Үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейлердегі халықаралық іс-шараларды, шетелдермен ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссиялардың (комитеттердің, кеңестердің) және олардың кіші комиссияларының (кіші комитеттерінің, жұмыс топтарының) отырыстарын ұйымдастыру мен өткізу, сондай-ақ үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейдегі уағдаластықтарды іске асыру қағидасын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 11 қарашадағы № 1190 Қаулысы.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуы туралы ақпаратты дайындау және оны Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына ұсыну, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдар шешімдерінің жобаларын келісу және оларды іске асыру, Біріккен Ұлттар Ұйымы Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің арнайы рәсімдерімен және адам құқықтары жөніндегі шарттық органдармен өзара іс-қимыл, Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін Қазақстан Республикасының халықаралық іс-шараларын дайындау, қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау, халықаралық сот органдарымен өзара іс-қимыл және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының халықаралық қызметін үйлестіруді жүзеге асыру мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 12 тамыздағы № 1037 Жарлығының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейлердегі халықаралық іс-шараларды, шет елдермен ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссиялардың (комитеттердің, кеңестердің) және олардың кіші комиссияларының (кіші комитеттерінің, жұмыс топтарының) отырыстарын ұйымдастыру мен өткізу, сондай-ақ үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейдегі уағдаластықтарды іске асыру қағидасы бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 11 қарашадағы
№ 1190 қаулысымен
бекітілген

Үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейлердегі халықаралық
іс-шараларды, шет елдермен ынтымақтастық жөніндегі
бірлескен үкіметаралық комиссиялардың (комитеттердің,
кеңестердің) және олардың кіші комиссияларының (кіші
комитеттерінің, жұмыс топтарының) отырыстарын ұйымдастыру
мен өткізу, сондай-ақ үкіметаралық және ведомствоаралық
деңгейдегі уағдаластықтарды іске асыру қағидасын бекіту
туралы
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағида үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейлердегі халықаралық іс-шараларды, шет елдермен ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссиялар (комитеттер, кеңестер) мен олардың кіші комиссияларының (кіші комитеттерінің, жұмыс топтарының) отырыстарын ұйымдастыру мен өткізу, сондай-ақ үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейлердегі уағдаластықтарды іске асыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуы туралы ақпаратты дайындау және оны Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына ұсыну, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдар шешімдерінің жобаларын келісу және оларды іске асыру, Біріккен Ұлттар Ұйымы Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің арнайы рәсімдерімен және адам құқықтары жөніндегі шарттық органдармен өзара іс-қимыл, Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін Қазақстан Республикасының халықаралық іс-шараларын дайындау, қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау, халықаралық сот органдарымен өзара іс-қимыл және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының халықаралық қызметін үйлестіруді жүзеге асыру мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 12 тамыздағы № 1037 Жарлығына сәйкес әзірленді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Осы Қағиданы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік саласындағы заңнамасына сәйкес қолданады.

2. Қазақстан Республикасының үкіметаралық және ведомствоаралық
деңгейлердегі халықаралық іс-шараларын ұйымдастыру және
өткізу тәртібі

      4. Қазақстан Республикасының үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейдегі халықаралық іс-шаралары (бұдан әрі - іс-шаралар):

      1) үкіметаралық деңгейде - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, оның орынбасарларының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің басқа да мүшелерінің, Қазақстан Республикасының үкіметтік делегацияларының қатысуымен;

      2) ведомствоаралық деңгейде - Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары (бұдан әрі - орталық мемлекеттік органдар) басшыларының және өзге де лауазымды адамдарының қатысуымен өткізіледі.

      5. Іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу:

      1) іс-шараларды өткізу мерзімін шетелдік тараппен келісуді;

      2) іс-шаралардың мазмұндық бөлігін пысықтауды;

      3) іс-шараны өткізуді;

      4) іс-шаралар барысында шетелдік тараппен бірге қол жеткізілген уағдаластықтарды тіркеуді қамтиды.

      6. Іс-шараларды өткізудің рәсімдік қағидалары Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 12 қазандағы № 201 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік протоколымен айқындалады.

2.1. Қазақстан Республикасының үкіметаралық деңгейдегі
халықаралық іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі

      7. Егер Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, Премьер-Министр орынбасарларының немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппараты Басшысының тапсырмасында өзгеше көзделмесе, іс-шаралардың мазмұндық бөлігін пысықтауды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен оның орынбасарлары қатысатын іс-шараларды ұйымдастыруды және өткізуді, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жүзеге асырады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі және оның орынбасарлары қатысатын іс-шаралар шет елде өткізілген жағдайда, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі (бұдан әрі – СІМ) жол жүру құжаттарын және шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің визалық талаптарына сәйкес шетелдік визаларды ресімдеу үшін қажетті уақытты ескере отырып, алайда жол жүрудің жоспарланған күніне дейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына (бұдан әрі – Үкімет Аппараты) Қазақстан Республикасының делегациясы құрамының мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген жобасын енгізеді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. СІМ жоспарланған іс-шараның бағдарламасын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі және оның орынбасарлары қатысатын іс-шаралардың мазмұндық бөлігін пысықтауға мүдделі орталық мемлекеттік органдарды және ұйымдарды тартады.

      10. СІМ Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен оның орынбасарлары қатысатын іс-шара өткізілгенге дейін кемінде он жұмыс күні бұрын Үкімет аппаратына мыналарды қамтитын ақпараттық-талдамалық материалдар пакетін енгізеді:

      1) бағдарламаның жобасын;

      2) делегация құрамының жобасын;

      3) ел туралы анықтаманы;

      4) ел басшылығының өмірбаяндарын;

      5) елдің ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы анықтаманы;

      6) елдің сыртқы саясаты туралы анықтаманы;

      7) екі жақты қарым-қатынастар (халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастық) туралы анықтаманы;

      8) шарттық-құқықтық база (жасалған халықаралық шарттар тізбесі) туралы анықтаманы;

      9) үкіметаралық делегациялар басшыларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің немесе оның орынбасарларының тезистері жобасын;

      10) екі жақты бірлескен комиссияның жұмысы туралы анықтаманы (екі жақты форматтағы іс-шаралар өткізілген жағдайда);

      11) іс-шаралар үдерісінде шетелдік тарап көтеруі мүмкін мәселелер бойынша оларға қатысты қазақстандық ұстаным баяндалған ақпаратты;

      12) қол қою жоспарланып отырған құжаттар тізбесін (құжаттардың ағымдағы сәттегі жай-күйі туралы ақпаратты, құжаттардың аңдатпасын);

      13) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің шет елдерге сапары кезінде баратын ел басшыларының атына алғыс хаттардың жобаларын (қажет болған жағдайда);

      14) жоспарланатын сөз сөйлеу жобаларын;

      15) бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын талдауды;

      16) баратын объектілер туралы ақпаратты қамтитын ақпараттық-талдамалық материалдар пакетін енгізеді.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. Орталық мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі және оның орынбасарлары қатысатын іс-шаралардың мазмұндық бөлігін пысықтау жөніндегі жұмысын үйлестіруді СІМ қамтамасыз етеді.

      12. СІМ Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі және оның орынбасарлары қатысатын іс-шараны өткізуге дейін кемінде елу жұмыс күні бұрын орталық мемлекеттік органдар мен ұйымдарға алдағы іс-шараларға арналған қолда бар ақпараттық-талдамалық және өзге материалдарды, сондай-ақ ұсыныстар беру туралы сұрату жібереді.

      13. Орталық мемлекеттік органдар мен ұйымдар сұрау салу келіп түскен сәттен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде немесе Үкімет Аппараты айқындаған өзге мерзімде алдағы іс-шараларға арналған қажетті ақпарат пен ұсыныстарды дайындауды және СІМ-ге ұсынуды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      14. СІМ жеті жұмыс күні ішінде ұсынылған ақпараттық-талдамалық материалдарды қарайды және қарау нәтижелері бойынша ұсынылған материалдарды келісуден өткізеді немесе ескертпелері болған жағдайда оларды пысықтау үшін орталық мемлекеттік органға жолдайды.

      15. Орталық мемлекеттік органдар үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ақпараттық-талдамалық материалдар пакетін пысықтайды және оны қайтадан келісу үшін СІМ-ге жібереді.

      16. СІМ пысықталған ақпараттық-талдамалық материалдарды қарайды және оларды Үкімет Аппаратына енгізеді.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      17. Егер Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен оның орынбасарлары қатысатын іс-шара өткізілетін мерзім Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен оның орынбасарлары қатысатын іс-шара өткізілгенге дейін он жұмыс күнінен аз уақыт қалғанда айқындалса, іс-шаралардың мазмұндық бөлігін пысықтау Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, оның орынбасарлары немесе Үкімет Аппаратының Басшысы айқындайтын мерзімдерде қамтамасыз етіледі.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      18. СІМ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, оның орынбасарларының шетелдік тараптармен келіссөзі (кездесуі) барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды тіркейді және олар өткізілген күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде Үкімет Аппаратына қол жеткізілген уағдаластықтар (әңгімелесу жазбасы) туралы, сондай-ақ осы іс-шаралар уақытында талқыланған өзге де мәселелер бойынша ақпарат жібереді.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      19. СІМ Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен оның орынбасарлары қатысатын іс-шараларды дайындау және ұйымдастыру кезінде Үкімет Аппаратымен келісім бойынша іс-шара бағдарламасынан орталық мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісілмеген мәселелерді алып тастауға бастама жасауға құқылы.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2.2. Қазақстан Республикасының ведомствоаралық деңгейдегі
халықаралық іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі

      20. Мазмұндық бөлігін пысықтауды қоса алғанда, ведомствоаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруды және өткізуді орталық мемлекеттік органдар дербес жүзеге асырады.

      21. Ведомствоаралық деңгейдегі іс-шаралар шет елде өткізілген жағдайда орталық мемлекеттік орган жол жүру құжаттарын және шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің визалық талаптарына сәйкес шетелдік визаларды ресімдеу үшін қажетті уақытты ескере отырып, жүрудің жоспарланған күніне дейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей, СІМ-ге Қазақстан Республикасы делегациясы құрамының жобасын енгізеді.

      22. Орталық мемлекеттік орган іс-шаралардың мазмұндық бөлігін пысықтау кезінде мыналарды:

      1) бағдарламаның жобасын;

      2) делегация құрамының жобасын;

      3) ведомствоаралық делегациялар басшылары тезистерінің жобасын;

      4) екі жақты бірлескен комиссияның жұмысы туралы анықтаманы (екі жақты форматтағы іс-шаралар өткізілген жағдайда);

      5) іс-шаралар үдерісінде шетелдік тарап көтеруі мүмкін мәселелер бойынша оларға қатысты қазақстандық ұстаным баяндалған ақпаратты;

      6) қол қою жоспарланып отырған құжаттар тізбесін (құжаттардың ағымдағы сәттегі жай-күйі туралы ақпаратты, құжаттардың аңдатпасын);

      7) жоспарланатын сөз сөйлеу жобаларын;

      8) бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруды талдауды қамтитын ақпараттық-талдамалық материалдар пакетін енгізеді.

      23. СІМ ведомствоаралық деңгейдегі басқа іс-шаралар бойынша орталық мемлекеттік органның сұратуы бойынша оларға ақпараттық-талдамалық материалдар пакетін береді.

      24. Халықаралық ұйымдар шеңберіндегі іс-шараларды дайындау және ұйымдастыру, осы іс-шаралардың мазмұндық бөлігін пысықтауды қоса алғанда, халықаралық ұйымдардың құрылтайшы органдары қабылдаған қағидалар мен рәсімдерді ескере отырып жүзеге асырылады.

      25. Орталық мемлекеттік органдар ведомствоаралық деңгейдегі іс-шаралар барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды тіркейді және іс-шараларды өткізген күннен бастап жеті жұмыс күнінің ішінде СІМ-ге қол жеткізілген уағдаластықтар туралы, сондай-ақ сол іс-шаралар кезінде басқа да талқыланған мәселелер бойынша ақпаратты жолдайды.

3. Қол жеткізілген үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейлердегі уағдаластықтарды іске асыру тәртібі

      26. Қол жеткізілген үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейлердегі уағдаластықтар деп осы Қағиданың 18 және 25-тармақтарынан туындайтын уағдаластықтар, сондай-ақ:

      1) бірлескен мәлімдемелерде, декларацияларда, коммюникелерде және іс-шаралар барысында қабылданған басқа да құжаттарда;

      2) іс-шараларды өткізу нәтижелері жөніндегі хаттамаларда, меморандумдарда, ноталар мен хаттарда көрсетілген ұсыныстар мен міндеттемелер (нормативтік құқықтық сипаты жоқ) болып табылады.

      27. Үкіметаралық деңгейдегі іс-шаралар қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында СІМ қажет болған жағдайда тапсырмалар жобасын әзірлейді және оны орталық мемлекеттік органдарға келісуге жолдайды.

      Орталық мемлекеттік органдар ұсынылған тапсырмалар жобасын келіп түскен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды, оны келіседі және жобаға қатысты өз ұсыныстарын СІМ-ге жолдайды.

      СІМ он жұмыс күні ішінде тапсырмалар жобасын пысықтап, Үкімет Аппаратына жібереді.

      Ескерту. 27-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      28. Орталық мемлекеттік органдар мен ұйымдар қабылданған тапсырмаларды орындауды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды және жарты жылда бір рет 10 шілдеден және 10 қаңтардан кешіктірмей СІМ-ге олардың іске асырылуы барысы туралы есеп береді.

      29. СІМ жарты жылда бір рет 20 шілдеден және 20 қаңтардан кешіктірмей Үкімет Аппаратына қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында берілген Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, оның орынбасарлары тапсырмаларының орындалу барысы туралы жиынтық есеп ұсынады.

      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

4. Шет елдермен ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық
комиссиялар (комитеттер, кеңестер) және олардың кіші
комиссиялары (кіші комитеттері, жұмыс топтары)
отырыстарын ұйымдастыру және өткізу тәртібі

      30. Шет елдермен ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның (комитеттің, кеңестің) (бұдан әрі - үкіметаралық комиссия) мәжілісін өткізу туралы шешімді үкіметаралық комиссияның шетелдік бөлігінің тең төрағасымен бірлесіп, үкіметаралық комиссияның қазақстандық бөлігінің тең төрағасы қабылдайды.

      31. Кіші комиссиялар (кіші комитеттер, жұмыс топтары) үкіметаралық комиссияның шешімдеріне сәйкес жұмыс жүргізеді, оны өз жұмысы туралы хабардар етеді және оның мәжілістерінде қарау үшін қажетті материалдарды дайындайды.

      32. Үкіметаралық комиссиялардың және олардың кіші комиссияларының (кіші комитеттерінің, жұмыс топтарының) қызметтерін жалпы үйлестіруді және бақылауды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жүзеге асырады.

      Үкіметаралық комиссиялардың және олардың кіші комиссияларының (кіші комитеттерінің, жұмыс топтарының) қазақстандық бөлігінің жұмысын тікелей үйлестіруді тиісті үкіметаралық комиссияның, кіші комиссияның (кіші комитеттің, жұмыс тобының) тең төрағасы жүзеге асырады.

      33. Үкіметаралық комиссиялардың және олардың кіші комиссияларының (кіші комитеттерінің, жұмыс топтарының) отырыстарын ұйымдастыру және өткізу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 12 желтоқсандағы № 1304 қаулысымен бекітілген Шетелдермен ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық бірлескен комиссиялардың (комитеттердің, кеңестердің) және олардың кіші комиссияларының (кіші комитеттерінің, жұмыс топтарының) қазақстандық бөлігі туралы ережемен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады