Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Пайдаланылған отынмен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы біріккен конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Жоба
Қазақстан Республикасының Заңы
Пайдаланылған отынмен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы біріккен конвенцияны ратификациялау туралы
Венада 1997 жылғы 5 қыркүйекте қабылданған Пайдаланылған отынмен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы біріккен конвенция ратификациялансын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ОТЫНМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ ҚАУІПСІЗДІГІ ТУРАЛЫ ЖӘНЕ РАДИОАКТИВТІК ҚАЛДЫҚТАРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ ҚАУІПСІЗДІГІ ТУРАЛЫ БІРЛЕСКЕН КОНВЕНЦИЯ
1. Пайдаланылған отынмен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы бірлескен конвенция Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің Орталық мекемелерінде 1997 жылдың 1 қыркүйегінен 5 қыркүйекке дейінгі кезеңде шақырылған Дипломатиялық конференцияда 1997 жылы 5 қыркүйекте қабылданды. Бірлескен конвенция қол қою үшін Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі бас конференциясының қырық бірінші сессиясының уақытында, Венада 1997 жылғы 29 қыркүйекте ашылды және ол күшіне енгенге дейін қол қою үшін ашық болады.
2. 40-бапқа сәйкес Бірлескен конвенция олардың әрқайсысында атом станциясы пайдаланылатын он бес мемлекеттің құжаттарын қоса алғанда, бекіту, қабылдау немесе мақұлдау туралы жиырма бесінші құжатты Депозитарийге сақтауға өткізгеннен кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.
3. Конвенцияның мәтіні қабылданғандағыдай күйде мүше мемлекеттердің ақпараты үшін осы құжатқа қоса беріледі.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ОТЫНМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ ҚАУІПСІЗДІГІ ТУРАЛЫ ЖӘНЕ РАДИОАКТИВТІК ҚАЛДЫҚТАРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ ҚАУІПСІЗДІГІ ТУРАЛЫ БІРЛЕСКЕН КОНВЕНЦИЯ
КІРІСПЕ
1-ТАРАУ МАҚСАТТАР, АНЫҚТАМАЛАР ЖӘНЕ ҚОЛДАНУ АЯСЫ
1-БАП МАҚСАТТАР
2-БАП АНЫҚТАМАЛАР
3-БАП ҚОЛДАНУ АЯСЫ
2-ТАРАУ ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ОТЫНМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ ҚАУІПСІЗДІГІ
4-БАП ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЫСТЫ ЖАЛПЫ ТАЛАПТАР
5-БАП ҚАЗІРГІ ҚОНДЫРҒЫЛАР
6-БАП ҰСЫНЫЛАТЫН ҚОНДЫРҒЫЛАР ҮШІН АЛАҢДАР ТАҢДАУ
7-БАП ҚОНДЫРҒЫЛАРДЫ ЖОБАЛАУ ЖӘНЕ САЛУ
8-БАП ҚОНДЫРҒЫЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН БАҒАЛАУ
9-БАП ҚОНДЫРҒЫЛАРДЫ ПАЙДАЛАНУ
10-БАП ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ОТЫНДЫ КӨМУ
3-ТАРАУ РАДИОАКТИВТІК ҚАЛДЫҚТАРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ
ҚАУІПСІЗДІГІ
11-БАП ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЫСТЫ ЖАЛПЫ ТАЛАПТАР
12-БАП ҚАЗІРГІ ҚОНДЫРҒЫЛАР ЖӘНЕ ӨТКЕНДЕГІ ПРАКТИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ
13-БАП ҰСЫНЫЛАТЫН ҚОНДЫРҒЫЛАР ҮШІН АЛАҢДАР ТАҢДАУ
14-БАП ҚОНДЫРҒЫЛАРДЫ ЖОБАЛАУ ЖӘНЕ САЛУ
15-БАП ҚОНДЫРҒЫЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН БАҒАЛАУ
16-БАП ҚОНДЫРҒЫЛАРДЫ ПАЙДАЛАНУ
17-БАП ЖАПҚАННАН КЕЙІН ВЕДОМСТВОЛЫҚ БАҚЫЛАУ ШАРАЛАРЫ
4-ТАРАУ ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЫСТЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
18-БАП ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖӨНІНДЕГІ ШАРАЛАР
19-БАП ЗАҢНАМАЛЫҚ ЖӘНЕ РЕТТЕУШІ НЕГІЗ
20-БАП РЕТТЕУШІ ОРГАН
21-БАП ЛИЦЕНЗИЯНЫ ИЕЛЕНУШІНІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
22-БАП АДАМ ЖӘНЕ ҚАРЖЫ РЕСУРСТАРЫ
23-БАП САПАНЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
24-БАП ПАЙДАЛАНУ КЕЗЕҢІНДЕГІ РАДИАЦИЯЛЫҚ ҚОРҒАУ
25-БАП АВАРИЯЛЫҚ ДАЙЫНДЫҚ
26-БАП ПАЙДАЛАНУДАН АЛУ
5-ТАРАУ ӘРТҮРЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
27-БАП ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ӨТКІЗУ
28-БАП ЖАБЫҚ КӨЗДЕРДІ ПАЙДАЛАНУДАН АЛУ
6-ТАРАУ УАҒДАЛАСУШЫ ТАРАПТАРДЫҢ КЕҢЕСІ
29-БАП ДАЙЫНДЫҚ КЕҢЕСІ
30-БАП ҚАРАУ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС
31-БАП КЕЗЕКТЕН ТЫС КЕҢЕС
32-БАП БАЯНДАМАЛАРДЫ ҰСЫНУ
33-БАП КЕҢЕСТЕРГЕ ҚАТЫСУ
34-БАП ҚОРЫТЫНДЫ БАЯНДАМАЛАР
35-БАП ТІЛДЕР
36-БАП ҚҰПИЯЛЫЛЫҚ
37-БАП ХАТШЫЛЫҚ
7-ТАРАУ ҚОРЫТЫНДЫ БАПТАР ЖӘНЕ БАСҚА ЕРЕЖЕЛЕР
38-БАП КЕЛІСПЕУШІЛІКТЕРДІ ШЕШУ
39-БАП ҚОЛ ҚОЮ, БЕКІТУ, ҚАБЫЛДАУ, МАҚҰЛДАУ, ҚОСЫЛУ
40-БАП КҮШІНЕ ЕНУ
41-БАП КОНВЕНЦИЯҒА ТҮЗЕТУЛЕР
42-БАП КҮШІН ЖОЮ
43-БАП ДЕПОЗИТАРИЙ
44-БАП ТҮПНҰСҚАЛЫҚ МӘТІНДЕР
КІРІСПЕ
Уағдаласушы тараптар,
і) ядролық реакторларды пайдалану пайдаланылған отынның және радиоактивтік қалдықтардың пайда болуымен байланысты екендігін және ядролық технологияларды басқа да қолдану да радиоактивтік қалдықтардың пайда болуымен байланысты екендігін мойындай отырып;
іі) қауіпсіздік мақсаттарының пайдаланған отынға да, сондай-ақ радиоактивтік қалдықтарға да бірдей қолданылатынын мойындай отырып;
ііі) пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұтымды практикалық қызметті жоспарлау мен жүзеге асырудың халықаралық қоғамдастық үшін маңызды мәнін растай отырып;
іv) пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігіне қатысты мәселелер туралы жұртшылықты хабардар етудің маңызды мәнін мойындай отырып;
v) бүкіл әлемде ядролық қауіпсіздіктің тиімді мәдениетіне жәрдемдесуге ниет білдіре отырып;
vі) пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін түпкілікті жауапкершіліктің мемлекетке жүктелетінін растай отырып;
vіі) отындық тізбек саласындағы саясатты айқындау мемлекеттің артықшылығы болып қала беретіндігін, сондай-ақ кейбір мемлекеттің пайдаланылған отынды өңдеуге болатын бағалы ресурс деп есептейтінін, ал басқа біреулері оны көмуді дұрыс көретінін мойындай отырып;
vііі) әскери немесе қорғаныс бағдарламаларының шеңберінде болғандықтан, осы Конвенцияның күші қолданылмайтын пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеудің осы Конвенцияда жарияланған мақсаттарға сәйкес жүзеге асырылуға тиіс екендігін мойындай отырып;
іх) екіжақты және көпжақты механизмдердің негізінде және осы қозғаушы Конвенцияның негізінде пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеудің қауіпсіздігін арттыру мақсатындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызды мәнін растай отырып;
х) дамушы елдердің, әсіресе нашар дамыған елдердің және өтпелі экономикадағы мемлекеттердің қажетін, сондай-ақ олардың осы қозғаушы Конвенцияда жазылған құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруға көмек көрсету жөніндегі қолда бар механизмдердің жұмыс істеуіне жәрдемдесу қажеттігін сезіне отырып;
хі) радиоактивтік қалдықтарды көмудің осындай материалдарды қолданудың қауіпсіздігімен қаншалықты сыйымды екендігіне көз жеткізе отырып, олар сол пайда болған мемлекетте жүзеге асырылуға тиіс, бұл ретте пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен қауіпсіз және тиімді жұмыс істеудің кейбір мән-жайлары кезінде, атап айтқанда, қалдықтар бірлескен жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде пайда болған жағдайларда, олардың біріндегі қондырғыны басқа тараптың мүддесіне пайдалану туралы Уағдаласушы тараптардың арасындағы келісімге ықпал ететінін мойындай отырып;
хіі) кез келген мемлекеттің шетелдік пайдаланылған отынды және радиоактивтік қалдықтарды өзінің аумағына импорттауға тыйым салу құқығын иеленетіндігін мойындай отырып;
хііі) Ядролық қауіпсіздік туралы конвенцияны (1994 жыл), ядролық авария туралы жедел хабардар ету жөніндегі конвенцияны (1986 жыл), Ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал жағдайындағы көмек туралы конвенцияны (1986 жыл), Ядролық материалды физикалық қорғау туралы конвенцияны (1980 жыл), Қалдықтарды және басқа да материалдарды оларға түзету енгізе отырып тастау арқылы теңізді ластауды болдырмау туралы конвенцияны (1994 жыл) және басқа тиісті халықаралық-құқықтық құжаттарды назарға ала отырып;
хіv) "Иондандырушы сәуледен қорғауға және сәуле көздерін қауіпсіз қолдануға арналған қауіпсіздіктің халықаралық негізгі нормалары" (1996) деген мекемеаралық құжатта, МАГАТЭ-нің қауіпсіздік негізі жөніндегі "Радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеу принциптері" (1995 жыл) деген тақырыптағы құжатында және радиоактивтік материалдарды тасымалдау қауіпсіздігіне қатысты қазіргі халықаралық нормаларда мазмұндалған принциптерді назарға ала отырып;
хv) Біріккен Ұлттар Ұйымының 1992 жылы Рио-де-Жанейрода өткен қоршаған орта және даму жөніндегі "XXI ғасырдың күн тәртібіне" деген конференциясында қабылданған, радиоактивтік қалдықтарды қауіпсіз және экологиялық тұрғыдан негізді түрде аластаудың бірінші дәрежелі мәнін тағы да растайтын 22-тарауға сілтеме жасай отырып;
хvі) ол жөнінде қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдауды және оларды аулаққа шығаруды бақылау туралы Базель конвенциясының (1989 жыл) 1 (3)-бабында айтылғандай, радиоактивтік материалдарға қатысты тікелей қолданылатын халықаралық бақылау жүйесін нығайту жөн екендігін мойындай отырып;
мына төмендегілер туралы келісті:
1-ТАРАУ МАҚСАТТАР, АНЫҚТАМАЛАР ЖӘНЕ ҚОЛДАНУ АЯСЫ
1-БАП. МАҚСАТТАР
Осы Конвенцияның мынадай мақсаттары бар:
і) ұлттық шараларды және халықаралық ынтымақтастықты, соның ішінде тиісті жағдайларда - қауіпсіздік саласындағы техникалық ынтымақтастықты нығайту жолымен бүкіл әлемде пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігінің жоғары деңгейіне қол жеткізу және қолдау;
іі) қазіргі ұрпақтың мұқтажы мен арманының болашақ ұрпақтың мұқтажы мен арманын іске асыру мүмкіндігіне залал келтірмей қанағаттандырылуы үшін, қазіргі уақытта және болашақта иондандырушы сәуленің зиянды әсерінен жекелеген адамдарды, тұтастай алғанда қоғамды және қоршаған ортаны қорғау үшін пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеудің барлық сатысында ықтимал қауіптен қорғаудың тиімді құралы болуын қамтамасыз ету;
ііі) пайдаланылған отынмен немесе радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеудің кез келген сатысында орын алған жағдайда, радиологиялық салдары бар аварияны болдырмау және олардың салдарын жұмсарту.
2-БАП. АНЫҚТАМАЛАР
Осы Конвенцияның мақсаттары үшін:
а) "жабу" пайдаланылған отынды немесе радиоактивтік қалдықтарды көмуге арналған қондырғыға жайғастырғаннан кейін белгілі бір сәтте барлық операциялардың аяқталғанын білдіреді. Ол қондырғыны ұзақ уақыт бойы қауіпсіз күйде қала беретін жағдайға келтіру үшін қажетті түпкілікті инженерлік-техникалық немесе басқа жұмыстарды қамтиды;
b) "пайдаланудан алу" ядролық қондырғыны реттеушілік бақылаудағы көмуге арналған қондырғыдағыдан өзгеше босатуға алып келетін барлық шараларды білдіреді. Мұндай шаралар дезактивтендіру және бөлшектеу процестерін қамтиды;
с) "тастау" қалыпты пайдалану барысында реттелетін ядролық қондырғыларда пайда болатын сұйық немесе газ тәріздес радиоактивтік материалдарды реттеуші органдар санкциялайтын шекте заңды практика ретінде қоршаған ортаға жоспарлы және бақылау түрінде шығаруды білдіреді;
d) "көму" пайдаланылған отынды немесе радиоактивтік қалдықтарды алуды ниет етпей тиісті қондарғыға жайғастыруды білдіреді;
е) "лицензия" пайдаланылған отынмен немесе радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге қатысты кез келген қызметті жүзеге асыру үшін реттеуші орган берген кез келген рұқсатты, жол беруді немесе сертификаттау куәлігін білдіреді;
f) "ядролық қондырғы" радиоактивтік материалдар қауіпсіздік факторының ескерілуі талап етілетін ауқымда пайда болатын, өңделетін, пайдаланылатын, физикалық әрекеттер жасауға тартылатын, сақталатын немесе көмілетін азаматтық қондырғыны және соған қатысты жерді, құрылыс пен жабдықты білдіреді;
g) "пайдалану мерзімі" пайдаланылған отынмен немесе радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғының сол мақсат үшін пайдаланылатын уақыт кезеңін білдіреді. Көмуге арналған қондырғы жағдайында бұл кезең пайдаланылған отынды немесе радиоактивтік қалдықтарды қондырғыға алғашқы жайғастырудан басталып, осы қондырғыны жабу кезеңімен аяқталады;
h) "радиоактивтік қалдықтар" Уағдаласушы тарап немесе жеке немесе заңды тұлға оларды одан әрі пайдалануды көздемейтін, ол шешімді Уағдаласушы тарап мойындайтын және реттеуші орган Уағдаласушы тараптардың заңнамалық және реттеушілік негізі шеңберінде радиоактивтік қалдықтар ретінде бақылайтын газ тәріздес, сұйық немесе қатты жағдайдағы радиоактивтік материалды білдіреді;
і) "радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеу" пайдаланудан алуға байланысты қызметті қоса алғанда, алаңнан тысқары тасымалдауды қоспағанда, радиоактивтік қалдықтармен әрекеттер жасауға, алдын ала өңдеуге, өңдеуге, сапалық көрсеткішіне жеткізуге, сақтауға немесе көмуге қатысы бар қызметтің барлық түрін білдіреді. Ол сондай-ақ тастаумен де байланысты болуы мүмкін;
j) "радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғы" Уағдаласушы тарап оны радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғы ретінде айқындаған жағдайда ғана пайдаланудан алыну процесіндегі ядролық қондырғыны қоса алғанда, негізгі мақсаты радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеу болып табылатын кез келген қондырғыны немесе объектіні білдіреді;
k) "реттеуші орган" лицензияны қоса алғанда, пайдаланылған отынмен немесе радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігінің кез келген аспектілерін реттеуге Уағдаласушы тарап заңдық өкілеттік берген кез келген органды немесе органдарды білдіреді;
l) "өңдеу" одан әрі пайдалану үшін пайдаланылған отыннан радиоактивтік изотоптарды алуды мақсат ететін процесті немесе операцияны білдіреді;
m) "жабық көз" реактордың отындық элементтерін қоспағанда, капсулада түпкілікті мөрленген немесе тығыз қосылған және қатты күйде тұрған радиоактивтік материалды білдіреді;
n) "пайдаланылған отын" реактордың белсенді аймағында сәулеленген және одан түпкілікті аласталған ядролық отынды білдіреді;
о) "пайдаланылған отынмен жұмыс істеу" алаңнан тыс тасымалдауды қоспағанда, пайдаланылған отынмен физикалық әрекеттер жасауға немесе сақтауға қатысы бар қызметтің барлық түрін білдіреді. Ол сондай-ақ тастаумен де байланысты болуы мүмкін;
p) "пайдаланылған отынмен жұмыс істеуге арналған қондырғы" негізгі мақсаты пайдаланылған отынмен жұмыс істеу болып табылатын кез келген қондырғыны немесе объектіні білдіреді;
q) "белгіленген мемлекет" оған трансшекаралық өткізу жоспарланған немесе жүзеге асырылатын мемлекетті білдіреді;
r) "шығарылатын мемлекет" одан трансшекаралық өткізу жоспарланған немесе жүзеге асырылатын мемлекетті білдіреді;
s) "транзит мемлекет" соның аумағы арқылы трансшекаралық өткізу жоспарланған немесе жүзеге асырылатын, шығарылатын мемлекеттен немесе белгіленген мемлекеттен басқа кез келген мемлекетті білдіреді;
t) "сақтау" оларды кейіннен алуды ниет ете отырып, оқшаулауды қамтамасыз ететін, пайдаланылған отынды немесе радиоактивтік қалдықтарды қондырғыда ұстауды білдіреді;
u) "трансшекаралық өткізу" пайдаланылған отынды немесе радиоактивтік қалдықтарды шығарылған мемлекеттен белгіленген мемлекетке кез келген тасымалдауды білдіреді.
3-БАП. ҚОЛДАНУ АЯСЫ
1. Осы Конвенция азаматтық ядролық реакторларды пайдалану нәтижесінде пайда болатын пайдаланылған отынмен жұмыс істеу қауіпсіздігіне қолданылады. Уағдаласушы тарап қайта өңдеу пайдаланылған отынмен жұмыс істеудің бір бөлігі болып табылатынын мәлімдейтін жағдайларды қоспағанда, қайта өңдеу жөніндегі қызмет шеңберінде қайта өңдеу қондырғысында тұрған пайдаланылған отын осы Конвенцияның қолдану аясына кірмейді.
2. Осы Конвенция сондай-ақ радиоактивтік қалдықтар азаматтық қызмет нәтижесінде пайда болатын жағдайларда, радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігіне қолданылады. Алайда осы Конвенция олар жабық көзден пайдалануға алынғанды білдірген немесе осы Конвенцияның мақсаттары үшін Уағдаласушы тарап оларды радиоактивтік қалдықтар деп жариялағаннан басқа жағдайларда, табиғи радиоактивтік заттары ғана бар және ядролық отындық тізбекте пайда болмайтын қалдықтарға қолданылмайды.
3. Осы Конвенция пайдаланылған отынмен немесе радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеудің қауіпсіздігіне, осы Конвенцияның мақсаттары үшін Уағдаласушы тарап оларды пайдаланылған отын немесе радиоактивтік қалдықтар деп жариялағаннан басқа жағдайларда, әскери немесе қорғаныс бағдарламалары шеңберінде қолданылмайды. Алайда осы Конвенция әскери немесе қорғаныс бағдарламаларын жүзеге асыру нәтижесінде пайда болған пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеудің қауіпсіздігіне, егер осындай материалдар азаматтық бағдарламаларға түпкілікті берілген және олармен жұмыс істеу осындай бағдарламалар шеңберінде жүргізілген жағдайларда қолданылады.
4. Осы Конвенция сондай-ақ 4, 7, 11, 14, 24 және 26-баптарда көзделген тастауларға қолданылады.
2-ТАРАУ ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ОТЫНМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ ҚАУІПСІЗДІГІ
4-БАП. ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЫСТЫ ЖАЛПЫ ТАЛАПТАР
Әрбір Уағдаласушы тарап пайдаланылған отынмен жұмыс істеудің барлық сатысында жекелеген адамдарды, тұтастай алғанда қоғамды және қоршаған ортаны радиологиялық тәуекелден тиісінше қорғауды жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады.
Бұл ретте әрбір Уағдаласушы тарап:
і) пайдаланылған отынмен жұмыс істеу барысында пайда болатын жылу қалдығының қауіптілігі мен бөліну мәселелеріне тиісінше назар аударуды қамтамасыз ету;
іі) пайдаланылған отынмен жұмыс істеуге байланысты радиоактивтік қалдықтардың пайда болуын отындық тізбек саласында қабылданған саясатқа сай келетін, практикалық тұрғыдан қол жетімді ең төмен деңгейде ұстауды қамтамасыз ету;
ііі) пайдаланылған отынмен жұмыс істеу кезінде әртүрлі сатылардың өзара тәуелділігін ескеру;
іv) халықаралық деңгейде мақұлданған өлшемдер мен нормаларды тиісті дәрежеде ескеретін, өздерінің ұлттық заңнамасы шеңберінде, реттеуші орган бекіткен, қорғаудың тиісті әдістерін ұлттық деңгейде қолдану жолымен жекелеген адамдарды, тұтастай алғанда қоғамды және қоршаған ортаны тиімді қорғауды көздеу;
v) пайдаланылған отынмен жұмыс істеуге байланысты болуы мүмкін биологиялық, химиялық және басқа тәуекелдерді ескеру;
vі) қазіргі ұрпаққа қатысты жол беруге болатынмен салыстырғанда, негізделген болжамды салдары болашақ ұрпақ үшін неғұрлым елеулі іс-қимылдарды оралып өтуге ұмтылу;
vіі) болашақ ұрпаққа шамадан тыс ауыртпалық жүктемеу үшін тиісті шаралар қолданады.
5-БАП. ҚАЗІРГІ ҚОНДЫРҒЫЛАР
Әрбір Уағдаласушы тарап осы Уағдаласушы тарап үшін Конвенция күшіне енген сәтте қазіргі пайдаланылған отынмен жұмыс істеуге арналған кез келген қондырғының қауіпсіздігін қарау және қажет жағдайда осындай қондырғының қауіпсіздігін арттыру мақсатында практикада жүзеге асырылатын барлық ақылға қонымды жетілдірулерді орындауды қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады.
6-БАП. ҰСЫНЫЛАТЫН ҚОНДЫРҒЫЛАР ҮШІН АЛАҢДАР ТАҢДАУ
1. Әрбір Уағдаласушы тарап пайдаланылған отынмен жұмыс істеу үшін ұсынылатын қондырғыға қатысты төменде көрсетілген рәсімдердің белгіленіп, жүзеге асырылуы үшін мынадай тиісті шаралар қолданады:
і) пайдалану мерзімі ішінде осындай қондырғының қауіпсіздігіне ықпал ететін алаңға қатысты барлық тиісті факторларды бағалау;
іі) жекелеген адамдардың, тұтастай алғанда қоғамның және қоршаған ортаның қауіпсіздігіне осындай қондырғының ықтимал әсер етуін бағалау;
ііі) осындай қондырғының қауіпсіздігі туралы жұртшылыққа ақпарат беру;
іv) осы қондырғы тарапынан әсер етуге тартылу ықтималдығы бар болғандықтан, осындай қондырғыға жақын орналасқан Уағдаласушы тараптармен консультациялар жүргізу және оларға өздерінің аумағындағы қауіпсіздікке осы қондырғының ықтимал әсер етуін бағалау үшін қажет қондырғы туралы жалпы деректерді сұратуы бойынша беру.
2. Осындай іс-қимыл жасай отырып, әрбір Уағдаласушы тарап 4-бапта көзделген қауіпсіздіктің ортақ талаптарына сәйкес алаң таңдау жолымен, осындай қондырғылардың басқа Уағдаласушы тараптарға қолайсыз әсер етпеуін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады.
7-БАП. ҚОНДЫРҒЫЛАРДЫ ЖОБАЛАУ ЖӘНЕ САЛУ
Әрбір Уағдаласушы тарап мыналарды:
і) пайдаланылған отынмен жұмыс істеуге арналған қондырғыны жобалау мен салу кезінде, оның ішінде тастау немесе бақылаусыз шығару нәтижесінде жекелеген адамдарға, тұтастай алғанда қоғамға және қоршаған ортаға ықтимал радиологиялық әсер етуді шектеу үшін тиісті шаралар көздеуді;
іі) пайдаланылған отынмен жұмыс істеуге арналған қондырғыны пайдаланудан алуға қатысты тұжырымды жоспарларды және қажет жағдайда техникалық ережелерді жобалау сатысында назарға алуды;
ііі) пайдаланылған отынмен жұмыс істеуге арналған қондырғыны жобалау және салу кезінде пайдаланылатын технологияларды тәжірибемен, сынақпен немесе талдаумен растауды қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады.
8-БАП. ҚОНДЫРҒЫЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН БАҒАЛАУ
Әрбір Уағдаласушы тарап мыналарды:
і) пайдаланылған отынмен жұмыс істеуге арналған қондырғыны салуды бастағанға дейін қауіпсіздікті жүйелі бағалауды және қондырғымен байланысты тәуекелмен мөлшерлес, оны пайдаланудың барлық мерзімін қамтитын экологиялық сараптама жүргізуді;
іі) пайдаланылған отынмен жұмыс істеуге арналған қондырғыны пайдалануды бастағанға дейін қауіпсіздікті бағалаудың және экологиялық сараптаманың і) тармақта ескертілген бағалауға қосымша қажет деп танылатын жағдайлар үшін жаңартылған және толық нұсқаларын дайындауды қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады.
9-БАП. ҚОНДЫРҒЫЛАРДЫ ПАЙДАЛАНУ
Әрбір Уағдаласушы тарап мыналарды:
і) пайдаланылған отынмен жұмыс істеуге арналған қондырғыны пайдалану лицензиясының 8-бапта айтылған тиісті бағалауларға негізделуін және салынған қондырғының жобаға сәйкес келетінін, қауіпсіздік талаптарына жауап беретінін растайтын, пайдалануға беру бағдарламасының аяқталуына тәуелділікті;
іі) ол туралы 8-бапта айтылған сынақ, пайдалану және бағалау тәжірибесі негізінде айқындалған пайдалану шегі мен талаптарын орнықтыруды және қажетіне қарай қайта қарауды;
ііі) пайдаланылған отынмен жұмыс істеуге арналған қондырғыны пайдаланудың, техникалық қызмет көрсетудің, бақылаудың, инспекциялаудың және сынаудың белгіленген рәсімдерге сәйкес жүзеге асырылуын;
іv) қауіпсіздік салаларына байланысты барлық инженерлік-техникалық қолдаулар пайдаланылған отынмен жұмыс істеуге арналған қондырғыны пайдалану мерзімі ішінде көрсетілуін;
v) лицензия иесінің қауіпсіздік тұрғысынан маңызды оқиға туралы реттеуші органға уақытылы хабарлауын;
vі) пайдалану тәжірибесі туралы тиісті ақпарат жинау мен талдаудың бағдарламасы әзірленуін және оның нәтижелері бойынша қажет жағдайда шаралар қолданылуын;
vіі) пайдаланылған отынмен жұмыс істеуге арналған қондырғыны пайдаланудан алудың жоспары дайындалуын және оның осы қондырғыны пайдалану мерзімі ішінде алынған ақпаратты пайдалана отырып, қажетіне қарай жаңартылуын, олардың реттеуші органда қаралуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады.
10-БАП. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ОТЫНДЫ КӨМУ
Егер өзінің заңнамалық және реттеушілік негізімен Уағдаласушы тарап пайдаланылған отынды көмуге белгілесе, онда мұндай пайдаланылған отынды көму, радиоактивтік қалдықтарды көмуге қатысты 3-бапта бекітілген міндеттемелерге сәйкес жүргізіледі.
3-ТАРАУ РАДИОАКТИВТІК ҚАЛДЫҚТАРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ
ҚАУІПСІЗДІГІ
11-БАП. ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЫСТЫ ЖАЛПЫ ТАЛАПТАР
Әрбір Уағдаласушы тарап радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеудің барлық сатысында жекелеген адамдарды, тұтастай алғанда қоғамды және қоршаған ортаға ықтимал радиологиялық және басқа тәуекелдерден тиісінше қорғауды жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады.
Бұл ретте әрбір Уағдаласушы тарап:
і) радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеу барысында пайда болатын жылу қалдығының қауіптілігі мен бөліну мәселелеріне тиісінше назар аударуды қамтамасыз ету;
іі) радиоактивтік қалдықтардың пайда болуын практикалық тұрғыдан қол жетімді ең төмен деңгейде ұстауды қамтамасыз ету;
ііі) радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеу кезінде әртүрлі сатылардың өзара тәуелділігін ескеру;
іv) халықаралық деңгейде мақұлданған өлшемдер мен нормаларды тиісті дәрежеде ескеретін, өздерінің ұлттық заңнамасы шеңберінде, реттеуші орган бекіткен, қорғаудың тиісті әдістерін ұлттық деңгейде қолдану жолымен жекелеген адамдарды, тұтастай алғанда қоғамды және қоршаған ортаны тиімді қорғауды көздеу;
v) радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге байланысты болуы мүмкін биологиялық, химиялық және басқа тәуекелдерді ескеру;
vі) қазіргі ұрпаққа қатысты жол беруге болатынмен салыстырғанда, негізделген болжамды салдары болашақ ұрпақ үшін неғұрлым елеулі іс-қимылдарды оралып етуге ұмтылу;
vіі) болашақ ұрпаққа шамадан тыс ауыртпалық жүктемеу үшін тиісті шаралар қолданады.
12-БАП. ҚАЗІРГІ ҚОНДЫРҒЫЛАР ЖӘНЕ ӨТКЕНДЕГІ ПРАКТИКАЛЫҚ
ҚЫЗМЕТ
Әрбір Уағдаласушы тарап:
і) осы Уағдаласушы тарап үшін осы Конвенция күшіне енген сәтте қолда бар радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған кез келген қондырғының қауіпсіздігін қарау және қажет жағдайда осындай қондырғының қауіпсіздігін арттыру мақсатында практикада жүзеге асырылатын барлық ақылға қонымды жетілдірулерді орындауды қамтамасыз ету;
іі) нұқсан мен шығынды, оның ішінде осындай араласуға байланысты әлеуметтік шығынды негіздеу үшін жеткілікті болуға тиіс мөлшерді қысқарту нәтижесінде зиянды әсерді азайтуды ескере отырып, радиациялық қорғаудың себептері бойынша қандай да бір араласудың белгілі бір қажеттілігі мақсатында өткендегі практикалық қызметтің нәтижелерін қарау үшін тиісті шараларды уақытылы қолданады.
13-БАП. ҰСЫНЫЛАТЫН ҚОНДЫРҒЫЛАР ҮШІН АЛАҢДАР ТАҢДАУ
1. Әрбір Уағдаласушы тарап радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеу үшін ұсынылатын қондырғыға қатысты төменде көрсетілген рәсімдердің белгіленіп, жүзеге асырылуы үшін мынадай тиісті шараларды қолданады:
і) пайдалану мерзімі ішінде осындай қондырғының қауіпсіздігіне ықпал ететін алаңға қатысты барлық тиісті факторларды, сондай-ақ көмуге арналған қондырғыны жапқаннан кейін бағалау;
іі) көмуге арналған қондырғылары бар алаңдарды жапқаннан кейін олардың жай-күйіндегі ықтимал өзгерістерді ескере отырып, жекелеген адамдардың, тұтастай алғанда қоғамның және қоршаған ортаның қауіпсіздігіне осындай қондырғының ықтимал әсер етуін бағалау;
ііі) осындай қондырғының қауіпсіздігі туралы жұртшылыққа ақпарат беру;
іv) осы қондырғы тарапынан әсер етуге тартылу ықтималдығы бар болғандықтан, осындай қондырғыға жақын орналасқан Уағдаласушы тараптармен консультациялар жүргізу және оларға өздерінің аумағындағы қауіпсіздікке осы қондырғының ықтимал әсер етуін бағалау үшін қажет қондырғы туралы жалпы деректерді сұратуы бойынша беру.
2. Осындай іс-қимыл жасай отырып, әрбір Уағдаласушы тарап 11-бапта көзделген қауіпсіздіктің ортақ талаптарына сәйкес алаң таңдау жолымен, осындай қондырғылардың басқа Уағдаласушы тараптарға қолайсыз әсер етпеуін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады.
14-БАП. ҚОНДЫРҒЫЛАРДЫ ЖОБАЛАУ ЖӘНЕ САЛУ
Әрбір Уағдаласушы тарап мыналарды:
і) радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғыны жобалау мен салу кезінде, оның ішінде тастау немесе бақылаусыз шығару нәтижесінде жекелеген адамдарға, тұтастай алғанда қоғамға және қоршаған ортаға ықтимал радиологиялық әсер етуді шектеу үшін тиісті шараларды көздеуді;
іі) көмуге арналған қондырғыдан өзгеше, радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғыны пайдаланудан алуға қатысты тұжырымды жоспарларды және қажет жағдайда техникалық ережелерді жобалау сатысында назарға алуды;
ііі) көмуге арналған қондырғыны жабу үшін техникалық ережелердің жобалау сатысында әзірленуін;
iv) радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғыны жобалау және салу кезінде пайдаланылатын технологияларды тәжірибемен, сынақпен немесе талдаумен растауды қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады.
15-БАП. ҚОНДЫРҒЫЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН БАҒАЛАУ
Әрбір Уағдаласушы тарап мыналарды:
і) радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғыны салуды бастағанға дейін қауіпсіздікті жүйелі бағалауды және қондырғымен байланысты тәуекелмен мөлшерлес, оны пайдаланудың барлық мерзімін қамтитын экологиялық сараптама жүргізуді;
іі) бұдан басқа, көмуге арналған қондырғыны салуды бастағанға дейін қауіпсіздікті жүйелі бағалау және жапқаннан кейінгі кезеңге экологиялық сараптама жүргізу, сондай-ақ нәтижелерді реттеуші орган белгілеген өлшемдер негізінде бағалау;
ііі) радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғыны пайдалануды бастағанға дейін қауіпсіздікті бағалаудың және экологиялық сараптаманың і) тармақта ескертілген бағалауға қосымша қажет деп танылатын жағдайлар үшін жаңартылған және толық нұсқаларын дайындауды қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады.
16-БАП. ҚОНДЫРҒЫЛАРДЫ ПАЙДАЛАНУ
Әрбір Уағдаласушы тарап мыналарды:
і) радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғыны пайдалану лицензиясының 15-бапта айтылған тиісті бағалауларға негізделуін және салынған қондырғының жобаға сәйкес келетінін, қауіпсіздік талаптарына жауап беретінін растайтын, пайдалануға беру бағдарламасының аяқталуына тәуелділікті;
іі) ол туралы 15-бапта айтылған сынақ, пайдалану және бағалау тәжірибесі негізінде айқындалған пайдалану шегі мен талаптарын орнықтыруды және қажетіне қарай қайта қарауды;
ііі) радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғыны пайдаланудың, техникалық қызмет көрсетудің, бақылаудың, инспекциялаудың және сынаудың белгіленген рәсімдерге сәйкес жүзеге асырылуын. Осындай үлгімен алынған нәтижелер көмуге арналған қондырғылар жағдайында, оларды жапқаннан кейінгі кезеңде, ол туралы 15-бапта айтылған жол берілгеннің негізділігін тексеру және қарау үшін және бағалауды жаңарту үшін пайдаланылады;
іv) қауіпсіздік салаларына байланысты барлық инженерлік-техникалық қолдаулар радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғыны пайдалану мерзімі ішінде көрсетілуін;
v) радиоактивтік қалдықтардың сипаттамасын анықтау мен сұрыптау рәсімдерінің қолданылуын;
vі) лицензия иесінің қауіпсіздік тұрғысынан маңызды оқиға туралы реттеуші органға уақытылы хабарлауын;
vіі) пайдалану тәжірибесі туралы тиісті ақпарат жинау мен талдаудың бағдарламасы әзірленуін және оның нәтижелері бойынша қажет жағдайда шаралар қолданылуын;
vііі) радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғыны пайдаланудан алудың, көмуге арналған қондырғыдан өзгеше жоспар дайындалуын және оның осы қондырғыны пайдалану мерзімі ішінде алынған ақпаратты пайдалана отырып қажетіне қарай жаңартылуын, олардың реттеуші органда қаралуын;
іх) көмуге арналған қондырғыны жабудың жоспары дайындалуын және оның осы қондырғыны пайдалану мерзімі ішінде алынған ақпаратты пайдалана отырып қажетіне қарай жаңартылуын, олардың реттеуші органда қаралуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады.
17-БАП. ЖАПҚАННАН КЕЙІН ВЕДОМСТВОЛЫҚ БАҚЫЛАУ ШАРАЛАРЫ
Әрбір Уағдаласушы тарап көмуге арналған қондырғыны жапқаннан кейін:
і) реттеуші орган талап ететін аталған қондырғының орналасқан жеріне, конструкциясына және мазмұнына қатысты есепке алу құжаттарының сақталуын;
іі) қажет жағдайда мониторинг немесе қол жетімділікті шектеу тәрізді белсенді немесе енжар ведомстволық бақылаудың жүзеге асырылуын; және
ііі) егер белсенді ведомстволық бақылауды жүзеге асырудың қандай да бір кезеңінде радиоактивтік материалды қоршаған ортаға жоспарсыз шығару анықталса, қажет кезінде оған араласу шараларының қолданылуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады.
4-ТАРАУ ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЫСТЫ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
18-БАП. ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖӨНІНДЕГІ ШАРАЛАР
Әрбір Уағдаласушы тарап өзінің ұлттық заңнамасы шеңберінде осы Конвенциядан туындайтын міндеттемелерін жүзеге асыру үшін қажет заңнамалық, реттеушілік, әкімшілік шаралар қабылдайды және басқа қадамдар жасайды.
19-БАП. ЗАҢНАМАЛЫҚ ЖӘНЕ РЕТТЕУШІ НЕГІЗ
1. Әрбір Уағдаласушы тарап пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңнамалық және реттеуші негізді жасайды және оны қолдайды.
2. Бұл заңнамалық және реттеуші негіз:
і) радиациялық қауіпсіздік бойынша қауіпсіздік және реттеуші ережелерге қатысты тиісті ұлттық талаптар енгізуді;
іі) пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы қызметті лицензиялау жүйесін;
ііі) пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғыны лицензиясыз пайдалануға тыйым салу жүйесін;
іv) тиісті ведомстволық және реттеушілік бақылау, сондай-ақ құжаттама мен есептілік жүйесін;
v) қолданыстағы реттеуші ережелер мен лицензия талаптарын орындау үшін мәжбүрлеу шараларын;
vі) пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеумен әртүрлі сатыларда шұғылданатын органдардың міндеттерін айқын бөлуді көздейді.
3. Уағдаласушы тараптар радиоактивтік материалдарға радиоактивтік қалдықтар ретінде реттеуді қолдану туралы мәселені қараған кезде осы Конвенцияның мақсатын тиісті дәрежеде ескереді.
20-БАП. РЕТТЕУШІ ОРГАН
1. Әрбір Уағдаласушы тарап оған 19-бапта ескертілген заңнамалық және реттеуші негізді іске асыру жүктелетін және өзіне тапсырылған міндеттерді орындау үшін тиісті өкілеттіктер, құзыреттер, қаржы мен адам ресурстары берілетін реттеуші органды құрады немесе тағайындайды.
2. Әрбір Уағдаласушы тарап өзінің заңнамалық және реттеушілік негіздеріне сәйкес реттеушілік функциялардың басқа функциялардан тиімді тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін ұйымдардың пайдаланылған отынмен немесе радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеумен шұғылдану жағдайларында да, сондай-ақ оларға реттеуді қолдану жағдайларында да тиісті шаралар қабылдайды.
21-БАП. ЛИЦЕНЗИЯНЫ ИЕЛЕНУШІНІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
1. Әрбір Уағдаласушы тарап пайдаланылған отынмен немесе радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеудің қауіпсіздігі үшін негізгі жауапкершіліктің тиісті лицензияның иесіне жүктелуін қамтамасыз етеді және осындай лицензияның әрбір иесінің өз міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету жөнінде тиісті шаралар қолданады.
2. Егер лицензияның осындай иесі немесе басқа жауапты тарап болмаса, онда жауапкершілік пайдаланылған отынға немесе радиоактивтік қалдықтарға қатысты юрисдикцияны иеленетін Уағдаласушы тарапқа жүктеледі.
22-БАП. АДАМ ЖӘНЕ ҚАРЖЫ РЕСУРСТАРЫ
Әрбір Уағдаласушы тарап:
і) пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғыны пайдалану мерзімі ішінде қауіпсіздік саласындағы қызметті жүзеге асыру үшін қажетті білікті кадрлардың болуын;
іі) пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғының қауіпсіздігін олардың пайдалану мерзімі ішінде ұстап тұру үшін және пайдаланудан алу үшін жеткілікті қаржы ресурстарының болуын;
ііі) көму үшін қондырғыны жапқаннан кейін қажетті деп танылған мерзім ішінде ведомстволық бақылау мен қадағалаудың тиісті шараларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қаржылық қамтамасыз етудің көзделуін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады.
23-БАП. САПАНЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
Әрбір Уағдаласушы тарап пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге қатысты сапаны қамтамасыз етудің тиісті бағдарламаларын әзірлеп, жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады.
24-БАП. ПАЙДАЛАНУ КЕЗЕҢІНДЕГІ РАДИАЦИЯЛЫҚ ҚОРҒАУ
1. Әрбір Уағдаласушы тарап пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғыны пайдалану мерзімі ішінде:
і) қондырғыдан туындайтын персоналдың және халықтың радиациялық сәуле алуының экономикалық және әлеуметтік факторларды ескере отырып, ақылға қонымды қол жетімді төмен деңгейде ұсталуын;
іі) бірде-бір адамның қалыпты жағдайларда радиациялық қорғау саласындағы халықаралық норма деңгейінде мақұлданғанды тиісті дәрежеде ескеретін, ұлттық мөлшерлік шекте белгіленгеннен асатын сәулелену мөлшерін алмауын; және
ііі) радиоактивтік материалдарды қоршаған ортаға жоспарсыз және бақылаусыз шығаруды болдырмау үшін шаралар қолданылуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады.
2. Әрбір Уағдаласушы тарап тастауды шектеу үшін:
і) экономикалық және әлеуметтік факторларды ескере отырып, радиациялық сәуле алудың ақылға қонымды қол жетімді төмен деңгейде ұсталуын; және
іі) бірде-бір адамның қалыпты жағдайларда радиациялық қорғау саласындағы халықаралық норма деңгейінде мақұлданғанды тиісті дәрежеде ескеретін, ұлттық мөлшерлік шекте белгіленгеннен асатын сәулелену мөлшерін алмауын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады.
3. Әрбір Уағдаласушы тарап реттеу қолданылатын ядролық қондырғыны пайдалану мерзімі ішінде, қоршаған ортаға жоспарланбаған немесе бақыланбайтын радиациялық материалдардың шығуы жағдайында, шығуды бақылау және оның салдарын жұмсарту мақсатында тиісті түзету шараларын қабылдауды қамтамасыз етуге арналған тиісті шаралар қолданады.
25-БАП. АВАРИЯЛЫҚ ДАЙЫНДЫҚ
1. Әрбір Уағдаласушы тарап пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғыны пайдалану басталғанға дейін және оны пайдалану кезінде алаңда, және егер қажет болса, алаңнан тысқары жерде авариялық іс-шаралардың тиісті жоспарларының болуын қамтамасыз етеді. Мұндай авариялық іс-шаралар жоспарларының қолданылуын тексеру қажеттілігіне қарай жиі жүргізілуге тиіс.
2. Әрбір Уағдаласушы тарап өзінің аумағына жақын жердегі пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғының радиациялық авариялық жағдайдың әсер етуіне тартылу ықтималдығы жағдайына қарай, өз аумағындағы авариялық іс-шаралар жоспарларының қолданылуын әзірлеу және тексеру үшін тиісті шаралар қолданады.
26-БАП. ПАЙДАЛАНУДАН АЛУ
Әрбір Уағдаласушы тарап ядролық қондырғыны пайдаланудан алу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тиісті шаралар қолданады. Мұндай шаралар:
і) білікті персоналдың және жеткілікті қаржы ресурстарының болуын;
іі) пайдалану кезінде радиациялық қорғауға, тастауға, жоспарланбаған және бақыланбайтын шығаруға қатысты 24-баптың ережелерін қолдануды;
ііі) авариялық дайындыққа қатысты 25-баптың ережелерін қолдануды, және
іv) пайдаланудан алу үшін маңызды ақпаратты құжаттамалық есепке алуды жүргізуді көздейді.
5-ТАРАУ ӘРТҮРЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
27-БАП. ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ ӨТКІЗУ
1. Трансшекаралық өткізуге тартылған әрбір Уағдаласушы тарап, осындай өткізудің осы Конвенцияның және осы мәселеге қатысты міндетті күші бар халықаралық-құқықтық құжаттардың ережелерін сақтай отырып жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады.
Бұл ретте:
і) Уағдаласушы тарап - шығарылатын мемлекет трансшекаралық өткізуге рұқсат берілуін және оның алдын ала хабардар ету бойынша жүргізілуін және белгіленген мемлекеттің келісімін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады;
іі) транзит мемлекет арқылы трансшекаралық өткізу нақты пайдаланылатын көлік түріне сәйкес келетін халықаралық міндеттемелердің орындалу талабымен жүзеге асырылады;
ііі) Уағдаласушы тарап - белгіленген мемлекет трансшекаралық өткізуге оның әкімшілік және техникалық мүмкіндігі, сондай-ақ пайдаланылған отынмен және радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеу үшін қажетті реттеуші негізі болған, ол осы Конвенцияға сәйкес келген жағдайда ғана келісім береді.
іv) Уағдаласушы тарап - шығарылатын мемлекет трансшекаралық өткізуге егер ол белгіленген мемлекеттің келісіміне сәйкес ііі) тармақшаның талабы трансшекаралық өткізу басталғанға дейін куәландырылған жағдайда ғана трансшекаралық өткізуге рұқсат береді.
v) Уағдаласушы тарап - шығарылатын мемлекет трансшекаралық өткізу баламалы қауіпсіз іс-шаралар жүзеге асырыла алмайтын жағдайлар кезінде осы бапқа сәйкес жүзеге асырылмаса немесе жүзеге асырылуы мүмкін болмаса, оны өзінің аумағына қайтаруға рұқсат беру үшін тиісті шаралар қолданады.
2. Уағдаласушы тарап өзінің пайдаланылған отынын немесе радиоактивтік қалдықтарын оңтүстік ендіктен 60 градус оңтүстікке қарай белгіленген орынға сақтау немесе көму үшін жіберуге лицензия бермейді.
3. Осы Конвенциядағы ешнәрсеге:
і) барлық мемлекеттердің кемелері мен ұшу аппараттарының теңіздегі және өзендегі кеме қатынастары мен әуе навигациясының, халықаралық құқықта көзделгендегідей, құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруына;
іі) өздеріне радиоактивтік қалдықтар қайта өңдеу үшін экспортталатын, радиоактивтік қалдықтарды және басқа өңделетін өнімдерді шығарылатын мемлекетке қайтарудағы немесе қайтарылуды қамтамасыз етудегі Уағдаласушы тараптардың құқықтарына;
ііі) өзінің пайдаланылған отынын қайта өңдеу үшін экспорттауға Уағдаласушы тараптың құқығына;
іv) өздеріне пайдаланылған отын қайта өңдеу үшін экспортталатын, пайдаланылған отынды және қайта өңдеу жөніндегі операциялар нәтижесінде пайда болған басқа өнімдерді шығарылатын мемлекетке қайтарудағы немесе қайтарылуды қамтамасыз етудегі Уағдаласушы тараптардың құқықтарына қысым жасалмайды немесе оны қозғамайды.
28-БАП. ЖАБЫҚ КӨЗДЕРДІ ПАЙДАЛАНУДАН АЛУ
1. Әрбір Уағдаласушы тарап өзінің ұлттық заңнамасы шеңберінде пайдаланудан алынған жабық көздерді қауіпсіз иеленуді, осы көздерді қайта өңдеуді немесе көмуді қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қолданады.
2. Уағдаласушы тараптар, егер өзінің ұлттық заңнамасы шеңберінде, пайдаланудан алынған жабық көздерді ала алатын және оны иелене алатын ретінде бағаланып, оны дайындаушыға қайтару тиіс екендігін мойындаса, пайдаланудан алынған жабық көздерді өзінің аумағына қайтаруға рұқсат береді.
6-ТАРАУ УАҒДАЛАСУШЫ ТАРАПТАРДЫҢ КЕҢЕСІ
29-БАП. ДАЙЫНДЫҚ КЕҢЕСІ
1. Уағдаласушы тараптардың дайындық кеңесі осы Конвенция күшіне енгеннен кейін алты айдан кешіктірілмей жүргізіледі.
2. Осы кеңесте Уағдаласушы тараптар:
і) ол туралы 30-бапта айтылатын қарау жөніндегі бірінші кеңесті өткізудің күнін белгілейді. Қарау жөніндегі аталған кеңес неғұрлым тезірек, бірақ осы Конвенция күшіне енгеннен кейін отыз айдан кешіктірілмей өткізіледі;
іі) Рәсім ережесін және Қаржы ережесін мәміле негізінде дайындайды және қабылдайды;
ііі) атап айтқанда және Рәсім ережелеріне сәйкес:
а) 32-баптың орындалуы үшін ұсынылуға тиіс ұлттық баяндамалардың нысаны мен құрылымына қатысты басшылыққа алынатын принциптерді;
b) осындай баяндамалардың ұсынылатын күнін;
с) осындай баяндамалардың қаралу процесін айқындайды.
3. Осы Конвенцияны бекітетін, қабылдайтын, мақұлдайтын кез келген мемлекет немесе интеграциялық немесе өзге сипаттағы өңірлік ұйым оған қосылады немесе оны растайды және олар үшін осы Конвенция әлі күшіне енбегендер, егер олар осы Конвенцияның тарабы болса, дайындық кеңесіне қатыса алады.
30-БАП. ҚАРАУ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС
1. Уағдаласушы тараптар 32-бапты орындау үшін ұсынылған
баяндамаларды қарау мақсатында кеңес өткізеді.
2. Әрбір кеңесте қарау бойынша Уағдаласушы тараптар:
і) осындай келесі кеңес өткізудің күнін айқындайды, бұл орайда қарау бойынша кеңес үш жылдан аспайтын интервалмен өткізіледі;
іі) егер Рәсім ережелерінде өзгеше көзделмесе, 29-баптың 2-тармағына сәйкес қабылданған шараларды қарай алады және мәміле негізінде өзгерістер қабылдай алады. Олар сондай-ақ мәміле негізінде Рәсім ережесіне және Қаржы ережесіне түзетулер енгізе алады.
3. Қарау жөніндегі әрбір кеңесте әрбір Уағдаласушы тарап басқа Уағдаласушы тараптар ұсынған баяндамаларды ақылға қонымды талқылау мүмкіндігін иеленеді және осындай баяндамалар бойынша түсіндірулер сұрайды.
31-БАП. КЕЗЕКТЕН ТЫС КЕҢЕС
Уағдаласушы тараптардың кезектен тыс кеңесі:
і) егер осындай шешімді кеңеске және дауыс беруге қатысушы Уағдаласушы тараптардың көпшілігі қабылдаса;
іі) қандай да бір Уағдаласушы тараптың жазбаша өтініші бойынша осындай өтінішті Уағдаласушы тарапқа алты айдан кешіктірмей бергеннен және ол туралы 37-бапта айтылған хатшылық Уағдаласушы тараптардың көпшілігімен осы өтініштің қолдау тапқаны туралы хабарлама алғаннан кейін өткізіледі.
32-БАП. БАЯНДАМАЛАРДЫ ҰСЫНУ
1. 30-баптың ережелеріне сәйкес әрбір Уағдаласушы тарап әрбір кеңеске Уағдаласушы тараптардың қарауы бойынша ұлттық баяндама ұсынады. Бұл баяндамада осы Конвенцияда бекітілген әрбір міндеттемені жүзеге асыру үшін қабылданған шаралар қарастырылады. Әрбір Уағдаласушы тараптарға қатысты баяндамаларда сондай-ақ олардың:
і) пайдаланылған отынмен жұмыс істеу саласындағы саясаты;
іі) пайдаланылған отынмен жұмыс істеу практикасы;
ііі) радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы саясаты;
іv) радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеу практикасы;
v) радиоактивтік қалдықтарды айқындау мен сыныптау үшін пайдаланылатын өлшемдер қарастырылады.
2. Аталған баяндама сондай-ақ:
і) осы Конвенцияның қолдану аясына ілігетін пайдаланылған отынмен жұмыс істеуге арналған қондырғылардың тізбесін, олардың орналасқан жерін, негізгі мақсатын және аса маңызды сипаттамаларын;
іі) осы Конвенцияның қолдану аясына ілігетін, қоймада сақталатын және көмілген пайдаланылған отынның түгендеу тізімін. Бұл түгендеу тізімінде материалды сипаттау мазмұндалады және онда, егер сондай болса, оның массасы және белсенділігінің жалпы деңгейі туралы ақпарат келтіріледі;
ііі) осы Конвенцияның қолдану аясына ілігетін радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғылардың тізбесін, олардың орналасқан жерін, негізгі мақсатын және аса маңызды сипаттамаларын;
іv) осы Конвенцияның қолдану аясына ілігетін радиоактивтік қалдықтардың түгендеу тізімін, ондағы:
а) қоймалардағы радиоактивтік қалдықтармен жұмыс істеуге арналған қондырғыларда және ядролық отын тізбегі қондырғыларында ұсталғанды;
b) көмілгенді; немесе
с) өткендегі практикалық қызметтің нәтижесі болып табылатынды қамтиды. Бұл түгендеу тізімінде материалдың сипаты және басқа тиісті ақпарат, нақты радионуклидтердің көлемі немесе массасы, белсенділігі туралы тиісті ақпарат мазмұндалады;
v) пайдаланудан алу процесіндегі ядролық қондырғылардың тізбесін және аталған қондырғылардан пайдаланудан алу жөніндегі қызметтің жай-күйін қамтиды.
33-БАП. КЕҢЕСТЕРГЕ ҚАТЫСУ
1. Әрбір Уағдаласушы тарап Уағдаласушы тараптардың кеңесіне қатысады және мұндай кеңестерге бір делегат және ол қажет деп есептейтін орынбасарлар, сарапшылар мен кеңесшілер өкілдік етеді.
2. Уағдаласушы тараптар осы Конвенциямен реттелетін мәселелерде құзыретті кез келген үкіметаральщ ұйымды мәміле негізінде кез келген кеңестің немесе оның жекелеген отырыстарының жұмысына бақылаушы ретінде қатысуға шақыра алады. Бақылаушылар 36-баптың ережелерін алдын ала жазбаша нысанда қабылдауға тиіс.
34-БАП. ҚОРЫТЫНДЫ БАЯНДАМАЛАР
Уағдаласушы тараптар құжатты мәміле негізінде қабылдайды және Уағдаласушы тараптардың кеңесуі кезінде жасалған, талқыланған мәселелер мен тұжырымдар жазылған құжатты жұртшылыққа ұсынады.
35-БАП. ТІЛДЕР
1. Уағдаласушы тараптардың кеңесу тілдері, егер Рәсім ережелерінде өзгеше көзделмесе, ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдері болып табылады.
2. 32-бапты орындау үшін ұсынылатын баяндамалар оларды ұсынатын Уағдаласушы тараптардың мемлекеттік тілінде немесе Рәсім ережелерінде келісілуге тиіс бірыңғай белгіленген тілде дайындалады. Егер баяндама белгіленген тіл болып табылмайтын мемлекеттік тілде ұсынылса, Уағдаласушы тарап осы баяндаманың белгіленген тілге аударылуын қамтамасыз етеді.
3. 2-тармақта мазмұндалған ережеге қарамастан, өтемақы алған жағдайда хатшылық кеңестің кез келген басқа тілінде ұсынылған баяндамаларды белгіленген тілге аударуды қамтамасыз етуді өз мойнына алады.
36-БАП. ҚҰПИЯЛЫЛЫҚ
1. Осы Конвенцияның ережелері Уағдаласушы тараптардың ақпаратты ашудан қорғау жөніндегі өздерінің заңнамасында бекітілген құқықтары мен міндеттерін қозғамайды. Осы баптың мақсаты үшін "ақпарат", атап айтқанда, ұлттық қауіпсіздікке немесе ядролық материалды физикалық қорғауға қатысы бар ақпаратты, зияткерлік меншік құқығымен немесе өнеркәсіптік немесе коммерциялық талаптарымен қорғалатын ақпаратты, сондай-ақ жеке сипаттағы мәліметті қамтиды.
2. Егер Уағдаласушы тарап осы Конвенцияның аясында 1-бапта жазылған сипаттамаға сәйкес қорғалатын ретінде айқындаған ақпарат ұсынса, ондай ақпарат ұсынылған мақсат үшін ғана пайдаланылады және оның құпиялылығы сақталады.
3. 3-баптың 3-тармағына орай осы Конвенцияның күші таратылатын пайдаланылған отынға немесе радиоактивтік қалдықтарға қатысы бар ақпаратқа қатысты осы Конвенцияның ережелері тиісті Уағдаласушы тараптың мынадай ерекше құқығын шешуді қозғамайды:
і) осындай ақпарат оны ашуға жол бермеу мақсатында өзге де тәсілмен жабық немесе бақыланатын болып табылады ма;
іі) осы Конвенция аясында, жоғарыдағы і) тармағында ескертілген ақпаратты ұсынуға бола ма; және
ііі) егер ол осы Конвенцияның аясында ұсынылса, ондай ақпаратқа құпиялылықтың қандай талабы қолданылады.
4. 30-бапқа сәйкес өткізілетін қарау жөніндегі барлық кеңестердегі ұлттық баяндамаларды қарау барысындағы жарыссөздің мазмұны құпия болып табылады.
37-БАП. ХАТШЫЛЫҚ
1. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (бұдан әрі "Агенттік" деп аталатын) Уағдаласушы тараптардың кеңесі үшін хатшылық функциясын орындайды.
2. Хатшылық:
і) ол туралы 29, 30 және 31-баптарда айтылатын Уағдаласушы тараптардың кеңесін шақырады, дайындайды және қызмет көрсетеді;
іі) осы Конвенцияның ережелеріне сәйкес алынған немесе даярланған ақпаратты Уағдаласушы тараптарға жеткізеді.
Жоғарыдағы і) және іі) тармақшаларда ескертілген функцияларды орындау барысында Агенттік шеккен шығыстарды Агенттік өзінің тұрақты бюджеті шеңберінде жабады.
3. Уағдаласушы тараптар мәміле негізінде Уағдаласушы тараптардың кеңесіне қолдау көрсететін басқа да қызметтер ұсыну туралы Агенттіктен сұрайды. Агенттік, егер ол өзінің бағдарламасы мен тұрақты бюджеті шеңберінде көрсетілетін болса, ондай қызметтерді ұсына алады. Егер ол мүмкін болмаса, Агенттік ондай қызмет көрсетулерді басқа көздерден ерікті қаржыландыруды қамтамасыз ету шартымен ұсына алады.
7-ТАРАУ ҚОРЫТЫНДЫ БАПТАР ЖӘНЕ БАСҚА ЕРЕЖЕЛЕР
38-БАП. КЕЛІСПЕУШІЛІКТЕРДІ ШЕШУ
Осы Конвенцияны түсіндіруге немесе қолдануға қатысты екі немесе бірнеше Уағдаласушы тараптардың арасында келіспеушіліктер туындаған жағдайда Уағдаласушы тараптар осы келіспеушіліктерді шешу мақсатында Уағдаласушы тараптардың кеңесі шеңберінде консультациялар өткізеді. Егер консультациялар нәтижесіз болса, МАГАТЭ қолданатын қолданыстағы ереже мен практиканы қоса алғанда, халықаралық құқықпен көзделетін делдалдық, бітімге келу және төрелік реттеу механизмдеріне баруға болады.
39-БАП. ҚОЛ ҚОЮ, БЕКІТУ, ҚАБЫЛДАУ, МАҚҰЛДАУ, ҚОСЫЛУ
1. Осы Конвенция 1997 жылғы 29 қыркүйектен бастап ол күшіне енген кезге дейін Венадағы Агенттіктің Орталық мекемелеріндегі барлық мемлекеттердің қол қоюы үшін ашық.
2. Осы Конвенция оған қол қойған мемлекеттердің бекітуіне, қабылдауына немесе мақұлдауына жатады.
3. Осы Конвенция күшіне енгеннен кейін оған барлық мемлекеттердің қосылуы үшін ашық.
4. і) Осы Конвенция оны растау немесе оған қосылу жағдайында, интеграциялық немесе өзге сипаттағы өңірлік ұйымдар, осындай ұйымдарды егемен мемлекет құрған және олар осы Конвенция қамтитын мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге, қорытындылар жасауға және халықаралық келісімдерді қолдануға қатысты құзыретке ие болған жағдайда қол қою үшін ашық.
іі) өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мұндай ұйымдар осы Конвенция қатысушы мемлекетке беретін құқықтарды өз атынан жүзеге асырады және міндеттерді орындайды.
ііі) Мұндай ұйым осы Конвенцияның қатысушысы болғанда, ол 43-бапта ескертілген Депозитарийге декларация береді, онда қандай мемлекеттер оның мүшесі болып табылатыны, осы Конвенцияның қандай баптары оған қолданылатыны және осы баптар қамтитын салалардағы оның құзыретінің аясы қандай екені көрсетіледі.
іv) Мұндай ұйым оған мүше мемлекеттердің дауысына қосымша қандай да бір дауысқа ие болмайды.
5. Бекіту, қабылдау, қосылу немесе растау туралы құжаттар Депозитарийге сақтауға өткізіледі.
40-БАП. КҮШІНЕ ЕНУ
1. Осы Конвенция олардың әрқайсысында атом станциясы пайдаланылатын он бес мемлекеттің құжаттарын қоса алғанда, бекіту, қабылдау немесе мақұлдау туралы жиырма бесінші құжатты Депозитарийге сақтауға өткізгеннен кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.
2. Осы Конвенцияны бекітетін, қабылдайтын, мақұлдайтын, оған қосылатын немесе 1-тармақта жазылған талаптарды орындау үшін қажет соңғы құжатты сақтауға өткізгеннен кейін растайтын әрбір мемлекет немесе интеграциялық немесе өзге сипаттағы өңірлік ұйым үшін осы Конвенция сондай мемлекет немесе ұйым тиісті құжатты Депозитарийге сақтауға өткізгеннен кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.
41-БАП. КОНВЕНЦИЯҒА ТҮЗЕТУЛЕР
1. Кез келген Уағдаласушы тарап осы Конвенцияға түзету ұсына алады. Ұсынылған түзетулер қарау жөніндегі кеңесте немесе кезектен тыс кеңесте қаралады.
2. Кез келген ұсынылған түзетудің мәтіні және оны ұсынудың негіздемесі Депозитарийге беріледі, ол осы ұсыныс қарауға ұсынылатын кеңеске дейін кем дегенде тоқсан күн бұрын оны Уағдаласушы тараптарға жібереді. Осындай ұсыныс бойынша алынған кез келген ескертуді Депозитарий Уағдаласушы тараптар арасына таратады.
3. Ұсынылған түзетулерді қарағаннан кейін Уағдаласушы тараптар оны мәміле негізінде қабылдау немесе ондай мәміленің жоқтығы туралы, оны дипломатиялық конференцияға беру туралы шешім қабылдайды. Ұсынылған түзетулерді дипломатиялық конференцияға беру туралы шешім қабылдау үшін Уағдаласушы тараптардың кемінде жартысы дауыс беру уақытында қатысқан жағдайда, кеңеске қатысушы және дауыс беруге қатысушы Уағдаласушы тараптар дауыстарының үштен екі көпшілігі талап етіледі.
4. Осы Конвенцияға түзетулерді қарау және қабылдауға арналған дипломатиялық конференцияны Депозитарий шақырады және ол осы баптың 3-тармағына сәйкес қабылданған тиісті шешімнен кейін бір жылдан кешіктірілмей өткізіледі. Дипломатиялық конференция түзетулердің мәміле негізінде қабылдануын қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Егер ол мүмкін болмаса, барлық Уағдаласушы тараптар дауысының үштен екі көпшілігімен қабылданады.
5. Жоғарыда келтірілген 3 және 4-тармақтарға сәйкес қабылданған осы Конвенцияға түзетулерді Уағдаласушы тараптар бекітуге, қабылдауға, мақұлдауға немесе растауға тиіс және ол Депозитарий Уағдаласушы тараптардың кемінде үштен екісінен тиісті құжаттар алғаннан кейін тоқсаныншы күні оларды бекіткен, қабылдаған, мақұлдаған немесе растаған Уағдаласушы тараптар үшін күшіне енеді. Аталған түзетулерді кейіннен бекітетін, қабылдайтын, мақұлдайтын немесе растайтын Уағдаласушы тараптар үшін бұл түзетулер осы Уағдаласушы тарап өзінің тиісті құжаттарын сақтауға өткізгеннен кейін тоқсаныншы күні күшіне енеді.
42-БАП. КҮШІН ЖОЮ
1. Кез келген Уағдаласушы тарап Депозитарийге жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Конвенцияның күшін жоя алады.
2. Күшін жою Депозитарий осындай хабарлама алған күннен кейін бір жылдан соң немесе хабарламада көрсетілетін одан да кейінірек мерзімде күшіне енеді.
43-БАП. ДЕПОЗИТАРИЙ
1. Агенттіктің Бас директоры осы Конвенцияның Депозитарийі болып табылады.
2. Депозитарий Уағдаласушы тараптарға:
і) осы Конвенцияға қол қойылғаны және 39-бапқа сәйкес бекіту, қабылдау, мақұлдау, қосылу немесе растау туралы құжаттардың сақтауға өткізілгені;
іі) Конвенцияның 40-бапқа сәйкес күшіне енген күні;
ііі) Конвенцияның күшін жою туралы және 42-бапқа сәйкес осындай күшін жою күні туралы хабарламалар;
іv) осы Конвенцияға Уағдаласушы тараптар ұсынған, тиісті дипломатиялық конференция немесе Уағдаласушы тараптардың кеңесі қабылдаған түзетулер және 41-бапқа сәйкес аталған түзетулердің күшіне енген күні туралы хабарлайды.
44-БАП. ТҮПНҰСҚАЛЫҚ МӘТІНДЕР
Осы Конвенцияның түпнұсқасы, олардың ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріндегі түпнұсқалықпен бірдей болып табылатын мәтіндері Депозитарийге сақтауға өткізіледі, ол оның куәландырылған көшірмесін Уағдаласушы тараптарға жібереді.
ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН ОСЫҒАН ТИІСІНШЕ УӘКІЛЕТТЕНДІРІЛГЕН ТӨМЕНДЕП ҚОЛ ҚОЮШЫЛАР ОСЫ КОНВЕНЦИЯҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ.
Бір мың тоғыз жүз тоқсан жетінші жылы қыркүйек айының бесі күні Венада жасалған.