"Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2251 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына
енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Жоба

Қазақстан Республикасының Заңы Халықтың көші-қоны туралы

      Осы Заң халықтың көші-қоны саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, көші-қон процестерінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін айқындайды.

1-бөлім. Жалпы ережелер 1-тарау. Негізгі ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) босқындар - негізделген қауіп төнуі себепті, саяси сенімі, нәсілдік белгісі, діни нанымы, азаматтығы, ұлты, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы бойынша қудалау құрбанына айналған, өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде тұруға мәжбүр және осындай қауіп салдарынан өз елінің қорғауын пайдалана алмайтын немесе пайдаланғысы келмейтін шетелдіктер немесе осындай қауіп салдарынан бұрынғы тұрғылықты елінен тыс жерде тұрып жатқан, еліне қайтып орала алмайтын немесе қайтып оралғысы келмейтін азаматтығы жоқ адамдар;
      2) демеуші - отбасының Қазақстан Республикасында тұратын, отбасын біріктіру мақсатымен өзінің отбасы мүшелерінің елге келуі туралы қолдаухат беруші мүшесі (қамқоршы, қорғаншы);
      3) еңбек көші-қоны - еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жеке адамдардың басқа мемлекеттерден Қазақстан Республикасына және Қазақстан Республикасынан, сондай-ақ мемлекет ішінде уақытша қоныс ауыстыруы;
      4) заңсыз көші-қон - шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына(нан) келу, кету, болу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағы арқылы транзиттік жол жүру тәртібін реттейтін заңнаманы бұза отырып кетуі, келуі және болуы;
      5) келуге және кетуге рұқсат (виза) - осыған уәкілеттік берілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының көшіп-қонушының паспорт немесе оны ауыстыратын құжатындағы белгісі, ол онда белгіленген уақытқа, мақсаттарда және шарттармен Қазақстан Республикасы аумағына келуге, оның аумағы бойынша жүріп тұруға, онда болуға және Қазақстан Республикасы аумағынан кетуге құқық береді;
      6) көшіп келу - шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшін келуі;
      7) көшіп келушілер - Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұруға келген шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар;
      8) көші-қон - жеке адамдардың бір мемлекеттен екінші мемлекетке, сондай-ақ мемлекет ішінде тұрақты немесе уақытша, ерікті немесе мәжбүрлі қоныс ауыстыруы;
      9) көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган - көші-қон процестерін реттеуді және Қазақстан Республикасы халқының көші-қоны саласындағы жұмысты үйлестіруді өз құзыреті шегінде жүзеге асырушы мемлекеттік орган;
      10) көшіп-қонушылар - себебі мен ұзақтығына қарамастан, Қазақстан Республикасына келген және Қазақстан Республикасынан кеткен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ішінде қоныс аударушы адамдар;
      11) көшіп-қонушыларды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы - көшіп-қонушыларға ықпалдастыру және бейімдеу қызметтерін көрсетуге, сондай-ақ оралмандардың және олардың отбасы мүшелерінің уақытша тұруына арналған орын;
      12) қабылдаушы ұйым - оқытуды, тағлымдамадан өткізуді және/немесе біліктілігін арттыруды ұйымдастыру жөніндегі шарттың тарабы ретіндегі Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы;
      13) қоныс аударушылар - ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасына және тұрақты тұру үшін елдің экономикалық перспективалы өңірлеріне халықты оңтайлы қоныстандыру схемасына сәйкес Қазақстан Республикасының ішінде қоныс аударушы адамдар;
      14) миссионерлік қызмет - Қазақстан Республикасы аумағында өз қызметін жүзеге асырушы діни бірлестіктің жарғылық ережелерінде қамтылмаған діни сенімді діни-ағартушылық қызмет арқылы уағыздау және тарату;
      15) оралмандар - тарихи отанында тұрақты тұру мақсатымен Қазақстанға келген және осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған сәтте шетелде тұрақты тұрып жатқан ұлты қазақ шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар және олардың Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін одан тысқары жерде туған ұлты қазақ балалары;
      16) оралмандардың көшіп келу квотасы - Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін, осы Заңда көрсетілген көлемде әлеуметтік қолдау көрсетілетін оралман отбасыларының саны;
      17) отандастар - Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған немесе бұдан бұрын азаматтығында болған және шетелде тұрақты тұратын адамдар;
      18) тұрақты тұруға рұқсат - Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтаған кезде, көшіп келушілерге ішкі істер органдары беретін және оларға Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру құқығын беретін құжат;
      19) уақытша орналастыру орталығы - этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерінің оралман мәртебесін алғанға дейін, уақытша тұруына арналған орын;
      20) уақытша тұруға рұқсат - Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтаған кезде, көшіп келушілерге ішкі істер органдары беретін және олардың болу мақсатына қарай, Қазақстан Республикасының аумағында белгілі бір мерзімге тұру құқығын беретін құжат;
      21) шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота - Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын белгілейтін, Қазақстан Республикасы аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін тартылатын шетелдік жұмыс күшінің саны;
      22) шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат - көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган таратып бөлген квота шегінде, Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін бір жұмыс жылынан аспайтын мерзімге тарту үшін, жұмыс берушіге жергілікті атқарушы орган беретін, белгіленген нысандағы құжат;
      23) шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға берілетін рұқсат - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын адамдардың тізбесіне кіретін шетелдік қызметкерге, көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган таратып бөлген квота шегінде Қазақстан Республикасында жұмысқа орналасу үшін жергілікті атқарушы орган бір жылға беретін, белгіленген нысандағы құжат;
      24) ықпалдастыру және бейімдеу қызметтері - көшіп-қонушылар мен олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және қоғамға ықпалдастыру және көшіп-қонушылардың әлеуетін іске асыру мақсатында көрсетілетін (ақпараттық, заңгерлік, әлеуметтік, медициналық және білім беру) қызметтер кешені;
      25) ішкі көші-қон - жеке адамдардың Қазақстан Республикасының ішінде тұрақты немесе уақытша қоныс ауыстыруы;
      26) ішкі көшіп-қонушылар - Қазақстан Республикасының ішінде өздігінен немесе ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасы бойынша қоныс аударушы адамдар;
      27) ішкі көшіп қонушылардың қоныс аудару квотасы - экологиялық өмір сүру жағдайы ерекше қолайсыз және даму әлеуеті төмен елді мекендерден Қазақстан Республикасының экономикалық перспективалы өңірлеріне тұрақты тұруға қоныс аударуға тиіс Қазақстан Республикасы азаматтары отбасыларының Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін шекті саны;
      28) эмиграция - Қазақстан Республикасы азаматтарының басқа мемлекетке уақытша немесе тұрақты тұру үшін кетуі;
      29) этникалық қазақтар - шетелде тұрақты тұратын, ұлты қазақ шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар;
      30) этникалық репатриация - ұлты қазақ шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың тұрақты тұру үшін Қазақстан Республикасына келуі.

      2-бап. Халықтың көші-қонын реттейтін заңнама

      Көші-қон саласындағы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан, өзге де нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
      Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

      3-бап. Көші-қонның негізгі түрлері

      Қазақстан Республикасы аумағына (аумағынан) келу, кету және болу мақсатына қарай көші-қонның мынадай негізгі түрлері бар:
      1) білім алу мақсатында;
      2) еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында;
      3) отбасын біріктіру мақсатында;
      4) тарихи отанына оралу мақсатында;
      5) азаматтық алу мақсатында;
      6) гуманитарлық және саяси уәждемелер бойынша;
      7) туристік мақсатта.

      4-бап. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік
             саясаттың негізгі принциптері мен міндеттері

      1. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясат мынадай принциптерге негізделеді:
      1) көшіп-қонушылардың құқықтары мен бостандықтарының заңдылық және халықаралық құқық негізінде сақталуы;
      2) ұлттық мүддені қорғау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
      3) жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүддесін ұштастыру;
      4) көші-қон процестерін реттеудің ашықтығы;
      5) ұлты қазақ адамдардың тарихи отанына қоныс аударуына жәрдемдесу;
      6) мемлекеттің көші-қон түрлерін реттеудегі сараланған тәсілі;
      7) көші-қон процестерін реттеу, заңсыз көші-қонның алдын алу және болдырмау саласындағы халықаралық ынтымақтастық.
      2. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттері:
      1) көшіп-қонушылардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау;
      2) этникалық қазақтардың Қазақстан Республикасына қоныс аударуына жәрдем көрсету, өңірлердің демографиялық және әлеуметтік-экономикалық даму мүдделерін ескере отырып, оларды ұтымды қоныстандыруды ұйымдастыру;
      3) Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тарту, ұлттық еңбек нарығын қорғау;
      4) Қазақстанның халықаралық еңбек нарығына кірігуін қамтамасыз ету;
      5) салдарында халықтың жаппай көші-қоны болуы мүмкін жанжалдардың алдын алу және болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен ынтымақтастығын дамыту;
      6) ішкі көші-қон ағынын оңтайландыру, көшіп-қонушылардың ел аумағында оңтайлы қоныстандырылуын қамтамасыз ету;
      7) шетелде тұратын отандастармен және этникалық қазақтармен өзара қарым-қатынасты қолдау және дамыту болып табылады.

      5-бап. Көшіп келушілердің жалпы құқықтары мен міндеттері

      1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында:
      1) заңнамалық актілерде және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей барлық құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
      2) Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен білім алуға, медициналық және әлеуметтік көмекке;
      3) мәдениет жетістіктерін Қазақстан Республикасының азаматтарымен теңдей пайдалануға;
      4) Қазақстан Республикасының көшіп келушілерге ашық аумағы бойынша еркін жүріп тұруға және Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген негіздеме мен тәртіпке сәйкес тұратын жерін таңдауға;
      5) өзіне тиесілі мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтарын қорғау үшін сотқа және өзге де мемлекеттік органдарға баруға;
      6) осы қызмет түрлері ақысыз негізде көрсетілетін оралмандарды қоспағанда, көшіп қонушыларды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында ақылы ықпалдастыру және бейімдеу қызметтерін алуға құқығы бар.
      2. Көшіп келушілер Қазақстан Республикасында:
      1) заңнамалық актілерде және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей міндеттері болады;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағына келудің, кетудің және болудың белгіленген тәртібін сақтауға міндетті.

      6-бап. Көшіп келушілердің келуінің, кетуінің және
             болуының жалпы шарттары

      1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасы аумағына келу, кету және болу тәртібі осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
      2. Келудің және болудың визасыз режимі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген көшіп келушілер, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген жағдайларды сақтаған кезде, заңды төлқұжаты немесе оны ауыстыратын құжаттары бойынша келеді.
      3. Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасына келуге және Қазақстан Республикасына келуге - Қазақстан Республикасынан кетуге рұқсаттарды Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері береді.
      Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасынан кетуге және Қазақстан Республикасынан кетуге - Қазақстан Республикасына келуге рұқсаттарды Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары береді.
      Паспорттары Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде тіркелген көшіп келушілерге кету-келу рұқсаттарын беруді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жүргізеді.
      4. Қабылдаушы ұйымдардың қолдаухаттары бойынша көшіп келушілерге Қазақстан Республикасына келуге және Қазақстан Республикасынан кетуге бірнеше рет қолданылатын рұқсаттар берілуі мүмкін.
      5. Көшіп келушілер Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткеннен кейін, бес күнтізбелік күннің ішінде Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында тіркелуге міндетті. Тұрғылықты жері өзгерген жағдайда, көшіп келушілер бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шыққан күнінен бастап, бес күнтізбелік күннің ішінде тұрғылықты жері бойынша тіркелуге міндетті.
      Қазақстан Республикасына келген кезде 16 жасқа толған әрбір көшіп келушіге көші-қон кәртішкесі беріледі.
      Көші-қон кәртішкесі Қазақстан Республикасынан кеткен кезде тапсырылуға тиіс.

      7-бап. Көшіп келушілер болып табылмайтын адамдар

      Қазақстан Республикасы аумағында:
      осы Заңның 3-бабында көзделмеген, жеке сипаттағы мақсатпен 90 күннен артық болмағандар. Көрсетілген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткеннен кейін, бес күнтізбелік күннің ішінде Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында тіркелуге міндетті.
      бес тәуліктен аспайтын мерзім ішінде транзитпен Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетіндер;
      Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан бөлімдерде әскери қызметте жүргендер;
      дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелер мен Қазақстан Республикасында тіркелген халықаралық ұйымдардың құрамына енетіндер;
      Қазақстан Республикасында тіркелген шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болып табылатындар;
      теңіз және өзен кемелерінің, әуе, теміржол және автомобиль көлігі экипаждарының мүшелері болып табылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар көшіп келушілер болып табылмайды.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасында жүрген шетелдіктер легі азаматтығы жоқ адамдар көшіп келушілер деп танылмайтын басқа да жағдайларды белгілей алады.
      Осы тармақта көрсетілген адамдардың құқықтық мәртебесі Қазақстан Республикасының заңнамасымен және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен айқындалады.

2-тарау. Қазақстан Республикасындағы көші-қон
процестерін басқарудың мемлекеттік жүйесі

      8-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) халықтың көші-қон процестері саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
      2) Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту квотасын жыл сайын белгілейді;
      3) ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасын белгілейді;
      4) оралмандардың көшіп келу квотасын белгілейді;
      5) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
      6) көшіп қонушылардың Қазақстан Республикасына келуінің және болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің тәртібін айқындайды;
      7) көшіп-қонушыларды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарын, уақытша орналастыру орталықтарын құрады;
      8) заңдарға және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      9-бап. Көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті
             органның құзыреті

      Көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:
      1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты өз құзыреті шегінде іске асырады;
      2) еңбек көші-қоны мен этникалық репатриацияны реттеу саласындағы шаралар жүйесін әзірлейді;
      3) шетелдік жұмыс күшін тарту, оралмандардың көшіп келуі, ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аударуы квоталарын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар дайындайды;
      4) шетелдік жұмыс күшін тарту, оралмандардың көшіп келуі, ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квоталарын облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының арасында бөледі;
      5) көшіп-қонушыларды Қазақстан Республикасының қолданыстағы
заңнамасына сәйкес әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етеді;
      6) еңбекші көшіп-қонушылар мен оралмандардың бірыңғай деректер банкін қалыптастырады және ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі уәкілетті органдардың, ішкі істер органдарының, Сыртқы істер министрлігінің тиісті ақпараттық жүйелерімен өзара қарым-қатынасты қамтамасыз етеді;
      7) еңбек көші-қоны және этникалық репатриация мәселелері жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметін ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;
      8) өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны туралы заңнаманың сақталуын бақылайды;
      9) шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен көші-қон процестерін реттеу саласындағы ынтымақтастықты ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      10) ішкі көші-қон процестері мониторингін және оны реттеуді жүзеге асырады;
      11) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды;
      12) заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      10-бап. Сыртқы істер министрлігінің құзыреті

      Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері:
      1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты өз құзыреті шегінде іске асырады;
      2) Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаты туралы ақпараттың шетелде таратылуына жәрдемдеседі;
      3) шетелде тұратын отандастарымызбен және этникалық қазақтармен байланысты және қарым-қатынасты дамытуға жәрдемдеседі;
      4) ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі уәкілетті органның келісуімен:
      визалардың санаттары мен түрлерін, оларды берудің, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімін қысқартудың және ұзартудың тәртібін;
      көшіп келушілердің паспорттарын тіркеудің, олардың жүріп-тұруының, сондай-ақ шетелдіктердің баруына жабық жекелеген жерлерге (аумақтарға) кіруінің тәртібін, шетелдіктердің Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттік жол жүруінің тәртібін айқындайды;
      5) шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарға келу рұқсаттарын беру есебінің бірыңғай дерекқорын қалыптастырады, мәліметтерді жүйелі түрде жаңартылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ көші-қон, ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі уәкілетті органдармен және ішкі істер органдарымен уақтылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
      6) осы Заңның 6-бабына сәйкес:
      Қазақстан Республикасына келу туралы өтініш берген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың құжаттарын қабылдайды және тіркейді әрі оларды (еңбек қызметіне рұқсат алған адамдарды қоспағанда) Қазақстан Республикасының осыған уәкілетті мемлекеттік органдарына жібереді;
      Қазақстан Республикасының осыған уәкілетті мемлекеттік органдары ұсынған қорытындыларды не рұқсаттарды ескере отырып, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасына келуге рұқсат береді;
      7) құжаттарды консулдық заңдастыруды Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады;
      8) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының есебін жүргізеді;
      9) халықтың көші-қоны саласындағы халықаралық ынтымақтастықты өз құзыреті шегінде жүзеге асырады;
      10) заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      11-бап. Ішкі істер органдарының құзыреті

      Ішкі істер министрлігі:
      1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты өз құзыреті шегінде іске асырады;
      2) көшіп келушілерге Қазақстан Республикасынан кетуге рұқсаттар мен Қазақстан Республикасынан кетуге - Қазақстан Республикасына келуге рұқсаттар береді;
      3) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі уәкілетті органның келісуімен көшіп келушілердің төлқұжаттарын тіркеудің және олардың жүріп тұру тәртібін, сондай-ақ, шетелдіктердің болуына жабық жекелеген жерлерге (аумақтарға) олардың кіруін, шетелдіктердің Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жол жүру тәртібін айқындайды;
      4) көшіп келушілерге шекара аймағына кіру құқығын беретін құжаттарды ресімдейді;
      5) көшіп-қонушылардың заңнамада белгіленген келу, кету, болу және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жол жүру ережелерін сақтауын бақылайды;
      6) шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібінің сақталуын бақылауды өз құзыреті шегінде жүзеге асырады;
      7) азаматтардың Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуін ресімдейді;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында болу мерзімін қысқарту туралы шешім қабылдайды;
      9) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты және уақытша тұруға рұқсат береді;
      10) Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнамаға сәйкес көшіп келушілердің жекелеген санаттарын тіркеу тәртібімен Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылдауды жүзеге асырады;
      11) шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың уақытша және тұрақты тұруы, Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың кетуі есебінің бірыңғай дерекқорын қалыптастырады әрі көші-қон, ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі уәкілетті органдармен және Сыртқы істер министрлігімен ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
      12) Қазақстан Республикасының халқын тіркеу және құжаттандыру, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын көшіп келушілердің, сондай-ақ шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтығын өзгерту мәселелері бойынша әділет органдарымен ақпарат алмасады;
      13) заңсыз көші-қонның алдын алу жөнінде шаралар қабылдайды;
      14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелге кетуін шектеу туралы шешім қабылдайды;
      15) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алуды және тіркеуді жүзеге асырады;
      16) заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      12-бап. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті
              органның құзыреті

      Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган:
      1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты өз құзыреті шегінде іске асырады;
      2) көшіп келушілерге медициналық көмек көрсетудің тәртібін айқындайды;
      3) Қазақстан Республикасына келуге қарсы айғақтама болып табылатын аурулардың тізімін айқындайды;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шектеу іс-шараларын, оның ішінде көшіп қонушыларды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында, уақытша орналастыру орталықтарында карантин енгізеді;
      5) заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      13-бап. Білім беру саласындағы уәкілетті
              органның құзыреті

      Білім беру саласындағы уәкілетті орган:
      1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты өз құзыреті шегінде іске асырады;
      2) техникалық және кәсіптік білім беру, ортадан кейінгі және жоғары білім беру оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарына оқуға түсу үшін этникалық қазақтар мен оралмандарға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген квотаға сәйкес білім гранттарын бөледі;
      3) шетелде жалпы білім беру мекемелерінде оқып жүрген этникалық қазақтарды Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етеді;
      4) заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      14-бап. Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі
              уәкілетті органның құзыреті

      Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:
      1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты өз құзыреті шегінде іске асырады;
      2) көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында болуы және одан кетуі үшін қажетті төлем қабілеттілігі растамасын тексеруді Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады;
      3) шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың келу-кетуі есебінің бірыңғай дерекқорын қалыптастырады, мәліметтердің жүйелі жаңартылуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органдармен, ішкі істер органдарымен және Сыртқы істер министрлігімен уақтылы ақпарат алмасуды жүзеге асырады;
      4) Қазақстан Республикасының сыртқы істер және ішкі істер министрліктері айқындайтын визалардың санаттары мен түрлерін, оларды берудің, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімін қысқарту және ұзартудың тәртібін, шетелдіктердің паспорттарын тіркеудің, олардың Қазақстан Республикасы бойынша жүріп тұруының, сондай-ақ, шетелдіктердің болуына жабық жекелеген жерлерге (аумақтарға) кіруінің тәртібін келісуден өткізеді;
      5) Қазақстан Республикасына келген кезде көшіп келушілерге көші-қон кәртішкелерін беруді және Қазақстан Республикасынан кеткен кезде оларды алып қалуды жүзеге асырады;
      6) заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      15-бап. Әділет органдарының құзыреті

      Әділет органдары:
      1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты өз құзыреті шегінде іске асырады;
      2) Қазақстан Республикасы азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеуді және тіркеуден алуды жүзеге асырады;
      3) уақытша тұру орнына келетін Қазақстан Республикасы азаматтарын уақытша тұратын жері бойынша есепке алуды жүзеге асырады;
      4) Қазақстан Республикасының азаматтарын тіркеуді және есебін жүргізуді жүзеге асырады;
      5) заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      16-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті

      1. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, елорданың) жергілікті атқарушы органдары:
      1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты өз құзыреті шегінде іске асырады;
      2) көшіп-қонушылардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық көмек алуын қамтамасыз етеді;
      3) көші-қон жөніндегі уәкілетті органға шетелдік жұмыс күшін тарту, оралмандардың көшіп келу, ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квоталарын қалыптастыру жөнінде ұсыныс енгізеді;
      4) жұмыс берушілерге тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін, көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган таратып бөлген квота шегінде шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат береді, сондай-ақ көрсетілген рұқсаттарды тоқтата тұрады және кері қайтарып алады;
      5) тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын шетелдік қызметкерлерге, көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган таратып бөлген квота шегінде, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында жұмысқа орналасуға рұқсат береді;
      6) бизнес-көшіп келушілердің уақытша тұру рұқсаттарының қолданылу мерзімін ұзарту немесе қысқартуға қолдаухат береді;
      7) заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      2. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары:
      1) халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты өз құзыреті шегінде іске асырады;
      2) көшіп-қонушыларға жергілікті бюджет қаражатынан Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес әлеуметтік көмек көрсетеді;
      3) халықтың нысаналы топтарына жататын көшіп қонушыларға жұмысқа орналасуға, кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жәрдем көрсетеді;
      4) көшіп-қонушыларға мектептерден, мектепке дейінгі мекемелерден, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік ұйымдардан Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен орын береді;
      5) көшіп келушілердің мемлекеттік және қалауы бойынша орыс тілдерін үйренуіне жағдай жасайды;
      6) оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне жеке қосалқы шаруашылығын, бағбаншылық жүргізуге және саяжай құрылысына Қазақстан Республикасының жер туралы заңнамасына сәйкес жер учаскелерін береді;
      7) заңдарға, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

2-бөлім. Көшіп келу 3-тарау. Білім алу мақсатымен көшіп келу

      17-бап. Білім алу мақсатымен келетін көшіп келушілер

      Қазақстан Республикасы аумағына білім алу мақсатымен келетін көшіп келушілерге жалпы орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына, оның ішінде ұйымдастырылған оқушылар алмасу және даярлық курстарынан өту бағдарламалары бойынша қабылданған оқушылар жатады.

      18-бап. Білім алу мақсатымен келетін көшіп келушілердің
              келу шарттары

      Білім алу мақсатымен келетін көшіп келушілер:
      1) этникалық қазақтарды қоспағанда, көшіп келуші мен қабылдаушы ұйымның арасындағы шартқа сәйкес оқуына және тұруына ақы төлеуге қажетті, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіпте және мөлшерде өзінің төлем қабілеттілігінің растамасын ұсынуға;
      2) таңдаған мамандығы бойынша оқуды өткеруге кедергі келтіретін ауруларының жоқ екенін растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға және медициналық сақтандыруы болуға;
      3) сотты болмағаны туралы растаманы ұсынуға;
      4) оқу орнына қабылданған болуға және/немесе кәсіптік даярлауға шақырушы тараптың келісімін Қазақстан Республикасына келгенге дейін растауға міндетті;
      5) мынадай:
      техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі білім беру мекемелерінде оқу үшін - негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары білімі;
      жоғары білім беру мекемелерінде оқу үшін - жалпы орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі және жоғары білімі;
      магистратурада, резедентурада және адъюнктурада оқу үшін - жоғары білімі;
      докторантурада оқу үшін - «магистр» академиялық дәрежесі, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі болуы керек.

      19-бап. Білім алу мақсатымен келетін көшіп келушілерге
              келуге рұқсат берудің шарттары

      1. Білім алу мақсатымен келген көшіп келушілердің келуіне рұқсатты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ата-аналарының немесе қамқоршыларының, қорғаншыларының келісімімен немесе қабылдаушы ұйымның қолдаухаты негізінде айқындалатын бір жылдан аспайтын мерзімге арналған оқу орны қолдаухатының негізінде береді.
      2. Білім алу мақсатымен келген көшіп келушілердің келуіне және тұруына рұқсатты ішкі істер органдары қабылдаушы ұйым растаған кезде, оқуын аяқтауға қажетті, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге жыл сайын ұзартады.
      3. Қабылдаушы ұйымдар білім алу мақсатымен келген көшіп келушілерге Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген олардың құқықтары мен міндеттерін уақытында түсіндіруді және оларды іске асыру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасында болу, ел аумағында жүріп тұру және өздеріне белгіленген болу мерзімі аяқталғанда, кету құқықтары құжаттарын уақытында ресімдемегені үшін заңнамада белгіленген жауапкершілікте болады.
      4. Келудің және болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден, білім алу мақсатымен келген көшіп келушілердің уақытша тұруына рұқсатты Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ішкі істер органдары береді.

      20-бап. Білім алу мақсатымен келетін көшіп
              келушілердің жекелеген санаттарының еңбек
              қызметін жүзеге асыру шарттары

      1. Күндізгі оқу нысанындағы студенттердің жұмысқа орналасуға және жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар алмай және оқудан бос уақытында ғана еңбек қызметімен айналысуға құқығы бар.
      2. Күндізгі оқу нысанындағы студенттер мен тағлымдамадан өтушілердің жұмыс уақыты аптасына он сағаттан аспауға тиіс.

      21-бап. Білім алу мақсатымен келетін көшіп келушілердің
              негізгі құқықтары мен міндеттері

      1. Шетелдіктердің мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары және жоғары білімнен кейінгі тегін білім алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарымен айқындалады.
      Қазақстан Республикасына білім алу мақсатымен келген көшіп келушілер оқуын аяқтағаннан кейін, олардың жұмысқа орналасуға рұқсаты немесе шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаты бар жұмыс берушінің жалға алу туралы кепілхаты бар болса, білім алу мақсатымен келу рұқсатын еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатындағы рұқсатқа ауыстыру туралы қолдаухат беруге құқылы.
      Қазақстан Республикасына білім алу мақсатымен келген этникалық қазақтардың қатарындағы көшіп келушілер оқуын аяқтағаннан кейін тұрақты тұруға рұқсат алу туралы қолдаухат беруге құқылы.
      2. Білім алу мақсатымен келетін көшіп келушілер:
      1) Қазақстан Республикасының аумағында болатын көшіп келушілерге қатысты, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген міндеттерді орындауға;
      2) одан әрі болуына заңды негіздеме болмаса, оқудың және/немесе кәсіптік даярлаудың толық курсын аяқтағаннан кейін Қазақстан Республикасынан кетуге міндетті.

4-тарау. Еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатымен көшіп келу

      22-бап. Еңбекші көшіп келушілердің санаттары

      1. Еңбекші көшіп келушілер мынадай санаттарға бөлінеді:
      1) шетелдік қызметкерлер - Қазақстан Республикасы аумағында ақылы еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келген немесе жұмыс берушілер тартатын көшіп келушілер;
      2) Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес табыс әкелетін жеке еңбек қызметімен айналысатын көшіп келушілер (инвесторлар, инновациялық және кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдар);
      3) маусымдық шетелдік қызметкерлер - өзінің сипаты бойынша маусымдық жағдайларға байланысты және Қазақстан Республикасының аумағында, белгілі бір, бірақ бір жылдан аспайтын кезеңнің ішінде орындалатын жұмыстарды орындау үшін, жұмыс берушілер тартатын көшіп келушілер.

      23-бап. Шетелдік қызметкерлердің келу шарттары

      Жұмысқа орналасуға келетін немесе жұмыс берушілер тартатын шетелдік қызметкерлер:
      1) кәмелетке толған болуға;
      2) жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатының қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін тұрақты тұратын еліне кетуі үшін қажетті, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіпте және мөлшердегі өзінің төлем қабілеттілігінің растамасын ұсынуға;
      3) алдында тұрған жұмысты орындау үшін қажетті білімі, біліктілігі мен тәжірибесі болуға;
      4) сотты болмағаны туралы растаманы ұсынуға;
      5) болжамды кәсіптік салада таңдаған мамандығы бойынша еңбек қызметіне кедергі келтіретін ауруларының жоқ екені туралы медициналық анықтаманы ұсынуға;
      6) медициналық сақтандыруы болуға міндетті.

      24-бап. Шетелдік қызметкерлерге келуге рұқсат беру
              шарттары

      1. Шетелдік қызметкерлерге келуге рұқсатты Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттың негізінде және олардың қолданылу мерзіміне береді.
      2. Жұмысқа орналасуға рұқсат алған немесе Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығына тартылатын шетелдік қызметкерлерге келуге рұқсат, келген кезінде Алматы қаласының халықаралық әуежайында беріледі.
      3. Келудің және болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген шетелдік қызметкерлерге уақытша тұруға рұқсатты, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ішкі істер органдары береді.
      4. Шетелдік қызметкерлердің келуге және уақытша тұруға рұқсатын, шетелдік қызметкердің жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушінің алдағы жылға шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттары болған кезде, ішкі істер органдары бір жылға ұзартады.

      25-бап. Шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға және
              жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға
              рұқсат берудің тәртібі

      1. Шетелдік жұмыс күшін тарту Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын белгілейтін квотаның негізінде, кәсіптік және біліктілік санаттары бойынша жүзеге асырылады.
      Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота экономикалық белсенді халық санына проценттік қатынаспен айқындалады және еңбек нарығындағы сұраныс жағдайының алдағы жылға арналған болжамына сәйкес экономика салалары бойынша және/немесе шығу елдері бойынша абсолюттік мағынада белгіленеді.
      2. Шетелдік жұмыс күшін тарту квотасын көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган облыстардың, Астана және Алматы қалаларының арасында таратып бөледі.
      Жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға, шетелдік қызметкерлерге жұмысқа орналасуға дербестендірілген рұқсатты белгіленген квота шегінде бір жылға береді. Рұқсаттар бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартылады.
      3. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың еңбек қызметін жүзеге асыруы шетелдік қызметкердің жұмысқа орналасу немесе жұмыс берушінің шетелдік жұмыс күшін тарту рұқсаттарын алмай жүргізіледі.
      4. Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тарту квотасын белгілеудің тәртібін, шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берудің шарттары мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      5. Осы Заңның шетелдік жұмыс күшін квоталау мен шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға және жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру туралы нормалары, Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығында басшы лауазымдарында жұмыс істейтін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға және Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен расталған құжаттары бар, ортадан кейінгі және жоғары білімі бар мамандарға қолданылмайды.

      26-бап. Этникалық қазақтар мен отандастарымыздың
              қатарындағы шетелдік қызметкерлердің еңбек
              қызметін реттеудің ерекшеліктері

      Жергілікті атқарушы орган шетелдік қызметкерлерге жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушілерге этникалық қазақтар мен отандастарымыздың қатарындағы шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсатты, жұмыс берушінің мерзімді баспасөзде бос орындар туралы хабарландыруынсыз және деректер базасындағы бос лауазымдар жөніндегі ұсыныстарды жергілікті атқарушы органның қарауынсыз Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жеңілдетілген тәртіппен, бір жылдан аспайтын мерзімге береді.

      27-бап. Бизнес-көшіп келушілерге келуге рұқсат беру және
              олардың келу шарттары

      1. Бизнес-көшіп келуші келуге рұқсат алу үшін:
      кәмелетке толған болуға;
      медициналық сақтандыруы болуға;
      сотты болмауы және сот шешімі негізінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйымның болмауы растамасын ұсынуға;
      кәсіпкерлік қызмет тәжірибесі болуға міндетті.
      2. Бизнес-көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуіне рұқсатты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері екі жылға дейінгі мерзімге береді.
      3. Этникалық қазақтар қатарындағы, оның ішінде келудің және болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген бизнес-көшіп келушілердің келуіне және уақытша болуына рұқсат үш жылға дейінгі мерзімге береді.
      4. Бизнес-көшіп келушілерге келуге және уақытша тұруға рұқсатты кейіннен ішкі істер органдары жергілікті атқарушы органның қолдаухаты негізінде, жыл сайын бір жылға ұзартуы мүмкін.

      28-бап. Бизнес-көшіп келушілердің болу және олардың жеке
              кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру шарттары

      1. Бизнес-көшіп келушілердің жеке кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыруы Қазақстан Республикасы аумағында болуының міндетті шарты болып табылады.
      2. Бизнес-көшіп келуші Қазақстан Республикасы аумағына келген күнінен бастап екі айлық мерзім ішінде:
      Қазақстан Республикасында заңды тұлғаны тіркеуге немесе азаматтық заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында қызметті жүзеге асырушы заңды тұлғалардың қатысушылары құрамына ену жолымен коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысуға;
      Заңды тұлғаны тіркеу кезінде, оның жарғылық қорын қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген ең төмен мөлшерден кем емес ақшалай қаражат сомасын Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкіне енгізуге міндетті.
      Заңды тұлға уақытында тіркелмеген жағдайда, ішкі істер органдары жергілікті атқарушы органның қолдаухаты негізінде, бизнес-көшіп келушілердің болу мерзімін, олардың өз еркімен кетуіне немесе елден шығарылуына қажетті мерзімге қысқарту туралы шешім шығарады.
      Бизнес-көшіп келуші ретінде келуге рұқсат алмаған шетелдіктердің заңды тұлға құруына, сондай-ақ заңды тұлға қатысушыларының құрамына ену жолымен коммерциялық ұйымдардың жарғылық қорына қатысуына тыйым салынады.
      3. Қазақстан Республикасы аумағына жеке кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру үшін жабдықтар әкелуді бизнес-көшіп келуші Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы айқындайтын шарттармен және тәртіппен жүзеге асырады.
      4. Бизнес-көшіп келушілер Қазақстан Республикасының шетелдіктердің баруына ашық аумақтарында еркін жүріп-тұра алады және Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес тұратын жерін таңдай алады.

      29-бап. Маусымдық шетелдік қызметкерлердің келу және болу
              шарттары

      1. Маусымдық шетелдік қызметкерлердің келуіне рұқсатты Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері шетелдік жұмыс күшін тарту рұқсатының негізінде береді.
      2. Келудің және болудың визасыз тәртібі туралы Қазақстан Республикасымен келісім жасасқан мемлекеттерден келген маусымдық шетелдік қызметкерлердің келуіне рұқсатты ішкі істер органдары береді.
      3. Маусымдық шетелдік қызметкерлер:
      1) кәмелетке толған болуға;
      2) шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттың қолданылу мерзімі аяқталғанда, тұрақты тұру еліне кетуге қажетті Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіп пен мөлшердегі өзінің төлем қабілеттілігінің растамасын ұсынуға;
      2) еңбек қызметіне кедергі келтіретін ауруларының жоқ екені туралы медициналық анықтама ұсынуға;
      3) еңбек қызметін жүзеге асыруына кедергі келтіретін ауруларының болмауын растайтын медициналық анықтаманы ұсынуға міндетті.

      30-бап. Маусымдық шетелдік қызметкерлерді тарту шарттары

      1. Маусымдық шетелдік қызметкерлер экономиканың жекелеген салаларындағы жұмысқа Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес, немесе жұмыс берушілерге жергілікті атқарушы органдар беретін квота шегінде шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсаттың негізінде, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын шарттармен және тәртіппен тартылады.
      2. Маусымдық шетелдік қызметкерлерді тартатын жұмыс берушілер оларға, Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген санитарлық және өзге де нормаларға жауап беретін уақытша тұрғын үй-жай беруге міндетті.

      31-бап. Еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатымен көшіп
              келушілердің негізгі құқықтары мен міндеттері

      1. Еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатымен көшіп келушілер:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында Қазақстан Республикасы аумағында жүрген көшіп келушілерге қатысты көзделген міндеттерді орындауға;
      2) егер одан әрі болуына заңды негіздеме болмаса, рұқсаттың мерзімі аяқталғанда, Қазақстан Республикасынан кетуге міндетті.
      2. Келген және Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушілер тартқан шетелдік қызметкерлер, тиісті рұқсаттың мерзімі аяқталғаннан кейін, жұмысқа орналасуға рұқсат алу не оның мерзімін ұзарту туралы қолдаухат беруге құқылы.

5-тарау. Отбасын біріктіру мақсатымен көшіп келу

      32-бап. Отбасын біріктіру мақсатымен келетін көшіп
              келушілердің санаттары

      1. Мынадай адамдар:
      1) Қазақстан Республикасының азаматтары;
      2) этникалық қазақтар мен отандастарымыз;
      3) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын көшіп келушілер мен бизнес - көшіп келушілер демеуші бола алады.
      2.  Демеушілердің, өзінің отбасын біріктіру мақсатымен, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуі туралы қолдаухат беруге құқығы бар.
      3. Мыналар:
      1) кәмелеттік жасқа толған, Қазақстан Республикасы заңнамасымен танылатын некеде кемінде үш жыл тұрған жұбайы;
      2) он сегіз жасқа толмаған, некеде тұрмайтын және демеушінің асырауында және/немесе қамқорлығындағы, оның ішінде асырап алған балалары;
      3) он сегіз жастан асқан, некеде тұрмайтын, денсаулық жағдайына байланысты себептер бойынша өзін өзі қамтамасыз етуге қабілетсіз, оның ішінде асырап алған балалары;
      4) демеушінің асырауындағы, еңбекке жарамсыз ата-аналары;
      5) оларды ұстау демеушінің міндеті болып табылатын, отбасының өзге де мүшелері, демеушінің отбасын біріктіру мақсатымен Қазақстан Республикасына келуші отбасы мүшелері болып табыла алады.
      4. Демеушінің мәртебесіне қарай, отбасын біріктіру мақсатымен Қазақстан Республикасына осы отбасының мынадай мүшелері жіберіледі:
      1) егер Қазақстан Республикасының азаматы демеуші ретінде болса - осы баптың 3-тармағында көрсетілген барлық адамдар.
      Олардың Қазақстан Республикасының аумағында тұруына рұқсат, кейіннен жыл сайын ұзарту құқығымен үш жыл мерзімге беріледі;
      2) егер демеуші Қазақстан Республикасында уақытша (кемінде екі жыл) тұруға рұқсат алған этникалық қазақ немесе отандас болса - осы баптың 3-тармағының 1) - 4) тармақшаларында айқындалған адамдар.
      Оларға Қазақстан Республикасында тұруға рұқсат демеушінің болуына арналған рұқсаттың қолданылу мерзіміне беріледі;
      3) егер демеуші Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын көшіп келуші немесе Қазақстан Республикасында кемінде екі жыл үзіліссіз тұратын бизнес-көшіп келуші болса - осы баптың 3-тармағының 1) - 4) тармақшаларында айқындалған адамдар.
      Тұрақты тұруға рұқсаты бар демеушінің отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасында тұруға рұқсат, жыл сайын ұзарту құқығымен, бір жылға беріледі.
      Бизнес-көшіп келуші болып табылатын демеушінің отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасында тұруға рұқсат, жыл сайын ұзарту мүмкіндігімен, бір жылға беріледі. Бұл ретте рұқсаттың қолданылу мерзімі демеушінің тұруға рұқсатының қолданылу мерзімінен аспауға тиіс.
      5. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген көшіп келушілердің мынадай санаттарының:
      1) білім алу мақсатымен оқу, кәсіптік даярлау және/немесе тағлымдамадан өту кезеңінде жүрген (жалпы білім беретін мектептердің оқушылары, студенттер мен тағлымдамадан өтушілер);
      2) шетелдік қызметкерлердің;
      3) маусымдық шетелдік қызметкерлердің;
      4) гуманитарлық және саяси уәждемелер бойынша көшіп келушілердің отбасы мүшелеріне қатысты, отбасын біріктіру мақсатымен көшіп келуіне жол берілмейді.

      33-бап. Отбасын біріктіру мақсатымен Қазақстан
              Республикасына келуге және онда болуға
              рұқсат алудың тәртібі

       1. Отбасын біріктіру мақсатымен Қазақстан Республикасына келуге рұқсат демеушінің отбасын біріктіру туралы қолдаухатының негізінде беріледі.
      2. Демеушінің отбасы мүшелері Қазақстан Республикасына келуге рұқсат алу үшін Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесіне өтініш пен мынадай құжаттарды:
      1) демеушінің қолдаухатын;
      2) Қазақстан Республикасының азаматтарын қоспағанда, демеушінің Қазақстан Республикасында тұруға рұқсатының нотариалды куәландырылған көшірмесін;
      3) демеушінің және отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелерін;
      4) демеуші отбасының, отбасының әр мүшесіне шаққанда айына, Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген ең төмен жалақыдан кем емес мөлшерде қаржы қаражатының болуы растамасын;
      5) демеушінің, Қазақстан Республикасының аумағында отбасының әр мүшесіне шаққанда, ауданы белгіленген ең төмен нормативтерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген санитарлық және өзге де нормаларға сәйкес келетін тұрғын үй-жайының болуы растамасын (нотариалды куәландырылған);
      6) демеушінің отбасы мүшелерінің медициналық сақтандырылуын;
      7) демеушімен отбасылық қатынастарын растайтын, Қазақстан Республикасының және/немесе шетелдік мемлекеттің осыған уәкілетті мемлекеттік органдары ұсынған құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелерін;
      8) отбасының кәмелетке толған мүшелерінің сотты болмағанын растайтын құжатты ұсынады.
      3. Отбасын біріктіру мақсатымен Қазақстан Республикасында тұруға құқығы бар көшіп келушілер, уақытша тұруға рұқсаттың берілуі, солардың міндетті түрде болуына байланысты мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылған жағдайларда (кәмелетке толуы, біріктіруді сұраған адамның қайтыс болуы, негізінде біріктіру жүргізілген некенің бұзылуы немесе күшінің жойылуы), бұған қажетті осы баптың 2-тармағы 4) тармақшасында көзделген қаржы қаражатының болуы расталған жағдайда, ішкі істер органдары олардың өтініштері негізінде алты айға дейінгі кезеңге ұзартады.

      34-бап. Отбасын біріктіру мақсатымен келетін көшіп
              келушілердің құқықтары мен міндеттері

      1. Отбасын біріктіру мақсатымен Қазақстан Республикасына келген балалардың Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен білім алуға құқығы бар.
      2. Отбасын біріктіру мақсатымен келген көшіп келушілердің еңбек қызметі, мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
      1) демеушілері Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, осы Заңның 32-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген отбасы мүшелерінің, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтарымен жалпы жағдайларда еңбек қызметіне құқығы бар;
      2) осы Заңның 32-бабы 1-тармағының 2) - 3) тармақшаларында санамаланған адамдар демеушілері болып табылатын отбасы мүшелерінің, жергілікті атқарушы органдар шетелдік қызметкерге жұмысқа орналасуға немесе жұмыс берушіге Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын квота шегінде және тәртіппен шетелдік жұмыс күшін тартуға беретін рұқсаттың негізінде еңбек қызметіне құқығы бар.
      3. Отбасын біріктіру мақсатымен келген көшіп келушілер:
      1) Қазақстан Республикасы заңнамасында Қазақстан Республикасының аумағына келетін көшіп келушілерге қатысты көзделген басқа да міндеттерді орындауға;
      2) Қазақстан Республикасында болу рұқсатының қолданылу мерзімі аяқталғанда, егер оның бұдан әрі болуына заңды негіздеме болмаса, Қазақстан Республикасынан кетуге міндетті.

6-тарау. Тарихи отанына оралу мақсатындағы көшіп келу

      35-бап. Оралмандардың көшіп келу квотасы

      1. Оралмандардың көшіп келу квотасы жөніндегі ұсынысты көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган, Қазақстан Республикасына қоныс аударуға ниетті этникалық қазақтардан, сондай-ақ Қазақстан Республикасына қоныс аударған оралмандардан келіп түскен өтініштер мен жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын ескере отырып әзірлейді және Қазақстан Республикасы Үкіметіне енгізеді.
      Орта мерзімді кезеңге немесе алдағы жылға арналған оралмандардың көшіп келу квотасын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      2. Оралмандардың көшіп келу квотасын көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган облыстар, Астана мен Алматы қалалары бойынша, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын ескере отырып таратып бөледі.
      3. Оралман мәртебесін берудің тәртібін және оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуді Қазақстан Республикасының Үкіметі, осы Заңның 39, 40-баптарында көзделген талаптарды сақтай отырып айқындайды.

      36-бап. Оралмандардың санаттары

      Оралмандар мынадай санаттарға бөлінеді:
      1) оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар;
      2) оралмандардың көшіп келу квотасынан тыс өздігінен келген және Қазақстан Республикасының аумағында тұратын оралмандар.

      37-бап. Оралман мәртебесін беруге өтініш берудің
              және/немесе оралмандардың көшіп келу квотасына
              енгізудің тәртібі

      1. Оралман мәртебесін беру және/немесе оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы өтінішті этникалық қазақ тікелей өзі, ал отбасымен қоныс аударған жағдайда этникалық қазақ отбасының кәмелетке толған мүшелерінің біреуі:
      1) Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне;
      2) Қазақстан Республикасына өздігінен қоныс аударған жағдайда, көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне береді.
      2. Қолдаухат өтініш берушіге, сондай-ақ онымен бірге қоныс аударатын, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын отбасы мүшелеріне:
      1) жұбайына;
      2) өтініш берушінің және жұбайының ата-аналарына;
      3) балаларына (оның ішінде асырап алған) және олардың отбасы мүшелеріне;
      4) некеде тұрмайтын, толық тектес және толық тектес емес аға-інілері мен апа-қарындастарына (сіңлілеріне) қолданылады.

      38-бап. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу
              жөніндегі комиссия

      Оралмандар мен этникалық қазақтардың оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі өтініштерін қарау үшін көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органның әрбір аумақтық бөлімшесі облыстарда, Астана мен Алматы қалаларында Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссияны құрады.
      Комиссияның құрамына мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері енгізіледі.
      Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссия туралы үлгі ережені көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

      39-бап. Оралман мәртебесін беру және Қазақстан
              Республикасы аумағына келгенге дейін бұл туралы
              қолдаухат берген этникалық қазақтарды
              оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу

      1. Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері оралмандардың көшіп келу квотасына енуге үміткерлердің өтініштері мен құжаттарын қабылдап алады және олардың тіркелген күнінен бастап отыз күннің ішінде көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
      2. Оралмандардың көшіп келу квотасына енуге үміткерлердің ұлты жеке басын куәландыратын құжаттарындағы жазбаға сәйкес айқындалады. Мұндай жазба болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жіберілетін құжаттарға, оның ұлтын растайтын басқа құжаттарының көшірмелерін қоса береді.
      3. Көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган этникалық қазақтардың өтініштері мен құжаттарын келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде, оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге келісетіні туралы қорытынды дайындау үшін үміткерлер тұруға таңдап алған өңірлердегі өздерінің аумақтық бөлімшелеріне жібереді.
      Көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері этникалық қазақтың оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге өтініші мен құжаттарын, қарау үшін және қабылдауға келісу не қабылдаудан бас тарту туралы шешім қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдар мен ішкі істер органдарына жібереді.
      Екі айдың ішінде жергілікті атқарушы органдар мен ішкі істер органдары қабылдаған, қабылдауға келісу туралы шешімдердің негізінде, көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі үш жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде, этникалық қазақты қабылдауға келісу туралы қортындыны дайындайды және оны Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссияның қарауына ұсынады.
      4. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссия этникалық қазақты оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге алдын ала келісу не одан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге келісім, үміткер осы Заңның 1-бабының 15) тармақшасында белгіленген ұғымға сәйкес болған жағдайда беріледі.
      Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуде артықшылық құқығын мынадай басым кезектілікпен:
      1) алдағы жұмысты орындау үшін қажетті білімі, біліктілігі мен
тәжірибесі бар;
      2) көп балалы отбасылар;
      3) саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуалы тұрақсыз елдерден келген этникалық қазақтар пайдаланады.
      5. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссияның шешімін аумақтық бөлімше көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жібереді. Көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган оларды өтініш берушіге жеткізу үшін Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерге жолдайды.
      6. Этникалық қазақтардың оралмандардың көші-кон квотасына енгізу өтінішін қараудың мерзімі тұтастай алғанда, оның көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен күнінен бастап, үш айдан аспауға тиіс.
      7. Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссияның оралмандардың көші-қон квотасына енгізу жөніндегі шешімін алғаннан кейін, бір айдың ішінде оны этникалық қазаққа жібереді және Қазақстан Республикасына қоныс аударуына жәрдем көрсетеді.
      8. Этникалық қазақ оралмандардың көші-қон квотасында көзделген, өзінің Қазақстан Республикасында тұратын жеріне келгенде, көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне оралман мәртебесін беруге өтініш береді.
      9. Көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі этникалық қазақты оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге келісу туралы бұдан бұрын қабылданған шешімді ескере отырып, бес жұмыс күні ішінде өтініш беруші мен оның отбасы мүшелеріне оралман мәртебесін береді, оған оралман куәлігін тапсырады және шешім қабылдау үшін оралмандардың тізімін Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөнінде комиссияға жібереді.
      10. Оралманның куәлігі оның иесіне және отбасы мүшелеріне он жұмыс күні ішінде тұрақты тұруға рұқсат алуға және қоныстандыру орны бойынша тіркелуге құқық береді.
      11. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу жөніндегі комиссия оралман мен оның отбасы мүшелері тұрақты тұруға рұқсат алғаннан және қоныстандыру орны бойынша тіркелгеннен кейін он күннің ішінде оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы шешім қабылдайды.
      12. Көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралман мен оның отбасы мүшелеріне, қоныстандыру өңірлері бойынша сараланған жеңілдіктер, өтемақылар мен басқа да әлеуметтік көмек түрлерін бір айдың ішінде береді.

      40-бап. Өздігінен келген және Қазақстан Республикасы
              аумағында жүрген этникалық қазақтарға оралман
              мәртебесін беру және/немесе оларды оралмандардың
              көшіп келу квотасына енгізу

      1. Қазақстан Республикасының аумағына өздігінен келген этникалык қазақтардың өтініштерін қарау және оралман мәртебесін беру туралы шешім қабылдау, олардың тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде жүзеге асырылады.
      Оралман мәртебесін беру, үміткер осы Заңның 1-бабы 15) тармақшасында белгіленген ұғымға сәйкес болған жағдайда жүзеге асырылады.
      Оралман мәртебесі берілген жағдайда, көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі өздігінен келген этникалық қазаққа және оның отбасы мүшелеріне оралман куәлігін береді.
      2. Оралман мәртебесін алуға үміткердің ұлты жеке басын куәландыратын құжаттарындағы жазбаға сәйкес айқындалады. Мұндай жазба болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органның сұрауы бойынша оның ұлтын растайтын басқа құжаттарының көшірмелерін жібереді.
      3. Оралман мәртебесін алған адам осы Заңның 39-бабы 4-тармағының үшінші бөлігінде, 11 және 12-тармақтарында айқындалған жағдайларда және тәртіппен оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге және жеңілдіктер, өтемақылар мен әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін алуға үміткер бола алады.

      41-бап. Этникалық қазақтардың жекелеген отбасы
              мүшелерін оралмандардың көшіп келу квотасына
              енгізудің ерекшеліктері

      1. Отбасының, отбасы оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілгеннен кейін келген басқа да мүшелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтығын алғанға дейін Қазақстанда туған балалары да күнтізбелік жыл ішінде оралмандардың көшіп келу квотасына енгізіледі.
      2. Егер оралман өзінің отбасы бар балаларын өзінің отбасының құрамында көрсетпеген болса, онда балаларының отбасы мүшелері, балалар қайтыс болған, ата-ана құқығынан айрылған, не өздері Қазақстан Республикасы азаматтығын алған жағдайларда ғана, оралманның отбасы құрамында оралмандардың көшіп келу квотасына енгізіледі.
      Бұл ретте, балаларының кәмелетке толмаған отбасы мүшелерін оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу үшін, балаларының кәмелетке толмаған отбасы мүшелерінің ата-анасының екеуі де қайтыс болған не ата-ана құқығынан айрылған жағдайларда, оралман (оралманның жұбайы) олардың қорғаншысы (қамқоршысы) болып табылуға тиіс.

      42-бап. Оралмандарға берілетін жеңілдіктер, өтемақылар
              мен әлеуметтік көмектің басқа да түрлері

      1. Этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағына келген кезде өзінің төлем қабілеттілігінің растамасын ұсынудан босатылады.
      2. Оралман мәртебесін алған адамдар мен олардың отбасы мүшелері:
      1) көшіп қонушыларды бейімдеу және кіріктіру орталықтарында тегін бейімдеу және кіріктіру қызметтерімен;
      2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органы белгілейтін тәртіппен медициналық көмекпен;
      3) мектептерде және мектепке дейінгі ұйымдарда орындармен, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі және жоғары білім беретін оқу ұйымдарына Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын көлемде бөлінетін квотаға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтарымен теңдей білім алу мүмкіндігімен;
      4) Қазақстан Республикасы азаматтарымен теңдей әлеуметтік қорғаумен;
      5) Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жұмысқа орналасуда жәрдеммен қамтамасыз етіледі.
      3. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне жеке қосалқы шаруашылығын жүргізуге, бағбаншылықпен айналысуға және саяжай құрылысына ауыл шаруашылығы нысанындағы ауылдық елді мекендердің жерлерінен, көшіп келушілердің жер қорынан, арнаулы жер қорынан және қордағы жерлерден жерді уақытша қайтарымсыз пайдалану құқығымен, Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер учаскелері беріледі.
      4. Жергілікті мемлекеттік басқару органдары оралмандардың көші-қон квотасынан тыс Қазақстан Республикасына қоныс аударған оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне тұрақты тұратын жеріне жол жүру және мүлкін тасымалдау шығыстарын қамтитын біржолғы жәрдемақыларды белгілей алады.
      5. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне осы баптың 1 - 3-тармақтарында көзделген, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен берілетін жеңілдіктер, өтемақылар, жәрдемақылар мен әлеуметтік көмектің басқа да түрлеріне қоса мынадай қосымша жеңілдіктер:
      1) қоныстандыру өңіріне қарай сараланған және алғашқы бейімдеу, тұрақты тұратын жеріне жол жүру мен мүлкін тасымалдау шығыстарын қамтитын біржолғы жәрдемақы төлемі;
      2) тұрғын үй сатып алуға қаражат бөлуді немесе салуға, қалпына келтіруге жеңілдікті несие займы беріледі.
      6. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге келісім алған этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар, Қазақстан Республикасы аумағына келіп кірген кезде, көлік құралдарын қоспағанда, жеке мүлкіне кеден төлемдерінен босатылады.
      7. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар біржолғы жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға қаражатты, өзінің және отбасының ұлты қазақ емес мүшелерінен басқа, кәмелетке толған мүшелерінің Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарын ұсынуы бойынша ала алады.
      8. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралман Қазақстан Республикасының азаматтығын алудан бас тартқан жағдайда, біржолғы жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға қаражат есептелмейді және/немесе төленбейді.
      9. Оралман немесе оның отбасы мүшелері, оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілгеннен кейін қайтыс болған жағдайда, біржолғы жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға қаражат олардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алуына қарамастан, отбасының мүшелеріне немесе оралманға төленеді.
      10. Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілген оралмандар, оларға осы баптың 5-тармағы 2) және 3) тармақшаларына сәйкес төленген біржолғы жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға қаражатты:
      1) Қазақстан Республикасында тұрған алғашқы үш жылдың ішінде, оралмандардың көшіп келу квотасын алған кезде қоныстану үшін белгіленген өңірден тыс жерге өзінің жеке ерік қалауымен өздігінен ішкі көшіп-қонған;
      2) оралман мәртебесін алған күнінен бастап бес жылдың ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен жағдайларда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекетке өтеуге міндетті.

      43-бап. Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру

      1. Этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерін оралман мәртебесін алғанға дейінгі алғашқы қоныстандыру, олардың еркі бойынша уақытша орналастыру орталықтарында, көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіпте және мерзімдерге жүзеге асырылады.
      2. Бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету үшін көшіп-қонушыларды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары құрылады.
      Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің көшіп-қонушыларды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында тұруының тәртібі мен мерзімін, сондай-ақ оларға ықпалдастыру және бейімдеу қызметтерін көрсетудің тәртібін көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

44-бап. Оралман мәртебесінің тоқтатылуы

      Оралман мәртебесі оралман Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін тоқтатылады.
      Оралман мәртебесін алған күнінен бастап бір жылдың ішінде, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу туралы өтініш бермеген оралман, оны ұзарту және қайталап алу құқығынан айрылады.

45-бап. Оралмандардың құқықтары мен міндеттері

      1. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерінің:
      1) ішкі істер органдарында тіркелу жолымен, жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға;
      2) жеңілдіктерді, өтемақылар мен Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген басқа да әлеуметтік көмек түрлерін алуға құқығы бар.
      2. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелері:
      1) Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне, сондай-ақ көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық органдарына, өздерінің оралман мәртебесін беру және (немесе) оралмандардың көшіп келу квотасына енгізу туралы өтініштерін қарауға қажетті дұрыс деректерді ұсынуға;
      2) денсаулық сақтау органдарының талап етуі бойынша медициналық зерттеп тексеруден өтуге, екпелерді алуға, емдеу курсынан өтуге, сондай-ақ денсаулық сақтау органдарының ұйғарымдарын орындауға;
      3) көшіп қонушыларды бейімдеу және кіріктіру орталықтарына жолдама алған кезде, үш күннің ішінде сонда қоныстануға және белгіленген болу кезеңі аяқталғаннан кейін берілген тұрғынжайды босатуға;
      4) Уақытша орналастыру орталығында және көшіп қонушыларды бейімдеу және ықпалдастыру орталығында болудың белгіленген тәртібін сақтауға міндетті.

7-тарау. Азаматтық алу мақсатымен көшіп келу

      46-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығын алу
              мақсатымен келетін адамдардың санаттары

      Қазақстан Республикасының азаматтығын алу мақсатымен келетін көшіп келушілер екі санатқа бөлінеді:
      1) азаматтыққа қабылдау мақсатымен келетін көшіп келушілер;
      2) Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтіру мақсатымен келетін көшіп келушілер.

      47-бап. Қазақстан Республикасы азаматтығын алу
              мақсатымен көшіп келушілердің келу және болу
              шарттары

      1. Қазақстан Республикасы азаматтығын алу мақсатымен көшіп келушілердің келуі және болуы осы Заңның 6-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасының азаматтығын алу Қазақстан Республикасының азаматтық туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

8-тарау. Гуманитарлық және саяси уәждемелер бойынша
көшіп келу

      48-бап. Гуманитарлық уәждемелер бойынша келетін көшіп
              келушілердің санаттары

      Гуманитарлық уәждемелер бойынша келетін көшіп келушілерге:
      1) миссионерлер - Қазақстан Республикасының аумағында миссионерлік қызметті жүзеге асыру мақсатымен келетін көшіп келушілер;
      2) волонтерлер - Қазақстан Республикасына білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік көмек саласында қайтарымсыз негізде қызмет көрсету үшін келетін көшіп келушілер;
      3) Қазақстан Республикасына халықаралық шарттардың шеңберінде қайырымдылық, гуманитарлық көмек көрсету және гранттар беру мақсатымен келетін көшіп келушілер жатады.

      49-бап. Саяси уәждемелер бойынша келетін көшіп келушілер

      Саяси уәждемелер бойынша келетін көшіп келушілерге:
      1) босқындар;
      2) саяси баспана берілген адамдар жатады.

      50-бап. Гуманитарлық уәждемелер бойынша келуге рұқсат
              беру және келу шарттары

      1. Миссионердің келуіне рұқсатты Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесі Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктің қолдаухаты негізінде және діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі уәкілетті органның қорытындысы болған жағдайда, алты айға дейінгі мерзімге береді.
      2. Миссионердің келуіне және уақытша болуына рұқсатты, Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі уәкілетті органның қорытындысы болған жағдайда, бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.
      Миссионер өкілдік ететін діни бірлестік оның тұратын елінде, сол елдің заңнамасына сәйкес ресми тіркелген болуға тиіс.
      3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың шеңберінде, Қазақстан Республикасына қайырымдылық, гуманитарлық көмек көрсету және гранттар беру мақсатымен келетін волонтерлер мен көшіп келушілердің келуіне рұқсатты Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері, Қазақстан Республикасында тіркелген халықаралық ұйым өкілдігінің, не болу елінде, осы елдің заңнамасына сәйкес ресми тіркелген шетелдік үкіметтік емес ұйымның (қордың) қолдаухаты негізінде, бір жылға дейінгі мерзімге береді
      4. Гуманитарлық уәждемелер бойынша келген көшіп келушілердің, Қазақстан Республикасының аумағында, келу мақсатында көзделмеген қызметпен айналысуға құқығы жоқ.

      51-бап. Саяси уәждемелер бойынша келудің және болудың
              шарттары

      1. Баспана іздеп жүрген адамдардың келу және болу шарттары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға баспана беру және оларға босқын мәртебесін беру жөніндегі қатынастар, босқындардың Қазақстан Республикасының аумағындағы құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының босқындар туралы заңнамасымен реттеледі.
      2. Саяси баспана берудің тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

9-тарау. Туризм мақсатымен көшіп келу

      52-бап. Туризм мақсатымен келетін көшіп келушілердің келу
              шарттары

      1. Туризм мақсатымен келетін көшіп келушілерге Қазақстан Республикасына бір жылға аспайтын кезеңге, ақылы қызметпен айналыспай, сауықтыру, танымдық, кәсіптік-іскерлік, спорттық, діни және өзге де мақсаттарда келетін жеке тұлғалар (туристер) жатады.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы аумағына келген туристерге өмірі мен денсаулығын сақтандыру туралы куәлігінің болуы жөніндегі талапты белгілеуге құқылы.
      3. Туристердің келуіне рұқсатты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының келісуі бойынша, Қазақстан Республикасында тіркелген, туристік қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар туристік ұйымның қолдаухатының негізінде бір жылға дейінгі мерзімге береді. Сыртқы және ішкі істер министрліктері ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі уәкілетті органның келісуі бойынша айқындаған тізбеге енетін елдерден келетін туристердің келуіне рұқсат оңайлатылған тәртіппен - туристің өтініші негізінде беріледі.

      53-бап. Туризм мақсатымен келетін, жекелеген
              мемлекеттерден көшіп келушілерінің визасыз
              келу режимін құқықтық реттеу

      Жекелеген мемлекеттерден туризм мақсатымен келетін көшіп келушілердің визасыз келу режимін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуымен Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

10-тарау. Көшіп келушінің Қазақстан Республикасына келуіне
рұқсат беруден бас тарту және Қазақстан Республикасында тұрақты
тұруға рұқсат алу үшін жалпы негіздемелер

      54-бап. Көшіп келушінің Қазақстан Республикасына
              келуіне рұқсат беруден бас тарту
              негіздемелері

      Көшіп келушінің Қазақстан Республикасына келуіне:
      1) мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті және халықтың денсаулығын сақтау мүддесімен;
      2) егер оның іс-әрекеті конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге бағытталған болса;
      3) егер ол Қазақстан Республикасының егемендігіне қарсы шықса, ел аумағының бірлігі мен тұтастығын бұзуға үндейтін болса;
      4) егер ол мемлекетаралық, ұлтаралық және діни араздық тұтататын болса;
      5) егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қажет болса;
      6) егер оның Қазақстан Республикасында бұрын болған уақытында, шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнаманы, Қазақстан Республикасының кеден, валюта немесе өзге де заңнамаларын бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылу фактілері анықталған болса;
      7) егер ол келу туралы қолдаухатпен өтініш жасаған кезде, өзі туралы жалған мәліметтер хабарласа немесе қажетті құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде ұсынбаса, оның келуіне рұқсат беруден бас тартылуы мүмкін.
      Бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жіберілген келушілерге шығарып жіберу туралы шешім шығарылған күнінен бастан бес жылдың ішінде Қазақстан Республикасына келуге тыйым салынады.

      55-бап. Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында
              тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тарту не оның
              күшін жою негіздемесі

      Көшіп келушілерге:
      1) заңсыз келгендерге, сондай-ақ қылмыс жасағаны үшін өздері шыққан елдердің заңнамасы бойынша қудалауға ұшырағандарға;
      2) сотталғанға дейін тұрақты тұратын жері Қазақстан Республикасынан тыс болған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарға;
      3) адамзатқа қарсы қылмыс жасағандарға;
      4) оралмандарды, немесе Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында немесе Қазақстан Республикасында туған немесе бұрын оның азаматтығында тұрған, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттардың негізінде Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу құқығы бар адамдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және мөлшердегі өзінің төлем қабілеттілігі растамасын ұсынбағандарға;
      5) шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы заңнаманы бұзғандарға;
      6) мемлекетаралық, ұлтаралық және діни араздық тұтандырушыларға;
      7) әрекеттері конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған адамдарға;
      8) Қазақстан Республикасының егемендігі мен тәуелсіздігіне қарсы шыққан, оның бірлігі мен аумағының тұтастығын бұзуға шақырғандарға;
      9) террористік әрекеті, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотты болғандарға. Бұл ретте қылмыстың ауырлығы, сотты болғаны немесе болмағаны Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады;
      10) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы туралы қолдаухатпен өтініш берген кезде жалған құжаттарды ұсынған не өзі туралы алдын ала жалған мәліметтер хабарлаған немесе қажетті құжаттарды дәлелді себепсіз Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде ұсынбағандарға;
      11) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру сәтіне дейін, 5 жылдың ішінде Қазақстан Республикасынан шығарып жіберілген адамдарға;
      12) егер бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының және басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қажет болса;
      13) Қазақстан Республикасынан уақытша кеткен және Қазақстан Республикасына өздері мәлімдеген оралу мерзімінен алты ай өткенге дейін қайтып келмегендерге;
      14) тұруға ықтиярхатты алу үшін негіздеме болған және заңды күшіне енген сот шешімімен бұл неке заңсыз деп танылған жағдайда, Қазақстан Республикасы азаматтарымен некеге отырғандарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тартылады не бұрын берілген рұқсаттың күші жойылады.
      Тұруға ықтиярхат және азаматтығы жоқ адамның куәлігін беруден бас тартуға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін

3-бөлім. Халықтың ішкі көші-қоны 11-тарау. Қазақстан Республикасындағы ішкі көшіп-қонушылар

      56-бап. Ұйымдасқан түрде қоныс аударушылар және
              өздігінен ішкі көшіп-қонушылар

      Қазақстан Республикасында ішкі көшіп-қонушылар:
      1) ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасына және тұрақты тұру үшін елдің экономикалық перспективалы өңірлеріне халықты оңтайлы қоныстандыру схемасына сәйкес ұйымдасқан түрде қоныс аударылатындарға (қоныс аударушылар);
      2) өзінің жеке ерік қалауымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында ескертілген жағдайларда өздігінен қоныс аударушыларға бөлінеді.

      57-бап. Ішкі көшіп-қонушылардың негізгі құқықтары
              мен міндеттері

      1. Ішкі көшіп-қонушылардың:
      Қазақстан Республикасы заңнамасында ескертілген жағдайларды қоспағанда, елдің аумағында еркін жүріп тұру, тұратын жерін және болатын жерін таңдау еркіндігіне;
      тұру немесе болу орнын мәжбүрлі ауыстырудан қорғауға;
      жұмысқа орналасуда жәрдем көрсетуге құқығы бар.
      Жеке тұлғаларды Қазақстан Республикасының заңнамаларында көзделмеген негіздемелер бойынша мәжбүрлі қоныс аударуға жол берілмейді.
      2. Ішкі көшіп-қонушылар:
      бұрынғы тіркелген жерінен есептен шығарылған күнінен бастап, он бес жұмыс күнінің ішінде мемлекет аумағындағы тұрғылықты жері бойынша, тіркелуге міндетті;
      бір елді мекенде тіркеуі бар және бір жылдың ішінде отыз күнтізбелік күнге дейін басқа елді мекенде жүрген адамдар, бұрынғы тұрғылықты жерінен және әскери есептен тіркеуден шықпай-ақ, жүрген жері бойынша тіркеледі.

      58-бап. Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу

      1. Жеке басын куәландыратын құжаттардың иегерлері тұрғылықты жері бойынша тіркеледі, тұратын жерін ауыстырған жағдайда тіркеуден шығады.
      Азаматтың тұрғылықты жері бойынша тіркелген жері оның заңды мекенжайы болып табылады.
      Тіркеуді әділет және ішкі істер органдары жүргізеді.
      2. Тұрғылықты жері бойынша тіркеуге:
      1) Қазақстан Республикасының елдің аумағында тұрақты тұратын немесе шетелден тұрақты тұруға келетін азаматтары;
      2) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар жатады.
      3. Ішкі көшіп қонушылар уақытша болу орнында тұрғанына бір жыл өткенде он бес жұмыс күні ішінде бұрынғы тұрған жерінен тіркеуден шығуға және он бес жұмыс күні ішінде жаңа тұрғылықты жері бойынша тіркелуге міндетті.
      Қызмет міндеттерін атқаруы (емделуі) тұрғылықты тұратын жерінен тыс жерде ұзақ болуымен (бір жылдан артық) байланысты адамдардың тұрғылықты жері бойынша тіркелуі, міндеттерін бұрынғы тұрғылықты жерінен және әскери есептен тіркеуден шықпай орындау үшін қажетті мерзімге жүзеге асырылады.
      4. Тіркеу кезінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мөлшерде мемлекеттік баж алынады.
      5. Тіркеудің тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

12-тарау. Ішкі көшіп-қонушыларға жәрдем көрсету

      59-бап. Ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасын
              белгілеу және қоныс аударушы мәртебесін алу

      1. Ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасын көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      2. Ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасы ұйымдасқан түрде қоныс аударатын Қазақстан Республикасының азаматтары отбасыларының шекті санын, олардың қоныс аударушыларды қабылдау үшін белгіленген экономикалық перспективалы елді мекендерге қоныс аударатын әкімшілік-аумақтық бірліктерді айқындайды.
      3. Ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасына енгізу және қоныс аударушы мәртебесін беру отбасы басшысының немесе кәмелетке толған отбасы мүшелері біреуінің халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен берген өтінішінің негізінде жүзеге асырылады.

      60-бап. Қоныс аударушыларға қаржы-экономикалық және
              әлеуметтік жәрдем көрсету

      1. Қоныс аударушыларды қабылдау мүмкіндіктерін ұлғайту және қажетті әрі тартымды өмір сүру жағдайларын жасау мақсатында мемлекет ішкі көшіп-қонушылардың ұйымдасқан түрде қоныс аударуы үшін белгіленген өңірлердің өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ететін нысандарын дамытуды инвестициялауды жүргізеді.
      2. Халықтың көші-қоны жөніндегі уәкілетті орган ішкі көшіп-қонушылардың квотасына енген азаматтарға, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен:
      1) тұрақты тұратын жеріне жол жүру және мүлкін (оның ішінде малын) тасымалдау шығыстарын қамтитын біржолғы жәрдемақы;
      2) тұрғын үй салуға, қалпына келтіруге немесе сатып алуға жеңілдікті несие займдары белгіленеді.

4-бөлім. Эмиграция 13-тарау. Қазақстан Республикасының азаматтарына елден
кетуге рұқсат берудің шарттары мен тәртібі

      61-бап. Елден тыс жерге кететін Қазақстан Республикасы
              азаматтарының санаттары

      Елден тыс жерге кететін Қазақстан Республикасының азаматтары екі санатқа бөлінеді:
      1) басқа мемлекетке тұрақты тұру үшін кететін Қазақстан Республикасының азаматтары;
      2) басқа мемлекетке уақытша тұру үшін кететін Қазақстан Республикасының азаматтары.
      Басқа мемлекетке уақытша тұру үшін кететін Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің қызметкерлері, шетелде уақытша еңбек қызметін жүзеге асырушы Қазақстан Республикасының азаматтары, бітімгершілік парызын орындаушы әскери қызметшілер, халықаралық ұйымдардың жанындағы Қазақстан Республикасына бекітілген лауазымдарға квоталармен тағайындалғандар, сондай-ақ, ұйымдар мен жеке адамдардың шақыруы бойынша оқуда, емделуде, туристік және жеке сапарда, шет елдерде қызметтік іссапарда жүрген адамдар жатады.

      62-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының елден тыс
              жерге кетуінің шарттары мен тәртібі

      1. Қазақстан Республикасының әрбір азаматының Қазақстан Республикасынан тыс жерге кетуге және Қазақстан Республикасына кедергісіз қайтуға құқығы бар. Кету және келу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасынан тұрақты тұруға кету ішкі істер органдарының рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасынан тыс жерге уақытша тұруға кету кезінде ішкі істер органдарының рұқсаты талап етілмейді.
      3. Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кету туралы өтінішті аумақтық ішкі істер органдарына, он сегізге толған, ал некеде тұратындар - он алты жастан бастап, Қазақстан Республикасы азаматтары жеке өздері береді. Балалар мен сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар үшін құжаттарды, олардың заңды өкілдері (ата-аналары, қамқоршылары, қорғаншылары) береді.
      4. Аумақтық ішкі істер органдары Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кету туралы өтініш берген азаматтарда, Қазақстан Республикасынан тыс жерге кетуіне рұқсат беруден бас тарту негіздемесінің болмауына тексеру жүргізеді.
      Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кету туралы өтініш берген азаматтарға қатысты ішкі істер органдарының сұрауларын мүдделі мемлекеттік органдар он күндік мерзімде қарайды.
      Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуге рұқсат беру туралы шешім, барлық құжаттар ұсынылған күннен бастап бір айлық мерзімнен кешіктірілмей, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қабылданады.
      5. Басқа мемлекетке тұрақты тұру үшін кететін Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасынан кетуімен байланысты шығыстарды қаржыландыру көшіп кетушілердің меншікті қаражатының есебінен жүзеге асырылады, сондай-ақ егер бұл Қазақстан Республикасы заңнамасына қайшы келмесе, басқа да көздерден жүзеге асырыла алады.
      6. Қазақстан Республикасынан басқа мемлекетке тұрақты тұруға кететін Қазақстан Республикасының азаматтары, өздеріне және өздерінің отбасы мүшелеріне мүліктік меншік құқығымен тиесілі мүлікті және соларға теңестірілген мүліктік игіліктерді өз қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес әкетуге құқылы.
      7. Мемлекет үшін мәдени, тарихи немесе өзге де құндылығы бар заттарды Қазақстан Республикасынан тыс әкету Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен реттеледі.
      8. Қазақстан Республикасынан басқа мемлекеттерге тұрақты тұруға кететін адамдардың Қазақстан Республикасы аумағындағы мүлкіне құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.

      63-бап. Қазақстан Республикасының азаматтарына елден
              тұрақты тұру орнына кетуге рұқсат беруден бас
              тарту негіздемесі

      Қазақстан Республикасының азаматына мынадай жағдайларда, егер ол:
      1) мемлекеттік және өзге де қорғалатын құпияны құрайтын деректерді білетін және өзінің Қазақстан Республикасынан тыс кету фактісі туралы тиісті уәкілетті органдарды хабардар етпеген болса - осы мән-жайлардың қолданылуы тоқтатылғанға дейін;
      2) қылмыс істеген деген күмән бойынша ұсталған не кінәлі ретінде тартылған болса - іс бойынша шешім шығарылғанға дейін немесе сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін;
      3) қылмыс істегені үшін сотталған болса - жазасын өтегенге дейін немесе жазадан босатылғанға дейін;
      4) өзіне сот жүктеген міндеттемелерді орындаудан жалтарған болса - бұл міндеттемелер тоқтатылғанға дейін;
      5) міндетті әскери қызметін өткеріп жүрген болса - осы қызметін өткеру аяқталғанға дейін немесе Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес одан босатылғанға дейін;
      6) Қазақстан Республикасынан кету үшін құжаттарды ресімдеу кезінде өзі туралы қасақана жалған деректерді хабарлаған болса - бас тартуға негіздеме болған себептер жойылғанға дейін және дұрыс деректерді ұсынғанға дейін;
      7) азаматтық сот өндірісінде жауапкер ретінде табылатын болса - іс бойынша шешім шығарылғанға дейін немесе сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін, оған Қазақстан Республикасынан тұрақты тұру үшін кетуге рұқсат беруден уақытша бас тартылады.
      Қазақстан Республикасы азаматының салық берешегі болған жағдайда, оған Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуге рұқсат беруден бас тартылады.

      64-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жерде жүрген
              Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары
              мен міндеттері

      Қазақстан Республикасынан тыс жерде жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының Конституцияда, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен белгіленген, Республика аумағында тұрақты тұрып жатқан Республика азаматтарымен теңдей барлық құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ барлық міндеттері болады.
      Қазақстан Республикасы өзінің азаматтарына одан тыс жерлерде қорғауға және қамқорлық жасауға кепілдік береді.

5-бөлім. Заңсыз көші-қонның алдын алу, көші-қон туралы
заңнаманы бұзушылық үшін жауаптылық және дауларды
шешу 14-тарау. Заңсыз көші-қонның алдын алу

      65-бап. Заңсыз көші-қонның алдын алу және құқықтық
              мәртебесі реттелмеген көшіп-қонушыларды
              заңдастыру шаралары

      1. Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағына кіруі олар кіру, келу, болу және транзиттік жол жүру заңнамасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттардың талаптарын орындаған жағдайда мүмкін болады.
      2. Уәкілетті мемлекеттік органдар көші-қонды бақылауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шекарасынан заңсыз өткен, Қазақстан Республикасы аумағында заңсыз жүрген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағына кіруге тыйым салынған адамдардың есебін жүргізуді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
      3. Ерекше жағдайларда, Қазақстан Республикасының тиісті заңдарын қабылдау арқылы, Қазақстан Республикасы аумағында жүрген құқықтық мәртебесі реттелмеген көшіп-қонушылардың жекелеген санаттарын заңдастыру жөніндегі біржолғы акциялар, бірақ бес жылда бір реттен асырылмай өткізілуі мүмкін.
      Мұндай заңдастырудың Қазақстан Республикасына Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзып кірген адамдарға қолданылмауы, оның міндетті шарты болып табылады.

15-тарау. Қазақстан Республикасының көші-қон туралы
заңнамасын бұзушылық үшін жауаптылық

      66-бап. Қазақстан Республикасының көші-қон туралы
              заңнамасын бұзушылық үшін жауаптылық

      Осы Заңның ережелерін бұзушылық Қазақстан Республикасының Заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      67-бап. Заңсыз көшіп-қонушыларды шығарып жіберу

      1. Заңсыз көшіп қонушылар Қазақстан Республикасынан тыс өздерінің шығу мемлекетіне (шетелдіктің азаматтығы немесе азаматтығы жоқ адамның тұрақты тұру еліне) Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес шығарып жіберілуге тиіс.
      Шығарып жіберу туралы шешімді сот қабылдайды.
      Заңсыз көшіп-қонушыларды ұстауға және оларды ішкі істер органдарының арнаулы мекемелерінде шығарып жіберу үшін қажетті мерзімге ұстауға, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жол беріледі.
      2. Шығарып жіберу жөніндегі шығыстарды шығарып жіберілетін заңсыз көшіп-қонушылар, не заңсыз көшіп-қонушыны Қазақстан Республикасына шақырған ұйым немесе жеке тұлға көтереді. Аталған адамдарда шығарып жіберу жөніндегі шығыстарды өтеуге қаражат болмаған не жеткіліксіз болған жағдайларда, тиісті іс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
      Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес кіру құқығынсыз кірген адамдарды Қазақстан Республикасы аумағынан әкетуге, осы адамдарды әкелген көлік ұйымы жауапты болып табылады.

16-тарау. Дауларды шешу

      68-бап. Дауларды шешу

      Уәкілетті органдардың және/немесе олардың лауазымды тұлғаларының шешімдері мен әрекеттеріне жоғары тұрған мемлекеттік органдарға (жоғары тұрған лауазымды тұлғаларға) және/немесе сотқа Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес шағым жасауға болады.

6-бөлім. Қорытынды ережелер 17-тарау. Қорытынды ережелер

      69-бап. Осы Заңның қолданылу тәртібі

      1. Осы Заң ол қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған қатынастарға қолданылады.
      2. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін уәкілетті мемлекеттік органдар берген құжаттар өзінің қолданылуын сақтайды.

      70-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 8-баптың 3) тармақшасын, 56-баптың 1) тармақшасын, 59, 60-баптарды қоспағанда, алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      2. «Халықтың көші-қоны туралы» 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 24, 341-құжат; 2001 ж., № 8, 50-құжат; № 21-22, 285-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 6, 76-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2007 ж., № 3, 23-құжат; № 15, 106-құжат; № 20, 152-құжат, 2008 ж., № 23, 114-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады