Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 наурыздағы N 330 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 25 желтоқсандағы N 2184 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 528 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 30.06.2023 № 528 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемінің

      тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы

      14 наурыздағы № 330 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы,

      2009 ж., № 15, 120-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемінің тізбесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 25 желтоқсандағы
№ 2184 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 14 наурыздағы
№ 330 қаулысымен
бекітілген

Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік
берілген көлемінің тізбесі

      1. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балалар (бұдан әрі - балалар) мен психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан мүгедектер (бұдан әрі - 18 жастан асқан адамдар) қатарынан дене және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты ағзасының функциялары тұрақты бұзылған адамдарға ұсынылады.

      2. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемінің тізбесі мыналарды қамтиды:

      әлеуметтік-тұрмыстық;

      әлеуметтік-медициналық;

      әлеуметтік-психологиялық;

      әлеуметтік-педагогикалық;

      әлеуметтік-еңбек;

      әлеуметтік-мәдени;

      әлеуметтік-экономикалық;

      әлеуметтік-құқықтық қызметтер.

      3. Балалар мен 18 жастан асқан адамдардың тұрмыстағы тіршілік әрекеттерін қолдауға бағытталған әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер стационарлық жағдайда тұрақты немесе уақытша тұруына арналған медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) (бұдан әрі - стационарлық үлгідегі әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдары), күндіз болуға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) (бұдан әрі - жартылай стационарлық үлгідегі әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдары) үйде қызмет көрсету жағдайында (бұдан әрі - үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері) көрсетілетін болады.

      Әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер мыналарды қамтиды:

      тұруға және (немесе) болуға, оңалту және емдеу іс-шараларын, паллиативтік көмек ұйымдастыруды, емдеу-еңбек және оқу қызметін, мәдени және тұрмыстық қызмет көрсетуді жүргізуге арналған үй-жайлар мен жиһазды пайдалануға беру;

      стационарлық үлгідегі ұйымдарда жасын және денсаулығының жай-күйін ескере отырып, кенеулі және диеталық тамақтануды ұсыну;

      стационарлық үлгідегі ұйымдарда тұрмыстық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету (кір жуу, кептіру, үтіктеу, іш киімді, киімді, төсек-орын құралдарын дезинфекциялау);

      жеке қызмет көрсету және гигиеналық сипаттағы әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер көрсету;

      балалар мен 18 жастан асқан адамдардың отбасы мүшелеріне жеке қызмет көрсету және гигиеналық сипаттағы практикалық дағдыларды үйрету;

      санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес тұру және (немесе) болу жағдайларын қолдау.

      4. Азаматтардың денсаулығын қолдауға және жақсартуға бағытталған әлеуметтік-медициналық қызметтер стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында, үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерінде көрсетіледі.

      Әлеуметтік-медициналық қызметтер тізбесі мыналарды қамтиды:

      медициналық тексеру мен санитарлық өңдеу жүргізу;

      денсаулығының жай-күйін қадағалау;

      күтімді қамтамасыз ету, оның ішінде санитарлық-гигиеналық қызмет көрсету;

      алғашқы медициналық және дәрігерге дейінгі көмек көрсету;

      емдеу-сауықтыру іс-шараларын ұйымдастыру;

      еңбекпен оңалтуды ұйымдастыру;

      18 жастан асқан адамдар үшін паллиативтік көмек ұйымдастыру;

      медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге жәрдемдесу;

      денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық көмектің және басқа да медициналық қызмет түрлерінің кепілдік берілген көлемін алуға жәрдем көрсету;

      мүгедектерді санаторлық-курорттық емдеумен, оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес техникалық көмекші (орнын толтырушы) және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

      мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес оңалту іс-шараларын жүргізу;

      балалар мен 18 жастан асқан адамдардың отбасы мүшелерін оларды күтудің санитарлық-гигиеналық дағдыларын үйретуді.

      5. Балалар мен 18 жастан асқан адамдардың психологиялық жай-күйін түзетуді көздейтін әлеуметтік-психологиялық қызметтер стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында, үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерінде көрсетіледі.

      Әлеуметтік-психологиялық қызметтер мыналарды қамтиды:

      психологиялық диагностика;

      жеке тұлғаны тексеру;

      психологиялық түзету;

      өмірлік тонусын психологиялық қолдау;

      балалармен және 18 жастан асқан адамдармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне қолайлы психологиялық климатты қамтамасыз ету, шиеленісті жағдайлардың алдын алу және жою үшін психологиялық көмек көрсету.

      6. Әлеуметтік-педагогикалық қызметтер балалардың физикалық

      мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілеттерін ескере отырып, оларды педагогикалық түзетуге және оқытуға, сондай-ақ 18 жастан асқан адамдарға тұрмыстық дағдыларды үйретуге бағытталады және стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында, үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерінде көрсетіледі.

      Әлеуметтік-педагогикалық қызметтер мыналарды қамтиды:

      бала мен 18 жастан асқан адамды (23 жасқа дейін) әлеуметтік-педагогикалық диагностикалау мен тексеру;

      әлеуметтік-педагогикалық консультация беру;

      балаларды педагогикалық түзету;

      өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларын, жеке гигиенасын, тұрмыстағы және қоғамдық орындардағы мінез-құлықты қалыптастыру, өзін бақылау, қарым-қатынас жасау дағдылары және тіршілік әрекеттерінің басқа да нысандары жөніндегі қызметтер;

      балалар мен 18 жастан асқан адамдардың ата-аналарына немесе отбасының басқа мүшелеріне үй жағдайында оңалту негіздерін үйрету;

      балаларды мектепке дейін тәрбиелеу және олардың арнайы білім беру оқыту бағдарламалары бойынша білім алуы үшін жағдай жасау мәселелері жөнінде отбасы мүшелеріне консультация беру;

      мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес ымдау тіліне аудару жөніндегі қызметтер.

      7. Балалар мен 18 жастан асқан адамдардың еңбек дағдыларын

      қалыптастыруға, еңбек қызметін ұйымдастыруға және 18 жастан асқан адамдар үшін жұмыс орындарын құруға бағытталған әлеуметтік-еңбек қызметтері стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында көрсетіледі.

      Әлеуметтік-еңбек қызметтері мыналарды қамтиды:

      еңбек дағдыларын қалыптастыру жөніндегі қызметтер;

      психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан адамдарда бейіні бойынша еңбек дағдыларын қалыптастыру жөніндегі қызметтер;

      кәсіби бағдарын ұйымдастыруға жәрдемдесу;

      жеке дене және ақыл-ой қабілетіне сәйкес кәсіп алуға жәрдемдесу.

      8. Демалысты ұйымдастыруға, әлеуметтік-мәдени іс-шараларды өткізуге және оларға балалар мен 18 жастан асқан адамдарды тартуға бағытталған әлеуметтік-мәдени қызметтер стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында, үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерінде көрсетіледі.

      Әлеуметтік-мәдени қызметтер мыналарды қамтиды:

      мерекелерді, мерейтойларды, туған күндер мен басқа да мәдени және демалыс іс-шараларын ұйымдастыру өткізу;

      балалар мен 18 жастан асқан адамдарды демалыс іс-шараларына, қоғамдық-мәдени іс-шараларға қатысуға тарту.

      9. Әлеуметтік-экономикалық қызметтер балалар мен 18 жастан асқан адамдардың өмір сүру деңгейін қолдау мен жақсартуға бағытталған және стационарлық, жартылай стационарлық үлгідегі әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында және үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерінде ұсынылады.

      Әлеуметтік-экономикалық қызметтер мыналарды қамтиды:

      әлеуметтік төлемдерді, жәрдемақыларды, алименттер мен басқа да төлемдерді, соның ішінде сенімхат бойынша алуға жәрдемдесу;

      сауда, коммуналдық-тұрмыстық қызмет көрсету, байланыс және халыққа қызмет көрсететін басқа да ұйымдардың қызмет көрсетуін ұсынуға жәрдемдесу;

      балалармен және 18 жастан асқан адамдармен бірге тұратын отбасыларға өзін-өзі қамтамасыз ету, отбасылық кәсіпкерлікті, үй кәсіпшілігін дамыту мәселелері бойынша, отбасының материалдық жағдайын жақсартудың басқа да мәселелері бойынша консультация беру.

      10. Балалардың, 18 жастан асқан адамдар мен олардың отбасыларының құқықтық мәртебесін қолдауға немесе өзгертуге, заңды көмек көрсетуге, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған әлеуметтік-құқықтық қызметтер стационарлық, жартылай стационарлық үлгідегі әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында және үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерінде ұсынылады.

      Әлеуметтік-құқықтық қызметтер мыналарды қамтиды:

      әлеуметтік қызмет көрсету және өздерінің мүдделерін қорғау құқығына байланысты мәселелер бойынша консультация беру;

      жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алу, қорғаншылыққа және қамқоршылыққа алу мәселелері бойынша құжаттарды ресімдеудегі көмекті қоса алғанда, заңды консультация беру;

      балалардың тәрбиелену және қамқорлықта болу құқықтарын қорғауда және сақтауда құқықтық көмек көрсету;

      18 жастан асқан адамдардың қамқорлық пен еңбек құқықтарын қорғауда және сақтауда құқықтық көмек көрсету;

      адвокаттық қызмет туралы заңнамада белгіленген жағдайларда және тәртіппен тегін адвокаттың заңды көмек алуға жәрдемдесу;

      жұмысқа орналасу, жеке басын куәландыратын және заңдық маңызы бар басқа да құжаттарды алу үшін құжаттарды ресімдеуде заңды көмек көрсетуге жәрдемдесу;

      жеке куәлікті, паспортты, әлеуметтік төлемдерді және заңдық маңызы бар басқа да құжаттарды алу үшін құжаттарды ресімдеу.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады