"Мүдделік қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2246 Қаулысы

      Ескерту. Заңның жобасы ҚР Парламентінің Мәжілісінен кері қайтарып алынды - ҚР Үкіметінің 2012.06.30 N 898 Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Мүдделік қолдау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

жоба

Қазақстан Республикасының Заңы Мүдделік қолдау қызметі туралы

      Осы Заң мүдделік қолдау қызметін жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

I тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) мүдделік қолдау қызметі - Қазақстан Республикасының Парламентінде жүзеге асырылатын заң жобалау жұмысына қатысу процесінде өз мүдделерін білдіру және жылжыту жөніндегі қызмет (мүдделік қолдау);
      2) мүдделік қолдау қызметі субъектілері - уәкілетті органда мемлекеттік тіркеуден өткен, оннан кем емес заңды тұлғаларды біріктіретін Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының мемлекеттік емес бірлестіктері (қоғамдар, қауымдастықтар);
      3) мүдделік қолдау қызметін жүзеге асыру нысаны - заң жобаларын қарау кезінде заң шығарушы органдармен мүдделік қолдау қызметі субъектілерінің өзара іс-қимыл тәсілі;
      4) заң жобасын көпшілік талқылау - пікірлермен алмасу болжанатын көпшілік іс-шараларда (дөңгелек үстелдер, семинарлар, конференциялар, кеңестер) заң жобасын талқылау;
      5) мүдделік қолдау қызметі субъектілерін мемлекеттік тіркеу - уәкілетті органның мүдделік қолдау қызметін жүзеге асыруға үміткер ұйымдардың осы Заңның талаптарына сәйкестігін тексеру рәсімі;
      6) уәкілетті орган - мүдделік қолдау қызметін мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

      2-бап. Мүдделік қолдау туралы заңнама

      Қазақстан Республикасының мүдделік қолдау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы

      1. Осы Заң Қазақстан Республикасының Парламентінде мүдделік қызметке қолданылады.
      Мүдделік қолдау қызметін өзге де мемлекеттік органдарда жүзеге асыруға жол берілмейді.
      2. Мүдделік қолдау қызметін:
      1) мемлекеттік органдарды ұйымдастыру мен олардың қызметінің конституциялық негіздері және мемлекеттік қызмет;
      2) мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      3) Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен мемлекеттік құрылыс нысанын қамтамасыз ету;
      4) құқық қорғау қызметі және әскери қызмет;
      5) сот құрылысы және сот ісін жүргізу;
      6) Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы;
      7) бюджеттік және бюджетаралық қатынастар;
      8) халықаралық қатынастар;
      9) азаматтар мен заңды тұлғалардың салық міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету;
      10) экологиялық қауіпсіздік саласында қоғамдық қатынастарды реттейтін заң жобаларына қатысты жүзеге асыруға тыйым салынады.

      4-бап. Мүдделік қолдау қызметін жүзеге асыру принциптері

      Мүдделік қолдау қызметі:
      1) заңдылық;
      2) Қазақстан Республикасының адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау;
      3) мүдделік қолдау көрсетілетін заңдар жобаларының қоғам мен мемлекеттің қажеттілігіне және мүдделеріне сәйкес келуі;
      4) мүдделік қолдау қызметі субъектілері туралы, сондай-ақ мүдделік қолдау қызметі туралы ақпараттың жариялылығы, толықтығы және шынайылығы принциптерінде жүзеге асырылады.

II тарау. Мүдделік қолдау қызметі

      5-бап. Мүдделік қолдау қызметін жүзеге асыру

      1. Мүдделік қолдау қызметі Қазақстан Республикасының Парламентінде:
      мүдделік қолдау қызметінің субъектілері өкілдерінің заңдардың жобаларын қарау бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің жұмыс топтарының жұмысына, соның ішінде заң жобасын өзге де көпшілік талқылауларға қатысуы;
      заңдардың жобаларына сараптамалық қорытындыларды ұсыну нысанында жүзеге асырылады.
      2. Мүдделік қолдау қызметі субъектілерінің Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарымен байланыстары мүдделік қолдау қызметін жүзеге асыру нысандарына сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Мүдделік қолдау көрсетілетін мүдделер ашық мәлімделуге тиіс, бұл ретте осы мүдделерді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету қажеттігі тиісті негіздемелермен расталады.
      Мүдделік қолдау қызметі субъектілері ұсынған мүдделік қолдау көрсетілетін мүдделер бойынша негіздемелер, сондай-ақ олар және заң жобалары бойынша әр түрлі қорытындылар ұсынымдық сипатқа ие.
      4. Мүдделік қолдау қызметін осы Заңда көзделмеген нысандарда жүзеге асыруға тыйым салынады.
      Мүдделік қолдау қызметін уәкілетті органда мемлекеттік тіркеуден өтпеген субъектілердің жүзеге асыруына жол берілмейді.
      5. Мүдделік қолдау қызметі субъектілерінің заңдардың жобаларын қарауға қатысуы Қазақстан Республикасының Парламентінде заңдардың жобаларын қараудың белгіленген тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.

      6-бап. Мүдделік қолдау қызметі субъектілерінің құқықтары
             мен міндеттері

      1. Мүдделік қолдау қызметі субъектілері:
      1) осы Заңның 3-бабы 2-тармағында көрсетілген қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдардың жобаларын қоспағанда, заңдардың жобаларын қарауға қатысуға;
      2) Қазақстан Республикасының Парламенті қарайтын заңдардың жобалары бойынша ұсыныстар енгізуге;
      3) қаралатын заңдардың жобаларына қорытындылар ұсынуға;
      4) Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауында жатқан заңдардың жобалары туралы ақпарат алуға;
      5) бұқаралық ақпарат құралдарында мүдделік қолдау көрсетілетін заңдардың жобалары бойынша сөз сөйлеуге құқылы.
      2. Мүдделік қолдау қызметі субъектілері:
      1) уәкілетті органға өз қызметі туралы жыл сайынғы есепті ұсынуға;
      2) мүдделік қолдау көрсетілетін мүдделердің сипаты туралы шынайы ақпарат ұсынуға;
      3) Қазақстан Республикасының Парламентінде заңдардың жобаларын қараудың белгіленген тәртібін сақтауға;
      4) уәкілетті органға өз ұйымының ұйымдық-құқықтық нысаны және құрамы өзгергені туралы дереу хабарлауға міндетті.

      7-бап. Мүдделік қолдау қызметі субъектілерін мемлекеттік
             тіркеу

      1. Мүдделік қолдау қызметі субъектілерін мемлекеттік тіркеу мүдделік қолдау қызметін жүзеге асыруға үміткер ұйымдардың осы Заңның талаптарына сәйкестігін белгілеу, сондай-ақ осындай субъектілер туралы ақпараттың қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
      Мүдделік қолдау қызметі субъектілерін мемлекеттік тіркеу ережесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Мемлекеттік тіркеуден өткен мүдделік қолдау қызметі субъектілеріне уәкілетті орган айқындайтын нысан бойынша мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беріледі.
      Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік мерзімсіз болып табылады.
      2. Мемлекеттік тіркеуден өткен мүдделік қолдау қызметі субъектілері туралы мәліметтер мүдделік қолдау қызметі субъектілерінің тізіліміне енгізіледі.
      3. Мемлекеттік тіркеуге оннан кем емес заңды тұлғаларды біріктіретін Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының мемлекеттік емес бірлестіктері (қауымдастықтар, одақтар) жатады.
      Мүдделік қолдау қызметі субъектілерін мемлекеттік тіркеу қажетті құжаттарды қоса бере отырып, өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізілуге тиіс.
      4. Мүдделік қолдау қызметін жүзеге асыруға үміткер ұйымдардың осы баптың 3-тармағы бірінші бөлігіне сәйкес келмейтіндігі анықталған жағдайда мемлекеттік тіркеуден бас тартылады.
      5. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті қайтарып алуға:
      1) мүдделік қолдау қызметі субъектілерін қайта ұйымдастыру немесе тарату;
      2) мемлекеттік тіркеуге ұсынылған құжаттарда дұрыс емес немесе бұрмаланған деректердің табылуы;
      3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын өзге де бұзушылықтар негіз болып табылады.

      8-бап. Мүдделік қолдау қызметі субъектілерінің мүдделік
             қолдау қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан
             Республикасының Парламентіне кіруі

      1. Қазақстан Республикасының Парламентінде мүдделік қолдау қызметін жүзеге асыруға барлық талап етілетін жағдайларда ұсынылуға тиіс мемлекеттік тіркеу туралы куәлік негіз болып табылады.
      2. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік алған мүдделік қолдау қызметі субъектілері осы Заңның 3-бабы 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауында жатқан барлық заңдардың жобалары бойынша мүдделік қолдау қызметін жүзеге асыруға құқылы.

      9-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      1. Уәкілетті орган:
      1) мүдделік қолдау қызметі субъектілерін мемлекеттік тіркеуді;
      2) мүдделік қолдау қызметі субъектілерінің тізілімін жүргізуді;
      3) мүдделік қолдау қызметі субъектілерін мемлекеттік тіркеу ережесін әзірлеуді;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      2. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Парламентіне мүдделік қолдау қызметі субъектілерінің тізіліміне енген мүдделік қолдау қызметі субъектілері туралы мәліметтерді бес жұмыс күнінен кешіктірмей жолдайды.

      10-бап. Мүдделік қолдау қызметі субъектілерінің есебі

      1. Мүдделік қолдау қызметі субъектілері жыл қорытындысы бойынша уәкілетті органға мерзімді баспа басылымдарында және интернет-ресурстарда жариялау үшін өз қызметі туралы есептер береді.
      Мүдделік қолдау қызметі туралы жыл сайынғы есепті беру мерзімін, сондай-ақ есеп нысанын уәкілетті орган белгілейді.
      2. Мүдделік қолдау қызметі субъектілерінің есептері мынадай мәліметтерді қамтуға тиіс:
      1) мүдделік қолдау қызметі субъектілері туралы;
      2) мүдделік қолдау қызметі субъектілерінің мүдделік қолдау көрсетілетін мүдделері туралы;
      3) мүдделік қолдаудың нәтижелері туралы.

III тарау. Қорытынды ережелер

      11-бап. Мүдделік қолдау туралы заңнаманы бұзғаны үшін
              жауапкершілік

      Мүдделік қолдау туралы заңнаманы бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке әкеп соқтырады.

      12-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады