"Жанғыш, уытты, сұйытылған газ құбыржолдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" техникалық регламентін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 29 қаңтардағы № 36 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 30 қаңтардағы № 29 қаулысымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 30.01.2017 № 29 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Жанғыш, уытты, сұйытылған газ құбыржолдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" техникалық регламенті бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі К. Мәсімов



  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 29 қаңтардағы
№ 36 қаулысымен
бекітілген

"Жанғыш, уытты, сұйылтылған газ құбыржолдарының
қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" техникалық регламенті
1. Қолданылу саласы

      1. Осы "Жанғыш, уытты, сұйылтылған газ құбыржолдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" техникалық регламенті (бұдан әрі - Техникалық регламент) жанғыш, уытты, сұйылтылған газ кұбыржолдарының қауіпсіздігі мен олардың тіршілік циклінің үдерісіне қойылатын талаптарды белгілейді.

      2. Жанғыш, уытты, сұйылтылған газ құбыржолдарын бірдейлендіру жиынтығында айырып тану үшін жеткілікті болатын таңбалануы мен ілеспе құжаттары бойынша, белгілері, өлшемдері, көрсеткіштері мен талаптары бойынша осы Техникалық регламентке қосымшада келтірілген Қазақстан Республикасы Сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасы (бұдан әрі - ҚР СЭҚ ТН) кодтарын пайдалану жолымен жүргізіледі.

      3. Жанғыш, уытты, сұйылтылған газ құбыржолдарын (бұдан әрі - құбыржолдар) салу және пайдалану кезінде туындайтын қауіпті факторлар (қатерлер):

      құбыржолда қысымның артуы;

      тасымалданатын орта температурасының артуы;

      тасымалданатын ортаның агрессиялығы;

      тасымалданатын ортаның жарылыс-өрт қауіптілігі;

      қолданылатын материалдар мен бұйымдар қасиетінің жоғалуы (беріктілік, суыққа төзімділік, тоттануға төзімділік);

      қоршаған ауаның теріс температурасы.

      4. Қатерлерді азайту құбыржолдар мен олардың құрамаларын жобалау, дайындау, монтаждау, пайдалану, жөндеу және кәдеге жарату сатыларында жүзеге асырылуы тиіс.

2. Терминдер мен анықтамалар.

      5. Осы Техникалық регламентте техникалық реттеу және өнеркәсіптік қауіпсіздік салаларындағы заңнамада белгіленген терминдер мен анықтамалар, сондай-ақ тиісті анықтамаларымен мынадай терминдер қолданылады:

      1) құбыржол - өзара нығыз және берік қосылған құбырлардан тұратын және жанғыш, уытты, сұйылтылған газдарды тасымалдауға арналған құбыржол тасымалының объектісі;

      2) құбыржол тасымалының объектілері - құбыржолдарды, ғимараттарды, негізгі және қосымша құрал-жабдықтарды, қондырғыларды және оның қауіпсіз және сенімді пайдаланылуын қамтамасыз ететін қондырғыларды қамтитын технологиялық кешен.

3. Нарықтағы өнім айналымының шарттары

      6. Құбыржолдар, егер олар осы Техникалық регламенттің талаптарына сәйкес болса және адам өміріне, денсаулығына және қоршаған ортаға залал келтірмесе, пайдаланылуға жатады.

      7. Әрбір құбыржолға мыналарды қамтуы тиіс толық және анық ілеспе құжаттама ұсынылады:

      1) өнімге жобалық құжаттар мен паспорт;

      2) құбыржолдарды монтаждау жөніндегі нұсқаулық;

      3) құбыржолдарды пайдалану жөніндегі нұсқаулық.

      8. Дайындаушының пайдалану жөніндегі нұсқаулығы қауіпсіздікке қатысты құбыржолдарды пайдаланушы тарапынан бақылауды қоса алғанда, пайдалануға беру, пайдалану, техникалық қызмет көрсету ақпаратын қамтиды.

      9. Дайындаушының пайдалану жөніндегі нұсқаулығында құбыржолдарды дұрыс пайдаланбау нәтижесінде пайда болуы мүмкін қауіптіліктер (қатерлер) туралы ақпарат келтіріледі.

      10. Дайындаушының пайдалану жөніндегі нұсқаулығында құбыржолдардың пайдалану мерзімін анықтайтын олардың нақты өлшемдері көрсетіледі.

      11. Таңбалау "Буып-түюге, таңбалауға, затбелгі жапсыруға және оларды дұрыс түсіруге қойылатын талаптар" техникалық регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 21 наурыздағы № 277 қаулысының талаптарына сәйкес жүргізіледі.

4. Жобалау, құрылыс, пайдалану кезіндегі
қауіпсіздікке қойылатын талаптар

      12. Құбыржолдардың құрылысы, сондай-ақ пайдалануға беру мен қабылдау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      13. Құрылыс аяқталған кезде құбыржолдар қосылған жерлер мықтылығы мен тығыздығына жобалық құжаттама мен нормативтік құжаттарға сәйкес сыналуға жатады.

      14. Құбыржолдар мен олардың элементтерін, құбыржолдарды қорғауды қоса алғанда, құбыржолдар құрылысы мен пайдалану үдерісінде туындайтын барлық қауіпті өндірістік факторлар анықталады.

      15. Барлық факторлар үшін есептеу немесе талдамалы және қажеттілігі болғанда, эксперименттік әдістермен қатерді бағалау жүргізіледі.

      16. Жүргізілген қатерді бағалауды ескере отырып, құбыржолдар үшін, құбыржолдар құрылысы мен пайдалану кезінде оны рұқсат етілген деңгейге дейін төмендету және қатерді жою үшін шаралар кешені анықталады.

      17. Қатерді рұқсат етілген деңгейден төмендету мүмкін болмаған кезде жобалық құжаттамада адам өмірі мен денсаулығын және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шаралар жүйесі көзделеді.

      18. Құбыржолдарды жобалау кезінде мынадай факторлар мен әсерлер ескеріледі:

      1) құбыржолдардың ішкі және сыртқы тоттануы;

      2) құбыржолдар тасымалының объектілерінде қолданылатын құбыржолдар элементтерінің сенімділігі, құбырлар қабырғаларының қалыңдығы, металдың тозу, дайындау технологиясы, материал, пайдалану ұзақтығы;

      3) құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы (соның ішінде жұмысты өндіру шарттары, шытынаудың пайда болуы мен таралуы, монтаждау үдерісінде құбырлар мен пісірілген жерлердің мыжылуы, құбыржол қалпының беріктігінің жоғалуы);

      4) құрылымдық-технологиялық ерекшеліктер - қысымның көтерілуінен қорғау, ағуды табу жүйесі;

      5) сыртқы табиғат әсерлері - жер сілкіну, көшкіндер, топырақ жағдайы, мұздану, құбыржолдар бөлшектерінде радиоактивті жатындардың пайда болуы, гидрометеорологиялық, сейсмикалық және геологиялық қауіптер;

      6) құбыржолдар тасымалы объектілерінің елді мекендерге, су бөгеттеріне, қорықтарға, экологиялық осал объектілерге әсері;

      7) қоршаған ортаның ықтимал ластануы, құбыржолдарды салу, қалпына келтіру және пайдалану кезінде топырақтың құнарлы қабатының, өсімдік жабынының бұзылуы;

      8) зақымдаушы - жарылыс, аварияларды жайылтпау және олардың салдарын жою кезінде термикалық сәулелену, улы зақымдану, жарқыншақтың шашылуы, сондай-ақ өсімдік бетінің бұзылуы;

      9) құбыржолда мұз және басқа да тығындардың пайда болуы.

      19. Құбыржол жолы жобалау сатысында құбыржолдарды салу және пайдалану кезінде авариялардың ықтимал салдарын және адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға жағымсыз әсерін төмендету мақсатында қатерлерді бағалау нәтижесі негізінде таңдалады.

      20. Құбыржолдардың сыртқы бетін тоттанудан қорғау түрі мен жүйесін таңдау адамдар денсаулығы мен қоршаған орта үшін оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету шартымен пайдаланудың жобалау мерзімінде жүзеге асырылады.

      21. Пісірілген қосылыстардың термикалық өңделуін орындау қажеттілігі және оның режимдері (қыздыру жылдамдығы, төзімділік кезіндегі температура, төзімділік ұзақтығы, салқындату жылдамдығы, салқындату ортасы) жобалық құжаттамада көрсетіледі.

      22. Құбыржолдарды монтаждау кезінде материал сапасына, құбырлар, құбыржолдар мен арматуралар бөлшектеріне олардың сертификаттарға сәйкестігіне ішкі бақылау, орындалған жұмыстардың сапасын операциялық бақылау жүзеге асырылады. Бақылау нәтижелері бұйым сапасы мен орындалған жұмыстарды растайтын барлық құжаттарды қоса, актімен ресімделеді.

      23. Тіректер мен аспалар адамдар денсаулығы мен қоршаған орта үшін құбыржолдарды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету шартымен барлық болуы мүмкін жүктеме түріне есептеледі.

      24. Темір жолдарды, автожолдарды, өтетін жолдар мен ғимараттарды қиып өтетін құбыржолдарды монтаждау олардың иелерінің келісімімен жүргізіледі.

      25. Құбыржолдарды және олардың элементтерін монтаждау кезінде пісіру қосылыстарымен қажетті пайдалану мықтылығын қамтамасыз ететін пісірудің барлық түрлерін қолдануға рұқсат беріледі.

      26. Құбыржолдардың барлық монтаждық пісірілген қосылыстары құбыржолдың немесе оның телімінің өлшемдеріне байланыссыз бөлшектелмейтін әдіспен бақыланады.

      27. Монтаждық және пісіру жұмыстары, термоөңдеу, бөлшектелмейтін әдістермен пісіру қосылыстарының сапасын бақылау, барлық тіректерді, аспаларды орнату және түпкілікті бекіту және орындалған жұмыстардың сапасын растайтын құжаттарды ресімдеу аяқталғаннан кейін құбыржолдар сыртынан көзбен шолып қарауға, мықтылығы мен тығыздығына сынауға және қажеттілігі болғанда қысымның төмендеуін анықтаумен герметикалыққа қосымша сыналуға жатады.

      28. Сыналуға құбыржол толығымен тартылады, құбыржолды жеке учаскелері бойынша сынауды жүргізуге рұқсат беріледі.

      29. Құбыржолдарды мықтылық пен тығыздыққа сынау жобалық құжаттамаға сәйкес гидравликалық немесе пневматикалық тәсілмен жүргізіледі.

      30. Құбыржолдар жұмысты ұйымдастыру жобасының нұсқауларына сәйкес жуылады немесе үрленеді.

      31. Құбыржолдарды мықтылық пен тығыздыққа кезеңді сынау құбыржолдарға тексеріс жүргізген уақытта жүргізіледі.

      32. Құбыржолдарға тексеріс жүргізу мерзімдері құбыржолдардың тоттану-эрозиялық тозу жылдамдығына, пайдалану шартына, алдындағы қарау мен тексерістің нәтижелеріне байланысты белгіленеді. Құбыржолдарға тексеріс жүргізу кезеңділігі жобалық құжаттамамен анықталады.

      32. Жоғары қысымды (10 МПа (100 кгс/см2) артық) құбыржолдар үшін тексерістің мынадай түрлері көзделеді: ішінара және толық. Таңдамалы тексерістің мерзімдері пайдалану шартына байланысты, бірақ 4 жылына бір реттен жиі болмай белгіленеді.

      Құбыржолдарға бірінші ішінара тексеріс, әдетте, құбыржол пайдалануға берілгеннен кейін кемінде 2 жылдан кешіктірмей жүргізілген жөн.

      Ішінара тексерістің қанағаттанарлықсыз нәтижелері кезінде құбыржолға толық тексеріс белгіленеді.

      33. Егер жоғары қысымды құбыржолдың толық тексерісі кезінде құбыржол қабырғасының алғашқы қалыңдығы тоттану немесе эрозия әсерінен төмендеген болса, пайдалану мүмкіндігі мықтылығына есептеумен расталады.

      34. Тексеру жүргізілгеннен кейін жүргізілген тексеріс туралы барлық хаттамалар мен қорытындылар қоса берілген актілер жасалады. Тексеріс нәтижелері құбыржол паспортына жазылады, ал тексеріс актісі оған қоса беріледі.

      35. Жобалық пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін құбыржол техникалық жағдайына қарамастан, пайдалану мүмкіндігі мен мерзімін ұзартуды белгілеу, жөндеу қажеттілігін немесе пайдалануды тоқтатуды анықтау мақсатында өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасына тартылады.

5. Пайдаланудан шығару және кәдеге жарату
кезіндегі қауіпсіздік талаптар

      36. Құбыржолдарды пайдаланудан шығару кезінде оның элементтерін кәдеге жарату жобалық құжаттамаға сәйкес жүргізіледі.

      37. Пайдаланудан шығарылған құбыржолдарды тұтынушы оның элементтерін қолдануды (пайдалануды) болдырмау үшін шаралар қабылдайды.

6. Сәйкестікті растау

      38. Сәйкестікті растау Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес және "Сәйкестікті растау рәсімдері" техникалық регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 4 ақпандағы № 90 қаулысының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

7. Техникалық регламентті қолданысқа енгізу
мерзімдері мен шарттары

      39. Осы Техникалық регламенттің талаптарын орындау үшін қолданылатын стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттар мен олардың құзыреті шегінде қалыптастырылатын мемлекеттік органдардың өзге де құжаттары Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен үйлестіріледі.

      40. Орталық және жергілікті атқарушы органдар өз нормативтік құқықтық актілерін осы Техникалық регламентке сәйкес келтіруді, сондай-ақ олардың бейімделген енгізілуін қамтамасыз етсін.

      41. Осы Техникалық регламент алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

  Техникалық регламентке
қосымша

Осы Техникалық регламент талаптары қолданылатын
өнімдер түрінің тізбесі

ҚР СЭҚ ТН коды

Өнімнің атауы

1

2

6906 00 000 0

Қыш құбырлар, оқшауланған құбыр желілері, су бұрғыштар және түтіктердің фитингтері

8481

Редукциялық немесе термореттегіш клапандарды қоса алғанда, құбырларға, қазандықтарға резервуарларға, цистерналарға, бактарға немесе осыған ұқсас ыдыстарға арналған шүмектер, клапандар, шұралар және осыған ұқсас арматура:

8481 10

- қысымды реттеуге арналған редукциялық клапандар:

8481 10 190 0

- - - шойыннан құйылған немесе болаттан құйылған

8481 30

- кері клапандар (қайтарымсыз):

8481 30 910 0

- - шойыннан құйылған немесе болаттан құйылған

8481 40

- сақтандырғыш немесе жеңілдету клапандары:

8481 40 100 0

- - шойыннан құйылған немесе болаттан құйылған

8481 80

- өзге де арматура:

8481 80 610 0

- - - - - шойыннан құйылған

8481 80 63

- - - - - болаттан құйылған:

8481 80 631 0

- - - - - - айналадағы ауаның температурасы - 40оС және одан төмен, қысым 16 Па және одан жоғары болған кезде, күкіртті сутегі ортада (Н2S) жұмыс істеуге арналған

8481 80 632 0

- - - - - - айналадағы ауаның температурасы - 55оС және одан төмен, қысым 80 Па және одан жоғары болған кезде жұмыс істеуге арналған

8481 80 710 0

- - - - - шойыннан құйылған

8481 80 73

- - - - - болаттан құйылған:

8481 80 731 0

айналадағы ауаның температурасы - 40оС және одан төмен, қысым 16 Па және одан жоғары болған кезде, күкіртті сутегі ортада (Н2S) жұмыс істеуге арналған

8481 80 732 0

- - - - - - айналадағы ауаның температурасы — 55оС және одан темен, қысым 80 Па және одан жоғары болған кезде жұмыс істеуге арналған

8481 80 81

- - - - крандар:

8481 80 811 0

- - - - - және одан төмен, қысым 16 Па және одан жоғары болған кезде, күкіртті сутегі ортада (Н2S) жұмыс істеуге арналған

8481 80 812 0

- - - - - - айналадағы ауаның температурасы - 55оС және одан төмен, қысым 80 Па және одан жоғары болған кезде жұмыс істеуге арналған

8481 80 850

- - - - дискілі айналмалы ысырмалар:

8481 80 850 1

- - - - - айналадағы ауаның температурасы - 40оС және одан төмен, қысым 16 Па және одан жоғары болған кезде, күкіртті сутегі ортада (Н2S) жұмыс істеуге арналған

8481 80 850 2

- - - - - айналадағы ауаның температурасы - 55оС және одан темен, қысым 80 Па және одан жоғары болған кезде жұмыс істеуге арналған

8481 80 870 0

- - - - мембраналы арматура


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады