Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 3 ақпандағы № 65 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2009 жылғы 15 қыркүйекте Астана қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
 
Премьер-Министрі
К. Мәсімов

      

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 3 ақпандағы
№ 65 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік
Республикасының Үкіметі арасындағы Білім саласындағы
ынтымақтастық туралы келісім (2010 жылғы 12 ақпанда күшіне енді - СІМ-нің ресми сайты)

      Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі,
      білім саласындағы екі жақты қарым-қатынастарды дамытуға ұмтылысты ескере отырып,
      тиісті академиялық және білім беру қажеттіліктерін негізге ала отырып,
      тең әрі өзара тиімді қағидаттарға сәйкес осы Келісімге қол қоюға шешім қабылдай отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар Тараптар мемлекеттерінің білім беру ұйымдары арасындағы қарым-қатынастардың дамуын қолдайды.
      Тараптар ынтымақтастықты мындай бағыттар бойынша жүзеге асырады:
      техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындары арасында өзара тиімді келісімдер жасасу;
      оқу әдебиеттерімен, брошюралармен, мерзімді басылымдармен, компьютерлік бағдарламалармен, фильмдермен және жоғары білім мен ғылыми зерттеулерге байланысты өзге де материалдармен алмасу және оларды ұсыну;
      көрмелер, конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру және өткізу;
      зерттеу бағдарламаларына және жарияланымдарға рұқсат беруді ұйымдастыру;
      Тараптар мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында білім алатын әкімшілер, ғылыми-педагогикалық қызметкерлер үшін оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру;
      оқушылармен, ғылыми-педагогикалық қызметкерлермен алмасу;
      ақпараттық технологиялар, компьютерлік білімдер, математика және басқа да салаларда өзара көмек беру
      Білім берудің басқа да салаларындағы ынтымақтастық Тараптардың келісім бойынша анықталады.
      Тараптар жыл сайын білім алушылармен баламалы негізде алмасады. Жыл сайын әр мемлекеттен білім алушылардың жалпы санын 3 адамнан аспайды.
      Бакалавриат бағдарламасы бойынша білім алушылардың санын және оларды оқыту мерзімін қабылдаушы Тарап аумағында оқу орны орналасқан мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес айқындайды.
      Қабылдаушы Тарап білім алушыларды оқығаны және оқу құралдарын пайдаланғаны үшін ақы төлеуден босатады. Жатақханада тұру шығыстары, стипендия төлеу және медициналық көмек көрсету қабылдаушы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Қазақстандық білім алушылардың екі жаққа көлік шығыстары мен келу визаларын ресімдеу білім алушылардың өз қаражаты есебінен төленеді.
      Вьетнамдық білім алушылардың екі жаққа көлік шығыстары мен келу визаларын ресімдеу Вьетнамның мемлекеттік бюджеті есебінен төленеді.
      Қабылдаушы Тарап жіберуші Тарапты жыл сайын 28 ақпанға дейін білім алушыларды қабылдау мүмкіндігі туралы хатпен хабардар етеді.
      Жіберуші Тарап оқуға жіберілетін үміткерлердің тізімін жыл сайын қабылдаушы Тарапқа 30 сәуірге дейін береді.
      Қабылдаушы Тарап жіберуші Тарапты жыл сайын 30 маусымға дейін үміткерлерді қабылдау туралы хабардар етеді, сондай-ақ қабылдаушы оқу орындарының атауын және оқу мерзімін хабарлайды.
      Жіберуші Тарап оқу басталғанға дейін екі аптадан кешіктірмей қабылдаушы Тарапқа стипендиаттардың келетін күнін хабарлайды.
      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 02.12.2016 № 763 қаулысымен.

2-бап

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары шеңберінде іске асырылады.
      Осы Келісімнің ережелері өз мемлекеттері қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

3-бап

      Осы Келісімде көзделген іс-шараларды іске асыру Тараптар мемлекеттерінің мүдделі білім беру ұйымдары арасында тікелей шарттар жасасу негізінде жүзеге асырылады, онда олардың құқықтары, міндеттері және жауапкершіліктері айқындалуы тиіс.

4-бап

      Осы Келісім шеңберінде іске асырылатын барлық іс-шаралар Қазақстан тарапынан - мүдделі білім беру ұйымдарының бюджеттен тыс қаражатының, Вьетнам - тарапынан мүдделі білім беру ұйымдарының қаржы қаражатының есебінен жүзеге асырылады.

5-бап

      Тараптар екі мемлекеттің де азаматтарына білім алушылардың өз қаражаты есебінен жоғары оқу орындарында оқуын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

6-бап

      Тараптар оқытушылармен академиялық алмасу жолымен Вьетнам Социалистік Республикасының оқу орындарында қазақ тілін және Қазақстан Республикасының оқу орындарында Вьетнам тілін үйрену үшін жағдайлар жасауға жәрдемдеседі.

7-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімінің ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

8-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру әрі қолдануға қатысы кез келген даулар Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер жолымен шешіледі.

9-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бір де біреуі ағымдағы 5 жыл кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын оның қолданысын ұзартпауға өзінің ниеті туралы жазбаша хабарламаны басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жібермесе, келесі бес жыл кезеңге өздігінен ұзартылады.
      Осы Келісімнің қолданысын тоқтату оның қолданысын тоқтату күніне дейін аяқталмаған, оның шеңберінде жүзеге асырылатын жобаларға әсер етпейді.
      2009 жылғы 15 қыркүйекте Астана қаласында әрқайсысы қазақ, Вьетнам және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды және де барлық мәтіндер тең дәлме-дәл болып табылады.
      Осы Келісім ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

Қазақстан Республикасының
Вьетнам Социалистік
Үкіметі үшін
Республикасының Үкіметі үшін

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады