"Ислам Конференциясы Ұйымының Жарғысына қол қою туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 3 наурыздағы № 169 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      «Ислам Конференциясы Ұйымының Жарғысына қол қою туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы Ислам Конференциясы Ұйымының Жарғысына
қол қою туралы

      «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы Заңының 8-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Ислам Конференциясы Ұйымының Жарғысына Қазақстан Республикасы атынан қол қою туралы ұсыныс мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Бекмұрзаұлы Саудабаев Қазақстан Республикасының атынан Ислам Конференциясы Ұйымының Жарғысына қол қойсын.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                     Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2010 жылғы «__» _______
№ _____ Жарлығымен 
МАҚҰЛДАНҒАН     

Ислам Конференциясы Ұйымының жарғысы

      Ең Мейірімді, Аса рақымшыл Алланың атымен
      Біз, Ислам Конференциясы Ұйымына мүше мемлекеттер:
      1969 жылғы 22 - 25 қыркүйекке сәйкес келетін Хижра бойынша 1389 жылғы Ражаб айының 9 - 12 күнінде Рабатта өткен мүше мемлекеттердің Корольдері, Мемлекеттер және Үкіметтер басшылары конференциясының, сондай-ақ 1972 жылғы 29 ақпан - 4 наурызға сәйкес келетін Хижра бойынша 1392 жылғы Мұхаррам айының 14 - 18 күнінде Жиддада өткен Сыртқы істер министрлері конференциясының шешімдерін назарға алуға;
      Мүше мемлекеттер арасында олардың халықаралық аренадағы ортақ мүдделерін қамтамасыз ету ісіндегі ілгерілеудің маңызды сипатын, сондай-ақ бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуды растай отырып, бірлік пен бауырластықтың игілікті исламдық құндылықтарын басшылыққа алуға;
      Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының, осы Жарғының және халықаралық құқықтың принциптеріне деген өзіміздің адалдығымызды растауға;
      исламның бейбітшілік, аяушылық, төзімділік, теңдік, әділеттік және адам абыройы құндылықтарын сақтауға және ілгерілетуге;
      әлемдік ауқымдағы, мүше мемлекеттер халықтарының орнықты дамуын және прогресі мен гүлденуін қамтамасыз етудегі Исламның бағыттаушы рөлін қалпына келтіру жөніндегі жұмысқа күш-жігер жұмсауға;
      мұсылман халықтары мен мүше мемлекеттер арасында бірлік пен татулық дәнекерлерін нығайту мен бекемдеуге;
      барлық мүше мемлекеттердің ұлттық егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтеуге, сақтауға және қорғауға;
      халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке, өркениеттер, мәдениеттер және діндер арасындағы түсіністік пен диалогқа үлес қосуға және достық қарым-қатынастар мен тату көпшілікті, өзара құрмет пен ынтымақтастықты ілгерілетуге және көтермелеуге;
      мүше мемлекеттердегі конституциялық және заңнамалық жүйелерге сәйкес олардың адам құқықтары мен іргелі бостандықтарын, тиісті басқаруын, заң үстемдігін, демократия мен жауапкершілікті дамытуға ықпал етуге;
      мүше мемлекеттер және басқа да мемлекеттер арасындағы сенімді нығайту және достық қатынастардың, өзара құрмет пен ынтымақтастықтың дамуына ықпал етуге;
      ұстамдылыққа, төзімділікке, мәдени айырмашылықтарды құрметтеуге, ислам нышандары мен ортақ мұраны сақтауға қатысты игілікті ислам құндылықтарын нығайтуға және ислам дінінің әмбебаптығын қорғауға;
      интеллектуалдық кемелділікке қол жеткізу үшін Исламның игілікті мұраттарымен үндесетін білімге ие болу және оны танымал етуді жетілдіруге;
      серіктестік және теңдік принциптеріне сәйкес, әлемдік экономикаға тиімді интеграциялану мақсатында орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуға қол жеткізу үшін мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастыққа ықпал етуге;
      қазіргі және болашақ ұрпақтар үшін қоршаған ортаны сақтауға байланысты барлық аспектілердің нығаюына ықпал етуге;
      әрбір мүше мемлекеттің өзін-өзі басқару және ішкі істеріне араласпау құқығын құрметтеуге, сондай-ақ егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтеуге;
      қазіргі кезде шетелдік басқыншылыққа ұшырап отырған палестина халқының күресін қолдауға, оның өзін-өзі билеу, бұл ретте қаланың тарихи және исламдық сипатын, сондай-ақ онда орналасқан қасиетті жерлерді сақтай отырып астанасы әл-Құдыс әл-Шариф болатын егемен мемлекет құру құқығын қоса алғанда, сондай-ақ өзінің ажырамас құқына қол жеткізуіне мүмкіндік беруге;
      мүше мемлекеттердің құқықтық нормалары мен заңнамасына сәйкес әйелдердің құқықтарын қорғауға және жүзеге асыруға, олардың өмірдің барлық салаларына қатысуына ықпал етуге;
      мұсылман балалары мен жастарына толыққанды тәрбие беру үшін қолайлы жағдайлар жасауға және білім арқылы мәдени, әлеуметтік, имандылық және этикалық мұраттарын нығайту мақсатында олардың бойында білім арқылы Ислам құндылықтарын тәрбиелеуге;
      мүше мемлекеттерден тыс жерлердегі мұсылман азшылықтары мен қоғамдарына жәрдемдесуге, олардың өз абыройларын, мәдени және діни сәйкестігін сақтап қалуға;
      негізінен кез келген мемлекеттің ішкі құзыретіне жататын істерге қол сұқпау принциптерін мүлтіксіз басшылыққа ала отырып, осы Жарғының, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының, халықаралық құқықтың, сондай-ақ халықаралық гуманитарлық құқықтың мақсаттары мен принциптерін ұстануға;
      мүше мемлекеттер арасында теңдік және өзара құрметтеу, сондай-ақ олардың ішкі құзыретіне жататын істерге араласпау принциптері негізінде халықаралық деңгейде тиісті түрде басқаруға қол жеткізуге және халықаралық қатынастарды демократияландыруға күш-жігер жұмсауға шешім қабылдадық;
      сондай-ақ осы өзгертілген Жарғымен келісе отырып, аталған мақсаттарға жету үшін ынтымақтасуға қаулы еттік.

I тарау
Мақсаттары мен принциптері
1-бап

      Ислам Конференциясы Ұйымының мақсаттары мыналар болып табылады:
      1. Мүше мемлекеттер арасындағы бауырластық пен татулық дәнекерлерін жақсарту және нығайту;
      2. Мүше мемлекеттердің ортақ мүдделерін сақтау мен қорғау, заңды құқықтарын қолдау, сондай-ақ ислам әлемі алдындағы, атап айтқанда, халықаралық қоғамдастық алдындағы қыр көрсетулерді ескере отырып, мүше мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіру мен біріктіру;
      3. Әр мүше мемлекеттің өзін-өзі билеу құқығын мойындау, ішкі істеріне араласпау, сондай-ақ тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын құрметтеу;
      4. Басқыншылық салдарынан жаулап алынған кез келген мүше мемлекеттің толық егемендігі мен аумақтық тұтастығын халықаралық құқық негізінде қалпына келтіру және тиісті халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынтымақтастығына қолдау көрсету;
      5. Мүше мемлекеттердің ортақ мүдделерін қорғау үшін саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша шешімдер қабылдаудың жаһандық процестерінде олардың белсене қатысуын қамтамасыз ету;
      6. Жаһандық бейбітшілікті, қауіпсіздік пен үндестікті қамтамасыз ету үшін әділеттілік, өзара сыйластық және тату көршілік негізінде мемлекетаралық қатынастарды дамытуға жәрдемдесу;
      7. БҰҰ Жарғысында және халықаралық құқықта көзделген халықтардың құқығын қолдауды жаңадан растау;
      8. Палестина халқының өзін-өзі билеу және астанасы әл-Құдыс әл-Шариф қаласы мен қаланың тарихи және исламдық ерекшелігін, сондай-ақ онда орналасқан қасиетті жерлерді сақтай отырып, егемен мемлекет құру құқығын жүзеге асыру мүмкіндігін қолдау және көмек беру;
      9. Исламдық ортақ нарықты құруға әкелетін экономикалық интеграцияға қол жеткізу мақсатында ислам мемлекеттері арасындағы экономикалық және сауда ынтымақтастығын нығайту;
      10. Мүше мемлекеттерде адами әлеуетті және экономикалық әл-ауқатты дамытуды орнықты және тұтастай қамтуға қол жеткізу үшін күрес;
      11. Ұстамдылыққа және төзімділікке негізделген ислам ілімдері мен құндылықтарын тарату, ілгерілету және сақтау, ислам мәдениетін ілгерілету және ислам мұрасын сақтап қалу;
      12. Исламның шынайы бейнесін сақтау мен қорғау, Исламға жала жабуға қарсы күресу және өркениеттер мен діндер арасындағы диалогты көтермелеу;
      13. Ғылым мен техниканы нығайту және дамыту, мүше мемлекеттердің осы салалардағы зерттеулері мен ынтымақтастығын көтермелеу;
      14. Әйелдерді, балаларды, жастарды, егде адамдарды және мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоса алғанда, адам құқықтары мен іргелі бостандықтарын жүзеге асыру мен қорғауға жәрдемдесу, сондай-ақ исламның отбасылық құндылықтарын сақтау;
      15. Қоғамның табиғи және негіз қалаушы бөлшегі ретінде отбасының рөліне айрықша маңыз беру, қорғау және жәрдемдесу;
      16. Мүше болып табылмайтын мемлекеттердегі мұсылман қоғамдастықтары мен азшылықтың құқықтарын, абыройын, сондай-ақ діни және мәдени сәйкестіктігін қорғау;
      17. Халықаралық форумдарда ортақ мүдделілікті білдіретін мәселелер бойынша бірыңғай ұстанымды ілгерілету және қорғау;
      18. Терроризмге, оның барлық нысандары мен көріністеріне, ұйымдасқан қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына, сыбайлас жемқорлыққа, ақшаның жылыстауына және адам саудасына қарсы күрес мәселелері бойынша ынтымақтасу;
      19. Табиғи апаттар сияқты төтенше жағдайлар кезінде ынтымақтасу және ізгілік көмекті үйлестіру;
      20. Мүше мемлекеттер арасында әлеуметтік, мәдени және ақпараттық салалардағы ынтымақтастыққа жәрдемдесу.

2-бап

      Мүше мемлекеттер 1-бапта көрсетілген міндеттерді іске асыру үшін қастерлі ислам ілімдері мен құндылықтарын басшылыққа ала отырып, одан күш-жігер алады, сондай-ақ мынадай принциптерге сәйкес әрекет етеді:
      1. Барлық мүше мемлекеттер Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының мақсаттары мен принциптерін ұстанады;
      2. Мүше мемлекеттер егемен, тәуелсіз және тең құқық пен міндеттерге ие;
      3. Барлық мүше мемлекеттер даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешеді және өзара қарым-қатынастарында күш көрсетуден немесе қатер төндіруден бас тартады;
      4. Барлық мүше мемлекеттер бір-бірінің ұлттық егемендіктерін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастықтарын құрметтеуге міндеттенеді, бір-бірінің ішкі істеріне араласпайды;
      5. Осы Жарғыда, Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысында, халықаралық құқықта және халықаралық гуманитарлық құқықта бекітілгеніндей, барлық мүше мемлекеттер халықаралық бейбітшілікті және қауіпсіздікті сақтауға өз үлестерін қосуға міндеттенеді және бір-бірінің ішкі істеріне араласудан бас тартады;
      6. БҰҰ Жарғысында көрсетілгеніндей, осы Жарғының бірде-бір ережесі Ұйымға және оның органдарына шын мәнінде кез келген Мемлекеттің ішкі құзыретіне енетін немесе соған байланысты істерге араласуға құқық бермейді;
      7. Мүше мемлекеттер тиісті басқаруға, демократияға, адам құқықтарын және негізгі бостандықтарды, сондай-ақ заң үстемдігін сақтауға ел деңгейінде және халықаралық ауқымда қолдау көрсетеді және жәрдемдеседі;
      8. Мүше мемлекеттер қоршаған ортаны қорғауға және сақтауға ынта білдіреді.

II тарау
Мүшелік
3-бап

      1. Ұйым Ислам Конференциясы Ұйымына мүше 57 мемлекеттен және 3-баптың 2-тармағына сәйкес осы Жарғыға қосыла алатын басқа да мемлекеттерден тұрады.
      2. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше, халқының көпшілігі мұсылман болып табылатын және осы Жарғы талаптарын орындайтын, мүшелікке өтінім берген кез келген мемлекет Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде қабылданған келісілген өлшемдер негізіндегі бәтуа жолымен Сыртқы істер министрлері кеңесі шешім қабылдаған жағдайда ғана Ұйымға мүше бола алады.
      3. Осы Жарғыдағы ештеңе де қазіргі мүше мемлекеттердің мүшелігіне немесе кез келген басқа да мәселелеріне қатысты құқықтары мен артықшылықтарын қозғамайды.

4-бап

      1. Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болып табылатын Мемлекетке бақылаушы мәртебесін беру туралы шешімді. Сыртқы істер министрлерінің кеңесі тек Сыртқы істер министрлері кеңесінің келісілген өлшемдер негізіндегі ортақ бәтуасы жолымен ғана қабылдайды.
      2. Халықаралық ұйымға Бақылаушы мәртебесін беру туралы шешімді Сыртқы істер министрлерінің кеңесі тек Сыртқы істер министрлері кеңесінің келісілген өлшемдері негізіндегі ортақ бәтуа жолымен ғана қабылдайды.

III тарау
Органдар
5-бап

      Ислам Конференциясы Ұйымының органдары мыналар болып табылады:
      1. Ислам саммиті
      2. Сыртқы істер министрлерінің кеңесі
      3. Тұрақты комитеттер
      4. Атқарушы комитет
      5. Халықаралық Ислам Соты
      6. Адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз тұрақты комиссия
      7. Тұрақты өкілдер комитеті
      8. Бас хатшылық
      9. Қосалқы органдар
      10. Мамандандырылған мекемелер
      11. Аффилиирленген ұйымдар

IV тарау
Ислам саммиті
6-бап

      Ислам саммиті мүше мемлекеттердің Корольдері мен Мемлекеттер және Үкіметтер басшыларынан тұрады және Ұйымның жоғары басқарушы органы болып табылады.

7-бап

      Ислам саммиті саяси шешімдерді талқылайды және қабылдайды, Жарғыда көрсетілген мақсаттардың орындалуына қатысты барлық мәселелерге басшылық етуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ мүше мемлекеттер және Умма (Ислам қауымдастығы) үшін мүдделік танытатын басқа да мәселелерді қарайды.

8-бап

      1. Ислам саммиті мүше мемлекеттердің бірінде әрбір үш жыл сайын шақырылады.
      2. Саммиттің күн тәртібін және оны шақыруға арналған басқа да барлық қажетті іс-шараларды дайындауды Бас хатшылықтың жәрдемдесуімен Сыртқы істер министрлерінің кеңесі жүргізеді.

9-бап

      Уммаға қатысты өмірлік маңызы бар мәселелерді, соған сәйкес Ұйым саясатын үйлестіруді қарау үшін кезектен тыс сессиялар Умма мүддесі қажет еткен кез келген уақытта өткізіледі.
      Кезектен тыс сессияларды, егер мұндай бастама мүше мемлекеттердің қарапайым көпшілігінен қолдау тапқан болса, Сыртқы істер министрлері кеңесінің ұсынысымен немесе мүше мемлекеттердің бірінің немесе Бас хатшының бастамашылығымен өткізуге болады.

V тарау
Сыртқы істер министрлерінің кеңесі
10-бап

      1. Сыртқы істер министрлерінің кеңесі жылына бір рет мүше мемлекеттердің бірінде шақырылады.
      2. Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезектен тыс сессиясы, егер мұндай бастама мүше мемлекеттердің қарапайым көпшілігімен мақұлданған болса, кез келген мүше мемлекеттің немесе Бас хатшының бастамасымен шақырылуы мүмкін.
      3. Сыртқы істер министрлерінің кеңесі Умма үшін мүдделілік білдірілетін нақты мәселелерді қарау үшін басқа да салалық министрлер кеңесін шақыру туралы ұсыныс енгізе алады. Мұндай кеңестер өз есептерін Ислам саммитіне және Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне беруге тиіс.
      4. Сыртқы істер министрлерінің кеңесі Ұйымның ортақ саясатын жүзеге асыруды:
      а) Ұйымның ортақ саясатын және мақсатын іске асыру кезінде ортақ мүдделілік білдірілетін мәселелер бойынша шешімдер мен қарарлар қабылдау;
      б) алдыңғы Саммиттерде және Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде қабылданған шешімдер мен қарарларды орындау барысын тексеру;
      в) Бас хатшылық пен көмекші органдардың бағдарламаларын, бюджетін, сондай-ақ басқа да қаржылық және әкімшілік есептерін қарап, бекіту;
      г) мүдделі мүше мемлекет әлдебір тиісті шаралар қолдану туралы қажетті өтініш жасаған барлық жағдайда бір немесе бірнеше мүше мемлекеттерді қозғайтын кез келген мәселені қарау;
      д) кез келген жаңа орган немесе комитетті құру туралы ұсынымдар енгізу;
      е) Жарғының 16 және 18-баптарына сәйкес Бас хатшыны және Бас хатшының көмекшілерін сайлау;
      ж) қажет болған жағдайда кез келген басқа да мәселені қарау арқылы тұжырымдайды.

VI тарау
Тұрақты комитеттер
11-бап

      1. Ұйым және оған мүше мемлекеттер үшін айрықша маңызды мәселелерді ілгерілету мақсатында Ұйым мынадай Тұрақты комитеттерді құрды:
      әл-Құдыс қаласы істері комитеті;
      Ақпарат және мәдениет істері жөніндегі тұрақты комитет (СОМІАС);
      Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитет (СОМСЕС);
      Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитет (COMSTECH)
      2. Тұрақты комитеттерді Корольдер мен Мемлекеттер және Үкіметтер басшылары басқарады және Саммиттің шешімдеріне сәйкес немесе Сыртқы істер министрлері кеңесінің және осы комитеттер мүшелерінің ұсынымы бойынша құрылады.

VII тарау
Атқарушы комитет
12-бап

      Атқарушы комитет, қазіргі, алдыңғы және болашақ Ислам саммиттерінің және Бас хатшылықтың штаб-пәтері орналасқан елдің Сыртқы істер министрлері кеңестерінің Төрағаларынан, сондай-ақ атқаратын қызметіне қарай комитет мүшесі болып табылатын Бас хатшыдан тұрады. Атқарушы комитеттің отырысы оның Регламентіне сәйкес жүргізілетін болады.

VIII тарау
Тұрақты өкілдер комитеті
13-бап

      Тұрақты өкілдер комитеті жұмысының айрықша құзыреті мен тәртібін Сыртқы істер министрлерінің кеңесі белгілейді.

IX тарау
Халықаралық ислам соты
14-бап

      1987 жылы Кувейтте құрылған Халықаралық ислам соты, оның Статуты күшіне енген сәттен бастап Ұйымның басты заңды органы болады.

X тарау
Адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз тұрақты комиссия
15-бап

      Адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз тұрақты комиссия ислам құндылықтарына сәйкес, Ұйымның шарттары мен декларацияларында, сондай-ақ адам құқықтары жөніндегі жалпыға бірдей келісілген құжаттарда бекітілген азаматтық, саяси, әлеуметтік және экономикалық құқықтарды қорғауға бағытталған.

XI тарау
Бас хатшылық
16-бап

      Бас хатшылық, Ұйымның бас лауазымды тұлғасы болып табылатын Бас хатшыдан, сондай-ақ Ұйымға қажетті қызметкерлер штатынан тұрады. Бас хатшыны Сыртқы істер министрлерінің кеңесі тек бір рет қайта сайлану мүмкіндігімен бес жыл мерзімге сайлайды.
      Бас хатшы, әділ география бөлініс, ротация және құзыреттілікті, адалдықпен, тәжірибелілікті ескере отырып, барлық мүше мемлекеттер үшін тең мүмкіндіктер қағидаттарына сәйкес мүше мемлекеттер азаматтарының арасынан сайланады.

17-бап

      Бас хатшының төмендегідей міндеттері бар:
      а. Ұйымның мақсаттарына, оның пікірінше, септігін тигізуі немесе залал келтіруі мүмкін мәселелерді Ұйымның құзыретті органдарының назарына жеткізу;
      b. Ислам саммиттері, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі және басқа да министрлік отырыстары шешімдерінің, қарарлары мен ұсынымдарының орындалуын қадағалау;
      с. Ислам саммиттері мен Сыртқы істер министрлері кеңесінің шешімдерін, қарарлары мен ұсынымдарын орындау мақсатында мүше мемлекеттерді жұмыс бабындағы құжаттармен және меморандумдармен қамтамасыз ету;
      d. Ұйымның тиісті органдарының жұмысын үйлестіру мен келісу;
      е. Бас хатшылықтың жұмыс бағдарламасы мен бюджетін дайындау;
      f. Мүше мемлекеттер арасындағы байланыстарды дамыту, консультациялар өткізу мен пікір алмасуға, сондай-ақ мүше мемлекеттер үшін маңызды бола алатын ақпаратты таратуға жәрдемдесу;
      g. ислам саммиті немесе Сыртқы істер министрлері кеңесі оған жүктеген басқа да функцияларды атқару;
      h. Ұйымның жұмысы туралы Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне жыл сайынғы есептерді ұсыну.

18-бап

      1. Бас хатшы әділ географиялық бөлініс қағидатына сәйкес және құзыреттілікті, адалдық пен Жарғы мақсаттарына адалдықты ескере отырып, Бас хатшы көмекшілері лауазымына 5 жыл мерзімге тағайындау үшін Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне кандидатуралар ұсынады. Бас хатшы көмекшілерінің бірі Әл-Құдыс Әл-Шариф және Палестина мәселелерімен айналысатын болады және осы лауазымға кандидатты Палестина мемлекеті белгілейді.
      2. Бас хатшы Ислам саммиттері мен Сыртқы істер министрлері кеңесінің қарарлары мен шешімдерін орындау үшін Арнайы өкілдерді тағайындай алады. Мұндай тағайындауларды, сондай-ақ Арнайы өкілдердің міндеттері шеңберін Сыртқы істер министрлерінің кеңесі бекітеді.
      3. Бас хатшы қағидаттарға және әділетті географиялық бөлініске сәйкес, қабілеттілігін, лауазым талаптарына сәйкестігін, адалдығы мен жынысын ескере отырып, мүше мемлекеттер азаматтарының қатарынан Бас хатшылықтың персоналын тағайындайды. Бас хатшы уақытша негізде сарапшылар мен консультанттарды тағайындай алады.

19-бап

      Бас хатшы, Бас хатшының көмекшілері, сондай-ақ Бас хатшылықтың персоналы өз міндеттерін атқару кезінде Ұйымнан басқа ешбір үкіметтен немесе органнан сұрау салуға немесе олардан нұсқау алуға тиіс емес. Олар тек Ұйым алдында ғана жауап беретін халықаралық қызметшілер мәртебесіне залал келтіретін қандай да бір болмасын әрекеттен тыйылуға тиіс. Мүше мемлекеттер олардың қызметінің осы ерекше халықаралық сипаттамасын құрметтеуге тиіс және өз міндеттерін атқаруы кезінде оларға қандай да бір ықпал етуге әрекеттенбеуге тиіс.

20-бап

      Бас хатшылық тиісті әкімшілік және ұйымдастырушылық мәселелер шегінде қабылдаушы тараппен тығыз ынтымақтаса отырып, Ислам саммиттері мен Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырыстарын дайындайды.

21-бап

      Әл-Құдыс қаласы азат етілгенге дейін Бас хатшылықтың штаб-пәтері Джидда қаласында орналасады, ол Ұйымның тұрақты штаб-пәтері болады.

XII тарау
22-бап

      Ұйым Көмекші органдар, Мамандандырылған мекемелер құра алады және оларды Сыртқы істер министрлерінің кеңесі Жарғыға сәйкес бекіткеннен кейін Аффилиирленген ұйымдар мәртебесін бере алады.

Қосалқы органдар
23-бап

      Қосалқы органдар Ұйым шеңберінде Ислам саммиті немесе Сыртқы істер министрлері кеңесі қабылдаған шешімдерге сәйкес құрылады, ал олардың бюджеттерін Сыртқы істер министрлерінің кеңесі бекітеді.

XIII тарау
Мамандандырылған мекемелер
24-бап

      Ұйымның мамандандырылған мекемелері Ұйым шеңберінде Ислам саммиті мен Сыртқы істер министрлері кеңесінің шешімдеріне сәйкес құрылады. Мамандандырылған мекемелердегі мүшелік ерікті және Ұйым мүшелері үшін ашық болып табылады. Олардың бюджеттері тәуелсіз болып табылады және оларды өздерінің Регламентінде ескертілгеніндей тиісті директивалық органдар бекітеді.

Аффилиирленген ұйымдар
25-бап

      Аффилиирленген ұйымдар - мақсаттары осы Жарғының мақсаттарына сай келетін және Сыртқы істер министрлерінің кеңесі аффилиирленген ұйымдар ретінде таныған ұйымдар немесе органдар болып табылады. Бұл ұйымдарға мүшелік ерікті және мүше мемлекеттердің органдары мен ұйымдары үшін ашық болып табылады. Олардың бюджеттері Бас хатшылықтың, қосалқы органдардың және мамандандырылған институттардың бюджеттерінен тәуелсіз болып табылады. Аффилиирленген ұйымдарға Сыртқы істер министрлері кеңесінің қарары негізінде бақылаушы мәртебесі берілуі мүмкін. Олар қосалқы органдардан немесе мамандандырылған мекемелерден, сондай-ақ мүше мемлекеттерден ерікті көмек ала алады.

XIV тарау
Исламдық және басқа ұйымдармен ынтымақтастық
26-бап

      Ұйым осы Жарғыда баяндалған мақсаттар үшін исламдық және басқа да ұйымдармен ынтымақтастығын нығайтады.

XV тарау
Дауларды бейбіт жолмен шешу
27-бап

      Одан әрі созылуы Ислам Уммасының мүдделеріне залал келтіретін немесе халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін қандай да бір дауға қатысушы мүше мемлекеттер дауды өз қалауынша ізгі ниетті әрекеттер, келіссөздер, сауал жолдау, делдалдық, татуласу, төрелік сот, соттық реттеу көмегімен немесе өзге де бейбіт жолмен шешуге ұмтылатын болады. Осы орайда, ізгі ниетті әрекеттерге Атқарушы комитетпен және Бас хатшымен консультацияларды жатқызуға  болады.

28-бап

      Ұйым халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ дауларды бейбіт жолмен шешу мақсатында басқа халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынтымақтаса алады.

XVI тарау
Бюджет және қаржы
29-бап

      1. Бас хатшылық пен Қосалқы органдардың бюджетін мүше мемлекеттер өздерінің ұлттық табыстарына барабар түрде қаржыландырады.
      2. Ұйым Ислам саммитінің немесе Сыртқы істер министрлері кеңесінің мақұлдауымен салымдарын мүше мемлекеттер, жеке тұлғалар мен ұйымдар ерікті негізде қоса алатын арнаулы және діни-қайырымдылық қорлар (вакуфтер) құра алады. Мұндай арнаулы және діни-қайырымдылық қорлар Ұйымның қаржылық жүйесіне есеп береді және оны жыл сайын қаржылық бақылау органы тексеріп отырады.

30-бап

      Бас хатшылық және қосалқы органдар өзінің қаржылық істерін Сыртқы істер министрлерінің кеңесі мақұлдаған Қаржы регламентін сай басқарады.

31-бап

      1. Сыртқы істер министрлері кеңесі мақұлдаған ережелерге сәйкес, Бас хатшылықтың және оның қосалқы органдарының бағдарламасы мен бюджетін түбегейлі ресімдеу үшін Ұйымның Штаб-пәтерінде кездесетін қатысушы мүше мемлекеттердің аккредиттелген өкілдерінен Сыртқы істер министрлерінің кеңесі Тұрақты қаржы комитетін құрады.
      2. Тұрақты қаржы комитеті бағдарлама мен бюджетті қарастырып, бекітетін Сыртқы істер министрлері кеңесіне жыл сайын есеп ұсынады.
      3. Мүше мемлекеттердің қаржы сарапшыларынан (аудиторларынан) тұратын Қаржылық бақылау органы ішкі ережелер мен нұсқаулықтарға сәйкес Бас хатшылық пен оның қосалқы органдарына аудит жүргізеді.

XVII тарау
Жұмыс регламенті мен дауыс беру
32-бап

      1. Сыртқы істер министрлерінің кеңесі жұмыстың жеке регламентін қабылдайды.
      2. Сыртқы істер министрлерінің кеңесі Ислам саммитіне жұмыс регламентін ұсынады.
      3. Тұрақты комитеттер өздерінің тиісті регламенттерін белгілейді.

33-бап

      Ислам Конференциясы Ұйымы отырыстарының кворумы мүше мемлекеттердің үштен екісін құрайды.
      Шешімдер бәтуа арқылы қабылданады. Бәтуаға келу мүмкін болмаған жағдайда, егер осы Жарғыда өзгеше көзделмесе, шешім қатысушылар мен дауыс беруші мүшелердің үштен екісінің даусымен қабылданады.

XVIII тарау
Қорытынды ережелер
Артықшылықтар мен иммунитеттер
34-бап

      1. Ұйым мүше мемлекеттерде өз функцияларын жүзеге асыру және өз міндеттерін орындау үшін қажетті артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
      2. Мүше мемлекеттердің өкілдері мен Ұйымның ресми тұлғалары 1976 жылғы Артықшылықтар мен иммунитеттер туралы келісімде көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
      3. Бас хатшылықтың, қосалқы органдар мен мамандандырылған ұйымдардың персоналы Ұйым мен қабылдаушы тараптар арасындағы келісім бойынша өз міндеттерін атқару үшін қажетті артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
      4. Ұйымның қаржы жарнасын төлеу бойынша берешегін өтемеген мүше мемлекет, егер оның берешек сомасы алдыңғы толық екі жылдық төлем сомасына тең немесе асып кеткен жағдайда, Сыртқы істер министрлері кеңесінде дауыс беру құқығынан айырылады. Солай бола тұрса да, егер борыш мүше мемлекетке қатысты емес жағдайларға байланысты орын алған деп таныса, Кеңес мұндай мүше мемлекетке дауыс беруге қатысуға рұқсат бере алады.

Ұйымнан шығу
35-бап

      1. Кез келген мүше мемлекет өзінің шығуынан бір жыл бұрын Бас хатшыны хабардар етуі арқылы Ұйымнан шыға алады. Мұндай хабарлама барлық мүше мемлекеттерге таратылады.
      2. Шығу туралы өтініш берген мемлекет шығу туралы өтініш берілген қаржылық жыл аяқталғанға дейін өз міндеттемелерімен байланысты болады. Ол сондай-ақ Ұйым алдындағы кез келген басқа берешекті жабуға міндеттенеді.

Өзгерістер мен толықтырулар
36-бап

      Осы Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар мынадай рәсімдерге сәйкес жүргізіледі:
      а) кез келген мүше мемлекет осы Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді Сыртқы істер министрлері кеңесіне ұсына алады.
      b) өзгерістер мен толықтырулар Сыртқы істер министрлері кеңесінде дауыстардың үштен екісімен мақұлданған және мүше мемлекеттердің үштен екі даусымен ратификацияланған жағдайда күшіне енеді.

Түсінік беру
37-бап

      1. Осы Жарғының кез келген бабына түсінік беру, қолдану немесе орындау барысында туындауы мүмкін кез келген даулар бейбіт жолмен және барлық жағдайларда консультациялар, келіссөздер, татуластыру немесе төрелік сот арқылы шешілуі тиіс.
      2. Осы Жарғының ережелерін мүше мемлекеттер өздерінің конституциялық талаптарына сәйкес орындайды.

Тілдер
38-бап

      Ұйымның тілдері араб, ағылшын және француз тілдері болып табылады.

Ауыспалы ережелер
Ратификация және күшіне ену
39-бап

      1. Осы Жарғы Сыртқы істер министрлері кеңесінде дауыстардың үштен екісімен қабылданады және әрбір мүше мемлекеттің конституциялық рәсімдеріне сәйкес, мүше мемлекеттердің қол қоюы және ратификациялауы үшін ашық.
      2. Ратификациялық грамоталар Ұйымның Бас хатшысында сақталады.
      3. Осы Жарғы 1974 жылғы 1 ақпандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 102-бабына сәйкес тіркелген Ислам Конференциясы Ұйымының Жарғысымен алмастырылады.
      Екі мың сегізінші жылғы он төртінші наурызға сай келетін, Хижра бойынша бір мың терт жүз жиырма тоғызыншы жылғы Раби әл-Авал айының жетінші күнінде Дакар қаласында (Сенегал Республикасы) жасалған.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады