім мұндай хабарламаны алған күннен бастап 6 (алты) ай өткеннен кейін өзінің қолданылуын тоқтатады. Осы Келісімнің мұндай қолданылуын тоқтату Келісім шеңберінде жүзеге асырылуы басталған шаралары бойынша Тараптардың құқықтары мен міндеттерінің күшін жоймайды.
Астана қаласында 2009 жылғы 6 қазанда әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
Қазақстан Республикасының Француз Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен
Француз Республикасының Үкіметі
арасындағы ғарыш кеңістігін
бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану
саласындағы ынтымақтастық
туралы келісімге
қосымша
Зияткерлік меншік және құпия ақпарат
Осы Келісімнің мақсаты үшін «зияткерлік меншік» ұғымы Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымын құратын, 1967 жылгы 14 шілдеде Стокгольмде қол қойылған Конвенцияның 2-бабындағыдай мәнді білдіреді.
Тараптар осы Келісім шеңберінде құрылатын немесе ұсынылатын зияткерлік меншік құқықтарын әрбір мемлекеттің заңдарына немесе өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, халықаралық шарттарға және осы қосымшаның ережелеріне сәйкес қорғауды қамтамасыз етеді.
Тараптардың құзыретті ұйымдары барлық қорғалуға тиісті өнертабыстар мен еңбектер туралы бір-бірін уақтылы хабардар етеді және қысқа мерзімде зияткерлік меншікті қорғауды қамтамасыз ету мақсатында тиісінше іс-қимылдарды орындайды.
1-бөлім. Қолданылу аясы
Осы қосымшаның ережелері Тараптар немесе олардың құзыретті ұйымдары арасында қандай да болмасын өзге уағдаластықтар болмаған кезде осы Келісімнің 3-бабының 1-тармағына сәйкес жүзеге асырылатын қызметке жатады.
Осы қосымша ешқандай жағдайда Тараптар өзіне алған халықаралық міндеттемелерді жоймайтындығы сияқты әрбір Тараптың заңнамасымен регламенттелетін Тараптарға қолданылатын зияткерлік меншік режимінде, құзыретті ұйымдардың ішкі ережелерін де өзгертпейді.
Әрбір Тарап немесе оның құзыретті ұйымы осы Келісімге қол қойылғанға дейін сатып алынған немесе осы Келісімге қарамастан жүзеге асырылатын ғылыми зерттеулер нәтижесін білдіретін зияткерлік меншіктің барлық құқықтарының иесі болып табылады және осы құқықтар осы қосымшаның ережелерімен өзгертіле алмайды.
2-бөлім. Зияткерлік меншік құқықтарын бөлу
1. Тараптар немесе олардың құзыретті ұйымдары арасында қандай да болмасын өзге уағдаластықтар болмағанда зияткерлік меншік құқықтары осындай зияткерлік меншікті құруға Тараптардың әрқайсысының немесе олардың құзыретті ұйымдарының әрқайсысының қаржылық және ғылыми-техникалық үлесін тиісінше есептеген кезде бөлінеді.
2. Жарияланымдар - авторлық құқық.
Жарияланымдар авторлық құқыққа жатады. Тараптар немесе олардың құзыретті ұйымдары осы қосымшаның 3-бөлімінде аталған құпиялылық туралы ережелерді сақтаған кезде осы Келісімнің шеңберінде жүзеге асырылатын ынтымақтастық жөніндегі іс-шараларға жататын ғылыми-техникалық мақалаларды, баяндамалар мен есептерді аударуға, жаңғырту мен таратуға эксклюзивті емес және тегін құқықтарды пайдаланады. Көрсетілген құқықты жүзеге асыру тәртібі осы Келісімнің 6-бабының 5-тармағында аталған жеке уағдаластықтарда анықталады,
Жарияланымның әрбір данасында автордың тегі көрсетілуі тиіс.
3. Ғылыми-зерттеу қызметі - зияткерлік меншік құқығы.
3.1 Ғылыми-зерттеу қызметі, егер ол осы Келісімнің 6-бабының
5-тармағында аталған жеке уағдаластықтарда осындай сияқты анықталса,
бірлескен болып есептеледі. Бірлескен ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижесі болып табылатын зияткерлік меншік құқықтарын бөлу осы бөлімнің 3-тармағы 3.2-тармақшасының ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
3.2 Тараптар, Тараптардың құзыретті ұйымдары немесе олар уәкілеттік берген ұйымдар өндіріске жаңа технология енгізу жоспарын бірлесіп әзірлеу үшін осындай технологиядан қаржылық пайда табу үшін күш салады. Көрсетілген жоспар ынтымақтастық басталғанға дейін не Тараптардың бірі не оның құзыретті ұйымдары немесе ол уәкілеттік берген ұйымдар зияткерлік меншік құқығы жағынан қорғауда болуы мүмкін зияткерлік меншік элементтерін жасау туралы мәлімдегеннен кейін бірден ынтымақтастық барысында әзірленуі мүмкін. Технологияны енгізудің мұндай жоспарында Тараптардың, Тараптардың құзыретті ұйымдарының немесе олар уәкілеттік берген ұйымдардың тиісті ғылыми-зерттеу қызметіне тиісті үлесі ескеріледі.
Егер көрсетілген енгізу жоспары келісілген мерзімде әзірленбеген болса, онда жоғарыда аталған зияткерлік меншік элементтерін қорғауды осы сәтте ондай қорғауға үлкен дәрежеде дайын Тарап өзінің атынан қамтамасыз етеді. Бұдан әрі Тараптар немесе олардың құзыретті ұйымдары зияткерлік меншік құқықтарын Тараптардың әрқайсысының тиісінше үлесін, сондай-ақ зияткерлік меншікті қорғауға байланысты шығыстарын ескере отырып, уағдаластық бойынша өзара бөлісуге тиіс.
3.3. Егер ғылыми зерттеулер бірлескен болып белгіленбеген болса, зияткерлік меншік құқықтарын бөлу тәртібі құзыретті ұйымдар немесе олар уәкілеттік берген ұйымдар арасындағы жеке уағдалыстықтарда анықталады. Бір Тараптың екінші Тараптың зияткерлік меншігіне рұқсат алу мәселесі әрбір нақты жағдайда бөлек шешіледі.
3.4. Егер Тараптардың бірінің заңнамасы зияткерлік меншіктің сол немесе өзге элементін қорғауға мүмкіндік бермесе, ондай қорғауды екі Тараптың да атынан заңнамасы осындай мүмкіндікті көздейтін Тарап қамтамасыз етеді. Тараптар зияткерлік меншік құқықтарын өздерінің арасында бөлу туралы уағдаласу үшін тез арада келіссөздерге кіріседі.
4. Ғылыми қызметкерлермен алмасу.
4.1 Екінші Тараптың заңи құзыретіндегі қандай да болмасын ұйымда жұмыс істеуге рұқсат етілген Тараптардың бірінің ғылыми қызметкерлері мен ғылыми-техникалық мамандары сол ұйымдағы зияткерлік меншік құқықтарын қорғау режиміне бағынады және оларға осы ережелер
көрсетілген ұйымның оның қызметкерлеріне қатысты ережелерінде қалай
анықталса, сол күйінде осы құқықтар үшін мүмкін төлемдерді немесе осы
құқықтар желісі бойынша мүмкін төлемдерді қоспағанда, сол құқықтар үшін төлемақыға қатысты ережелер қолданылады.
4.2 Бірлескен болып табылмайтын ғылыми зерттеулер бойынша
жарияланымдар Тараптардың құзыретті ұйымдары немесе олар уәкілеттік
берген ұйымдар арасындағы жеке уағдаластықтар ережелері негізінде жүзеге асырылады.
5. Бағдарламалық қамтамасыз ету.
5.1. Ынтымақтастық шеңберінде әзірленген бағдарламалық қамтамасыз ету оны әзірлеген және оған тиісті Тараптың заңнамасында көзделген барлық мүліктік авторлық құқығы бар Тараптың немесе оның құзыретті ұйымының меншігі болып табылады.
5.2. Егер бағдарламалық қамтамасыз етуді екі Тарап немесе олардың құзыретті ұйымдары бірлесіп әзірлесе немесе қаржыландырса, мұндай бағдарламалық қамтамасыз етуге қолданылатын режим тиісті төлемдер мен төлемақыларды бөлу мәселелерін қоса алғанда, оны коммерциялық пайдалану жағдайында жеке келісімдермен анықталады.
3-бөлім. Құпия ақпарат
1. «Құпия ақпарат» ұғымына нысанына немесе тасымалдаушысына қарамастан, осы Келісім желісі бойынша жүзеге асырылатын ынтымақтастық жөніндегі қызмет шеңберінде берілетін кез келген ноу-хау, кез келген техникалық деректер, кез келген ақпарат кіреді және оларға мынадай шарттар қолданылады:
осындай ақпарат үшінші тұлғаларға белгісіз және үшінші тұлғалар оған өзге көздер арқылы қол жеткізуі мүмкін емес;
осындай ақпараттың иесі құпиялылықты сақтау туралы талаптарын қоймай, оны үшінші тұлғаларға бермейді;
екінші Тарап ақпараттың құпиялылығын сақтау жөніндегі міндеттемені орындаусыз осындай ақпаратқа ие бола алмайды.
2. Құпия ақпарат тиісті белгімен таңбаланған болуы тиіс. Сол немесе өзге ақпаратқа құпиялылық белгісін бергені үшін көрсетілген ақпараттың құпия ретінде қаралуын талап ететін Тарап немесе Тараптар не олардың уәкілетті органдары жауапты болады.
3. Құпия ақпарат Тараптардың әрқайсысының қолданылатын құқығына сәйкес қорғалуға тиіс.
4. Жеке уағдаластықтарда қандай да болмасын өзге ережелер болмаған кезде Тараптар немесе олардың құзыретті ұйымдары құпия ақпаратты өз қызметкерлеріне бере алады.
5. Осылайша берілген құпия ақпаратты жеке уағдаластықтарды қолдану аясы шегінде ғана пайдалануға болады. Тараптар немесе олардың құзыретті ұйымдары өздерінің қызметкерлеріне қатысты жоғарыда анықталған құпиялылық бойынша талаптарды сақтау мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдауға міндеттенеді.